Жолға байланысты сауал

 

 

                                                                                            Қазақстан Республикасының

                                                                          Премьер-Министрі

                                                                          С.Н. АХМЕТОВКЕ

 

Құрметті Серік Нығметұлы!

 

Республикамыздың жолдарындағы жол жүрісі қауіпсіздігінің жағдайы қашанда күрделі болғаны белгілі, алайда, соңғы кездері автокөлік қауіпсіздігі мәселесі ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіретін дәрежеге жеткендей.

ҚР ІІМ Жол полициясы комитетінің баспасөз қызметінің хабарламасы бойынша 2013 жылдың 8 айының өзінде ғана 13108 жол-көлік оқиғасы тіркелген, соның салдарынан 1824 адам қаза тапқан, оның 180-і балалар; 17062 азамат жарақат алған, оның 3056-ы балалар.

Апат санының көп болуына жол жүрісі ережесін жүргізушілердің өрескел бұзуы, жол жүрісі қаупсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің тиісті дәрежеде жұмыс істемеуі, жол-көлік инфрақұрылымының нашар жағдайы себеп болып отыр.

Сонымен қатар, жүргізуші куәлігін өте жеңіл жолмен алу – жолдағы тәртіптің төмен болуының бірден-бір себебі екенін айтып өткен жөн.  Автокөлікті денсаулық жағдайына, жасына және басқа да себептерге байланысты рульге отырмауы тиіс адамдар да жүргізуде. Қаржы полициясы агенттігінің мәліметі бойынша Қазақстанда 2010 жыл мен 2013 жылдың бірінші тоқсаны аралығында наркологиялық және психоневрологиялық диспансерде тіркеуде тұрған, соның ішінде шизофрения, психоз, созылмалы және асқынған психикалық аурулары бар азаматтарға жүргізу куәлігі берілгені туралы 1826 факті анықталған.

Сондай-ақ, автомобиль жолдары жобаларының сапасыз жасалуы және орындалуы туралы фактілер жиі кездесіп жатады. Күнделікті өмірден көріп жүргеніміздей қазіргі кезде елімізде автокөлік саны жедел өсіп, ауыр жүк көтеретін, жоғары жылдамдықпен жүретін, габаритті автокөлік құралдарының жаңа модельдері көптеп пайда болып жатыр. Ал біздегі жол саласының жағдайын реттейтін нормативтік құжаттар болса әбден ескірген, керек десеңіз олар осыдан 20-30, тіпті 40 жыл бұрынғы талаптарға негізделген.

Осыған байланысты, ғылымның ең үздік жетістіктерін, озық тәжірибелерін пайдалана отырып, жол қозғалысы қауіпсіздігін міндетті түрде көтеретін мезгіл жетті деп есептейміз.

Сонымен қатар жолды сапасыз салған құрылысшыларға да қатысты жазадан бұлтартпау шаралары қолданылуы қажет деп санаймыз.

Жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы бүгінгі күні орын алып отырған күрделі жағдайлар - жүргізушілердің ден-саулығын қатаң бақылауға, олардың алғашқы жүргізушілік дайындығын жетілдіруге, қолданыстағы автокөліктің техникалық жағдайларына жоғары талаптар қоюға, халықты жол жүру қауіпсіздігі шараларына үйретуге, жол қауіпсіздігіне байланысты құқықтық нормаларды одан әрі жетілдіруге, жол жүру қауіпсіздігін кеңінен насихаттауға, жолдардың сапасын жетілдіруге және бүгінгі күннің талабына сай жол құрылыстарын салуға, жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мемлекет тарапынан қатаң бақылауға, жол-көлік апатынан зардап шекендерге көмек көрсетуді және оның салдарын жою жүйелерін жетілдіруге бағытталған кешенді шаралар қабылдауды қажет етеді.

Қазіргі жағдайда республикада қалыптасып отырған жол-көлік оқиғалары  қауіпсіздігіне байланысты мәселелер арнайы мемлекеттік ұзақ мерзімді стратегиялық шаралар қабылдауды талап етеді. Ол үшін қоғам мен мемлекеттің күшін үйлестіру, орталық, аймақтық, жергілікті органдардың ресурсын дұрыс пайдалану, сондай-ақ қоғамдық институттар мен мемлекеттік билік органдарының өзара байланысын тиімді пайдалану қажет.

Егер бұл мәселе жөнінде дер кезінде тиісті шаралар қарастырылмаса, болашақта ол күрделеніп, жол-көлік апаты еліміздегі адам өлімінің ең негізгі себебіне айналуы әбден мүмкін.

Осы жоғарыда көрсетілген жағдайларды ескере келе, Өзіңізден қазіргі кезде Үкімет тарапынан осы жол апаты мәселелерін шешуге бағыталған қандай кешенді шаралар қарастырылғаны туралы ақпарат беруіңізді сұраймыз.

«Қазақстан Республикасы Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциалық Заңның 27-бабы, 4-тармағына сәйкес жазбаша түрде жауап беруіңізді өтінеміз.

                

      

 Құрметпен,

   Сенат депутаттары                                                     О. РАХМАНБЕРДИЕВ И.АДЫРБЕКОВ

                                                                              М.АЛТЫНБАЕВ

                                                                                Л.КИИНОВ

                                                                                       Г. КИМ

С.ГРОМОВ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Орынд. Дүйсенов Р.Е.

Тел. 74-73-10