Сабильянов
Нұртай
Салихұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
Айқын _ Республикалық қоғамдық - саяси газеті - Балалар үшін бақытты күн болды
Балалар үшін бақытты күн болды

Балалар үшін бақытты күн болды           

 

02.04.11.

 

Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданындағы Науалы балалар үйінің 14 тәрбиеленушісі Астанаға - Парламент Мәжілісінің үйіне келді. Оларға мұндай сыйлықты Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» ХДП Парламент Мәжілісіндегі фракция мүшесі Нұртай Сабильянов ағалары жасады. Астана қаласымен танысуға келген ұл-қыздардың қуанышы да, айтар алғысы да шексіз болды.

«Науалы балалар үйі» мемлекеттік мекемесі 1934 жылы ашылған. Қазір мұнда 90 ұл-қыз тәрбиеленуде. Мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын балалар үйі материалдық-техникалық жағынан толық жабдықталған, балалардың тұруына, білім алып, тәрбиеленуіне барлық жағдай жасалған. Ал Астананы аралауға келген балалардың бәрі үздік оқиды. Түлектерінің 80 пайызы мемлекеттік грант бойынша жоғары оқу орындарында және колледждерде білім алуда. Жыл сайын облыстық жергілікті атқарушы органы да балалардың оқуына арнайы грант бөледі.

Мәжіліс үйінде өткен кездесуде депутат Нұртай Сабильянов елімізде жасөспірімдердің құқығын қорғауға қатысты қандай заңдар қабылданып жатқанын әңгімелеп берді. Осы басқосуға арнайы қатысқан Мәжіліс депутаттары Майра Айсина мен Ержан Рахметов те ұландарға ойларымен бөлісіп, тәрбиеленушілердің сұрақтарына жауап берді.

Өз кезегінде балалар да депутаттарға көкейдегі сұрақтарын қойып, алдағы арман-мақсаттарымен бөлісті. «Нұр Отан» партиясынан сайланған халық қалаулысына ризашылықтарын айта келіп, туған жерінің тілегін жеткізді. 10 сынып оқушысы Айжан Камалова өздерін қандай мәселелер алаңдатып отырғанын айтып берді. Әсіресе, балалар үйі түлектерін пәтермен қамту, әскери салада білім алу және ұлттық бірыңғай тест мәселелері қозғалды. Жасы 18-ге толған бірқатар тәрбиеленушілер 3 сәуір күні өтетін Президент сайлауына тұңғыш рет қатысатындықтарын және өз таңдауын жасайтындықтарын айтты. Жас қонақтар Парламенттің бірлескен отырыс залын және Мәжілістің жалпы отырыс залын аралап көрді.

Балалар елорданы аралау барысында Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мұражайын, «Астана-Бәйтерек» кешенін, «Думан» ойын-сауық орталығын, Хан Шатыр, Тәуелсіздік, Бейбітшілік және келісім сарайларына барып, басқа да көрікті жерлерді аралады.

 

Жамбыл ҚЫРҒЫЗБАЙ