«Ақ жол» партиясының фракциясы «Ұлттық аккредиттеу орталығы» ЖШС-нің қызметін ҚР заңнамасына сәйкестендіруді талап етеді
«Ұлттық аккредиттеу орталығы» ЖШС-нің қызметі қолданыстағы заңды бұза отырып жүзеге асырылуда – бұл туралы Талғат Ерғалиев ҚР Үкімет басшысы Серік Ахметовтың атына жолданған «Ақ жол» партиясы фракциясының депутаттық сауалында айтты.
Индустрия министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті жанындағы «Ұлттық акредиттеу орталығы» ЖШС-нің ашық емес баға саясаты, сондай-ақ көрсетілетін қызметтер сапасы кәсіпкерлер жағынан бірнеше рет талқылаудың тақырыбы болып, сынға алынған – мұндай хабарламалардың «Ақ жол» партиясының депутаттық фракциясына келіп түсуі жалғасуда.
«Орталық өзінің аккредиттеу бойынша негізгі қызметтерін атқара отырып, үстеме пайда табудың көзіне айналған», - деп атап өтті Т.Ерғалиев.
Партияға келіп түскен арыздарға сәйкес, Орталықтың қызмет көрсету құны соңғы кезде бірнеше рет өскен. Мысалға, бұрын сәйкестiктi растау жөнiндегi органдарды аккредиттеу үшін жұмыс құны 500 000 теңгені құраса, бүгінгі таңда ол 2 500 000 теңгеге дейін өсіп отыр. Сондай-ақ, инспекциялық тексерудің құны 10 есеге, 150-200 000 теңгеден 1 500 000 теңгеге дейін көбейіп отыр.
«Бұл жағдайда, ҚР «Бәсекелестік туралы» Заңының бұзылғаны көрініп тұр. Аталған Заңның 12-бабына сәйкес Орталықтың жағдайы, тауар нарығына сәйкес жүз пайыздық үстем үлесі бар нарық субъектісі ретінде монополиялық болып есептеледі», - деп «Ақ жол» партиясының депутаттары сеніммен айтып отыр.
Депутаттардың пікірлерінше, Орталықты монополистер реестріне қосу аталған Заңның 13-бабындағы тәртіппен тұтынушылардың заңды құқықтарын кемсітуді жоюға мүмкіндік берер еді.
Сондай-ақ, «ақжолдықтар» инспекциялық тексеру жүргізу проблемаларына да назар аудару қажет деп есептейді.
Қазақстан Республикасының «Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы» Заңының 7-бабына сәйкес Орталық қызметінің негізгі бағыттарының бірі инспекциялық тексеруді жүргізу болып табылады.
«Бұл норма «Мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы» Заңының 12-бабына қайшы келеді, себебі оған сәйкес, тексерілетін субъектіні тексеру – мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары жүргізетін бақылау және қадағалау түрлерінің бірі. Орталық мұндай органдардың қатарына жатпайды», - деп депутаттық сауалда атап өтілген.
«Кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу өкілеттілігін Аккредиттеу орталығы есебіндегі кәсіпорынға және кәсіпкерлік қызметпен айналысушылардың өздеріне беруді сыбайлас жемқорлықты құрайтын жәйт деп санаймыз. Мұндай әрекетке жол беруге болмайтындық «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 5-бабының 9) тармақшасында көрсетілген», - деп атап өтті Т.Ерғалиев.
Аккредиттеу жөніндегі органды мемлекеттік қызмет көрсететін коммерциялық құрылымға айналдыру, сондай-ақ оған бақылау және қадағалау функцияларын беру Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келеді.
Осыған байланысты, «Ақ жол» ҚДП парламенттік фракциясының депутаттары «Ұлттық акредиттеу орталығы» ЖШС-нің қызметін ҚР заңнамасына сәйкестендіруді талап етеді.
«Ақ жол» партиясы бизнес-ортаны жақсарту мен кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік ауыртпалықтарды төмендету бойынша қызметін жалғастыруда.
2012 жылғы 24 қазан, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі