Сабильянов
Нұртай
Салихұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
"Астана" радиосы - интервью
АСТАНА радиосы

АСТАНА радиосы

26 қараша 2014 ж.

 

«АРНАЙЫ ҚОНАҚ» Бағдарламасы

 

11.11.2014 ж. - Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы туралы

 

 

-Тілші: Армысыздар қадірменді радиотыңдармандар! Астана радиосы эфирінде «Арнайы қонақ» бағдарламасы және оны жүргізуші мен Сұңқарбек Батанұлы. 2014 жыл ел тынысы шежіресінен ерекше орын алары сөзсіз. Қаңтарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясын жарияласа, енді міне осы жылдың 11 қарашасында «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жария етті. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену жолындағы жаһандық шарт жасалуы - Мәңгілік елге қарай аршынды қадам деген сөз. Иә, байтақ еліміздің алдында небір сынақтан сүрінбей өту міндеті тұрса, осы жолда мақсат та, міндет те өте айқын. Бұл жолдау экономиканың барлық саласына да әсер етпек. Осы орайда, Елбасымыз жұмыла көтерген жүгімізді нақты көрсетіп берді. Міне осы жөнінде бізбен ой бөлісетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Салихұлы Сабильянов.

Нұртай Салихұлы студиямызға қош келдіңіз! Елбасы өзінің Жолдауында ұлттық қордағы қаржыны экономиканы әрі қарай қайта құрылымдауға пайдаланатын кез келді деген болатын. Осы ұлттық қордан бөлінетін 500 млрд. теңгені нақты қай салаларға бағытталмақ? Осы жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз.

-Нұртай Салихұлы: Елбасымыз халыққа жолдауында «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жариялады. Бұл саясаттың басты мақсаты біздің экономикамызда өсімді қалыптастыру, жалпы мына кәсіпкерлік саласында болса да, қоғамда болса да белсенділікті арттыру болып табылады. Осы бағытта ұлттық қордан 2015 жылы экономиканың өсімін қамтамасыз ету үшін 500 млрд. теңге бөлу қарастырылып отыр. Ол Парламент Мәжілісі қабылданған 2015 жылға арналған республикалық бюджеттен осы қаражатты бөлу көзделген. Енді ұлттық қордан бөлінген бұл 500 млрд. теңге қаражат жалпы мына шағын және орта бизнесті дамытуға, сонымен мына банк секторындағы проблемалық несиелерді азайтуды, сонымен бірге, мына арнайы экономикалық аймақтардың инфрақұрылымын дамытуға жұмсалатын болады. Және де мына «ЭКСПО-2017» кешені құрылысын жалғастыруды қаржыландырады. Яғни, бұл да біздің жалпы қоғамымызда, экономикамызда белсенділікті тудырады. Және де экономикамызға серпін береді.

- Тілші:  Жолдаудағы басым бағыттардың бірі халық арасында үлкен қолдау тапқан тұрғын үй құрылымдарын нығайту болып табылады. Баспананы тікелей делдалдарсыз төмен пайызбен ұсыну, әрине, тұрғындар үшін тиімді болмақ. Бұл жұмыстар алдағы уақытта қалай жүзеге аспақ?

- Нұртай Салихұлы : «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының тағы бір ерекшелігі жалпы елдегі инфрақұрылымдарды, бұл энергетикалық, бұл әлеуметтік, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, сонымен бірге тұрғын үй инфрақұрылымдарын, көлік инфрақұрылымдарын жаңарту, жаңғыртуға қаражат бөлуді қарастырып отыр. Ал енді, мына тұрғын үй инфрақұрылымын нығайтуға келетін болсақ, қазіргі кезде Қазақстанда «Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Оған мемлекет қаражат бөлген. Енді осы тұрғын үйлерді салу үшін де, әрі қарай жалғастыру үшін де оларға жер керек, инфрақұрылымын қайта жаңғырту керек. Немесе инфрақұрылымына суы бар, басқа да мәселелері бар осыған қаражат бөліну керек. Осы жолдау аясында тұрғын үй инфрақұрылымын нығайтуға да қаражат бөлінетін болады. Ол 2015 жылғы біз қарастырған бюджетте қарастырылып отыр. 2015-2016 жылдар үшін де жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға қосымша 180 млрд. қаражат көзделетін болады. Жалпы мына тұрғын үй салуға, жалпы оның инфрақұрылымын нығайтуға бөлінген қаржыны біз тиімді игеретін болсақ, еліміздегі көптеген азаматтар қолжетімді баспанаға қол жеткізетін болады. Қазіргі кездегі ең өзекті мәселе  - тұрғын үй мәселесі. Ауданға барсаңыз да  тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар тұрғын үй кезегі мәселесін шешіп беруді сұрайды. Қалаға барсаңыз да, облыс орталықтарында немесе Астана, Алматы қаласында да осы мәселе өзекті болып тұр. Сондықтан да осы мәселені шешу үшін міне, мемлекет тарапынан бағдарлама қабылданып және ұлттық қордан осыған қаражат бөлініп жатыр. Мен ойлаймын, бұл халықты қолдау және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту деп айту керек. Жалпы осы тұрғын үй құрылысын салуға бөлінген қаражатты біз әрқашан да тиімді пайдалануды қамтамасыз етуіміз керек. Қазір мемлекеттің алдына қойып отырған мақсаты осы тұрғын үй құрылысын жақсартуға бөлінген қаражатты тиімді пайдаланып, жалпы мына азамттар алатын пәтерлердің бағасын азайту және  жалға берілетін мерзімді де ұзарту, қолжетімді баспанаға қол жеткізетін азаматтарға қолдау көрсету. Міне бұл бағытта жалпы атқарушы орган мен Үкіметтің де атқаратын жұмыстары үлкен. Өйткені көбінесе қаржыны игеру. үйлерді салу осы жаңағы құзырлы органдардың өкілеттіліктері болып табылады. Және неғұрлым тиімді қаржыны игерсе, неғұрлым сапалы үй салатын болса, азаматтарға жақсы арзан бағамен үй беретін болса, соғұрлым бұл бағдарламаның тиімді екеніне көз жеткізуге болады.

- Тілші:  Елбасы өзінің жолдауында 2017 жылға дейін 10 жоғарғы оқу орнының материалдық-техникалық базасын қалыптастыруды тапсырған болатын. Ол жоғарғы оқу орындарына қай университеттер кіреді? Толығырақ айтып өтсеңіз?

- Нұртай Салихұлы: Жалпы жоғарғы оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жақсарту деген сөз, ол жерде жақсы құрал-жабдықтарды алып, сонымен бірге, жаңа технологияларды алу, соларды студенттерге үйретіп, заман талабына сай маман ретінде дайындау. Бұл үшін де біз оқытушыларды да жалақысын дұрыс болуын қамтамасыз етуіміз керек.  Сонымен бірге, студенттердің жағдайын да ойлауымыз керек, өйткені студенттер бар кейбір мемлекеттік гранттар ала алмай, жағдайы келмей,бірақ талантты, жақсы оқитын студенттер соларды қолдауымыз керек. Сондықтан да мына жоғарғы оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін және де сондағы ғылымның, небір жетістіктердің жасалып жатқан ол экономика салаларына әсері болу үшін  және жақсы мамандар дайындау үшін 2017 жылға дейін 10 млрд. теңгені бөлу қарастырылып отыр. Бұл қаражат мақсатына сай жұмсалу керек және де жоғарғы оқу орындары бұл қаражатты алғаннан кейін жақсы мамандарды дайындау керек, ол мамандар қазіргі бәсекеге қабілетті және технологиямен жұмыс істей алатындай, жаңа құрал-жабдықтарды пайдалана алатындай, әлемде болып жатқан өзгерістерді тез қабылдай алатындай және өздерінің ғылыми жетістіктері болсын, өздерінің  оқу процесіндегі жетістіктерін өндіріске енгізе алатындай мамандар болуы керек. Осындай мамандарды дайындап, оларды жұмыспен қаматамасыз етуді де ойлауымыз керек. Бізде жоғарғы оқу орындары мамандарды шығарады, көбінесе көптеген жерлерде сол мамандар жұмыс таба алмай жүреді. Ұлттық компанияларға барғысы келеді, ірі кәсіпорындарға барғысы келеді. Солар жұмыс таба алмай жүріп уақытын өткізіп алады. Міне, осындай жағдай болмас үшін, жалпы бітірген мамандарға жолдама беріп, қай жерде орын бар, қандай ірі кәсіпорындар бар, мұнай, газ саласы немесе басқа да өндіріс орындарында осыларға оларды орналастырумен де жоғарғы оқу орындары айналысу керек. Міне, осы бағыттарда біз заңдарымызды жетілдіруіміз керек. Неге мемлекеттің қаражат есебінен оқып жатқан азамат, ертен жұмыс істей алмай қалуы керек? Бұл жұмысқа орналасу керек, өйткені ондай мамандыққа мемлекет қаражат бөліп отыр. Егер ондай мамандықтар көп болса, онда жоғарғы оқу орындары ойластыру керек. Жоғарғы оқу орындары тек қана ақша алып оқыту емес, бітіргеннен кейін маманның жұмыспен қамтылуын да ойлауы керек.

- Тілші:  Қадірменді радиотыңдармандар! Сіздер арнайы қонақ хабарын тыңдап отырсыздар. Бүгінгі хабарымыздың арнайы қонағы Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Салихұлы Сабильянов. Қазақстанның экономикалық мәдени әлеуетін айдай әлемге паш ететін, төрткүл әлемнің назарын түгел аударатын шара әрине, халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі. Осы көрменің кешенді құрылысын жалғастыруға келер жылға қомақты қаржы бөлуді Елбасы өз жолдауында тапрсырған болатын. Осы жөнінде толығырақ айтып өтсеңіз...

- Нұртай Салихұлы: Астана қаласында өткізелітін 2017 жылғы халықаралық көрме тек қана Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартып қана қоймай, жалпы еліміздің экономикалық жағдайын жақсартуға үлкен әсерін тигізеді. Өйткені бұл халықаралық көрмеде әлемнің түкпір-түкпірінен жақсы жобаларды жүзеге асырып жатқан азаматтар өздерінінің жобаларын көрсетіп, халыққа ұсынады. Небір ғылымның жетістіктері көрсетіледі. Міне осыны көре отырып, болашақта біз де өз экономикамызды осындай жетістітерді пайдалана отырып дамытуды қолға алуымыз керек. Және де осы халықаралық көрмеге бөлініп жатқан қаражат Астана қаласындағы көптеген жол, тұрғын үй, әлеуметтік басқа да объектілерді салуға арналып жатыр. Өйткені, осы халықаралық көрмеге салынған объектілердің көбі халықаралық көрме аяқталғаннан кейін, халықтың игілігне жаратылады. Яғни, оның да пайдасын көретін, жақсылығын көретін өзіміздің халық. Сондықтан да мен ойлаймын бұл біздің мемлекетімізге керек, біздің мемлекетімізді халықаралық, әлемдік деңгейде елдер танып жатыр. Әлі де біздің қарым-қатынасымыз жоғарғы дәрежеде болу керек. Қазақстан 30 дамыған мемлекеттер қатарына қосылам десе, ол әр күн сайын, әр ай сайын, әр жыл сайын өзінің экономикасын жетілдіру керек. Халықтың жағдайын, әл-ауқатын арттыру керек. Сол арқылы біз дамыған мемлекеттердің қатарына міндетті түрде қосыламыз. Оған мемлекет қолдау көрсетіп жатса, біздің өз тарапымыздан да  азаматтар оған қолдау көрсету керек, еңбектенуіміз керек, оқуымыз керек. Және осы мемлекеттің атқарып жатқан, жүргізіп жатқан саясатын қолдап, әрқашан осы мемлекеттің болашағын ойлауға жұмыс істеуіміз керек. Осы бағытты қолдау арқылы біз халқымыздың да әл-ауқатын әрі қарай дамытамыз, жалпы мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтап , мемлекетімізді өркендетеміз.

- Тілші:  2015 жылы халыққа арнаған «Нұрлы жол» жолдауында Елбасы әлеуметтік инфрақұрылымдарға ерекше тоқталды. Осы салада нақты қандай міндеттер жүктеледі?

- Нұртай Салихұлы: Жалпы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бірінші кезекте бұл елдегі апаттық мектептер мен үш ауысымда оқытып жатқан мектептердің мәселесін шешу болып табылады. Сонымен қатар, мектеп жасына дейінгі балаларды толық көлемде қамтамасыз ету. Осы мәселеге қазір ерекше назар аударылып отыр. Өйткені апаттық мектептерде балаларды оқытуға біз тыйым салуымыз керек. Ертен ол мектеп құлап кетуі мүмкін, басқа да жағдай болып қалуы мүмкін. Елбасымыз апаттық мектептердің жағдайын, үш ауысымдық мектептердің жағдайын шешуді 2017 жалға дейін тапсырып отыр екі жыл ішінде. Бұған қосымша 70 млрд. теңге қаражат бөлініп отыр. Ол бөлінген қаражат бар бізде республикалық бюджетте. Сонымен қатар, мектепке дейінгі мекемелер яғни балабақша жетіспеушілігі мәселесін болдырмау үшін үш жыл бойы 20 млрд. теңге қаражат бөлінеді. Бұны да атқаруш орган жасаған жобалық сметалық құжаттар бойынша қаржы беріп, әр керек елді мекендерде, қалаларда балабақша жетіспейтін болса, сол жерге салынатын болады. Ал апаттық мектептер мен үш ауысымда оқытатын мектептер әсіресе, мына Оңтүстік Қазақстан облысында, Шығыс Қазақстан облысында, Алматы облыстарында көп. Осы мәселелер екі жылдың ішінде шешілетін болады. Елді мекендерде халықпен кездескен кезде, өңірлерде болған кезде халықтың көп көтеретін мәселелерінің бірі осы мектептерді салу, жаңа мектептер салу, үш ауысымды оқуды болдырмау.  Яғни қазіргі таңда бұл мәселе толық шешіледі деген сөз. Қаражат бөлінетін болса, оны дұрыс атқарушы орган, мердігерлер дұрыс иегертін болса, аяғына дейін жеткізетін болса, ертең біз балаларды оқытатын, жақсы заман талабына сай мектептерді салатын боламыз. Және ол мектептерді жақсы білім беретін дәрежеге жеткізетінін де, яғни олардың материалдық-техникалық базасын жақсартуды да  ойлауымыз керек. Сонымен бірге, мектеп мұғалімдерінің де, жалпы ұстаздардың жағдайын ұмытпауымыз керек. Олардың да әлеуметтік жағдайы бар, осыларды шешуге де біз атсалысуымыз керек.

- Тілші:  Осымен арнай қонақ бағдарламасы аяқталды. Бүгін бізде қонақта Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Салихұлы Сабильянов болды. Аман-сау болыңыздар!