«Қазақ әдебиеті» газеті
№39(3150), 11-17 қыркүйек 2009 ж.
Нұртай Сабильянов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты:
«Шекара маңындағы халықтың жағдайын жақсарту – Ел қауіпсіздігі үшін маңызды мәселе»
Шекаралық қауіпсіздік мәселесі туралы не айтар едіңіз? Түрлі халықаралық қақтығыс пен этникалық қысымды желеу етіп, көрші мемлекеттерден заңды және заңсыз тұрғыдан ағылған шетелдіктер легінен Қазақстанға төнер қауіп жоқ па?
Шекаралық қауіпсіздік – ұлттық қауіпсіздігіміздің ажырамас бөлігі. Біздің геосаяси орналасу жағдайымыз ел шекарасында қырағы болуымызды қажет етеді. Қазақстанда соңғы жылдары жұмыс іздеп, кәсіп іздеп, байлық көздеп, басқа да мақсаттармен келіп жатқан шетелдік азаматтар көбеюде. Басқа елдің азаматтары Қазақстанды дамытуға, өркендетуге келмейтіні түсінікті ғой. Сондықтан да, «жау жоқ деме, жар астында» дегендей, мемлекет тарапынан шетелдіктердің келіп-кетуін қатаң бақылау қажет. Бұл орайда айта кету керек, Президентіміздің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясында көрсетілгендей, болашақта елдің шекара маңындағы бұрын таратылған ауылдық аудандарды демография және көші-қон жағдайына байланысты қайта қалпына келтіруді жүзеге асыру керек. Шығыс Қазақстан облысында халықпен кездесулер өткізген кезде, бұрын таратылған шекара маңындағы Мақаншы, Марқакөл, орталығы Ақжар ауылы болған Тарбағатай аудандарын қалпына келтіру мәселесі жиі көтерілді. Бұл бір жағынан, шекара маңындағы ауылдарды сақтап, тұрғындардың шекара маңынан көшуін тоқтатар еді. Шекара маңында халықтың көп болуы, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсу болуы ел қауіпсіздігі үшін маңызды екені сөзсіз.
Этникалық қақтығыстарға жиі жол беретін мемлекеттермен көрші отырған Қазақстан қандай сабақ алуы тиіс?
Қазақстан Президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет. Біздің еліміздегі әртүрлі ұлт өкілдері қазақ халқымен біріге-бірлесе отырып, саяси тұрақтылық, қоғамдық келісімді сақтауға тиіс. Бұл, тіпті, маңызды стратегиялық мақсат ретінде белгіленген. Менің ойымша, Президентіміз Н.Назарбаевтың ұлтаралық келісімді, халықтың береке-бірлігін, татулығын, азаматтардың құқықтарын сақтауға бағытталған салиқалы саясаты әрқашан жалғасын таба беру керек. Бұл саясатты қоғам да, халық та толық қолдауда. Сондықтан да, біздің мемлекет ешқашан да этникалық қақтығыстарға жол бермейді.
Әдетте, оңтүстік шекарамыздағы ағайындарды - өзбек, солтүстіктегілерді – орыс мінездеп кетті деген сөз көп айтылады. Неге олай? Бұл біздің тез бейімделгіштігімізді немесе еліктегіштігімізді көрсете ме, әлде қазақты бөле-жарудың өзге бір саясаты ма? Егер шекаралық аудандар ұлт менталитетіне әсер ететіндей қауіпті жағдайда болса, қандай да бір шара неге қолданылмай келеді?
Бұл қазақты бөле-жарудың өзге бір саясаты деп есептемеймін. Әрине, шекаралық аудандарға оның сыртындағы елдің белгілі бір ықпалы болары анық. Оны мүлдем болдырмау мүмкін болмас. Өйткені жеке азаматтардың, адамдардың қарым-қатынасына, алыс-берісіне тыйым сала алмайсыз ғой. Дегенмен де, ұлттық болмысымызды, менталитетімізді сақтауға бағытталған белгілі бір ақпараттық идеологиялық саясат жүргізілу қажет. Бұл орталықтанған, кешенді іс шара болуға тиіс.
Елімізде тұратын өзге ұлт өкілдері Қазақстанды ортақ отанымыз деп есептей ме? Олар қазақы рухтың, бірліктің, татулықтың, діл мен тілдің қадіріне жете алып жүр ме?
Қазақстанды мекен еткен басқа ұлт өкілдерінің басым көпшілігі Қазақстанды өз Отаным деп есептейді деп ойлаймын. Олай ойлауға толық негіз бар, барлық жағдай жасалған. Қазақстанда ішкі саяси тұрақтылық та, қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулық та өз шешімін тапқан. Ал, енді еліміздің дамуына үлес қосу, қазақ ұлтын мемлекет құраушы ұлт ретінде құрметтеу, қазақ тілінде сөйлей білу – қазақ жерінде тұрып жатқан басқа ұлт өкілдерінің де бірден бір парызы болуы керек. Олар Мемлекет басшысы, қазақ халқы жасап отырған осы жақсылықтың қадір-қасиетін жете түсініп, бағалайды деп сенемін.
Сұхбатты Қазақстанның экономикасы туралы әңгімемен жалғастырсақ. Осы күні еліміздің қай саласын дамытуға қаржы көптеп бөлінді? Сіздің ойыңызша, қай саланы қаржымен қамтамасыз ету мәселесі кенже қалып отыр?
Қазіргі таңда біздің экономикамыздың дамуы шет мемлекеттерге, халықаралық нарыққа шығарылатын тауарлар мен табиғи ресурстардың әлемдік бағасымен тығыз байланысты. Әлемдік экономика өсімінің одан әрі баяулау үрдісі, ресурстарға жалпы сұраныстың азаюы және қазақстандық экспорттың негізгі ұстанымдарына бағаның төмендеуі ел экономикасының даму қарқынын бәсеңдетті. Бұл орайда Мемлекет Басшысының тікелей тапсырмасымен жыл басында Үкіметтің, Ұлттық Банктің және Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің Экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009 – 2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары қабылданды, яғни бұл Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы. Онда мемлекет тарапынан қаржы секторын тұрақтандыруға, тұрғын-үй құрылысындағы мәселелерді шешуге, орта және шағын кәсіпкерлікті қолдауға, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, инновациялық, индустриалдық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мақсатында қомақты қаржы бөлінді, қазір ол қаржы тиісінше игерілуде. Жалпы, әлемдік қаржы дағдарысының біздің экономикамызға әсерін бәсеңдету үшін мемлекет тарапынан 19 млрд.-тан астам АҚШ доллары бөлінді. Кезінде Елбасының тікелей бастамасымен құрылған Ұлттық қордың экономикамызды қолдау мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы рөлі мен маңызы ерекше болғанын айта кеткен жөн. Ұлттық қорды құрудың дұрыстығын уақыт тағы да дәлелдеп берді. Сонымен қатар Елбасының биылғы Жолдауына сәйкес қабылданған «Жол картасы» бағдарламасы халықты жұмыспен қамту стратегиясын жүзеге асырып, әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға, кадрларды қайта даярлауға және сол арқылы экономиканы дамытуға өз үлесін қосуда. Бұған республикалық және жергілікті бюджеттерден 191 млрд. теңге бөлінді.
Ал, енді болашақта ауылшаруашылығын дамытуға, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпкерлерді қолдауға мемлекеттік қолдау ерекше болуға тиіс деп ойлаймын. Өйткені, ауылшаруашылығымыз әлі өз деңгейінде дамыған жоқ, шығарып жатқан өнімдеріміз халықаралық бәсекеге толық қабілетті емес. Жалпы, елді-мекендердегі Мәдениет үйлерін қалыпқа келтіруге, орта мектептерді салуға, ауыз су мәселесіне, жолдарды жөндеуге тиісінше қаражат бөліну керек. Олардың мақсатына сай жұмсалуы мен игерілуі қатаң бақылауда болу керек.
«Қазақ әдебиеті» газетіне берген бір сұхбатыңызда шағын және орта бизнесті дамыту үшін ауылды жерлерге бөлінген несиені берудің түрлі механизмдерін қарастыруды депутаттар алдына мәселе етіп қою туралы әңгіме қозғаған едіңіз. Қазір «Қаржы және бюджет» комитетінің мүшесісіз. Сіз айтқан мәселе шешімін қалай табуда?
Шағын және орта бизнесті дамыту мемлекеттің экономкасын дамытуда маңызды орынға ие іс-шара болып табылады. Мемлекетте шағын және орта кәсіпкерлік неғұрлым қарқынды әрі жан-жақты дамыған сайын, халықтың әл ауқаты да соғырлым артып, экономикалық жағдай жақсарады. Бұл бағытта мемлекет тарапынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін несие бөлу жүйесі қалыптасқан. Атап айтқанда, «Даму» орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау» қоры арқылы биылғы жылы дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында 127 млрд. астам теңге бөлінді. Олар екінші деңгейлі банктер арқылы берілді. Бірақ, осы несие ауылдық жерлердегі шағын және орта кәсіпкерлерге қолжетімді болмай отыр. Қаражат толық несие алатындардың сұранысын қамтамасыз ете алмайды. Келесі жылдары бұған көп көңіл бөліну керек. Атап айтқанда, несие беретін екінші деңгейлі банктер тарапынан қойылатын талаптар қатаң. Бұған қоса ондай несиені алудың әуре-сарсаңы да көп. Талап етілетін құжаттардың тізімі үлкен т.с.с. Сондықтан да несие серіктестіктері, шағын қаржы ұйымдары арқылы несие беру мәселесін әлі де жетілдіре отырып, әр ауданға, ауылдарға несие беруге қол жеткізуіміз керек.
Дәл қазіргі күні қазақ неден сақтанып, несімен мақтану керек?
Дәл қазіргі күні қазақ бөлінуден, жершілдіктен, ұлтаралық араздықтан, басқа дінге кіруден сақтану керек. Кейбір азаматтар байлыққа, ақшаға. мансапқа құнығып бара жатыр, осыдан да сақтануымыз керек.
Қазақ – тәуелсіз мемлекетіміздің барымен, рухының биіктігімен мақтану керек!
Сұхбаттасқан Қ.Сімәділ.