Сыртқы саясаттың салтанаты
Тәуелсіздік ата-баба арманы еді. Тарих сахнасына қазақ деген атаумен мемлекет келген күннен бастап, елдікті сақтауды мақсат тұтқан қазақ халқы талай тағдырды басынан өткерді. Оған сан ғасырды артқа тастаған кәрі тарих куә.
Қалай айтсақ та, қазақ халқы қанша ауыр тағдырды басынан өткерсе де мойымаған ел. Қазақ «өткенге салауат» дейді. Бұл өзін жұбату сөз емес, болашаққа деген ұмтылыс, жаңа өмірге деген талпыныс.
Аумалы-төкпелі замандарды басынан өткерген қазақ халқы ХХ ғасырдың соңына қарай халықаралық құқық принциптеріне сай, жаң тұрпаттағы мемлекет ретінде саяси дербестігіне қол жеткізді.
1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан өзін дербес мемлекет деп, тәуелсіздігін жариялаған күн бәріміздің есімізде. Бұл оқиға мемлекетіміздің тарихына алтын әріптермен жазылып, қазақ халқының мәңгілік жадында қалды. Қазақстан тәуелсіздігімен бірге саяси еркіндікке қол жеткізді.
Тәуелсіздік пен саяси еркіндік бірге жүретін ұғымдар. Сол себептен, тәуелсіздік деген саяси еркіндіктің бастауы. Саяси еркіндікке қол жекізбейінше, ой еркіндігіне ие болу қиын мәселе. Әрбір істің басы алдымен идеядан басталады десек онда, ой еркіндігі жоқ елдің әлемдік деңгейдегі идеяларды тудыруы да күмәнді.
1991 жылға дейін Қазақстан атынан әлемдік саясат мінберінен Ресей мемлекеті сөйлеп келді. Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатын реттейтін орталық, яғни Москва болатын. Тіпті Қазақстанның өзге мемлекеттермен сыртқы саяси қатынас орнатуы деген мәселе, күн тәртібінде еш уақытта тұрмаған. Басқаша айтсақ, Қазақстан халықаралық құқық принциптеріне сәйкес халықаралық құқықтың субъектісі қызметін атқарған жоқ.
Тәуелсіздігін жариялаған соң, Қазақстан халықаралық құқықтың субъектісі бола отырып, БҰҰ таныған әлемдегі екі жүзге жуық мемлекеттің қатарынан орын алды. Осы бір тарихи сәтте Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп таныған алғашқы ел бауырлас Түркия мемлекеті болатын. Міне сол уақыттан бері 20 жыл уақыт өтті.
20 жылда Қазақстан сыртқы саясатта өзіндік орны бар мемлекетке айналып үлгерді. Әлемнің көптеген елдерімен дипломатиялық қатынас орната отырып, өзінің сыртық саясаттағы позициясын айқындады. Қазақстанның сыртқы саясаттағы позициясы бейбітшілік пен достық қарым қатынасқа бағытталған. Яғни, әлемге көп векторлы саясатты басшылыққа алған мемлекет ретінде танылды.
Бұл бағытта сыртқы саясатты жүргізген Қазақстан, әлемдік саясатта жаңа бастамаларын ашық көтерді. Мәселен, 1991 жылы 29 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Семей ядролық полигонының жабылуы. Осы жарлық арқылы Қазақстан ядролық қарусыз әлем идеясын сөз жүзінде емес, іс жүзінде ұсынды.
Ядролық қарусыз әлем Қазақстанның сыртқы саясаттағы басты тақырыбына айналды. 2010 жылы 29 тамызды Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясына «Дүниежүзілік ядролық қарудан бас тарту күні» деп жариялау туралы ұсыныс жолданған еді. Аталған ұсыныс БҰҰ қарарымен қабылданды.
Одан өзге Қазақстанның сыртқы саясаттағы дінге қатысты ұстанымы туралы айтып өту орынды. Дін халықтың рухани өмірі. Дінсіз қоғам жоқ. Осыған орай, Астанада үш рет «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің» съезі өтті. Халықтың арасындағы достық пен, төзімділікті, дінаралық татулықты дәріптеуді мақсат етіп, әлемнің түрлі дін өкілдері лидерлерін бір шаңырақтың басына жинау оңайға түскен жоқ. 2001 жылғы 11 қыркүйекте АҚШ та болған террористік оқиға әлемдік үш діннің бірі Исламға деген көзқарасты өзгеше бағытқа өзгертіп сала берді. Әлем Ислам мен христианға қақ айырылғандай күйге түсті. Алайда, бұл террористік оқиғаның мазмұны Ислам дінінің қағидаларынан мүлдем өзгеше болатын. Әлемдік діндердің барлығының басты мақсаты бейбітшілік екенін әлем халықтарына түсіндіру, дін өкілдерінің басын қосып сұхбат арқылы ғана жүзеге асыру мүмкін. Сондықтан, «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің» съезін өткізу маңызды іске айналды.
Осындай күрделі жағдайда әлемдік дін басшыларын сұхбатқа шақыру Тұңғыш Президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан шыққан идея еді. Қазақстан әлемді дүр сілкіндірген оқиғаға салқын қандылық танытып өзіндік сыртық саясаттағы позициясынан танған жоқ. Бұл Қазақстанның жеке дара даму жолының барын айқын көрсетіп тұрған оқиғалардың бірі.
2010 жылы Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі кездейсоқ жағдай емес. 1999 жылы ЕҚЫҰ-ның Стамбулда өткен саммиттен кейін араға он жыл салып, Астана саммитін өткізуінің себебі, Қазақстанның сыртқы саясаттағы беделі деуге болады. Астана декларациясын қабылдаған ЕҚЫҰ мүше мемлекет басшылары Қазақстанның Орта Азиядағы көшбасшы мемлекет екенін мойындап кетті.
2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалықты қолына алған Қазақстан бұл ұйымға да тың ұсыныстарымен шықты.
Қазақстанның сыртқы саясаттағы бағыт бағдары қашан да бейбітшілік пен достық қатынасқа негізделген. Осы бағытта мемлекетіміз болашақта да өз бағытынан таймайды деп сенемін.