Индустрия министрлігі, Мәжілістің экономика комитеті мен «Ақ жол» партиясы: Техникалық реттеу туралы заңы арқылы біз қазақстандық өндірушілердің өз өнімдерін Кедендік одақтың бүкіл аумағында лоббилауына бірегей мүмкіндік туғыздық.
Техникалық реттеу туралы заң қазақстандық өндірушілердің өз өнімдерін Кедендік одақтың бүкіл аумағында лоббилауына бірегей мүмкіндік туғызды – бұл туралы ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен «Ақ жол» партиясы депутаттарының «Техникалық реттеу туралы» Заңының жаңа редакциясына қатысты бірлескен жұмысының қорытындысы бойынша «Ақ жол» партиясының төрағасы, Парламент депутаты Азат Перуашев мәлімдеді.
«Техникалық реттеу туралы» ҚР Заңының жаңа редакциясының күшіне енуіне және «Ақ жол» партиясымен енгізілген түзетулердің резонансына байланысты, заң жобасының бастамашысы – ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің атынан вице-министр Қаныш Төлеушин, Мәжілістегі жұмыс тобының басшылығы атынан депутат Елена Тарасенко және «Ақ жол» партиясының депутаттары енгізілген жаңалықтарға қатысты түсінік берді.
1) Заңның жаңа редакциясына сәйкес, ұйымдардың стандарттары толықтай мемлекеттік органдардың бақылауынан шығарылды, олар кәсіпорындардың өздерімен бекітіледі және мемлекеттік органдардағы қосымша келісім мен тіркеуді талап етпейді.
2) Сонымен бірге, 2010 жылғы 18 қарашадағы Беларусь Республикасындағы, Қазақстан Республикасындағы және Ресей Федерациясындағы техникалық реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімнің талаптарын негізге ала отырып, ұйымның ішкі стандарттары өнімнің нарыққа шығуына рұқсат беретін негіздемелер тізіміне кірген жоқ: «Кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сәйкестігін бағалау (растау) мақсаттары үшін халықаралық, өңірлік стандарттар, ал олар болмаған жағдайда (өңірлік стандарттар қабылданғанға дейін) Тараптардың ұлттық (мемлекеттік) стандарттары қолданылуы мүмкін» (6-бап, 1-тармақ).
Сондықтан өндірістің ұйымдастырылуы мен технологиясы кәсіпорындардың өз беттерімен анықталады; алайда Кедендік одақтың территориясына айналымға жіберілу кезінде, тауар өз азаматтарының (тұтынушылардың) қауіпсіздігі үшін Кедендік одақтың үкіметаралық органдарымен қойылатын талаптарға сәйкес келуі тиіс.
3) Алайда отандық экономикадағы нақты жағдайды ескере отырып, «Ақ жол» партиясының депутаттары, қазақстандық өндірушілердің мүддесі жолында, өнімді айналымға шығару үшін ұйым стандарттарын қолдану бойынша Заңда 2014 жылдың 1 шілдесіне дейінгі 2 жылдық өтпелі кезең болуына бастамашылдық жасады. Аталған шара сондай-ақ ҚР ИЖЖТМ басшылығы тарапынан да қолдау тапты.
Осыған орай жақын арада Метрология және техникалық реттеу комитетімен (ТРМК) заңға тәуелді актілерге, кәсіпорындардың көрсетілген мерзімге өздері бекітетін ұйым стандарттары негізінде шығарылатын өнімге сәйкес келу сертификатын алудың тәртібін анықтайтын, өзгерістер енгізілуі тиіс. Аталған талап өте маңызды болып табылады, себебі сәйкестікті растау жөніндегі органдардың тізілімінде ұйым стандарттарын тіркеудің жоқтығын сылтауратып, сәйкестік сертификаттарын бермеу фактілері қазірдің өзінде бар. Ал, бұл Заң талаптарына қарама-қайшы.
Осылайша, қазіргі кезде кәсіпорындардың ұйым стандарттары бойынша жұмыс жасауына және өндірістің өзіндік технологиясы мен ұйымдастаруын қалыптастыруына ешкім тыйым салмайды, яғни ешкімге «кәсіпорынның тоқтап қалу» қаупі (кейбір комментаторлардың айтқаны) төніп тұрған жоқ.
4) Сонымен бірге, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің және «Ақ жол» партиясы депутаттарының бірлескен бастамасы бойынша қазақстандық кәсіпорындар үшін ұйым стандарттарын алдын ала ұлттық стандарттарға, келесі кезекте оларға ұлттық, және кейін мемлекетаралық стандарттар дәрежесін беруімен, көшіру мүмкіндігі қосымша енгізілді.
Алдын ала ұлттық стандарттарды қолдану қазақстандық өндірушілерге өздерінің өнімдеріне кезең-кезеңмен мемлекетаралық дәрежедегі стандарттарды беру жолымен Кедендік одақ шеңберінде өз өнімдерінің өткізу нарығын айтырлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл үшін осы стандарттарды Кедендік Одақтың Техникалық Регламенттерінің іске асыру бөліміне қосу қажет болады.
Осылайша отандық өндірушілер үшін сөз жүзінде емес, іс жүзінде Кедендік одақтың артықшылықтарын пайдалана отырып және оларды айналымдарының нақты кеңеюі мен компанияның пайдасына айналдыра отырып, өз өнімдерін лоббилауға бірегей мүмкіндік жасалды.
Осыған орай, жақын мерзімде ТРМК ұйым стандарттарын алдын ала ұлттық стандарттарға көшірудің Ережелерін дайындауы және қабылдауы, заңда бар потенциалды іске асыру бойынша өзге де кеңейтілген жұмыс жүргізуі қажет.
5) Сонымен бірге, өтпелі кезең мерзімі аяқталғаннан соң және Кедендік Одақтың Техникалық Регламенттері бекітілгеннен кейін тауарларды айналымға шығару осы регламенттердің талаптары бойынша жүргізілетінін есте ұстау қажет.
Сондықтан егер кімде-кім алдағы уақытта да өзінің стандарттарын өнім қауіпсіздігі нормаларына сәйкестендіруді жоспарламай отырса, онда мұндай кәсіпорындарға болашағы туралы ойланған жөн. Бизнестің мүддесімен бүркемелене отырып, тұрғындардың қауіпсіздігін құрбандыққа шалуға бізге де, сізге де ешкім рұқсат бермейді. Кез келген бизнестің түпкі мақсаты жеке өзіңнің баюың ғана емес, экономиканы дамыту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, адамдарға қажетті және сапалы тауарларды шығару болуы тиіс.
Беріліп отырған бұл кезеңді өзіндік стандарттарды дайындауға, қайта жасауға, технологиялар мен инновацияларды дамытуға, өндірісті жаңғыртуға, өнімнің сапасы мен оның тұтынылу ерекшелігін жақсартуға пайдалану қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы әрқашан айтып келеді, сондай-ақ бұл Кедендік одақтағы бәсекелестіктен және алдағы ДСҰ-на енуімізге орай туындап отыр.
ҚР индустрия министрлігінің техникалық реттеу комитеті, «Ақ жол» партиясы және кәсіпкерлердің салалық қауымдастықтары өз тарапынан аталған процесте кәсіпорындарға жоғарыда көрсетілген мақсаттармен олардың ұйым стандарттарын ұлттық және мемлекетаралық стандарттарға көшіру бойынша барлық қажетті көмекті көрсетеді.
Сонымен қатар, «Техникалық реттеу туралы» Заңының жаңа редакциясына үкіметтік емес стандарт және консорциум стандарты ұғымдары енгізілді. Бұлар ұйым стандарттары мәртебесін иелене отырып, сондай-ақ кәсіпорындарға мемлекетаралық немесе ұлттық стандарттар талаптарынан асып түсетін талаптарды белгілеу арқылы өздерін қосымша бәсекелік артықшылықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Ақ жол» партиясының көшбасшысы аталған заң жобасына қатысты бірлесе жұмыс жасағаны үшін ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің басшылығы мен бір топ мамандарына, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі жұмыс тобының жетекшісі Елена Тарасенкоға және «Нұр Отан» ХДП-ның депутаттық корпусындағы басқа да әріптестеріне, сондай-ақ Қазақстан ұлттық индустриалды палатасының сарапшыларына ризашылығын білдірді.
«Бұл қиын, бірақ қазақстандық бизнес үшін өте маңызды және жемісті талқылау болды. Себебі Кедендік одақ аясында ұлттық экономикалардың бәсекелестігіндегі негізгі екпін дәл осы тарифтік емес шаралар саласына ауысады, және бәрінен бұрын осы техникалық реттеу саласына» , - деп атап өтті ол.
«Біз бірлескен күш-жігерімізбен отандық кәсіпкерлерге табысты бәсекелестік үшін қолайлы, соңғы кездері біздің бизнесімізге қажет болып жүрген, жағдайлар жасап отырмыз», - деп атап өтті Азат Перуашев.
2012 жылғы 9 қазан, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі