«Алаш Айнасы»
http://alashainasy.kz/politics/45386/
28.08.2013 ж.
Мәжіліс депутаты шығыста 42 кездесу өткізді
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы парламенттік фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов 2013 жылғы шілде-тамыз айларында Шығыс Қазақстан облысының 31 елді мекенінде сайлаушылармен, жастармен, дәрігерлермен, ауыл тұрғындарымен 42 кездесу өткізді.
Бұл кездесулер Жарма ауданының Қалбатау, Қызыл ағаш, Жарма, Аршалы ауылдары мен Аягөз ауданының Ақщәулі, Мыңбұлақ, Шыңқожа, Тарлаулы, Қопа, Ақтоғай, Ақшатау, Қарағаш ауылдары мен Аягөз қаласында, Үржар ауданының Алтыншоқы, Жаңа тілек, Лайбұлақ, Қаратұма, Көлденең, Көкөзек, Қабанбай ауылдарында, Ұлан ауданының Қ.Қайсенов атындағы кентінде, Шығыс ауылында, Зайсан ауданының Біржан ауылы мен Зайсан қаласында, Абай ауданының Саржал ауылында, Абыралы өңірінің Қайнар және Танат ауылдарында, Өскемен және Семей қалаларында өтті.
Нұртай Сабильянов сайлаушыларға Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы, «Нұр Отан» партиясының ағымдағы жұмысы және Парламент Мәжілісі тарапынан мақұлданған негізгі заң жобалары туралы арнайы тоқталып, айтып берді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан зейнетақы реформасы, жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы негізгі өзгерістер, мемлекеттік қызметтер көрсету туралы түсіндіріп берді.
Кездесулер барысында сайлаушылар жолдарды жөндеу, таза ауызсу, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жеңілдетілген несие алу, әлеуметтік көмек, жедел жәрдем, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, жүн-тері жинау мен өңдеу, мал ауруы, мәдениет, жастар, білім объектілерін салу, Аягөз-Ақтоғай арасына қатынайтын поездарға қосымша вагондар тіркеу, Семей ядролық сынақ полигонында зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғауды жетілдіру, Ақтоғай стансысында Халық банкінің бөлімшесін ашу, Қалбатау-Бірлік автожолын қайта салу, Аягөз-Үржар арасына қатынайтын ауданаралық рейс ашу, Ұлан ауданының Қ.Қайсенов атындағы кентінде жылу қазандығын салу, Зайсан ауданының елді мекендеріне газ құбырын тарту, оның бағасын реттеу, қауіпсіз қамтамасыз етілуін қадағалау, жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, Зайсан қаласының әуежайын күрделі жөндеу, Зайсан мен Алматы қалалары арасында тұрақты әуе рейсін ашу, шекара маңын дамытуды қолға алу, Семей-Қайнар республикалық авто жолын күрделі жөндеу, шағын ауылдарды телефон байланысымен, электр жарығымен және пошта қызметімен қамтамасыз ету және т.б. бірқатар мәселелерді көтерді.
Мәжіліс депутаты Аягөз қаласында салынып жатқан екі балабақшаның, бір мектептің, су жүйесінің құрылыс барысымен, Үржар ауданы Айтбай, Жанай және Қабанбай ауылдарында мектеп құрылысымен, Зайсан қаласында салынып жатқан мектеп, балабақша құрылыстарымен, Абай ауданының Саржал ауылында жаңадан салынып жатқан мектеп құрылысымен танысып, онда құрылыс объектілерін уақтылы аяқтау, бюджеттен бөлінген қаражаттың мақсатына сай жұмсалуын бақылау, мердігерлердің жұмысын қадағалау туралы айтылды. Сонымен қатар Зайсан қаласында Халық қаһарманы, Желтоқсан батыры Қайрат Рысқұлбековке арналған ескерткішке барып тағзым етті. «Нұр Отан» партиясының Үржар аудандық филиалының конференциясына қатысып, сөз сөйледі. Ол партияның халықпен тығыз байланыста болуға атсалысуы керектігін, партия жұмысының ашықтығын қамтамасыз етудің маңыздылығын, сол арқылы халықтың билікке деген көзқарасы қалыптасатынын атап өтті.
Сондай-ақ депутат Өскемен қаласына қарайтын Шығыс ауылына барды. Онда оралмандарға арнап салынған 290 үйдің сапасыз салынғаны, оларды қыста жылытудың қиындығы, үйлердің суық болатындығы туралы мәселе көтерілді.
Зайсан және Үржар аудандарындағы кездесулерде шекара маңында орналасқан елді мекендерді дамытудың ерекше маңыздылығы атап өтілді. Бұл орайда Н.Сабильянов Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясында Үкіметке облыстардың әкімдерімен бірлесіп, 2013 жылы шекарамен шектес аудандарды дамыту жөнінде қосымша шаралар кешенін әзірлеу қажеттілігі тапсырылғанын және оның ағымдағы жылдың қараша айында болатынын атап өтті.
Семей қаласында Мәжіліс депутаты №8 балалар үйінде болып, тәрбиеленіп жатқан балалардың тұрмыс жағдайымен танысты, тәрбиешілермен және балалармен кездесті. Кездесуде ол «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйге құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданғанын атап өтті. Бұл заң ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балалардың тұрғын үй-жайларына жергілікті атқарушы органдардың тарапынан тиімді бақылауды ұлғайтуға, сонымен қатар осы санаттағы балалардың тұрғын үй-жайларға құқықтарын нығайту және салықтың жеке түрлерін төлеуден босатумен қоса салықтық жеңілдіктер енгізуге бағытталғанын айтып берді. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үйге есепке қоюдың бірыңғай тәртібі айқындалып, оларға тұрғын үй алуға басымдық құқық берілетіні заңнамалық тұрғыда бекітілгенін жеткізді. Балалардың құқықтарын қорғаудың заңнамалық тетіктерінің жетілдірілгенін де атап өтті.
Абыралы өңірінің тұрғындарымен болған кездесуде сайлаушылар Абыралы өңірін дамыту туралы бағдарлама қабылданса деген ұсыныс білдірді.
Нұртай Сабильяновтың Шығыс Қазақстан облысындағы барлық кездесулері ашық түрде өтті, сайлаушылардың сұрақтарына жауаптар берілді. Азаматтар өз өтініштері бойынша депутаттың жеке қабылдауында болды.
Шілде-тамыз 2013 ж.