Қазақста Республикасының
Қаржы министрлігінің
Кеден комитеті төрағасы
М.Т.Есенбаевқа
Депутаттық сауал
Құрметті Мәжит Төлеубекұлы!
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жолдауындағы басым бағыттардың бірі ретінде әкімшілік процедураларды одан әрі жеңілдету, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру және мемлекеттік органдардың қызметіне деген азаматтар сенімін жоғарылату атап өтілді.
Аталған бағытта ҚР Үкіметімен және тиісті өкілетті органдармен қолдауға тұрарлық айқын жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге, Республикамыздың кеден шекарасын кесіп өту кезіндегі туындап отырған жағдай Сіздің жеке назар аударуыңызды талап етеді.
Атап айтқанда, Жамбыл облысындағы «Қордай» кеден бекеті арқылы тәулігіне орташа алғанда 25 мың жеке тұлға мен 4 мыңнан астам көлік құралы кеден шекарасын кесіп өтеді.
Бірақ, аталған бекетте шекарадан қалыпты өту үшін қарапайым жағдайлар жасалмаған. Әйел азаматтарды, жас балаларды, егде жастағы адамдарды, мүгедектерді және тағы да басқа адамдарды қоса алғанда, бекеттің алдында күн сайын таңертеңнен бастап 300-дей адам кезекте тұрады. Күнделікті адамдардың көп болуы, балалардың жылауы, айқай-шу, ұрыс-керіс, паспорттық бақылау залындағы тымырсық аталған кеден бекетіндегі әдеттегі жағдайға айналған. Шекарадан өту біздің азаматтарымыздың моральдық жапа шегуімен, алым-салық және жеке бастарының қадірін түсірумен қосақталуда.
Заңға сәйкес мұнда жеке тұлғалар үшін ішінара «жасыл» және «қызыл» дәліздер қарастырылған. Алайда аталған қағидат лайықты түрде жұмыс істемей тұр. Тауарлар мен көлік құралдарын бір уақытта бірлескен түрдегі кедендік тексеру жұмысы екі елдің кеден қызметтерімен жүргізілмейді.
Қазақстан жағынан бір адамның шекарадан өтуі орташа алғанда 2 сағаттан астам уақытты алады. Ал Қырғызстан жағынан шекарадан өту процесіне бар болғаны 3 минут уақыт жұмсалады.
Сонымен бірге, статистика мәліметтері көрсетіп отырғандай, кедендік органдардың бұл кептелісті контрабандаға қарсы іс-әрекетпен түсіндіруі шындыққа жанаспайды.
2011 жылы «Қордай» кеден бекетін 5 158 453 жеке тұлға кесіп өткен. 5 млн.-нан астам азаматтың ішінен тек 8 (!) адам немесе 0, 00 %-ы ғана тауарларды декларацияламағаны немесе жалған түрде декларациялағаны үшін жауапқа тартылған. Ал 5 млн. адамның 99 %-ы сағаттап кезекте тұруға, тексерістен өтуге, қолға ұстаған жүктерінің ақтарылуына, дөрекі қызметпен кезігуге мәжбүр болған. Біздің кеденшілер әлемде кедендік бақылаудың барынша тиімді, өркениетті және ізгілікті әдістерінің бар екендігін білмейтін тәрізді.
«Ақ жол» партиясына хабарласқандардың айтулары бойынша, әлдебір «делдалдар» топ ішінен адамдарды шақырып, белгілі бір ақы үшін келіскендерді кедендік бекет жанынан ешбір кідіріссіз, қарттар мен балаларды қоса алғандағы басқа азаматтардың көзінше өткізіп жібереді.
Мұнда кедергісіз өтудің «бағасы» да ашық айтылады. Адам басына 200 теңгеден болса, қосымша әр сөмке үшін 2000 теңге, ал жеңіл автокөліктің кезексіз және ешбір тексеріссіз өтуі үшін 50 мың теңгеден.
Осылайша, толықтай бақылау мен азаматтарды жаппай кемсітудің шын мақсаты кедендік режимді қамтамасыз ету емес, дөрекі түрде бопсалаушылық деп ойлауға барлық негіз бар.
Бұл жерде сыбайлас жемқорлық жай ғана орын алып қоймай, шектен шыққан және өзінің жазасыздығымен, ақылға сыйымсыз табысымен мақтана отырып, тіпті ашықтан-ашық іске асырылып отыр.
Айтылған мәселелер тұрғындар тарапынан наразылық пен әділ түрде жазғыруға әкеліп отыр. Өкінішке орай мұндай жағдай тек қана Қордайда емес, сондай-ақ басқа да кеден бекеттерінде бар.
Аталған бекетте 2 ай сайын кеден бастықтары ауыстырылып отырады, бірнеше мәрте кеденнің қатардағы қызметкерлері жаппай жұмыстан шығарылған. Мұндағы басшылықтың кезекті ауысуы жақында ғана болған.
Алайда, жаппай жұмыстан шығарумен аталған мәселелер шешімін таппайды деп ойлаймыз, бұл жерде кешенді тәсіл қажет. Түптің түбінде кадрлардың бұлай ауыстырылуы жауапсыздық пен «уақытша» көңіл-күйге алып келеді.
Жоғары айтылғандарды назарға ала отырып, Сізден, «Қордай» бекетін қоса алғанда, Республикамыздың кеден бекеттерінде азаматтарымыздың конституциялық құқықтарының жаппай бұзылуына жол бермеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жасау бойынша қандай шаралардың қолданылып жатқандығы туралы хабардар етуіңізді сұраймыз.
Құрметпен,
ҚР Парламенті Мәжілісіндегі
«Ақ жол» ҚДП фракциясының
депутаттары
А.Перуашев
Е.Никитинская
А.Әбілдаев
Т.Ерғалиев
Н.Жазылбеков
М.Қазбекова
С.Сәрсенов
А.Тұртаев