Сабильянов
Нұртай
Салихұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
Тәуелсіздікті нығайту - қасиетті борыш, оған ел болып атсалысу - парыз
«Дала мен Қала» газеті,

«Дала мен Қала» газеті,

http://dmk.kz/kz/articles/view/33927

30.10.2013 ж.

Тәуелсіздікті нығайту – қасиетті борыш

оған ел болып атсалысу – парыз

 

 «Нұр Отан» партиясының Төраға­сы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Нұр Отан» пар­тиясының жаңа Доктринасының жобасы әзірленіп, ол партияның 2013 жылғы 18 қазанда өткен съезінде қа­былданды. Оның жобасын әзірлеуге арнайы құрылған жұмыс тобы аясында партия Саяси кеңесінің мүшелері, Парламент депутаттары, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, қо­ғамдық ұйымдардың өкілдері, мамандар мен ғалымдар атсалысты. Біз осы жұмыс тобының мүшесі болған Мә­жіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясы парламенттік фракциясының мүшесі Нұртай Сабильяновпен партияның жа­ңа саяси Доктринасы және заң шы­ғару қызметі туралы аз-кем сұхбат құрған едік. 

– Нұртай Салихұлы, жақында ғана «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XV съезі өтіп, партияның жаңа саяси Доктринасы қабылданды. Әңгімемізді осыдан бастасақ... 

– Елбасымыз, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының тапсырмасына сәйкес пар­тияның жаңа Доктринасының жобасы әзірленіп, ол партияның 2013 жылғы 18 қазанда өткен съезінде қабылданды. Оның жобасын әзірлеуге арнайы құрылған жұ­мыс тобы аясында партия Саяси ке­ңесінің мүшелері, Парламент депутаттары, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, қо­ғамдық ұйымдардың өкілдері, мамандар мен ғалымдар атсалысты. Доктринаның бас­ты ерекшелігі – оның еліміздің тәуелсіз­дігін нығайтуға, өз құндылықтарымызды бекемдеуге және «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудағы партияның рөлін айқындауға бағытталғандығында. Сон­дықтан да тәуелсіздігімізді нығайтуға барша ел болып атсалысуымыз керек. Саяси Доктрина – «Нұр Отан» партиясының ХХІ ғасырдағы миссиясы мен тұғырнамалық қағидаларын, оның елімізді дамытудағы тарихи рөлін айқындайтын концептуалды құжат болып табылады. 

– Доктринада Жаңа бағыттың мақ­саттары ретінде табысты дамудың жеті факторы нақты көрсетілген. Солардың ішінде әділетті әлеуметтік саясат факторы туралы айтылған. Осыған тоқталып өтсеңіз. 

– Әділетті әлеуметтік саясат әрбір аза­маттың әлеуетін жүзеге асыруға теңдей мүмкіндіктер жасауға негізделген. Сонымен бірге, атаулы әлеуметтік көмек ха­лықтың әлсіз топтарына ғана көрсетілу керектігі белгіленіп отыр. Яғни, шын мә­нінде мұқтаж азаматтар ғана мемлекет көмегіне жүгіне алуға тиіс. Бұл орайда, мем­лекеттік қолдау ең алдымен азаматтарды толыққанды әлеуметтік және эконо­ми­калық өмірге, еңбекке белсенді аралас­ты­руға бағытталу керек. Елбасы «Қазақ­стан – 2050» Стратегиясында әлеуметтік саясат­тың жаңа принциптері ретінде – ең төменгі әлеуметтік стандарт, атаулы әлеуметтік қол­дау, өңірлердегі әлеуметтік теңгерім­сіздіктер проблемасын шешу, жұмыспен қамту және еңбек саясатын жаңғыртуды белгілеп берді. Бұл аталған міндеттерді жүзеге асыруға «Нұр Отан» партиясы ерекше назар аударып, өз үлесін қосады. Мемлекет Басшысы V шақырылымдағы Пар­ламенттің үшінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде заңнамалық мін­дет­тердің негізгі бағыттарының бірі – азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін реформалау жөніндегі жұмыстарды жандандыру болып табылатынын атап өтті. Бұл орайда жұмыс істейтін әйелдерге бала туу және бала күтімі кезіндегі демалысы ке­зеңіне міндетті зейнетақы жарналарын төлеуді бюджет қаражаты есебінен субсидиялау, жұмыс беруші есебінен 5 пайыз мөлшерінде қосымша зейнетақы жарнасын төлеу тапсырылды. Осы орайда Елбасы Қазақстан халқына зейнетақы реформасы бойынша 2013 жылғы 7 маусымда жа­саған Үндеуінде осы мәселе бойынша арнайы тапсырма беріп, қазір ол 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында көрініс тауып отыр. Осы жылдың 1 қазан күні Үкіметтен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мә­селелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы да енгізілді. Осы заң Елбасының берілген тапсырмаларын жүзеге асыруға негіз қалайды. 

Сондай-ақ, ең төменгі әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктер туралы заң қабыл­дау тапсырылды. Бұл заңды қабылдау арқылы бүкіл әлеуметтік салаға бөлінетін бюджеттік қаражаттың көлемі айқын­далып, бюджеттік процестердің ашықтығы арттырылады. 

– Әлеуметтік салаға қатысты бизнес­тің де жауапкершілігі бар емес пе?! 

– Иә, бұл орайда әділетті әлеуметтік саясаттың ажырамас бөлігі болып табылатын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де қалыптастыруымыз қажет. Яғни, жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер лайықты ең­бекақы мен зейнетақы төлемдерін уақ­тылы төлеуге, тиісті еңбек жағдайла­рын қам­тамасыз етуге жауапты болуы қажет. Өйт­кені, олар бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігінің құрамдас бөлігі болып табылады. Сондай-ақ, бизнес қауымдастығы, мүмкіндігіне қарай, тұрғындар мен елді мекендерге әлеуметтік мәселелерді шешуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға көмектесуге тиіс. Олай дейтініміз отандық кәсіпкерлік жаңа экономикалық бағыттың қозғаушы күші, инновацияның негізгі бастаушысы болып табылады, жұмыспен қамтуды және халықтың тұрмысын жақсарту бойынша маңызды әлеуметтік миссияны атқарады, орта таптың негізі мен азаматтық қоғамның өзегін құрайды. Бизнесті әлеуметтік мәселелерді шешуге белсенді түрде тарту біздің азаматтарымыздың жағдайын жақ­сартудың, тұрақтылықты қамтамасыз ету мен Отанымыздың өркендеуінің кепілі болып табылады. 

– Ал енді Мәжілістің заң шығару қызметіне тоқтала кетсеңіз. Қазіргі таң­да Парламентте 2014-2016 жылдарға ар­налған республикалық бюджет жобасы қарастырылуда. Алдағы жылдардың бюд­жеті қандай болмақ? 

– «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасында 2014 жылға арналған республикалық бюджет кірістерінің болжамы 4,0 трлн. теңге сомасында, ал шығыстардың жалпы көлемі 6,7 трлн. теңге сомасында жоспарланып отыр. 2014 жылы әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға 1 486 млрд. теңге, білім мен ғылымға – 385 млрд. теңге, денсаулық сақтау жүйесіне – 636 млрд. теңге қарастырылып отыр. Сонымен қатар, 2014 жылы «Қолжетімді баспана-2020» бағ­дарламасына – 138 млрд. теңге, «Ақ­бұлақ» бағдарламасына – 105 млрд. теңге бөлініп отыр. 

 Жалпы, 2014-2016 жылдарға арналған бюджет шығыстарының негізгі басым­дық­тары мемлекеттік әлеуметтік міндетте­мелерді толық көлемде орындаумен, жұ­мыспен тұрақты қамтумен, мемлекеттік қызмет сапасын арттырумен, өңірлік дамумен, экономиканы жаңғыртумен және әртараптандырумен, шағын және орта бизнесті дамытуды қолдаумен байланысты. 

– Депутаттар тарапынан қандай салаға қосымша қаражат бөлуге қол жеткізілді?

– Депутаттар республикалық бюджетті жан-жақты талқылау барысында әлеумет­тік салаға, білім, денсаулық, инфрақұ­ры­лымды дамытуға қосымша қаражат бөлуді ұсынды, олардың біразы қолдау тапты. Атап айтсам, депутаттардың ұсынысымен бюджет қаражатының 50,5 млрд. теңгесі қайта бөлініп, оның 17,5 млрд. теңгесі қосымша білім объектілерін салуға және мектептердің жер сілкінісіне қарсы нығай­тылуына, соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысына – 5,6 млрд. теңге, Алматы облысына – 3,6 млрд. теңге, Шығыс Қазақстан облысына – 1,3 млрд. теңге, Қызылорда облысына және тағы да басқа облыстарға – 1,1 млрд. теңге мектептер салуға қосымша бө­лінді. Қазіргі таңда Білім және ғылым министр­лігінің мәліметіне сәйкес елімізде 97 мектеп оқушыларды 3 ауысымда оқы­тады және апаттық жағдайда 88 мектеп бар екен. Міне, бірінші кезекте қосымша бөлінген қаражат осы мектептердің орнына жаңа мектептер салуға жұмсалатын болады. Сонымен қатар денсаулық объекті­лерін салуға 5 млрд. теңге, елді мекендерге газ жеткізуге 3 млрд. теңге қосымша бөлінді. 

– Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мемлекеттің қолдауынсыз жүзеге аспайтыны белгілі. Осыған байланысты қан­дай іс-шара жүзеге асуда? Қандай қара­жат қарастырылуда? 

– Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында Үкіметке 2013 жылы агроөнеркәсіп кешенінің 2020 жылға дейінгі дамуының жаңа бағдарламасын әзірлеуді тапсырған. Осы тапсырманы орындау үшін биыл Үкімет «Агробизнес-2020» бағдарламасын қабылдады. 2014 жылға арналған респуб­ликалық бюджетте «Агробизнес-2020» са­лалық бағдарламасын іске асыруға 155 млрд. теңге көзделгенін атап өткім келеді. Бұл жаңа бағдарлама болып табылады және ол тікелей агроөнеркәсіп кешенін дамытуға мемлекет тарапынан қаржылай қолдауды жүйелендіреді. 

– Нұреке, қоғамның ерекше назарын аударған тағы бір заң жобасы қолда­ныстағы Салық кодексіне енгізілетін өзгерістермен байланысты. Осы заң жо­басының негізгі ерекшеліктері туралы қысқаша тоқтала кетсеңіз? 

– «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы Мә­жілістің 2013 жылғы 23 қазанда өткен жалпы отырысында екінші оқылымда ма­құл­данды. Бұл заң жобасының негізгі ерекшелігі – көлік құралы салығын, мүлік салығын, темекі және алкоголь өнімдері акциздерінің мөлшерін арттырумен және салықтық әкімшілендіруді жақсартумен байланысты. Атап айтқанда, 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап қозғалтқыш көлемі 3000 текше см-ден жоғары жеңіл автокөліктерге салынатын салықтың мөлшерлемесі ұлғаятын болады. Бұл норма 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін шығарылған және Қазақстан аумағына кіргізілген көліктерге қолданылатын болады. Ал, аталған мер­зімге дейін тіркелген көліктерге қолда­ныстағы салық мөлшерлемесі сақталады. 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін елімізге әкелінген жеңіл автомобильдер үшін салықты есептеу айлық есептік көрсеткіш­термен (АЕК) белгіленген арнайы кесте бо­йынша жүргізіледі. Мысалы, қозғалтқыш көлемі 3000 текше см-ден жоғары және 3200 текше см-ді қоса алғандағы аралықты құ­райтын көліктердің салығы 35 АЕК, 3200 бен 3500 және 3500 бен 4000 текше см-ді қоса алғандағы аралықты құрайтын көлік­тердің салығы тиісінше 46 және 66 АЕК мөлшерінде болады. Қозғалтқыш көлемі 4000-5000 текше см аралығындағы автомобильдерге 130 АЕК, 5000 текше см-ден жоғарыға 200 АЕК белгіленді. Ал, АЕК 2014 жылы 1852 теңгені құрайды. Бір айта кететін жайт, депутат­тардың ұсынысымен 2013 жылғы 31 желтоқ­санға дейін Қазақ­станда тіркелген қозғалт­қыш көлемі 3000-4000 текше см-ді құрайтын жеңіл автокө­ліктер үшін салық мөлшері қазіргідей 15 АЕК болып қалды және де бұл автокө­лік­терді қайта тіркеуден өткізсе де, сатса да сол мөлшерде қалады. Мүлік са­лығына қатысты Үкімет тарапынан заң жобасында шаршы алаңы 150 шаршы метрден асатын пәтерлер мен 300 шаршы метрден асатын үйлерге мүлік салығын елеулі түрде арттыру ұсынылғанын және ол ұсыныстың депутаттар тарапынан қолдау таппағанын атап өткім келеді. Оның орнына, «Нұр Отан» партиясы парламенттік фракция­сының мүшелері тұрғын үйге салынатын салықты оның құнына қарап белгілеуді ұсынды. Яғни, тұрғын үйдің құны неғұрлым қымбат болған сайын оған салынатын салық та жоғары болады. 

– Айтпақшы, бюджет заңнамасын жетілдіруді көздеген заң жобасы да Мә­жі­ліс қоржынында екен. Онда қандай тың нормалар бар?

– «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мемлекеттік қаржының теңгерімділігі мен бюджеттік тиімділікті қамтамасыз ету үшін негіздер қалыптастыруды болжайтын алғашқы кезеңінде Жаңа бюджет саясаты тұжырымдамасын іске асыруға бағыт­тал­ған. Заң жобасы жергілікті бюджеттерді қалыптастыру, бюджеттік жоспарлау, бюджеттік инвестициялар, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жауап­кер­шілігі мәселелерін көздейді. Сонымен қа­тар мемлекеттің қатысы бар заңды тұл­ға­лардың жарғылық капиталын қа­­­лып­­тастыру жаңа тәртіппен жүргізілетін болады. Бюджет қаражатын неғұрлым тиімді пай­далансақ, оған жауапкершілікпен қарасақ, соғұрлым халықтың да әл-ауқаты артып, экономикамыз жақсы дамиды. 

Автор: Сұхбаттасқан Қ. МҰҚАМЕТҚАЛИ