«Семей таңы»
№20 (18007)
20 мамыр 2010 ж.
Аякөздегі Ұлы Жеңіс күні
9-мамырға арналған мерекелік шеру Аягөз қаласында салтанатты түрде болып өтті. Оған арнайы келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов қатысып, жерлестері мен соғыс ардагерлерін,тыл еңбеккерлерін құттықтады. Халық қалаулысы жыл сайын 9-мамырға арналған мерекелік шеруді сайлаушыларымен, ардагерлермен бірге Аякөзде қарсы алуды дәстүрге айналдырған. Бұл жолы да сол әдеттен жаңылмады. Салтанатты шеру басталмас бұрын жиналған қауым мәңгілік отқа гүл дестелері мен гүл шоқтарын қойып, батырлар рухына тағзым етті. Осы күнге жете алмаған есіл ерлерді еске алды.
Шеру барысында Аягөз гарнизонының әскери бөлімдерінің сарбаздары сап түзеп, майдан тақырыбына арналған көріністер ұсынды. Ұлы Отан соғысына қатыстырылған әскери техника таныстырылды. Ең бастысы Жеңіс сарбаздарына құрмет көрсетілді. Аякөз гарнизонының бастығы Мереке Күшікбаевтың айтуынша:« Салтанатқа Аягөз гарнизонындағы жеке құрамның 2 мыңға тарта әскері қатыстырылған. Оның 1,5 мыңы келісім шарт негізінде қызмет атқаратын әскерилер». Аягөз гарнизонында әскери борыштарын өтеп жатқан сарбаздар мен келісім шарт негізіндегі әскерилердің шеруі дәстүрге сай биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Парадқа майор Нұржанов қолбасшылық етті. Отты жылдарда тарихта қалған әскери дивизиялар, халқымыздың қас батыры Б. Момышұлы, 316-атқыштар дивизиясы, жерлес батыр Сабалақ Оразалин, майдан даласындағы сарбаздар елі үшін жан берген жауынгерлердің ерліктері театрландырылған көрініс арқылы жеткізілді. Ұлы Отан соғысында жауға қарсы оқ атқан әскери техника да ортаға шығарылды. Батырлардың Отанға адалдығы мен олардың еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігі арқылы Кеңес әскері жеңіске жетті. Ұлы Жеңіске Аягөз өңірінен қан майданға аттанған 6 мыңға жуық жауынгер үлес қосты, қазір сол батырлардан ортамызда қалғаны 35 адам. Олардың 8-і осы мерекеде баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Осыған дейін қарт майдангерлер бірнеше жыл бойы пәтер кезегінде тұрған. Ардагерлерге үкімет тарапынан барынша көмектер жасалып жатыр, баспанамен қамту Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша орындалды,-деді мерекеге арнайы келген Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов. Ал 1941 жылы 10 - класты бітіріп, аттестатын қолына ала салысымен майданға аттанған Әбілкәрім Темірханов, Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Елбасы қолынан «Құрмет» Орденін алды. Жеңіс мерекесі Ұлы Отан соғысының ардагері Салих Сабильянов үшін де ерекше. Салих ақсақал Отан алдындағы борышын Ленинград қаласында өтеп жүрген кезінде, екінші дүниежүзілік соғыс басталған. 20 жасында пулеметші атанып, Ленинградты жаудан қорғауға қатысады. Сұрапыл күндерді ардагер қинала еске алды. «Ленинград 900 күн жаудың қоршауында қалды. 700 мыңдай халқы бар қаланың 470 мың тұрғыны Псков деген зиратта жерленді. 1942-жылы қатты ашаршылық болды, бір уақытта 10 мың адам өлген уақыт та болды. Біз 1944 жылы сол жерден бірақ шықтық»,-дейді Салих ата күрсіне. Отан үшін отқа түсіп, қан майданнан аман оралған ардагерлер қандай құрметке болсын лайық.
Сондай-ақ, Аякөз ауданы әкімі Нұрғали Әзімбаевтың ұйымдастыруымен ардагерлер мен тыл еңбеккерлері құрметіне салтанатты жиын өткізіліп, мерекелік медальдар тапсырылды. Соңы мерекелік концертке ұласты. Халық қалаулысы Нұртай Сабильянов мерекелік іс-шаралардың барлығына қатысып, өз тарапынан Аякөз, Үржар, Жарма аудандарындағы ардагерлерге сый-сияпат жасады.
Биыл біздің батыр да ержүрек аталарымыздың арқасында қол жеткізген Ұлы Жеңіске 65 жыл толды. Осы мерекеде бізді осы күнге жеткізген аға ұрпақты құрметпен еске алып, ерліктері алдында бас иеміз.
Аяулым Ахметова