Еңбек ардагері Төлеубек ЖҰМАБАЙҰЛЫ:
Жұмақты көзіміздің тірісінде көргендей болдық
7-Қаңтар, 2011
«Президент және Халық» республикалық қоғамдық-саяси газеті
Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы арбағатай аулының тұрғыны Төлеубек Жұмабайұлы 1929 жылы туған. 28 жыл бойы Машина-трактор жөндеу шеберханасында меңгеруші болып еңбек еткен. Ол 1989 жылы зейнеткерлік демалысына шыққан. Ұзақ жылғы еңбегі үшін 1972 жылы «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған және де көптеген медальдарды иеленген. Төрт ұлы мен бес қызы өз алдарына шаңырақ көтерген, немере-шөберелері өсіп келеді. Төлеубек Жұмабайұлы Астанаға келген сапарында арнайы сұқбат беріп, өзінің ой-пікірімен бөлісті. Көпті көрген 81 жастағы қариямен болған әңгіме балалық шағындағы бастан кешкен ауыртпашылықтарды еске алудан басталып кетті.
А.Самиғоллаұлы.– Біздің көрген қиындығымызды ендігі ұрпақ көрмесін. Біздің балалық шағымыз қиын кезеңге тап келді. Халқымыз ашаршылықты бастан кешті. Ата-аналарымыз бізді тура келіп тұрған ажалдың аузынан аман алып қалу үшін жанын аямады. Қолдарына түскенін балаларына берді. Бір жапырақ нанды бөліп жедік. Бала болып қолымызға қантты ұстап, тістеп көргеніміз жоқ. Енді буынымыз бекитін кезде соғыс басталды. Небір ауыртпашылықтарды бастан кешірдік. Бар-жоғы төрт-ақ сынып білім алдым.
– Соғыс кезінде мектеп жабылып қалды ма?
– Жоқ, кішкентай балалар оқыды, біздер 13 жастан бастап үлкендермен бірге жұмыс істеуге кірісіп кеттік. Ол кезде ұжымшарда барлық жұмысқа қол күші қажет. Ешқандай техника жоқ. Көктемгі егіс, шабындық жинау, егін ору жұмыстарын атқардық. Өгізге жегілген соқамен жер жырттық. Ұжымшарда адамдар ала таңнан күн батқанға дейін жұмыс жасайтын еді. 1954 жылдан бастап техника келіп, біз біраз ауыртпашылықтан құтылдық.
Мен 1948-53 жылдары Румынияда Армия қатарында болып, азаматтық борышымды өтедім.
– Енді, міне, Астанаға келген екенсіз…
– Әр жайттың бір себебі болады ғой. Біздің Астанаға келген себебіміз Елордамызды тамашалап, 19 жылда еліміздің осынша көркейіп, қол жеткізген табыстарын көзбен көруді мақсат тұттық. Осы күнге дейін Астананы бір көрсек-ау шіркін деп армандап жүрдім.
– Бұрын Ақмола кезінде де келген жоқ па едіңіз?
– Жоқ, ешуақытта жолым түспеп еді. Бұрын тікелей поезд да жүрмейтін еді ғой. Әр істің бір сәті болады. Астанаға келуімнің сәті осы болып тұр. Өткен жолы сайлаушылармен кездесуге барғанда Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов менің Елордада ешқашан болмағанымды естіп, алдағы айдың ішінде шақыратынын айтқан. Міне, депутаттың қамқорлық жасауымен, Аягөз аудандық әкімшілігінің қолдауымен бірнеше ардагер және мектеп мұғалімдері Астанаға келуге мүмкіндік алды. Поездан түскеннен-ақ автобуспен қарсы алып, «Абай» қонақүйіне орналастырды. Күні бұрын бағдарлама жасалып қойылған екен. Астананың ең көрікті ғимараттары мен мәдени орталықтарына, мұражайларға алып барып, көрсетті.
Астананың кереметтерін төрт күн бойы тамашаладық. Көзіміз тойып, көңіліміз өсті. Үлкен адамдар «Ол дүниеде жеті-сегіз жұмақ бар» деп айтушы еді. Сол жұмақтарды көзіміздің тірісінде көргендей болдық. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мұражайын, Президенттік мәдени орталықтың мұражайын, Сәкен Сейфуллин мұражай-үйін аралап көрдік. «Думан» ойын-сауық орталығының тамаша көріністеріне куә болдық. Пирамида деп аталатын сәулет өнерінің бір кереметі – Бейбітшілік және келісім сарайын да тамашаладық. Астана қаласының іргесіндегі Қабанбай батыр кесенесіне арнайы барып, бабамыздың рухына тағзым етіп, құран бағыштадық. «Бәйтерек» кешенінде болып, елге деген ізгі тілегімізді арнадық.
Зейнетке шыққанда осындай құрметке бөленіп отырмыз. Ауданымызда бұрын соғыс ардагерлері біраз бар еді. Соңғы жылдары қатары мүлдем сиреп кетті. Бізбен бірге бір соғыс ардагері келуі жоспарланып еді, бірақ ол жолға жарамай, келе алмай қалды.
– Еліміздің саяси-экономикалық өркендеуі туралы пікіріңізді де білдірсеңіз?
– Астана қаласында жоғары деңгейде өткен ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Саммитін теледидардан тамашаладық. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін тыңдадық. Қазақстанның әлемдегі беделінің артқанын халқымыздың мерейі мен мәртебесі деп білеміз. Маңызды басқосудың рөлі айрықша екенін аягөздіктер де бір-бірімен кездескенде айтып жүр. Ондай маңызды басқосуды абыроймен өткізген Елбасымыздан бастап еліміздің жауапты қызметтегі барша азаматтарына шексіз ризашылығымызды білдіреміз.
Елбасының бастамасымен іргелі істер атқарылуда. Ел ішінде «Нұр Отан» партиясының белсенділігін де байқап отырмыз.
Елбасының бастамасымен іргесі қаланған Астананың 12 жылдың ішінде осындай көркейіп, әлемдегі ғажап қалалардың біріне айналғанына шын жүрегімнен қуанып тұрмын. Қазір Астанамызға біреу қызығып қараса, енді біреулер қызғанып қарайды.
Елбасымыз көшті бастап тұрғанда, оны қолдайтын азаматтарымыз барда, біздің болашағымыз өте зор, мықты мемлекет болады деп сенеміз. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» дейді халқымыз. Семей өңірінде туып-өскен депутат Нұртай Сабильяновтың еңбегін ел де, Елбасы да бағалап отыр. Мемлекеттік марапаттарға ие болды. Әркез биіктен көріне беруін тілеймін. Мен оған: «Бүкіл қазаққа аты шыққан әйгілі бабамыз Ақтайлақ бидей тоқсан беске жасың жетсін, соның әбүйір-атағын берсін», – деп батамды бердім.
– Қазір зейнеркерсіз ғой, үйде немен айналысасыз? Әр адамның бір сүйікті ісі, не ермегі болады дегендей?..
– Еліміз егемендігін алған соң, қоғамға, өмірге деген көзқарастарымыз да өзгерді ғой. Өзім 1992 жылдан бастап имандылық жолына түстім. Халифа Алтайдың аударған Құран Кәрім кітабын оқыдым. Діни көзімнің ашылғанының арқасында «Артқы ұрпақтарға асыл мұра» атты кітап жаздым. Ол жарыққа шықты. Биыл екінші кітабымды дайындап отырмын. Соңғы тарауы ретінде «Астана сапары» деген тақырыпты қосып, баспаға беретін ойым бар. Менің мақсатым жас ұрпағымыз сол кітаптардан бір игі ақыл-кеңес алсын деген ойдан туды.
– Жаңа жылға орай тілегіңіз?
– Аягөздіктердің атынан барлық Қазақстан азаматтарын Жаңа жылмен құттықтап, бақыт, береке тілеймін. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда кейінгі ұрпақтарымыз білім мен ғылым жолына түсіп, ізгі армандары орындалып, биік белестерге қол жеткізсін деймін. Имандылық жолын ұғынған, Отанын, жерін сүйетін, қазақ халқының салт-дәстүрін құрметтейтін ұрпақтың өсе беруін тілеймін. Ел алдында жүрген азаматтарымыздың жолын қуып, халықтың қадірлейтін қалаулысы болсын.
Ел іргесі аман, бейбітшілік заман бола берсін. Есігімізден енген Жаңа жыл жер бетінде болып жатқан қиянкескі, аласапыран ұрыс-жанжалдардың тоқтатылуына жол салсын деймін. Тоқ етерін айтқанда, Жаңа жыл бақыт, қуаныш, молшылық, жақсылық әкелсін!
– Айтқаныңыз келсін, тілегіңіз қабыл болсын!
Астана