«Ақ жол» партиясы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша салық комитеті төрағасының қызметінен кетуін талап етеді.
«Ақ жол» партиясы Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша салық комитеті төрағасының қызметінен кетуін талап ететін болады – бұл туралы партия төрағасы Азат Перуашев жалған кәсіпкерлік мәселелері бойынша Шымкент қаласында өткен конференцияда мәлімдеді.
Конференция «Ақ жол» партиясы депутаттарының оңтүстік аймақтарға сапары және сайлаушылармен кездесулері аясында облыстық партия филиалымен ұйымдастырылған болатын. Оған кәсіпкерлер, сарапшылар, мемлекеттік органдардың өкілдері мен облыстық қаржы полициясы департаментінің басшылығы қатысты.
«ҚР ҚК-нің 192-бабын алып тастау туралы бизнес-қоғамдастықтың ұсыныстарын талқылау барысында біз ұйымдасқан қолдаусыз және салық органдарының қамқорлығынсыз жалған кәсіпорындардың іс-әрекетінің іс жүзінде мүмкін еместігіне бірнеше мәрте назар аударған болатынбыз», - деді Азат Перуашев.
Бұл қолдау қылмыстық схеманың барлық кезеңінде байқалады. Салық есебіне тіркеу туралы куәлік беруден, «ҚҚС-ты төлеуші» секілді жалған кәсіпорынды салық органдарының мәліметтер базасына енгізуден бастап, қомақты қаржы көлемін қолма-қол ақшаға айналдыруға және осындай кәсіпорындарды өте қысқа уақыт ішінде жабуға дейінгі аралықта.
Сонымен бірге бұл жалған кәсіпорындар сол салық органдарының қызметкерлерімен адал кәсіпкерлерді жолдан тайдыру және кейін қудалау үшін пайдаланылады. Көбінесе бопсалаушылық мақсатында пайдаланылады.
«Дәл осы Оңтүстік Қазақстан облысында орын алған жағдай біздің сөздерімізге кезекті бір дәлел болып отыр. Ағымдағы жылдың 21 мамыры күні облыстық салық комитеті төрағасының орынбасары А.Садықов ұсталған еді. Әр түрлі мәліметтер бойынша, ол бюджетке 3,4 млрд. теңгеден астам сомаға зиян келтірген 6-дан 90-ға дейінгі жалған кәсіпорындарға қамқорлық көрсеткен», - деді «Ақ жол» партиясының төрағасы БАҚ-қа сілтеме жасай отырып.
«Бұл алғашқы мысал емес. Бұл тағы да жалған кәсіпкерліктің ведомстволық сыбайлас жемқорлық құбылысы екендігін көрсетіп отыр және кәсіпкерлердің өзіне тек екінші кезекте ғана әсер етеді. Қолданыстағы құқықтық механизмдер оның көлемін азайта алар емес. Сондықтан «Ақ жол» партиясы Қылмыстық кодекстен 192-бапты алып тастауды және оны жалған кәсіпкерліктің бетін алатын барынша ықпалды шаралармен ауыстыруды ұсынады. Мысалы, қаржы полициясы агенттігінің жалған тұлғалардың атына кәсіпорынды ашқаны үшін жауапкершілікті енгізу ұсынысы», - деп атап өтті ол.
«Ақ жол» партиясының депутаттары заңнамаға тиісті түзетулерді дайындап қойды және мемлекеттік органдардың аталған бапты алып тастаудан бас тартуына қарамастан, биылғы күзде қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру бойынша заң жобасын қарау кезінде осы бастаманы көтеруге ниет танытып отыр.
Сонымен қатар парламенттік оппозиция көшбасшысы Мемлекет басшысының қойып отырған талаптарын және бірінші басшылардың тікелей қарамағындағылардың сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін саяси жауапкершілігі туралы мемлекеттік қызмет нормаларының талаптарын еске салып өтті: «Президент осындай жағдайларда шенеуніктердің қызметінен кетуі қажеттігі туралы бірнеше мәрте айтқан болатын және ол кісі дұрыс мәлімдеді. Себебі сіздің орынбасарыңыз миллиардтап ұрлап жатқанда, сіздің оған қатыспауыңыз, тіпті аңғармауыңыз мүмкін емес жағдай».
Осыған байланысты «Ақ жол» ҚДП төрағасы не облыстық комитет төрағасының өз еркімен қызметінен бас тартпағанына, не оның қаржы министрлігіндегі басшылығының өзінің қызметкерінің аса ірі көлемдегі сыбайлас жемқорлық үшін қамауға алыну фактісіне ешқандай мән бермеуіне таңданысын білдірді.
«Бұл жағдай біздің шенеуніктердің не құқықтық және этикалық мәдениетінің төмендігі туралы, не осындай жағдайлардың көптеп орын алуы, олардың мемлекеттік масштабтағы ТЖ-дан үйреншікті кертартпалыққа айналғандығы туралы дәлел болуы мүмкін», - деп санайды Мәжіліс депутаты.
Соған қарамастан Азат Перуашев жақын арада қаржы министрі мен мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасының атына орынбасарының сыбайлас жемқорлық пен жалған кәсіпкерлікке жәрдем бергендігі үшін айыпталуына байланысты Оңтүстік Қазақстан облыстық салық комитетінің төрағасының қызметінен кетуін талап ететін тиісті депутаттық сауалдың жолданатындығын жеткізді.
2012 жылғы 25 тамыз, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі