«Егемен Қазақстан», 01 қазан 2013 ж.
№223 (28162)
Жұрт жаңа Доктринадан жаңалық күтеді
«Нұр Отан» ХДП Маңғыстау облыстық филиалының кезектен тыс өткен XVIII конференциясы – жаңа Саяси доктринаны талқылауға арналды. Конференцияға Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі Н.Сабильянов қатысты.
Күн тәртібіне «Қазақстан- 2050» Стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыру барысында «Нұр Отан» партиясының жаңа міндеттері, «Нұр Отан». Нұрлы болашақ жолында!» партияның жаңа Доктринасы туралы әңгіме қозғауды ұстын еткен жиында алғашқы мәселе бойынша облыс әкімі А.Айдарбаев баяндама жасады.
– Еліміз «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасының негізгі бағыттарын жүзеге асыру жолындағы аса маңызды тарихи кезеңді бастан өткеруде. Бұл Стратегия «Нұр Отан» партиясының бұқарамен тығыз байланыста жүргізетін қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік шараларын жаңа деңгейге көтеруді талап етеді. Алдымызда халық сенімінің үдесінен табылу, қоғамның барлық салауатты күштерін бәсекеге қабілетті адами капиталы бар мемлекет құрып, рухы мықты ұлтты қалыптастыру мақсаттарына бағыттай отырып, жаңа талаптар деңгейіне көтеру міндеті тұр, – деген А.Айдарбаев партияның халықпен жұмыс жасаудағы қоғамдық қабылдаулар жүргізу, «Электронды партия» жүйесімен жұмыс жасау бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі Н.Сабильянов «Нұр Отан». Нұрлы болашақ жолында!» атты партияның жаңа Доктринасы туралы баяндады. Жарыссөзге шыққан Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Т.Болатбаева партия мүшелерінің жарнасын көбейтуді ұсынса, «Жас Отан» ЖҚ атқарушы хатшысы Ә.Нұров Доктрина жобасының 4-бөлімінің «Әділ әлеуметтік саясат» тарауын «Жастардың білім алуына, мамандығына қарай жұмысқа орналасуына, кәсібін шыңдауына, тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне жағдай жасалатын болады» деген жолдармен толықтыру қажеттігін айта келе, жастар көкейіндегі маңызды екі мәселе – жұмыс орындарының тапшылығы мен жас отбасылардың баспаналы болуы мәселесіне айрықша тоқталды.
– Жұмыссыздық мәселесіне қатысты Астанада басталған «Сәтті қадам» жобасын ұсынамыз. Әрбір кәсіпорын, мекеме өздеріне тәжірибеден өтуге барып, өзін көрсете алған жасты сол мекемеде қызметке қалдыру жағын қарастырса дейміз. «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасының талаптарына әлі келмейтін жастар қаншама?! Сондықтан күні бүгінге дейін айтылып келген «Жастарға арналған жатақхана» мәселесін тағы көтергім келеді. Жатақхана салынып, 500-600 жас отбасы белгілі мерзімге дейін тегін тұрса дейміз. Бұл мәселені шешу үшін қаражат жетпей ме, әлде жер жоқ па? Заңды тетіктерін неге іздестірмеске? Жастар мемлекеттік органдардан осы сұрақтарға жауап күтеді, – деген сәтте залға жиылған халық дүркірете қол соқты. «Ақтау қаласынан жастарға қызмет көрсету орталығын ашуды ұсынамыз. Ол жерде жастарға барлық бағытта толықтай қызмет көрсетілу қажет» деген партияның жас мүшесі одан әрі «жасотандықтарды» мерекелерде санды толықтырып, көпшілікке еріп жүретін топ деп түсінбеулеріңіз керек. Осы жерде облыс басшылары қатысып отыр. Кез келген уақытта «Жас Отан» есігіңізді қағып, жастардың мұң-мұқтажына ортақтасып табалдырығыңызды тоздыруы мүмкін, мұндай сәттерде түсіністікпен қарап, көмегіңізді аямауыңызды сұраймын. Біз еліміздің болашағы алдындағы жауапкершілігімізді жақсы түсінеміз. Сондықтан біз Елбасы саясатын қолдап, еліміздің жаңару мен даму стратегиясын іске асыруға белсенді түрде атсалысуға дайынбыз», деп тоқтады.
Өңір басшысының баяндауынан білгеніміз, облыста аудан-қала әкімдері аумақтық партия филиалдарының басшыларына демеушілер есебінен филиалдардың дербес ғимараттарын салу тапсырылса, қазір олардың 4-уі салынған. Ақтау, Жаңаөзен қалалық партия филиалдары ғимараттарының құрылысы аяқталып келеді. Алдағы съезге дейін Маңғыстау облысындағы партия филиалдары түгелдей жаңа кеңселерге кірмек. Партияның XV съезіне делегаттар сайлап, шығып қалған облыстық мәслихат депутаттары орнына кандидаттар ұсынған конференцияда талқыланған мәселелер бойынша қаулылар қабылданған соң, өңір басшысы «Нұр Отан» ХДП аудандық, қалалық филиалдарына жаңа автокөліктер кілтін сыйға тартты.
Түстен кейін Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі Н.Сабильянов азаматтарға жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»