«Атырау» газеті
№ 122 (19655); 22.10.2013.
Біз халық алдында жауаптымыз
Жетімдер жайы, қоғамдық тұрақтылық. Шекара шебіндегі тыныштық. Елді толғандырып жүрген өзге де толғақты мәселелер. Облысымызда арнайы іссапармен болған Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновпен осы мәселелер төңірегінде ой бөліскен едік.
- Көп партиялы Парламенттің қалыптасқанына да біраз уақыт болып қалды. Сіздіңше, көп партиялы Парламент қоғамға не берді? Заң шығарушы басты орган күтілген талап үдесінен шыға алды ма?
- Ең бастысы, Парламент палатасындағы әр партия кез келген заң талқылау кезінде өз ұстанымын білдіріп, мәселе көтере алады. Осы арқылы «Парламент белгілі бір деңгейде ашық пікір алаңына айналды» деп айта аламыз. Екіншіден, азаматтар қай партия өкіліне арыз-шағым жазса да, ашықтық бар. Кедергісіз қабылдаулар жолға қойылған. Мұның өзі заң шығарушы басты органның қоғамға, бұқараға жақындай түскенін көрсетеді.
- Америкадағы Мэйоттар отбасында орын алған жағдай, әсіресе, қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. Осыдан тоғыз жыл бұрын елімізден жетектеп кеткен қос жетімекті жыныстық қатынасқа итермелеу мақсатында әдейі асырап алған олар бүгінде жазасын алғанымен, қоғам жиырма жылда жөнелткен он мыңға жуық жетімектің жайына алаңдаулы. Шетке бала жіберуге уақытша мораторий жариялап, кейін оған мүлде тыйым салуға бола ма? Өз баламызды өз елімізде асырасақ қайтеді?
- Мойындау керек, бұл – біздің кемшілігіміз. Кезінде Парламент тарапынан шетке бала сатуды доғару жөнінде ұсыныс болды. Бірақ, оны Үкімет қабылдамай тастады. Рас, шетке кеткен балалардың барлығын бірдей бақылайтын бізде мүмкіндік те, тетік те жоқ. Елшіліктердің, дипломатиялық миссиялардың да ондай функционалдық міндеті жоқ.
Бұл жерде мәселенің екінші де қыры бар. Ендігі жерде біз жетімдерді болдырмауға тиіспіз. Ол үшін отбасы институтын қалыптастыруға жұмыс істеуіміз керек. Мектеп жасында, жоғары оқу орнында жүріп, түрлі жағдайға тап болған жасөспірімдер алдағы қадамын қалай жасауы керек? Ойнап жүріп от басқандар балалы болған жағдайда не істеуі керек? Әке-шешесі баланың шалалығын қалай қабылдауы керек? Міне, осы жайттардың нақты жауабы берілсе, өз еліміздегі асырап алушыларға іштен жағдай жасасақ, шетке бала сатудың еш қажеттілігі де болмай қалады. Мұның екі тиімді жағы бар. Біріншіден, бала отбасында тәрбиеленсе, екіншіден, бала сол отбасының мүшесі болып шығады. Керемет азаматтары бар кең байтақ елімізде неге жетімектер болуы керек?..
- Діни қақтығыстар тынышталып, қоғамды қазір педофилдер дүрліктіріп жатыр. Қаншама сәбидің тағдыры қорланды, ол жағын ойлаудың өзі қорқынышты. Мұндай нәубетке қалай қарсы тұрамыз? Мүмкін, ондайларды өлім жазасына кесу керек шығар...
- Расымен де қоғамда әйелдерді, балаларды зорлаушылар көбейді. Мен ондайларға кастрация жасауды ұсынар едім. Айуандық жасаушылар еркектік қасиетінен айрылса, басқаларға бұл сабақ болар ма еді? Мүмкін, алға қарай ондайларды өлім жазасына кесу керек те шығар. Заң қатаймай, жаза күшеймей, мұндай нәубеттен біржола қоғамды тазарту мүмкін болмай тұр.
Тағы бір мәселе, осындай адамдардың тізімі жасалып, ашық түрде ғаламтор жүйесіне енгізілуі керек. Суреті қоса беріліп, отбасы, жұмысы туралы ақпараттар ашық жарияланса, халық олар туралы біліп, сақтанып жүрген болар еді.
- Осыдан бір жыл бұрын Арқанкергенде орын алған қанды оқиғадан соң да шекараның тынышын кетірген біраз фактілер тіркелді. Әскердегі жауынгер қазасы жылына бірнеше рет қайталанатын болды. Мұның себебін қайдан іздеуге болады? Шекара шебі де, әскер де ұлт қауіпсіздігімен тікелей байланысты емес пе?
- Шекара, әскер қызметінде жүрген азаматтар – ең алдымен өз Отанының қорғаушылары. Десек те, бұл қағида мемлекетті, қоғамды әскерилер алдындағы жауапкершіліктен құтқармайды. Сондықтан, әскер саласына алынған азаматтардың жұмысын бақылайтын тетік керек. Әскери бөлімдердегі жауынгерлердің жайын командирлер жақсы біледі. Біле тұра, бөлімдердегі бассыздықтарға көз жұма қарайды. Әскери бөлімдегі ішкі жағдайға шара қолданбағаны үшін, ендігі жерде командирлердің өздерін жауапкершілікке тарту керек. Сондай-ақ, шекара отряды, застава командирлерінің жауапкершілігін күшейту қажет. Берік тәртіп орната алатын азаматтар іс басына келсе, жағдай оңалған болар еді. Тағы қосарым, әскери прокуратураның құзіретін кеңейтіп, оған әскердегі жағдайды толық қадағалайтын мүмкіндік берілсе, сіз айтып отырған өкінішті жайттардың алды алынар еді...
- Катыньдегі екінші қырғын, әйгілі Качинский ұшағының апатынан соң, осындай оқиғалар әлемдік үрдіске айналды деуге болады. Елімізде де мұндай жағдайлар көбейіп кетті. Ұшақ апатының көбеюін отандық мамандар жемқорлықпен де байланыстырып жатыр. Бұған не дейсіз? Жалпы, мұндай апаттардың алдын қалай алуға болады?
- Апаттарды болдырмау үшін, ең алдымен, ескі емес, жаңа авиатехникалар алынуы керек. Екіншіден, әуе кемелерінің техникалық жағдайы ұдайы бақылауда болып, тиісті жөндеу жұмыстары уақытылы жүріп тұруы керек. Және әуе кемесін техникалық байқаудан өткізетін мамандар өзімізде дайындалуы қажет. Мүмкін, бірлескен кәсіпорын құрып, жөндеу жұмыстарын өз елімізде қолға алу керек шығар.
Бізде әуе техникасын жөндеу жұмыстары көбіне тендер немесе өнім шығарушы компания арқылы жүзеге асырылып жатады. Осыдан келіп күрделі жөндеудің орнына ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілуі мүмкін. Мұндай жұмыстарға бір адам емес, бірнеше маман тартылса және техника қауіпсіздігіне Қорғаныс министрінен бастап жауап берсе, бәлкім, жағдай түзелер ме еді? Ал, бізде көбіне қол қойған адам ғана тұтылып, басқалары құтылып жатады.
Бүгінде «Эйр Астана» компаниясы жаңа ұшақтар ала бастады. Бәсекелестік көп болған жерде қызмет сапасының соғұрлым арта түсетінін ескерсек, ұлттық әуе компаниясын құруды қолға алу керек.
- Ашылмай жатып-ақ Қашағанда кішігірім апаттық оқиғалар орын алып жатыр. Мұның соңы Мексика шығанағындағы сияқты апатқа апарып соғып жүрмей ме?
- Қашаған – Қазақстан үшін үлкен жоба. Қашаған іске қосылған жағдайда еліміздің экономикасы көп ілгерілейді деген үмітпен жүрміз. Сондықтан, апаттардың алдын алу үшін жобаны игеріп жатқан компаниялардың жауапкершілігін арттыру қажет. Апат орын ала қалған жағдайда экологияға зиянын келтірмейтіндей етіп, шұғыл түрде оның салдарын жоятын талап қоя білуіміз керек. Компаниялармен жасалған келісімге осындай шарт міндетті түрде енгізілуі тиіс. Өйткені, онда ең алдымен халық тұрады. Халық алдындағы жауапкершілік бәрінен де жоғары. Біз осыны түсінуіміз керек.
- Азғыр полигоны, ондағы халықтың жайы күн санап азып барады. Радиациялық зардаптардың халық саулығына әсерін азайту үшін қандай қадамдар қолға алынуы керек? Және Азғыр, Капустин Яр, Тайсойған тұрғындарына экологиялық зардаптар үшін қосымша төлемдер төлеу мәселесін біржола шешетін кез жетпеді ме?
- Ең алдымен, қоршаған ортадан зардап шегіп отырған халықтың саулығы толық медициналық тексеруден өтуі керек. Сонан соң оларға тиісті көмек берілуі тиіс. Және де біздің жерімізде техникасын сынақтан өткізіп жатқан Ресейден өтемақы талап ететін кез жетті.
Сондай-ақ, жекелеген заңдар қабылдап, оның аясында зардап шегушілерге максималды түрде әлеуметтік, экономикалық қолдау көрсетуге тиіспіз. Семейге байланысты осындай заң бар. Бірақ, халық әлі күнге дейін полигон зардабын тартып жатыр. Олардың денсаулығы әлі де болса толығымен зерттеліп, арнайы бағдарлама қабылдауды қажет етеді. Бұл заң әлі де болса жетілдіре түсуді қажет етеді деген сөз. Және радиациялық аймақтардағы төрт түлік мал қандай жағдайда? Ондағы халық немен айналысады? Бұл мәселелер де назардан тыс қалмауы керек.
- Қоғам сізді әрі депутат, әрі желтоқсаншы ретінде жақсы біледі. Бірақ, тәуелсіздіктің басында тұрған осы оқиғаға әлі күнге дейін нақты тарихи, саяси баға берілмей келеді. Біреуіміз көтеріліс, енді біреуіміз оқиға деп атап жүрміз. Осы мәселенің нақты нүктесін қоятын кез келген жоқ па?
- Желтоқсан көтерілісіне байланысты әлі күнге түрлі пікірлер айтылып келеді. Осы жерде өткенге шегініс жасасақ.
1986 жылдың 16-17 желтоқсанында біз Алматыдағы Брежнев алаңына Коммунистік партияның бірінші хатшылығына Колбиннің келуіне наразылық білдіріп жиналдық. «Елді қазақ басқарсын!» деген намысқой жастардың бұл күндері құқығы аямай тапталды. Ол кезде мен 24 жаста болатынмын. Екі күн арпалыстық. Бізге қарсы өрт сөндіргіш көліктер, жазалау отрядтары бар әрекетін істеп бақты. Сөйткен Желтоқсан қазақтың тарихына алтын парақ болып енді. Бұл қазақтардың ұлт азаттығы жолындағы көтерілісінің жалғасы еді. Сол кездегі жастар атақ емес, ұлттың намысы үшін алаңға шықты. Және олар қазақтың намысын жерге түсірген жоқ. Осы оқиға арқылы қазақ әлемге өз мақсат-мүддесін, намысын қорғайтын ұлт болып танылды.
Осыдан бірер жыл бұрын ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласындағы қазіргі Сәтбаев – Желтоқсан көшелерінің қиылысында Желтоқсан қаһармандарына арналған ескерткішті өзі ашып, бұл көтеріліске «ерліктің ғана емес, елдіктің нышаны» деп баға берді. Міне, осы баға өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбие ретінде жетуі керек.
Бүгінде желтоқсаншылдардың бірнеше ұйымы бар. Сол ұйымдардың барлығы бірігіп, ортақ ұсыныстарын шығарса, оларды тыңдайтын құлақ болар еді. Қолданыстағы заң нормаларына өзгерістер енгізіп, желтоқсаншылардың мәртебесін заң көлемінде айқындайтын да кез жетті. Желтоқсаншылардың кезінде біреуі жұмысынан, біреуі оқуынан айырылды. Енді біреулер денсаулығын құртып алса, көпшілігі өмірден өтіп кетті. Олардың артында ұрпағы қалды. Міне, соларға қолдау қажет.
Және де жалпы желтоқсаншылар қоғамға жақындауы қажет. Мектептерге, оқу орындарына барып жастарға кезінде өздерінің не үшін көтерілгендерін түсіндірсе, патриоттық тәрбие жүргізсе, ұйымшыл болып, бірін-бірі тыңдаса, олардың салмағы да, рөлі де артар еді. Көп жағдайда бізге бірліктің жетпей жататыны өкінішті.
Сұхбаттасқан Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ
Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ,
сенатор:
«Өткен ғасырдың аяғында басталған Қоянды топтық су құбырының құрылысын жалғастырып, материалдық базасын жақсарту қажет. Екіншіден, жол мәселесін шешу керек. Балқұдық, Азғыр елді мекендері аудан орталығына қатынай алмай қиналып отыр. Отын мәселесі де кезек күттірмей шешілуі тиіс. Бір жағынан, бұл – шекаралық аймақ. Оны ашып тастасақ, ұлттық қауіпсіздігімізге, жалпы ел саясатына қауіп төнеді. Түйіп айтқанда, не мектебі, не ауруханасы жоқ, бар-жоғы 97 үй мекендеп отырған Азғыр ауылын Балқұдыққа көшіруге болады».