«Ақ жол» партиясы Шығыс Қазақстан облысындағы радиоактивті залалдарды жою жөніндегі хаттамалық шешімдердің орындалуын талап етеді.
«Ақ жол» партиясы Шығыс Қазақстан облысындағы радиоактивті залалдарды жою жөніндегі хаттамалық шешімдердің орындалуын талап етеді – бұл туралы тиісті хат Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне жолданды.
Аталған мәселені шешуде жәрдем көрсету туралы ШҚО жұртшылығынан фракция жетекшісі Азат Перуашевтың атына хат түскен болатын. Ондағы ақпарат бойынша, Өскемен қаласы мен ШҚО аумағындағы радиоактивті залалдарды жою мәселесі бойынша хаттамалар шешімі орындалмауда. Осы жылдың 28 наурызы күні Өскемен қаласында Үкімет басшысының бірінші орынбасары С.Ахметов ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне (әрі қарай - ҚОҚМ) ҚР Қаржы министрлігімен бірлесе отырып Өскемен қаласы мен ШҚО аумағында анықталған радиоактивті ластану ошақтарын жою бойынша жобаларды 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет есебінен қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ Өскемен қаласындағы тұрғын үй құрылысы аймақтарында анықталған радиоактивті ластану ошақтарын қатерсіздендіру үшін берілген бюджеттік тапсырысты қолдауды тапсырған. Сонымен қатар хат авторлары «ҚОҚМ маңызды экологиялық мәселені әлі құрылмаған Атом энергетикасы бойынша агенттіктің мойнына жүктеуге тырысуда» деген алаңдаушылықтарын білдіріп отыр. Сондай-ақ, хатта ШҚО әкімдігімен аталған мәселе бойынша бюджеттік тапсырыстың дайындалып, ҚОҚМ-не тапсырылғандығы айтылған. Алайда, ҚОҚМ бүгінгі күнге дейін республикалық бюджет комиссиясының қарауына тапсырысты енгізбепті.
«29 тамыз күні болған «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге» атты соңғы халықаралық конференцияда Мемлекет басшысы Н.Назарбаевпен экологиялық қауіпсіздік және азаматтарымызды ядролық сынақтар мен радиоактивті ластанулардың зардабынан қорғау мәселесі тағы да өзекті түрде көтерілді», - деп А.Перуашевтың атынан ҚОҚМ-не жолданған хатта атап көрсетілді.
ҚР Парламенті Мәжілісінде таяу уақытта республикалық бюджет жобасының қаралуы жоспарланып отырғандығына байланысты, «Ақ жол» партиясының парламенттік фракциясы Министрліктен аталған мәселе бойынша атқарылған жұмыстар туралы толық ақпарат сұратты.
2012 жылғы 5 қыркүйек, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі