Сабильянов
Нұртай
Салихұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
Тендердің дұрыс өтпеуіне, мердігердің дұрыс таңдалмауына жергілікті билік жауапты
«Егемен Қазақстан», №254

«Егемен Қазақстан», №254

15.11.2013 ж.

http://www.egemen.kz/kz/zamana-2/29429-tenderdi-d-rys-tpeuine-merdigerdi-d-rys-ta-dalmauyna-zhergilikti-bilik-zhauapty

 

Тендердің дұрыс өтпеуіне, мердігердің дұрыс таңдалмауына жергілікті билік жауапты

 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан сын-ескертпелеріне байланысты Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновқа жолығып, ой-пікірі мен аталған мәселеге байланысты ұстанымын білген едік.

– Нұртай Салихұлы, Мемлекет басшысы бюджет қаражатын толық және сапалы игеру бағытында қатты сындар айтты. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі ретінде сіздің осыған қатысты ой-пікіріңіз қандай?

– Расында да, бұл мәселе жылдан-жыл­ға қайталануда. Мысалы, 2012 жылы рес­­публикалық бюджет екі рет нақты­­­­ланып, өзгерістер мен толықтырулар енгі­зілді. Соған қарамастан, 2012 жылы рес­публикалық бюджеттің 41,6 млрд. теңге­сі игерілмей қалды,125 млрд. теңгеге бюд­жет заңнамасын бұзу анықталған. Биыл да республикалық бюджет екінші рет нақтыланғалы отыр. 4 қараша күні Үкімет тағы да 2013-2015 жылдарға арнал­ған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізді. Осы заң жобасына сәйкес 2013 жылға арналған республикалық бюджеттің 165,7 млрд. теңгесі толық игерілмейді деп күтілуде. Яғни, бұл –Үкіметте республикалық бюджет талқыланып, дайындалғанда тиянақтылық, жауапкершілік жоқ деген сөз. Енді қаражаттың 100 млрд. теңгесі инвестициялық жобаларды іске асыруға, экономиканың басым секторларына бағытталып отыр.

Бюджеттен бөлінген қаражаттың мақса­­­­тына сай және уақытылы игерілуі эконо­мика­лық дамуға ықпал ететін фактор болып табылады, сондықтан да қаражатты дұрыс пайдаланбаған, игермеген лауазымды тұл­ғаларға жауапкершілік қатайтылғаны жөн.

– 2013 жылғы бюджетте нақты қан­­дай бағдарламалар бойынша бюджет қара­жаты толық игерілмей қалуы мүмкін?

– Атап айтатын болсақ, Шығыс Қазақ­стан облысының Үржар ауданы Қабанбай­ ­ауылы­ның жанындағы Алакөл көлінің жағалауын нығайту жобасы бойынша 924,2 млн. теңге, өсімдік шаруашылығын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша 10,9 млрд. теңге, «Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржылық сауықтыру жөніндегі бағыт шеңберінде кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша пайыздық өтемақыны субсидиялау» бойын­ша 3,5 млрд. теңге игерілмей қалуда. Моноқалаларды дамыту бағдарламасы бойын­ша да қаржыландыру 994 млн. теңгеге азайтылды.

Ал, министрліктерге келетін болсам, Ауыл шаруашылығы министрлігінде 21,8 млрд. теңге, Білім және ғылым ми­нис­­­тр­лігінде 22,2 млрд. теңге, Қаржы ми­нистр­­лігінде 11,1 млрд. теңге, Денсау­лық сақтау министрлігінде 12,4 млрд. теңге игерілмейді деп күтілуде. Кейбір ми­нистрліктер қаржыны игере алмай жатса, оны үнемдедік деп қайта қайтарып бе­руде. Бұл да жауапсыздық, нем­құ­рай­­лылық, әйтпесе 1 жыл бұрын рес­пуб­­­ликалық бюджет талқыланғанда сол үнем­деуді неге айтпаған. Жалпы, бюджет қара­жатының толық игерілмеуі барлық дер­лік бюджет әкімшілеріне тән деуге бола­ды. Қаржының игерілмеуіне қатысты субъек­тивті де, объективті де себептер бар. Дей тұрғанмен, бұл көп жағдайда жоспардың дұрыс ойластырылмауына, жобалық-сметалық құжаттардың сапалы дайындалмауына, іс-шаралардың уақытылы ұйымдастырылмауына байланысты.

– Экономиканың квазимемлекеттік секторы борышының деңгейін қатаң бақылау қажеттігі жиі айтылады. Квазимемлекеттік сектор ұйымдарына қаржы бөлу қаншалықты тиімді?

– Үкімет тарапынан квазимемлекеттік сектордағы түрлі акционерлік қоғамдардың жарғылық капиталын ұлғайту қажет деген желеумен миллиардтаған қаржы бөлініп жатыр. Мысалы, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталын қалыптастыруға және ұлғайтуға 2012 жылы республикалық бюджеттен 361,7 млрд. теңге бөлінген. Бұл орайда, Есеп комитетінің мәліметіне сәйкес, аталған соманың 20 млрд. теңгеден астам қаржысы Қаржы министрлігі Қазынашылық комите­тінің арнайы есепшоттарында жатқан. Соның салдарынан акционерлік қоғам­дардың мемлекет активтерін тиімсіз басқа­руы және жыл соңында 3,4 млрд. теңге мөлшерінде шығынның қалыптасуы орын алған. Осыған байланысты жақында Бюд­жет кодексіне өзгерістер енгізіліп, енді квази­мемлекеттік сектор субъектілерінің жарғы­лық капиталын көбейтуге бюджеттен бөлінетін қаражат тек даму мақсатына байла­нысты ғана берілетін болды. Сөйтіп, бұл сектордың қаржы жұмсау тәртібі нақтыланды.

– Тағы бір туындайтын сұрақ – бірқатар кәсіпорындардың банктен алған несие пайызының бір бөлігін бюджет есебінен жабуы қаншалықты орынды? Одан экономикамызға келер пайда қандай?

– Үкімет бұл мәселені басында қарас­­тырғанда алдымен экономиканың жүйе құраушы кәсіпорны мәртебесіне ие бол­ған субъектілерге қолдау көрсетуді көзде­ді. Және мұндай кәсіпорындардың банк­тер алдындағы берешегі кем дегенде 4,5 млрд. теңге болуы керек екен. Осыған байланысты «Дағдарыстан кейін қалпы­на келтіру (бәсекеге қабілетті кәсіп­орын­дарды сауықтыру)» бағдарламасы аясында сый­ақының пайыздық ставкасын субсидия­лау­ға 2012 жылы республикалық бюджет­тен 4,7 млрд. теңге бөлінген. Аталған суб­сидия­ның бір бөлігін бірқатар ірі сауда орта­лық­тары да алған. Олар экономиканың дамуы­на әсер ететін өздерінің нақты бір өні­мін шығармайтындықтан, ондай сауда орталықтарына бюджеттен субсидия беру орынсыз деп ойлаймын. Өйткені, бұл беріл­ген қаражат қайтарылмайды. Неге біз кәсіп­орындардың банктен алған несие­лері­нің пайыздық ставкаларының бір бөлігін бюд­жет есебінен өтеуіміз керек. Бұл дұрыс емес.

Осы жерде айта кетейін, 2013 жылы аталған бағдарлама аясында бюджеттен бөлінген қаржының 6,7 млрд. теңгесі тиісті шарттардың жасалмауына байланысты азайтылып отыр. Менің ойымша, болашақта осы бағдарламаны қаржыландыруды тоқтатып, бұған бөлінген қаражатты жеңілдетілген несие ретінде кәсіпкерлерге, шаруа қожалықтарына беруіміз қажет. Сонда кәсіпкерліктің, экономикамыздың дамуына қосымша қолайлы жағдай қалыптасады.

– Елбасы мемлекеттік сатып алу саласындағы кемшіліктерді де көрсете отырып, тендер өткізгенде төрешілдік пен ысырапшылдыққа жол берілетінін қадай айтты. Мемлекеттік сатып алу мәселесін жетілдіруге қатысты қандай заңнамалық шаралар қабылданбақ?

– Елбасының мемлекеттік сатып алу мен тендерге байланысты айтқан сындары өте орынды деп санаймын. Өйткені, мемлекеттік сатып алу, тендер өткізу саласын реттеу – кезек күттірмейтін мәселе­лердің бірі. Оны өңірлерге барғанда көріп жүрміз. Тендердің дұрыс өткізілмеуі, мер­дігерлерді дұрыс таңдамау, заң бұзу­шылыққа бару салдарынан қаншама нысан­дардың құрылысы уақытында аяқтал­май, бюджет қаржысы тиімсіз жұм­салып, ысырап етілуде, сапасыз құры­лыстар салынуда.

Жаз айларында Шығыс Қазақстан облысында сайлаушылармен кездескен кезде құрылысы аяқталмай қалған мектептердің, бюджеттен қаражат бөлініп, бірақ жұмысы атқарылмай жатқан объектілердің, автожолдардың бар екенін, сапасыз салынған білім нысандары мен тұрғын үй құрылыстарын аралап көрдім. Атап айтқанда, Өскемен қаласына қарайтын Шығыс ауылында оралман ағайындарға арналып бюджет есебінен салынған көптеген үйлердің сапасыздығы, белгіленген талаптарға сай емес екені көзге ұрып тұр. Бұл үшін біреу жауап беруі керек емес пе?! Ешкім ешкімнен ештеңе сұрап, талап етпейтіндіктен, осындай сорақылықтар әр салада белең алып кеткен. Сонымен қатар, Үржар ауданының Лайбұлақ ауы­лында бұдан екі жыл бұрын басталған мектеп құрылысы тоқтатылған, мердігер жұмысшылардың ақшасын бермей жүр екен. Қалбатау – Шар аралығындағы автожолды қайта салуға бюджеттен қаржы бөлінсе де, оны ұтып алған мердігер банкрот болып, жұмыстар аяқталмай қалыпты. Сайып келгенде, тұрғындар қиындық көруде. Аягөз қаласында да мердігер су құбыры желісін жаңғырту жұмыстарын бастап, аяқтамай отыр екен. Полигонға жақын Қайнар ауылын жарықтандыруға, спорт алаңдарын салуға қаржы бөлінсе де, ол жұмыстар бітпеген. Осыған байла­­­нысты енді тендерлер дұрыс өтпесе, мер­дігерлер құрылысты аяқтамаса, сапасыз құрылыстар салынса, объектілердің құны қымбаттаса, онда жауапкершілікке облыс, қала, аудан әкімдері тартылуы керек деп санаймын. Сонда ғана тәртіп орнайды.

Қазір Мәжілісте мемлекеттік сатып алу мәселесін құқықтық реттеуді жетілдіруді көздеген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қарастырылып жатыр. Онда біршама тың өзгерістер көзделген. Атап айтқанда, заң жобасы Үкіметтің, әкімдердің мем­­­­­­лекеттік сатып алудың бірыңғай ұйым­дастырушысын құруға қажетті құқық­тық негіздер қалыптастыруға, олқы­лықтарды жоюға бағытталған. Бірыңғай ұйымдастырушыны құру арқылы мемле­кеттік сатып алу мен тендер өткізу үдері­сіндегі сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерін барынша азайту қарастырылып отыр.

Әңгімелескен

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»