Сабильянов
Нұртай
Салихұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
"Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдардан басталуы тиіс"
«УАҚЫТ ТЫНЫСЫ» ҮРЖАР АУДАНЫНЫҢ

«Уақыт тынысы» үржар ауданының

қоғамдық-саяси газеті

109 (6600) 24.08.2015 ж.

 

 

 

Парламент Мәжілісі депутатының халықпен кездесуі

 

«Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдардан басталуы тиіс»

   "Ата-бабадан мұраға қалған ұлттық құндылықтарымыз көлеңкеде қалмауы тиіс. Техникамен технология дамыған  тұста оны ары қарай дамыта түсу үшін "Мәңгiлiк ел" идеясымен астастыра бiлуiмiз қажет. Бұл әсіресе қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдардан басталуы тиіс. Сонда ғана бiрлiгi бекем, берекелi ел боламыз". Өңірімізде жұртшылықпен Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов ауданымыздың халқымен болған кездесуде -осылай, деді. "Нұр Отан" партиясының саяси кеңесінің бюро мүшесі Нұртай Сабильянов аудандағы елді мекендерге барып, әлеуметтік нысандарды аралап, жұртшылықтың жағдайын өз көзімен көріп қайтты. Халықпен қоян-қолтық жұмыс жасап, олардың тұрмыстық жағдайын, әлеуметтік мәселелерін шешуді көздеген халық қалаулысы алдымен Көктерек, Елтай, Бестерек ауылдарына ат басын бұрды.

   Көктерек ауылындағы депутатпен кездесу Көктерек орта мектебінде өтті. Халықпен кездесулерге аудандық "Нұр Отан" партия  филиалынан, кейбір мекеме, бөлім басшылары, облыстық, аудандық мәслихаттың депутаттары, ауыл әкімдері және баспасөз өкілдері қатысты. Кездесулерге ауыл тұрғындары көптеп жиналды. Ең бірінші Нұртай Салихұлы сөз алып, бүгінгі таңдағы Парламент жұмысына тоқталып, Ұлт жоспарында айтылған бағыттарды iске асыру шаралары жайлы баяндады.

 - Қадірлі жерлестерім! Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап, биылғы жылдың шілде айының 15-не дейін бізде III-ші сессияның жұмысы болып өтті. Осы уақыт аралығында Парламент Мәжілісінде 116 заң жобасы мақұлданып, сенатқа жіберілді. Оның 90 заң жобасына Елбасымыз қол қойды. Қазір ол халыққа қызмет жасап жатыр. Өткен жылдан бүгінге дейін заңды тұлғалар мен сайлаушылардан 5450 хаттар мен өтініштер келген. Олардың барлығына Парламент депутаттары тарапынан жауап берілді. Хаттарда көтерілген мәселелер ең бірінші әлеуметтік мәселелер, екінші сот төрелігімен құқықтық тәртіпке байланысты көптеп келеді. Денсаулық, білім саласына да сұрақтар бар. Ал Шығыс Қазақстан облысынан осы уақыт аралығында 493 хат келген екен. Барлық сұрақтарға депутаттар тарапынан жауап берілді. Осы уақыт аралығында Парламент Мәжілісінде жалпы 40 пленарлық отырыс болып, 334 мәселе қаралды. Сонымен қатар 9 үкіметтік сағат, онда сайлаушылардың көтеріп жүрген мәселелерін Үкімет мүшелеріне жеткізіп, бірқатар мәселелердің шешілу жолдарына қол жеткіздік. Енді қабылданған заң жобаларына келетін болсақ, республикалық бюджеттен Шығыс Қазақстан облыстық бюджетіне 86 млрд.теңге трансферт ретінде қаражат бөлініп отыр. Ол облыстың аудандарын, ауылдарының жағдайын жақсартуға бағытталған. Және де осы республикалық бюджеттен ауыл шаруашылығын дамытуға және кәсіпкерлікті, басқа да салаларды жақсартуға қаражат бөлінді. Атап айтатын болсақ, "Агробизнес - 2020" бағдарламасына 87 млрд.теңге бөлініп отыр. Оның 50 млрд.теңгесі ауыл шаруашылығында жұмыс істеп жүрген шаруа қожалықтарына субсидия ретінде бөлініп жатыр...,-деді Парламент Мәжілісінің депутаты.

     Кездесуде сөз алған зейнеткер Тұрсын Әбсейітов екі ауылдың ортасындағы көпірдің жағалауына бекіту жұмыстары жүргізілсе деген ұсыныс білдірсе, ал Мұратжан Бабсеков ақсақал Мақаншы-Көктерек тас жолының нашар екендігін қынжыла айтты. Зейнеткер-ұстаз Ханшайым Қойшыбаева мектеп оқушылары ауылдың шетінен 3км жаяу жүріп келетіндігін, сол себепті ауылдың ішімен автобус жүргізілсе десе, Жұмай Көшербаев ақсақал денсаулығына байланысты қалаға қаралуға көп баратындығын сөз ете келе, Аягөз қаласында үлкен денсаулық орталығы ашылып, Үржар ауданы арқылы Шәуешекке дейін поезд жүрсе деген ұсынысын айтты. Ал Мүтән Әнуарбекұлы малдарын сата алмай отырғандығын, тері, жүн өткізетін орынның жоқтығын және де сатушылар етті арзан бағамен алғылары келетіндігін баяндады. Ауыл аймақтың негізгі күн көрісі осы мал шаруашылығы екендігі белгілі. Бұл сұрақ халық тарапынан барлық елді мекендерде қойылды. Депутат ауыл шаруашылық мәселесіне мемлекетімізде ет, сүт өндірістерін дамытуда инвесторларды тарту керектігін баса айтты.  

   Жастар одағының мүшесі Мақсат Мусин ауылда жастардың барып демалатын жері жоқ екендігін, мәдениет үйіне байланысты проблемалар шешіліп, жұмыс жасаса деген тілегін білдірсе, "Күлбаршын" шаруа қожалығының басшысы Жанысбек Көмірбаев ауылда МТС құрылса деп ұсыныстарын жолдады. Ақсақалдар алқасының төрағасы Айтқазы Рахметжанов, Сайлаубек Баймолдановтар ауылдағы ауызсу мәселесін қозғап, халық қалаулысына алғыстарын білдіріп, оң баталарын берді.

   Одан әрі кездесу Елтай ауылдық округінде жалғасын тапты. Парламент Мәжілісінің депутаты қарапайым халықпен емен-жарқын жүздесіп, өзекті мәселелерді өз құлағымен естіді. Зейнеткер Орысхан Қасымханов депутатқа халықтың атынан алғыс білдіріп, зейнетақы жөнінде және қандастарымыздың өз еліне оралуына жағдай жасалса деген ұсынысын айтты. Ауыл тұрғыны Қапиза Елшібаева жеке үй мәселесі жөнінде алға тартса, зейнеткер Бақытжамал Мұқажанова шабындық жер сұрады. Мұратбек Жомартов жемқорлықтың алдын алуға заң шығарушы орган ретінде қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын, ал Рамазан Молдаханов ақсақал ауылдың ортасындағы көпір жөнделсе деген тілектерін білдірді.

   Сонымен бірге сұрақтардың көпшілігі көмір мәселесі мен зейнетақы тағайындау тәртібіне байланысты болды. Ауыл халқы жанымызда тұрған "Мадина" ЖШС көмірді арзан бағамен неге сатып ала алмайтындығымызды қынжыла айтты.

   - Мен өзіме сіздердің сұрақтарыңызды жазып алдым. Ал енді жергілікті жерде шешілетін сұрақтарды аудандағы атқарушы органға айтып, мәселелер шешіледі деп ойлаймын. Өз тарапымнан сіздердің сауалдарыңызды, қырқүйек айында жұмысқа оралғанымда Парламент отырысында талқыға салып, Үкіметке ұсыныс ретінде жібереміз. Ал зейнетақыға келетін болсақ, базалық зейнетақы тағайындау тәртібіндегі өзгерістер туралы жаңа енгізілімдер жария етілген болатын. Заң жобасы Елбасының Жарлығына сәйкес, елімізде зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру мақсатында әзірленген. Ол зейнеткерлік жаста лайықты өмір сүру деңгейі үшін зейнетақы төлемдерінің тепе-теңдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы тағайындау тәртібі өзгереді. Базалық зейнетақы азаматтар зейнеткерлік жасқа жеткен кезде ғана және зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалады,- деді Нұртай Салихұлы.

   Бестерек ауылдық округіндегі кездесу М.Хасенов атындағы орта мектебінде өтті. Бұл жерде де ауыл тұрғындары тарапынан шабындық жер жетпейтіндігін, көмірдің бағасы удай қымбат екендігі жайында сауалдар жолданды. Сонымен бірге тұрғындар жеке мәселелері жайында да сұрақтарын қойды. Зейнеткер Әлімжан Алпыспаев немересін жоғарғы оқу орнында  оқытуға көмек сұрады. Ақсақалдар алқасының төрағасы Сатыбалды Бисмаков жемқорлықтың белең алып бара жатқандығын сөз етсе, Шәріп Абақанов жерді баласының атына аударуға мемлекеттік актісі дұрыс еместігін, осыған көмектесуін сұрады. Нұртай Салихұлы Жалаңашкөлден шығып жатқан көмір мәселесі жайында облыс басшысына, тиісті мемлекеттік органдарға міндетті түрде жолдайтындығын, жеке мәселелерді көтергендерге хатпен жазып берулерін өтінді.

   Келесі күнгі кездесу Ақжар, Жоғарғы Егінсу, Сегізбай ауылдық округтерінде жалғасты. Және де депутат Барқытбел, Жаңа тілек, Сегізбай ауылдарында жүріп жатқан мектеп құрылыстарымен танысып, аралап көрді. Әр сыныпқа кіріп, құрылыстың сапасына ерекше назар аударды...

   Б.Тұрлыханов мектебіне жиналған ауыл ақсақалдары, ұстаздар және мемлекеттік қызметкерлермен облыстық және аудандық мәслихат депутаттары емен-жарқын жүздесіп, тұрғындар ауылда әлі шешімін таппаған түйінді мәселелердің тиегін ағытты. Зейнеткер Мақан Қасымов Үржарда көз дәрігерінің жоқтығын және дәрі-дәрмектің қымбаттылығын, электр энергиясының тарифтерін реттеуді сөз етсе, Болатхан Көшкінбаев мүгедектік топқа шығару бойынша сұрақ жолдады. Тыл ардагері Рымхан Бисмакова мүмкіндігі шектеулі немересіне көмек сұрап, ал "Гүлдер-ай" ансамблінің мүшесі Кенжеш Сатыбалдинова ансамбльдің құрылғанына бес жыл толғандығын айта келе, музыкалық аспаптарының жоқтығын сөз етті.

   Депутат мүгедектік топқа шығару бойынша облыстық комиссия шешетіндігін, бұл хат денсаулық министрлігіне жолданатындығын, жер берудің тәртібін тәпіштеп түсіндіріп, жұртты ауызбірлікпен еңбек етуге шақырды.

   Келесі кездесу Жоғарғы Егінсу ауылдық округінде өтті. Жиында сөз алған зейнеткер Жеңісбек Мұсабеков жол полициясы қызметкерлерінің жұмысына қанағаттанбайтындығын, шаруа қожалық басшысы Бейбітқазы Сайымбетов "Жұмыспен қамту - 2020" бағдарламасы негізінде несие алғандығын және де несие қайтару уақытын ұзартса деген тілегін айтып, заң шығарушы орган ретінде заңда қарастырса деген ұсыныс білдірді.  Игенбай орта мектебінің мұғалімі Ниязғали Алшыбаев кезінде үй туралы купон беріліп, оны қайда жаратуға болатындығын сұрады. Зейнеткер Каман Нұғманова немересін Елордамыз Астана қаласындағы Назарбаев мектебіне жұмысқа орналастыруға қолдау көрсетіп, көмектескен халық қалаулысына рахметін айтып, ақ батасын берді. Ауыл тұрғындарының түрлі тақырыптағы арыз-шағымдарына партия атынан қандай да бір көмек көрсету, мәселелердің шешілуіне мүмкіндігінше ықпал ету мақсатында Мәжіліс депутаты барлық азаматтарды зейін қойып тыңдап, әрбір сұрақты жете талқылады.

   Одан әрі кездесу Сегізбай ауылдық округінде жалғасын тапты. Аталмыш кенттегі жиын ауылдық мәдениет үйінде өтті. Нұртай Салихұлы барлық жерде ең бірінші жыл бойы атқарылған Парламент жұмысына тоқталып, өздерінің жаңа қабылдаған заңдарын алға тартты.

     Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Төлеубек Байтөрин ауылда төрт колонка ғана жұмыс істеп тұрғандығын, яғни ауызсу мәселесін шешу туралы сөз қозғаса, Бейсенбек Әбеуов ақсақал алатын зейнетақысы отыз мың теңгені ғана құрайтыны, барлық еңбек өтілі 40 жыл болса да, 30 жылы ғана есептелген екен. Көпбалалы ана Замзагүл Рахимованың қызы агроном мамандығын бітіріп келгендігін, алайда жұмыссыз үйде отырғандығын айтып, жұмысқа орналасуға көмектесуін сұрады. Ауыл медбикесі Гүлжанат Сарқанбаева жердің салығына байланысты проблемалар туындап отырғандығы жайында депутатқа хат арқылы өтінішін білдірсе, зейнеткер Күлғасыл Шойғанова шабындық жер сұрады. Тұңғышбай Маукара ауылдағы жедел жәрдем көлігінің ескіргендігін айтты. Халық қалаулысы сұрақтардың барлығын анық-қанығын анықтап, шешеміз деді.   

   Жиын соңында сөзін қорытындылаған Парламент Мәжілісінің депутаты Н.С.Сабильянов халықты Елбасының мәңгілік ел игілігі жолындағы маңызды міндеттерін тиянақты орындауда белсенділік танытып, бірлесе жұмылып еңбек етуге шақырды. Осылайша, Парламент Мәжілісінің депутаты, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары жұртпен етене араласып, көкейін мазалаған сұрақтарға лайықты жауап берді. Депутаттың халықпен кездесуі басқа да елді мекендерде жалғасын табуда.    

 

ЗУХРА НҰРЖАНҚЫЗЫ.