Сабильянов
Нұртай
Салихұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
Мәжіліс депутаттары су тасқынынан зардап шеккен Тарбағатай ауданында болды
07

07.04.2010 / 12:40

Мәжіліс депутаттары су тасқынынан зардап шеккен Тарбағатай ауданында болды

 

СЕМЕЙ.  Сәуірдің  7-сі. ҚазАқпарат  /Лина Славина/ -  Парламент Мәжілісінің   депутаттары Нұртай Сабильянов,   Светлана Ферхо,  Ерболат  Апсалямов  және   Александр  Милютин    су тасқынынан    зардап шеккен  Тарбағатай ауданында   болып,   ондағы жағдаймен  танысып   қайтты. 

Күн  күрт жылып,    қардың  тез  еруі  салдарынан    наурыздың  17-сінде  Тарбағатай ауданында  он шақты  ауылды  су басып қалған болатын.  Табиғаттың  тосын  мінезі     Көкжыра  мен  Жантікей ауылдарына   ең  көп зардап әкелді.   Нәтижесінде   580-нен астам   түрғын  үй  толық немесе  жартылай  қирады.     Ондаған  мың бас мал  қырылып қалды.    Ауылдардан  7 мыңнан астам  тұрғын  аудан орталығы - Ақсуат ауылына  көшірілді.  Қазір      ол  ауылдардағы тіршілік    бұрынғы  тіршілігіне   оралып келеді.    Қауіпсіз жерге көшірілген   азаматтардың көбісі  үйлеріне  оралды.

Су  тасқынынан    зардап шеккен ауылдардың  тұрғындарымен  кездескен Мәжіліс депутаттары,  олардың мемлекеттің    қамқорынсыз қалмайтынын    айтты. 

«Үкімет     қираған  үйлеріңіздің  орнына жаңа баспана салып беруге уәде беріп    отыр.  Менің  ойымша,  уәде  толық орындалады.   Ал    сақталған    нысандарды  күрделі  жөндеуден өткізу   үшін     облыстық әкімдік   құрылыс материалдарымен  қамтамасыз етеді.    Бірақ та    енді  біз   жағдайдың  қайталануына  жол бермеуді  ойлануымыз  керек», деп  атап көрсетті  Н.Сабильянов     өз сөзінде.

Судан зардап шеккен ауылдарда   464 жаңа үй  салу, 38 үйге -күрделі  жөндеу  жұмыстарын   жүргізу  жоспарлануда.  Малы  қырылғандарға,   қамсыздандыру  құжаттары болса,   өтемақы жасалады. 

Мемлекет сондай-ақ     зардап   шеккен   аудандардың    студенттеріне      де  қолдау көрсетуде.   Оларға  өздері  оқитын    институттардың  жатақханаларында  тегін  тұру  және    белгілі  бір кезеңге   оқу ақысынан   босату   туралы уәде берілуде. Осы мақсатта  Білім министрлігі  қосымша  білім гранттарын  бөлудің мүмкіндіктерін  қарастыруда.

Тарбағатай ауданына сапарларын  қорытындылаған    халық қалаулылары,     ауыл тұрғындарының    проблемаларын Үкімет  отырысында көтеруге    уәде берді.