22 Наурыз 2012 №12 (634)
Микроқаржы ұйымдарының қызметі заңмен реттеуді қажет етіп тұр
Елімізде шағын қаржы
ұйымдарының жұмыс істей бастағанына он жылдай болды. Осы уақыт ішінде шағын
қаржы ұйымдарынан несие алғандар несиенің
қызығын да, шыжығын да бастан кешірді. Мәжіліс депутаты
Нұртай Сабильяновпен әңгіме арқауы – осы
микроқаржы ұйымдарының қызметі.
Шағын қаржыландыру бүкіләлемдік сипатқа ие
- Нұртай Салихұлы, қазір Мәжілісте «Микроқаржы ұйымдары туралы» Заң жобасы қаралуда. Бұл Заң жобасын әзірлеудегі мақсат не?
- Өткен жылғы халыққа Жолдауында Елбасымыз шағын несие ұйымдарына байланысты ахуалды өзгертіп, несиені тұтынуға емес, еңбекпен қамту жағына басымдық беруге арнау керектігін айтқан болатын. Және де шағын несиелердің 100 пайызы тек өз ісін ұйымдастыруға жұмсалуы тиіс деп атап өткен. Сондықтан Үкіметке қаржы реттеушілерімен бірлесіп, шұғыл түрде тиісті заң жобасы мен кешенді шаралар жасауды тапсырған. Бұл Заң жобасы осы тапсырманы жүзеге асыру мақсатында әзірленген. Елімізде шағын несиелеуді дамытуға баса назар аударылуы жайдан-жай емес. Өйткені қазіргі уақытта шағын несиелер негізінен айтарлықтай жоғары сыйақы мөлшерлемемен тұтынушылық мақсаттарға жұмсалып жатыр. Ал шағын несиелеуде басымдық тұтыну емес, өз ісін бастауға берілуі қажет.
Ал біздің Қазақстан шағын несие ұйымдары туралы қолданыстағы заңды 2003 жылы қабылдады. Шағын несиелеуде бұл заңның көмегі тиіп, бірсыпыра жұмыстар істелгенмен, олқы тұстарымыз да баршылық. Ол шағын несие ұйымдарының қызметін реттейтін, қадағалайтын уәкілетті органның болмауы, шағын несие сыйақы мөлшерінің тым жоғары болуы, ауылдық жерлерде несие беретін ұйымдардың аздығы.
Саны көп, заты жоқ
- Сонда елдегі шағын қаржы ұйымдарының қызметі туралы не айтуға болады?
- Республикадағы шағын қаржы ұйымдары туралы пікірлер алуан түрлі. Жалпы, шағын несие берудің мұндай құрылымы екінші деңгейдегі банктеден несие алу мүмкіндігі жоқ халықтың жігінің, соның ішінде ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді қаржылай қолдаудың тиімді моделі екені белгілі. Мәселеге осы жағынан қарасақ, шағын қаржы ұйымдарынан несие алудың арқасында өз ісін ашып, әлеуметтік жағдайын көтергендер адамдар аз емес, дей тұра, елеулі кемшіліктердің де орын алғаны рас. Сондықтан қазіргі кезде орын алып отырған кемшіліктерді түзету үшін Заң жобасында еліміздегі шағын қаржы ұйымдарының жұмысын бақылау, қадағалау, уәкілетті органның құзыретін белгілеу, қарыз алушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, шағын қаржы ұйымдары жұмысының ашықтығын, айқындылығын қамтамасыз ету және бәсекелестікті ынталандыруға мән беріліп отыр. Қазіргі жағдайға келсек, Қазақстанда бүгінгі таңда 1756 шағын қаржы ұйымы бар екен. Оның белсенді жұмыс істеп тұрғаны — 663. Демек 38 пайызы ғана белсенді қызмет атқарып отыр.
- Сонда негізгі бөлігінің жұмыс істемеу себебі не?
- Себептер көп. Ол шағын несиелеу ұйымдарының қаржылық жағдайының тұрақсыздығы, несие портфелі сапасының төмендігі, техникалық және ресурстық базаның әлсіздігі, шағын несиелеу ұйымдары қаржылық есептілігінің бірыңғай стандарттарының жоқтығы, кепілдік қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі, білікті кадрлардың аздығы секілді проблемалардың бар екендігін көрсетті. Біздерді осы проблемалар алаңдатып, шағын қаржы ұйымдарының толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз етудің себеп-салдарын анықтай келе, Заң жобасына тиісті нормалар енгізуді қарастырудамыз.
Айтар болсақ, микроқаржы ұйымдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң жобасы өткен шақырылымда да келіп түсіп, тұжырымдамалық жағынан депутаттардың сынына ұшырап, Үкімет оны қайтарып алған болатын. Ал бүгінгі Заң жобасының тұжырымдамасында біздің ұсыныстарымыз, тілектеріміз барынша қамтылыпты. Мәселен, шағын қаржы ұйымдарының қызметі, яғни, олардың немен айналысу керектігі жөнінде Заң жобасында көрсетілген. Ең бастысы, олардың жұмыстары құқықтық тетіктер арқылы реттелетін болып отыр. Заң жобасын талқылау барысында, осы тақырыпта өткен дөңгелек үстел басындағы әңгіме кезінде осы шағын қаржы ұйымдарының өз бетімен жұмыс істеп кеткені, олардың беретін несиесінің жылдық сыйақы мөлшерлемесінің жоғарылығы және несиені шағын кәсіпкерлік үшін емес, тұтынушылық сұраныс үшін беруге басымдық беріліп кеткені туралы айтылса, ол – шындық. Қолданыстағы заңда мемлекеттік органдар тарапынан реттеу, бақылау, қадағалау жасау нормасы қарастырылмаған. Бақылаусыздықтан шағын қаржы ұйымын ашқысы келген адам лицензия алып, сонымен жұмыс істеп келді. Ол үшін несие ұйымдары банктерден несие алып, оған өзінің үстемесін қосып, халыққа кредит беріп отырды. Екінші деңгейдегі банктерге қарағанда несие алу мүмкіндігі молырақ шағын қаржы ұйымдарының жарнамасына еліктеген халық, әсіресе, 2006-2010 жылдары өсімі өте жоғары несиеге ұрынып қалды. Мысалы, несие жылдық 60-70 пайыз өсіммен берілді дегенмен, ол кездері 100 пайыз өсіммен берілген несиелер де бар. Әрине, халық несиені амалсыздан алады. Оны қайтарамын, деп ойлайды. Қайтаруға келгенде, алған несиесіне оның аса жоғары өсімі қосылып, оны өтеуге шамасы келмей қалады.
Заң жобасына осы олқылықты түзету үшін уәкілетті орган ретінде Ұлттық банк болып айқындалды. Осы уәкілетті орган шағын қаржы ұйымдарына қатысты есептік тіркеуді, тексеруді, тізілімін жүргізеді, олардың пруденциалдық нормативтерін белгілейді. Егерде шағын несие ұйымы уәкілетті органның талаптарын орындамайтын болса, ол тізілімнен алынып тасталады. Бұл – ол енді шағын несие берумен айналыспайды деген сөз. Сондықтан да осы Заң жобасы қабылданатын болса, елдегі шағын қаржы ұйымдарының қайта тіркеуден өтуіне тура келеді.
Көзсіз өсім көбейіп тұр
- Өсімнің шегі не болады?
- Өсімнің шегі бар. Кредиттің жылдық шегін бекіту – қолданыстағы заңға сәйкес Ұлттық банктің құзыретінде. Ұлттық банк өткен жылдан бастап жылдық өсімнің шегін белгіледі. Оның шегі – 56 пайыз. Жоғарыда айтқандай, кейбір шағын қаржы ұйымдары кезінде несиені шекті көлемнен де жоғары өсіммен берді. Несие алушылардың талайы кредитті қайтара алмады. Міне, лицензия алып қызметке кірісіп кеткен шағын қаржы ұйымдарының талайы ешқандай бақылаудың жоқтығын пайдаланып, пайда таппақ болды. Бірақ олар қайдан құлақ шығаратын қазаншы бола алмады. Өйткені берілген несие өсімімен қайтарылса ғана пайда әкеледі. Ал, шағын қаржы ұйымдарынан кредит алғандардың көпшілігі несиені жоғары өсімімен қайтаруға шамасының жоқтығын көрсетіп, қаржы ұйымдарының талайы жұмысын бастамай жатып тоқтатты. 38 пайызының жұмыс істемеуінің себебінің бірі – осында.
- Заң жобасында несиенің жылдық өсімінің ставкасы төмендету мүмкіндігі бар ма?
- Депутаттар жобаға шағын несие бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесіне байланысты толықтырулар енгізуді қарастыруда. Ең алдымен шағын қаржы ұйымымен несие алуға байланысты шарт жасасқан кезде несие алушыға жылдық өсімнің қанша пайыз болатыны нақтылы көрсетіліп, онымен таныстырылады. Сонымен қатар, алған кредитті қалай қайтарады, алдымен өсімді қайтара ма, әлде екеуін бірдей қайтара ма, бұл да қарастырылады. Әрине, қазіргі кезде Ұлттық банк белгілеген шекті жылдық өсімнің 56 пайыз ставкасы өте жоғары екені даусыз. Мұндай өсіммен шағын бизнес жасау мүмкін емес. Қазіргі кезде шағын несиелердің орташа жылдық өсімі 25-30 пайыз. Мысалы, шарасыздықтан 1 миллион теңге несие алуға мәжбүр болған адамның оны жылдық 30 пайыз өсіммен қайтаруы үшін бір жылда ғана 300 мың теңге өсім төлеуі керек. Үш жылда бір миллионы екі миллион болып шығады. Бұл несие алушыға кері әсерін тигізеді, өйткені жоғары өсіммен несие алып, кәсіпкерлікпен айналысу мүмкін емес. Осы ретте өткен шақырылымда халықтан бізге несие алу мен оның өсіміне қатысты мәселелерге байланысты көптеп хаттар келгені де есімде. Ол хаттарға жауап беріп, талдау жасаған да болатынбыз. Жалпы, Заң жобасында қазіргі кезде орын алып отырған мәселелердің бірі несие өсімінің шекті көлемін төмендету мәселесін шешуге көңіл бөліп, депутаттар өздерінің ұсыныстарын беруде.
- Заң жобасын әзірлеуші жақ оны қолдай ма?
- Меніңше, шағын несие беру ісімен шұғылданатын ұйымдардың қызмет сапасын арттыру, шағын несиені беруді, кәсіпкерлік және еңбекпен қамту мәселесіне қарай бұруда болып отырғандықтан, біздің осыған баруымыз керек. Бұл ретте шағын қаржы ұйымдарын құрудағы мақсат халықты қолжетімді несиемен, олардың өзінің ісін ашуға қолдау көрсету мақсаты екенін ұмытпауға тиіспіз. Олардың жұмысын жаңаша жүргізуіне қол жеткізуге Заң жобасына енгізілген жаңа норалар көмектесуге тиіс.
Сонымен қатар, несие беруші ғана емес, несие алушының да өз жауапкершілігін білуі тиіс. Қарызды ертең қайтару керек. Қарыздың күліп кіріп, жылап шығатынын ойлау да өте маңызды. Ал, біздің кейбір азаматтар несиені тегін үлестірілген, немесе сыйға берілгендей көріп, қайтару керектігін естен шығарып жібереді. Тіпті, қайтаруға мүмкіндік болмай қалады.
Заң жобасындаңы тағы бір ерекшелік – шағын қаржы ұйымдарының жарғылық капиталының мөлшерін белгілеу уәкілетті органның құзыретіне берілуі.
- Сонда жарғылық капиталдың нақтыланған шекті көлемі қандай?
- Қолданыстағы заңда жарғылық капиталдың ең төменгі көлемі – 8 мың айлық есептік көрсеткіш, яғни 13 миллион теңге шамасында. Ал, Заң жобасында оны бекіту уәкілетті органның құзыретіне беріліп, оның көлемін көрсету алынып тасталып отыр. Біздер осы норманы өзгертуді ұсынып отырмыз. Анықтап айтсақ, жарғылық капиталдың мөлшерін көрсетуді қайтадан қалдыруды ұсынудамыз.
- Алынып тасталу себебі не?
- Себебі, Ұлттық банк экономикадағы жағдайларға байланысты қаржылық капиталдың мөлшерін өзі бекіткісі келеді. Заңда шағын несие ұйымдарының жарғылық капиталының ең төменгі мөлшері көрсетіліп, ұлғайту керектігі туралы менің тарапымнан ұсыныс берілді. Меніңше, жарғылық капиталды 100 миллион теңгеге дейін көбейткен дұрыс. Өйткені шағын несие ұйымдарының қызметі оның жарғылық капиталына да байланысты. Орта жолдан пайда тапқысы келгендердің жолы кесіледі. Жауапкершілік те күшейеді.
Ауылға бетін бұра ма?
- Нұртай Салихұлы, Заң жобасында ауылдық кәсіпкерлікті дамытуға несие берумен айналысатын шағын қаржы ұйымдарына жеңілдіктер қарастыру мүмкіндігі бар ма?
- Ауылдық жерлерде жұмыс істейтін қаржы ұйымдарына қойылатын талаптарды азайту туралы ұсыныстар жасалуда. Алайда осыған байланысты тағы басқадай жағдайдың орын алуы мүмкін екенін ескеруге тура келіп отыр. Атап айтқанда, ауылдық жерлердегі қаржы ұйымдары ауылдық кәсіпкерлікті көтеруге көмектеседі, деп берілген жеңілдіктерді пайдалану үшін қаладағы ұйымдардың қаланың жанындағы ауылдарда бөлімдерін ашып қойып, ауылға жұмыс істемей, негізінен, қаладағы қызметін жалғастыра беруі әбден мүмкін. Демек бұл мәселенің екі жағы бар. Сондықтан жеңілдіктер беру мәселесін әлі де талқылауымыз керек.
- Шағын қаржы ұйымдарының екінші деңгейдегі банктерге қарағанда ауылдықтар үшін артықшылығы шағын несие алудағы қолжетімділік емес пе? Өйткені екінші деңгейдегі банктер ауыл адамдарының техникасын, қора- қопсысын, жерді кепілдікке алмайды. Ал, Заң жобасында осы кепілдік мәселе ойластырылған ба?
- Шағын қаржы ұйымдарының беретін несиесі ірі көлемде емес, шағын болғандықтан, ауыл адамдарының мүліктерінің құнын есептеп, келісімшарт арқылы келісіп, несие беру мәселесі шешілетін болады деп ойлаймын.
- Қолданыстағы заңда бұл мәселе қалай шешілген?
- Онда шағын қаржы ұйымдарының өздері шешкен. Уәкілетті орган да мұны өз құзыреті шеңберінде дұрыс шешуге тиіс. Негізінен кепілдік – түйінді мәселенің бірі. Мысалы, 500 мың теңге несие берілетін болса, оған қойылатын кепілдіктің құны 1 миллион теңге шамасында белгіленген. Ал несие алушы қарызын қайтара алмаса, кепілдікке қойылған мүліктерінен айрылып қалады. Сондықтан да мұны да реттеп, халықтың да түсінуі керек. Несие алды ма, оны қайтару үшін жұмыс істеу қажет. Қалай болғанда да, кредитті тұтыну мүліктерін сатып алуға емес, өз ісін бастау үшін алу қажет. Ал ісі өрге басса, кредитті қайтаруға мүмкіндік туады, басқа мүліктерді сатып алуға қол жеткізуге болады.
Қазір Жұмыспен қамтудың 2020 жылдарға дейін арналған бағдарламасында ауылдық кәсіпкерлікті дамытуға шағын несие беру қарастырылған. Осы несие шағын қаржы ұйымдары арқылы беріле бастады. Бұл – ауылдық кәсіпкерлікті бастауға үлкен қолдау, әлеуметтік жағдайды жақсарту, адамдардың еңбекке деген ынтасын арттыру. Осы бағытты дұрыс пайдалану қажет. Және бұл несиенің өсімі төмен, оның жылдық ставкасы 5-6 пайыз болады. Өткен жылы бағдарламаның пилоттық жобасы жүзеге асырылды. Елбасының халыққа Жолдауын жүзеге асыру мақсатында, Жұмыспен қамту бағдарламасы аясында ауылдық кәсіпкерлікті дамыту үшін 2012 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджетте 14,2 милиард теңге бөлініп отыр. Осы бюджет қаражаты өңірлерге, аудандарға беріледі. Бөлінген бюджет қаражатын азаматтарға, кәсіпкерлерге беру жергілікті атқарушы органдар мен шағын қаржы ұйымдарының келісімі арқылы жүзеге асырылады. Несиені алған соң, оны кәсіпкерлікпен айналысуға, өз ісін бастауға жұмсау қажет.
Заң жобасында, сондай-ақ, шағын қаржы ұйымдары қызметінің қосымша түрлері қарастырылған, мысалы, консультациялақ қызмет, гранттарды тарту, депозиттерге, бағалы қағаздарға қаржы орналастыру, лизинг қызметі, мүліктерді жалға беру көрсетілген. Олардың және қандай қызмет түрлерімен айналысуға болмайтыны туралы мәселеге көңіл аударылса, оның себебі бар. Өйткені бақылау болмағандықтан қаржы ұйымдары айналыспаған қызмет түрі жоқ. Олар, тіпті, ипотекалық несие берумен де шұғылданған. Екінші деңгейдегі банктердің қызметін атқаруға дейін барса, Заң жобасы қабылданған жағдайда мұның бәрі ретке келеді.
- Нұртай Салихұлы, әңгімеңіз үшін Сізге көп рахмет.
Мақаланың сілтемесі: http://www.aorda.kz/?p=15780