|
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі С.Ахметовке |
Құрметті Серік Нығметұлы!
Оңтүстік Қазақстан облысында туризм перспективалы салаларының бірі болып табылады және Қазақстан Республикасының туризм саласы бойынша приоритетті аймақтар қатарына енген.
Қазіргі таңда, Оңтүстік Қазақстан облысында тарихи нысандарға алып баратын жолдардың жөнделуімен қатар, таулы аймақтарда кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен демалыс орындарын салуды қолға алып жатыр.
Оңтүстік Қазақстан облысында тарихи-танымдық, емдік-сауықтыру және экологиялық туризм түрлері қарқынды дамуда және облыс аумағында туризмінің басқа да түрлері дамытуға табиғаттың барлық мүмкіндігі бар.
Осы орайда, «Қасқасу» шатқалында тау-шаңғысы курорты жобасының маңыздылығы ерекше болып табылады.
«Қасқасу» тау-шаңғы кешені жобасының жүзеге асыру территориясы Батыс Тянь-Шань тауының Өгем жотасын қамтиды және Шымкент қаласынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан.
«Қасқасу» тау-шаңғы кешенінің шаңғы трассасы 1 880 – 3 155 метр биіктік зонасында салыну жоспарланған яғни, бұл үлкен көлемдегі қарлы зонасы болып табылады, мұнда жылына 8 ай шаңғы тебуге мүмкіндік бар.
Жобаның негізгі мақсаты – жаппай тау-шаңғы спортын дамыту, жаңа жұмыс орындарының ашылуын қамтамасыз ету, Оңтүстік Қазақстан облысының инвестициялық тартымдылығын арттыру, транспорттық және коммуналдық инфрақұрылымды, тұрғын-үй кешенін, қоғамдық тамақтану орындарын дамытуға жағымды жағдайлар туғызу.
Бұл жоба 1990 жылы бастау алып, югославиялық «Энергоинвест» компаниясы Қасқасу шатқалында тау-шаңғы туризмін дамыту мүмкіндігіне зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде құрылыс жұмыстары да басталған болатын. Бірақ қаржының тапшылығына байланысты тоқтап қалған.
2007 жылы аталған жоба қайта қолға алынып, 2009 жылы «Сайрам-Өгем» мемлекеттік табиғи ұлттық саябағына қарасты аумақтан 56,8 га жер телімі бөлінген.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 11 қазандағы № 1048 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасы туристік индустриясының перспективалы бағыттарын дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасының» іс-шаралар жоспарына сәйкес «Қасқасу» туристік-рекреациялық кешенінің» инженерлік-коммуникациялық желілерін салу үшін жобалық сметалық құжаттары (ЖСҚ) 103,5 млн тг. республикалық бюджет есебінен жасалынды.
Сонымен қатар, Канаданың «Ecosign Mountain Resort Planners» компаниясымен «Қасқасу» туристік рекреациялық кешенінің» шебер-жоспары (мастер-план) әзірленіп және «Colliers International» компаниясымен маркетингтік зерттеу және тау-шаңғы туризмі нарығын талдау жұмыстары жүргізіліп оң қорытындылары алынды.
Аталған жобаны салуға отандық және шет елдік инвесторлар тарапынан қызығушылықтар туындауда. Дегенмен, қажетті инфрақұрылым жүргізілмегендігіне байланысты тау-шаңғы кешенін салуға тежеу болып отыр.
Сондай-ақ, 2012 жылдың 29 наурызындағы ҚР Премьер-Министрі К.Қ.Мәсімовтың төрағалығымен өткен өңірлердің келелі мәселелері туралы мәжілістің №11-5/07-7 хаттамасына және 2012 жылдың 17 шілдесінде Оңтүстік Қазақстан облысы әлеуметтік-экономикалық дамудағы келелі мәселелер туралы өткен кеңесте берілген №11-5/07-37 хаттамалық тапсырмаларына сәйкес инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылыс жұмыстарын жүргізу мақсатында республикалық бюджеттік комиссияға ұсыныс енгізілген болатын.
Алайда, ҚР Қаржы министрлігі тарапынан «Қасқасу» туристік-рекреациялық кешенінің» инженерлік-коммуникациялық желілерін салу жобасының мәселесі кейінірек қаралатындығын хабарлаған.
«Қасқасу» туристік рекреациялық кешенінің» инженерлік-коммуникациялық желілерінің құрылысы жобасы 2011 жылы жасалынғандықтан ағымдағы жылы жоба іске асырылмаса есептік шығындар ескіріп, жобаның мерзімі аяқталады.
Осыған байланысты, Құрметті Серік Нығметұлы! жоғарыда айтылғанды ескере отырып, аталған жобаны жүзеге асыру үшін белгілі мөлшерде алғашқы қаржы бөлуге ықпал етуіңізді сұраймыз.
Сенат депутаттары:
О.Рахманбериев
Қ.Айтаханов
Б.Жылқышиев