Сабильянов
Нұртай
Салихұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
Шаруаның арманы - арзан несие!
«Жас Қазақ»

«Жас Қазақ»

№7-8 (475-476)

28.02.2014.

 

Шаруаның арманы – арзан несие!

 

Жасыратыны жоқ, алыс ауылдағы қарапайым шаруалардың арзан несие мен жәрдемақшаға (субсидия) қолы жетпейді. Содан шығар, тіпті кейбір ауыл кәсіпкерлері мемлекеттің субсидия беретінін білмейді. Сол субсидия кімге және не үшін беріледі? Ол шағын қожалықтарға дейін жетуі үшін не істеу керек? Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы халыққа жолдауында басымдық берілген екі мәселе: АӨК-ді инновациялық бағытқа бұру, ауылдағы шағын және орта кәсіпкерлікті (ШОК-Т.Т.) өркендету жөнінде біз Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновпен аз-кем сұхбаттасқан едік.

 

Жас қазақ: Нұртай аға, Сіз шалғай ауылдардағы халықпен көп жүздесесіз. Ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту дегенде жұрттың жанын ауыртатын не нәрсе?

Нұртай Сабильянов: Халықпен кездесулерде көбінесе ауылдағы өндіріске қатысты мәселе көтеріліп, ұтымды ұсыныстар айтылып жатады. Шындыққа жүгінсек, бізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпорындар жоқтың қасы. Барының өзі толық қуатымен жұмыс істемейді. Неге? Себеп көп. Біріншіден, өндіріске керек шикізат жоқ. Екіншіден, өндіріс пен шаруа қожалықтарының арасында байланыс жасайтын жүйе қалыптаспаған. Үшіншіден, шалғайдағы шаруа қожалықтарын дамытуға тиісті қолдау көрсетілмей отыр. Мәселен, біз ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын, өңдейтін бәсекеге қабілетті кәсіпорындар ашуымыз қажет. Бұл жұмысты әсіресе, ауыл шаруашылығымен етене айналысатын өңірлерде қолға алған жөн. Мысалға, жүн-тері өңдейтін кәсіпорын салайық. Оған инновациялық технологияларды қолданайық. Кәсіпорынға қажетті жүн-терілерді әрбір ауданнан ашылған сервистік орталықтар жинасын.. Сонда жүн мен теріден қаншама бұйымдар жасап, тіпті оны экспортқа да жібере аламыз. Шығыс Қазақстанда бірен-саран кәсіпкерлер ғана осы іспен айналысады. Алайда, жеткілікті қолдаудың жоқтығынан дами алмай отыр. «Аграрлық секторда шағын және орта бизнес түріндегі жаңа өңдеу кәсіпорындары желісін құру керек» деп Елбасы жолдауда осыны қадап айтты. Ондай кәсіпорын ашатын болсақ, қарапайым шаруалар жүн-терілерін түгел тапсыратын еді. Сонымен қатар, ауыл адамдары қолындағы малының етін өткізе алмай әуреге түседі. Ет комбинаты жоқ. Күздікүні пысықтар шаруалардың малын «Камазбен» жинап әкетеді де, қымбатқа сатады. Ауылдағы елдің жанын ауыртып отырған мәселенің бірі осы.

Жас қазақ: Сонда ортадағы делдалдар пайдаға шаш-етектен кенеліп отыр ғой?

Нұртай Сабильянов: Аудан орталықтарында ет комбинаттарын, жүн-тері өңдейтін кәсіпорындарды ашуға әлеуетіміз жетеді. Тек Ауыл шаруашылығы министрлігі «ҚазАгро» ұлттық холдингімен бірлесіп, осы жұмысты қолға алса нұр үстіне нұр. Ауылдағы ағайынның қолы қысқа. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында жаңа технологияны айтпағанның өзінде, шаруалардың 90 пайызы ескі техникамен қалған. Оларға трактор, тіркеме, шөп шабатын, жинайтын, престейтін техника қажет. Сол техникаларды сатып алуы үшін, ортадағы делдалдарсыз есептесетін жүйе құру керек. Әйтпесе, бір ғана «Беларусь» тракторын лизингке алса, құнын бірнеше есе етіп қайтарады.

Жас қазақ: Статистикалық мәліметтерге жүгінетін болсақ, еліміздегі тіркелген 1 млн. 399 мың (01.01.2014 дерек бойынша) шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 809 мыңы ғана толыққанды жұмыс істеп тұр. Қалған 590 мыңы – белсенді емес, яғни, жұмысын бастамаған немесе тоқтатқан. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

Нұртай Сабильянов: Себептері көп. Соның ішінен несие мен жәрдемақшаға ғана тоқталайын. ШОК-ті дамыту бағытында Елбасы Үкіметке бірнеше рет тапсырма берді. Алайда, арзан несие мен тиімді жәрдемақша мәселесі әлі шешілмей тұр. Ауылдағы кәсіпкерлердің арзан несиеге қолдары жетпей келеді. Менімше, біз фермерлерге, шаруа қожалықтарына берілетін несиенің жылдық мөлшерлемесін 5-6 пайыздан әрі асырмағанымыз абзал. Сонда ғана олар үздіксіз жұмыс істеп, кәсіпкерлігі қанат жайып, қарызын уақытында қайтарады. Қазір қалай? Отандық банктер кем дегенде 14-20 пайыз мөлшерлемемен несие береді. Бұдан кейін қалай дамиды? Әкімшілік кедергілер деген тағы бар. Мысалға, ауылдағы кәсіпкерлікті қолдауға несие беріледі. Оны алу үшін, әуелі бизнес-жоспар жасайсың. Тиісінше кепілдігі болуы керек. Содан соң, оны атқарушы органға тапсырасың. Аудандық комиссия қарап, облысқа жібереді. Облыстан қаралып қайтып келгенше бірнеше ай өтеді. Ол аздай, әлгі кәсіпкер несиесін алуға ауданға кем дегенде 4-5 рет, облыс орталығына 2-3 рет барады. Тіпті, құжаттары сәйкесіп тұрғанның өзінде, несиенің кешіктіріліп берілетін кездері бар. Мысалы, Аягөз қаласында бірқатар азаматтар құжаттарын өткізіп, әлгіндей несиені 1 жылдан (!) кейін алған! Басқа да кедергілер бар. Құрылысқа рұқсат қағаз алу да қиямет-қайым. Кәсіпкер өзіне бір ғимарат саламын десе, әуелі рұқсат қағаз алуы керек. Оған құзырлы мемлекеттік органдардың қорытындысын қосыңыз. Үшіншіден, әлгі ғимаратты комиссия қабылдап алады. Мұның бәріне ұзақ уақыт жұмсалады. Қазір не көп, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған бағдарлама көп. Менің ойымша, несие беру мәселесін түпкілікті шешеміз десек, барлық бағдарламаны біріктіріп, ШОК-ке арналған несиелік бірыңғай бағдарлама жасауымыз керек. Сонда ғана несие берудің халыққа қолайлы жүйесін құра аламыз.

Жас қазақ: Нұртай аға, Сіз бір сөзіңізде: «Жәрдемақшаны АӨК-дегі ірі-ірі кәсіпорындар ғана алып, шаруа қожалықтарының қолы жетпей келеді» деген едіңіз. Сонда шаруа қожалықтарының құқықтары ашық бұзылып отырған жоқ па?

Нұртай Сабильянов: Бұл сауалыңызға жауапты статистикалық деректерден бастайын. Қазір Қазақстанда 189 мың шаруа қожалықтары тіркелген. Соның ішінде, 164 мыңы – белсенді, 25 мыңы – белсенді емес. Яғни, мемлекеттің жәрдемақшасы жекелеген бір ірі кәсіпкерді емес, мыңдаған шағын шаруа қожалықтарын дамытуға жұмсалуы керек. Қарапайым тілмен айтсақ, жәрдемақшаны қара халық алуы тиіс. Өйткені, ол жаңа техника сатып алып, малының басын өсіреді. Егістігінің аумағын ұлғайтып, жаңа тыңайтқыштар алып, астығының сапасын арттырады. Өз балаларын кәсіпке үйретіп, туған-туыстарын еңбекке тартады. Әлеуметтік жауапкершілік сезініп, өзінің ауылын өркендетуге үлес қосады. Алайда, сол субсидияның бар екенін, мал басына берілетінін білмейтін де азаматтар кездеседі. Жәрдемақша кімге және не үшін беріледі? Әрине, ауылдағы шағын шаруа қожалықтарын қолдау үшін... Бірақ, оған көбіне ірі кәсіпорындар өтініш беретіні ақиқат. Ал, шағын шаруа қожалықтарының ала алмайтын себебі, малының басы аз, жерінің аумағы кішкентай, техникасы жоқ. Мінеки, Үкімет осы мәселені реттеуі керек. Биыл «Агробизнес-2020» бағдарламасына 155 млрд. теңге қаражат бөлінді. Жоғарыдағы сауалдарға осы бағдарлама жауап беруі тиіс. Жуырда ғана Елбасы қаржы секторын қолдауға Ұлттық қордан 2014-2015 жылдарға 1 трлн. теңге несие беруге шешім шығарды. Осы қаражатты дұрыс бөліп, бақылау жасап, ШОК-ті қолдауға жұмсауымыз керек.

 

Сұхбаттасқан Төлен ТІЛЕУБАЙ, Астана

 

Тақырыпқа орай дерек:

 

Біздің банктер негізінен жеке азаматтар мен заңды тұлғалардан тартылған депозиттер есебінен несие береді. Мысалы, өткен жылы отандық банктер берген 12,6 трлн. теңге несиенің 9,8 трлн-ы депозиттердің есебінен жұмсалған.

 

Қазақстанның бүкіл банкі секторының жиынтық активі 2013 жылғы 1 қазанда 15,1 трлн. теңгені құраған. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, Ресейдің бір ғана «Сбербанкінің» активтерінің көлемі Қазақстанның бүкіл банк секторының активтерінен 4,5 есе артық (15,4 трлн. рубль) екен.