Сабильянов
Нұртай
Салихұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
Соңғы бес жыл бедерінде Шығыс Қазақстан облысында 70-тен астам мектеп жабылған
«Егемен Қазақстан» газеті

«Егемен Қазақстан» газеті

13.09.2014

 

Соңғы бес жыл бедерінде Шығыс Қазақстан облысында 70-тен астам мектеп жабылған

 

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясының парламенттік фракциясы төрағасының орынбасары Нұртай Сабильянов Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың бесінші сайланымдағы Парламенттің төртінші сессиясының ашылуында жария еткен Парламент қызметінің бірқатар басым бағыттарына кеңінен тоқталды.

Елбасы өз сөзінде Парламент пен Үкіметтің үйлесімді жұмысы қажет дегенді айтқан-ды. Осыған орай, депутат мұндай үйлесімді жұмыс алда тұрған міндеттер мен қоғамда бар мәселелерді жылдам және сапалы түрде шешуге ықпал етеді дегенді алға тартты. Фракция төрағасының орынбасары Парламент көптеген заң жобаларын жұмысқа алса, соның шұғыл деп белгіленген «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары да бар екендігін жеткізді. Аталған заңдық құжаттар қолданыстағы 15 кодекс пен 125 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Заң жобаларында Үкіметтің, орталық атқару органдарының және жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері қайта нақтыланып, оларға берілетін функциялар анықталған.

Президент «Халықтың көші-қон мәселесі туралы» заң жобасын тыңғылықты түрде қабылдауды және Үкіметке осы заң жобасын үстіміздегі жылдың соңына дейін Парламенттің қабылдауына енгізуді тапсырған-ды. Бұл мәселеге қатысты сөзінде депутат ішкі және сыртқы көші-қон аясында қордаланған бірқатар мәселелер бар екендігін ортаға салды. Қазақстан халқы жалпы санының өсіміне қарамастан, жекелеген өңірлерде қазіргі кезде тұрғындар саны азайғаны байқалып отыр. Мысалы, соңғы 10 жылда Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары 100 мың адамға, Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары – 60 мың, Қостанай облысының халқы – 35 мыңға және Ақмола облысының тұрғындары 15 мың адамға азайған. Тұрғындардың біркелкі емес көшіп-қонуы және Қазақстанның жекелеген өңірлеріне экономикалық белсенді азаматтардың орны толмау мәселелері жұмыс күшінің тапшылығына, мектептердің жабылуына, ал бұл өз кезегінде елді мекендердің жойылуына алып келуде көрінеді.

Н.Сабильяновтың пайымынша, ауыл шаруашылығындағы шаруа қожалықтарының азаюы кәсіпкерліктің дамуына кедергі болуы мүмкін. Шығыс Қазақстан облысын мысалға келтірген депутат соңғы 5 жылдың ішінде облыста 70-тен астам мектеп жабылғандығын да ашына жеткізді. «Бұл – жетпіске жуық елді мекен жойылуы мүмкін деген сөз. Осыған байланысты мемлекет тұрақты түрде тұруға келген және мемлекеттік органдар белгілеген нақты өңірлерге жіберілген оралмандарға қолдау көрсетуге тиіс. Оралмандардың азаматтық алуына, баспанамен қамтылуына, жұмысқа орналасуына және кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік туғызылуы керек», деді Нұртай Салихұлы.

Бизнеспен айналысу үшін мейлінше қолайлы жағдайлар қалыптастыру, инвестициялар ағынын ынталандыру, кәсіпкерлікті қорғау және осыған орай Кәсіпкерлік кодексін қабылдау үдерісін аяқтау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Жалпы, Кәсіпкерлік кодексін қабылдау кәсіпкерлердің мемлекеттік саясаттағы рөлін қалыптастырады және Кәсіпкерлік кодексі бұл бизнестің қалыптасуы мен дамуына үлкен әсерін тигізеді. Қазіргі кезде кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматтардың көптеген кедергілерге кездесіп жүргені жасырын емес. «Бірінші мәселе, олардың несие алуға қолдары жете бермейді. Екінші мәселе, несие алу үшін кепілге қоятын мүліктері жоқ. Үшінші мәселе, ауылдық жерлерде шаруа қожалықтарын құрған азаматтарда жаңа техника алуға ақша жоқ. Төртінші мәселе, мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар өңірлерде өз өнімдерін өткізе алмауда. Және де ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін орындар көп жерлерде жоқтың қасы. Шығыс Қазақстан облысын алатын болсақ, бірде-бір ірі ет өндіретін комбинат жоқ. Кәсіпкерлер кодексі талқыланған кезде осы мәселелер қаралуы керек. Кәсіпкерлікті дамыту бойынша «Нұр Отан» партиясы және оның фракциясы ерекше жұмыс атқарып келеді», деді осы орайда депутат.

«Нұр Отан» партиясында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бойынша сарапшылар тобы құрылғанын алға тартқан Н.Сабильянов парламенттік фракция төрайымы Дариға Назарбаеваның бастамасы бойынша фракция мен кәсіпкерлердің Ұлттық палатасы арасында бірлескен жұмыс жоспары бекітілгенін де тілге тиек ете кетті. «Біз осыған сәйкес кәсіпкерлікті қолдау туралы заңнамаларымызды жетілдіріп жатқанымызды айта кеткім келеді. Сайлаушылардың да көп көтеріп жүрген мәселелері осы», деді ол өз сөзінде. Депутат бұл ретте Мемлекет басшысы 2014 жылдың соңына дейін Үкімет жаңа редакциядағы «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заң жобасын әзірлеп, Парламентке енгізу керектігін тапсырғандығын да ортаға салды.

«Қаржылық бұзушылықтардың саны да азаймай отыр. Қаржылық бақылаудың тексерулері бойынша бұзушылықтардың жалпы сомасы 2013 жылы 262,4 млрд. теңгені құраса, соның ішінде 127 млрд. теңгенің заң бұзушылығы мемлекеттік сатып алулар кезінде орын алғаны анықталып отыр. Мемлекеттік сатып алулар туралы жаңа заң жобасы осы проблемалардың бәрін ретке келтіруге тиіс», деп аяқтады сөзін депутат.

 

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ