Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы мен Латвияның билік партиясы «Виенотиба» көшбасшылары Ынтымақтастық және өзара әрекеттестік туралы келісімге қол қойды.
2012 жылғы 29 мамырында Латвия Республикасында, Рига қаласында, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы мен Латвияның билік партиясы «Виенотибаның» арасында Ынтымақтастық және өзара әрекеттестік туралы келісімге қол қою рәсімі өтті. Құжатқа «Ақ жол» ҚДП төрағасы Азат Перуашев пен «Виенотиба» партиясының көшбасшысы Дзинтарс Закис қол қойды.
«Ақ жол» партиялық делегациясының Латвияға сапары барысында латвиялық билік партиясының мүшелерімен – Латвия Республикасының премьер-министрі Валдис Домбровскиспен, Латвия Парламентінің Спикері Солвита Аболтинямен, ұлттық Сайма мен Еуропарламенттегі «Виенотиба» партиясының депутаттарымен және жергілікті іскер топтармен кездесулер өтті.
Келісім бизнес-климатты, салық салуды, экономиканың басым салалары үшін ҚҚС-тың салалық дифференцияланған мөлшерлемесін қалыптастырудағы, жоғары инновациялық құрамдас бөлігі бар біріккен кәсіпорындарды құрудағы және т.б. үздік тәжірибе туралы ақпарат алмасу мәселелері төңірегінде кең ауқымды өзара әрекеттестікті қарастырады.
«Ақ жол» ҚДП партиялық делегациясының құрамында партия төрағасы Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Азамат Әбілдаев пен Аманжан Рысқали, Атырау облыстық мәслихатының депутаты Талғат Мұқатанов, Орталық Кеңес Президиумының жанындағы Партиялық комиссияның төрағасы Андрей Линник, Шығыс Қазақстан облыстық филиал төрағасы Талғат Құрманғалиев, Павлодар облыстық филиал төрағасы Ербол Арынов, Партияның халықаралық бөлімінің директоры Асем Аккужанова бар.
Сапар қорытындысы бойынша аталған салаларда қызмет ететін бірқатар латвиялық кәсіпорындар мен мемлекеттік органдарды да аралау жоспарланды.
2012 ж. 31 мамыры, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі