Сабильянов
Нұртай
Салихұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
ҚазАқпарат - Біз Қазақстанда халыққа қызмет көрсетудің өркениетті, мәдениетті жүйесін қалыптасыруымыз керек
ҚазАқпарат

 ҚазАқпарат


16 Сәуір 2012, 16:23

Біз Қазақстанда халыққа қызмет көрсетудің өркениетті, мәдениетті жүйесін қалыптасыруымыз керек - Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов

http://www.inform.kz/fotoarticles/20120120135015.jpg

АСТАНА. 16 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты халыққа арнаған Жолдауы мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына басты бағыт беретіні анық.

Өйткені Жолдауда халықтың тыныс-тіршілігінің негізгі салалары толық қамтылған, оларды әрі қарай қарқынды дамытудың нақты жолдары да, қаражат көздері де қарастырылған. Осы орайда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП Саяси Кеңесінің Бюро мүшесі Нұртай Сабильянов ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, Елбасы Жолдауына сәйкес мемлекеттік бюджетке енгізілген түзетулер туралы жан-жақты айтып берді.

- Нұртай Салихұлы, заман да, заң да өзгеруде. Қоғам алға дамып бара жатыр. Әлемдегі өркениетті елдердің қатарынан қалмауымыз керек. Біз мақсатын айқындап алған елміз. Дегенмен де таяу жылдарға арналған бағыт-бағдарымызға өзгерістер енгізу - өмір талабы. Осы орайда Мемлекет басшысы жыл басында Жолдауын жария етіп, ел алдына жаңа міндеттерді қойды. Жолдауға негіз болған ел дамуы туралы ойларыңызды ортаға салсаңыз?

- Осы жылғы Елбасы Жолдауындағы міндеттерді, тапсырмаларды жүзеге асыру еліміздің өркендеуіне де негіз болатыны айдан анық.

Басты ерекшеліктерді айта кетер болсам, Елбасы он бағытқа жеке-жеке тоқталып, нақтылап айтты. Бірінші кезекте қазақстандықтарды жұмысқа тартудың жолдары анық көрсетілді. Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет Жұ­мысқа тар­туды қамтамасыз ету­дің жаңа бағдарлама­сын бекітті. Енді осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін мемлекет бюджетінен қаражат бөлініп отыр. Елбасымыз Жолдауда оқыту мен жұ­мыс­қа орналасуға жағдай жасаудың тиімді жүйесін құру керектігін айтты. Бұл өте қажет. Өйткені қазіргі кезде көптеген азаматтардың бұрынырақта алған мамандықтары бүгінгі таңда кәсіпорындар мен өндіріс орындарының жаңғыруына байланысты сәйкес келмей қалып жатқаны жасырын емес. Бұрынғы мамандықтар бойынша жұмыс табу да қиынырақ болып тұр. Сондықтан да азаматтарды мемлекет есебінен тегін оқыту және жұ­мыс­қа орналастыру мәселесі шешімін табатын болады. Ол үшін арнайы қомақты қаржы қарастырылып отыр.

- Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі ретінде қандай салаларға қанша көлемде қаражат бағытталатынын атап өтсеңіз?

- Елбасы Жолдауындағы міндеттерді орындау үшін Парламентте «2012 - 2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Яғни, Жұмысқа тар­туды қамтамасыз ету бағдарлама­сына қосымша 11,8 млрд теңге қосылып отыр. Осы қосымшаны қосқанда 2012 жылға бюджетте жоспарда аталған бағдарламаға бағытталатын қаржы 62,3 млрд теңгені құрады. Соның ішінде тек қана оқыту мен жұ­мыс­қа орналастырудың өзіне 23,4 млрд теңге қарастырылған. Ал нақтыланған республикалық бюджетте бұған тағы да 805 млн теңге қосымша қаржы бөлініп отыр.

Ал ауылдық кәсіп­керлікті дамытуға бюджетте 12,3 млрд теңге көзделген болса, соған қоса биыл нақтыланған бюджетте 1,8 млрд теңге, тұтастай алғанда, 14,1 млрд теңге бағытталып отыр. Ауылдық кәсіп­керлікті қолдау арқылы көптеген азаматтар өздерінің істерін бастауға, кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік алады, көптеген жұмыс орындары ашылады. Өйткені халықпен кездесулерде, әсіресе, ауылдықтар жеңілдетілген несие алудың жолдарын сұраған болатын. Міне, соған қазіргі таңда мемлекет толық қолдау көрсетіп, осы бағдарлама аясында несие беруді жүзеге асырып отыр. Өткен жылы оның пилоттық жобасы іске асырылды.

Елбасының Жолдауына сәйкес нақтыланған республикалық бюджетте 9,1 млрд теңге ауылдық елді мекендерді дамытуға арналды. Бұрын бюджетте ондай қаражат қарастырылмаған болатын. Бұл ауылдық елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жақсартады деген сөз.

- Мемлекет басшысының Жолдауындағы ең басты жаңалығының бірі деп қай мәселені айтар едіңіз?

- Қазір халықтың қызу қолдап отырған Елбасының тағы бір бастамасы - қолжетімді баспана салу. Президенттің тапсырмасына сәйкес «Қол­же­тім­ді баспана-2020» бағдарламасын Үкімет осы жыл­дың 1 шілдесінен ке­шік­тір­мей жасап, қабылдауы тиіс. Мемлекет бұл бағдарламаны тиісті қаражатпен қамтамасыз етеді. 2012 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджетте бұл салаға қосымша 36 млрд теңге бөлініп отыр. Ал өткен жылдың соңында бекітілген бюджетте тұрғын үй бағдарламасына 50 млрд теңге көзделген болатын. Жалпы алғанда, қол­же­тім­ді баспана бағдарламасына республикалық бюджеттен 86 млрд теңге бөлініп отыр. Бұрын-соңды ондай қаражат бұл салаға бөлінбеген болатын.

- Елбасы халыққа арнаған сөзінде «Біз жарты мил­ли­он­­нан ас­там жас отбасын жеке баспанамен қамтамасыз етуге тиіспіз»,- деді. Міне, бұл -  жастарды, жаңа отау құрған отбасын қолдаудың, Қазақстан болашағын ойлаудың жарқын көрінісі. Жас отбасыларына тұрғын үй салу үшін бюджетте 15 млрд теңге қазірдің өзінде қарастырылды. Осы бастама баспанасыз жүрген көптеген жастардың басты проблемасын таяу кезеңнің ішінде шешіп беруге негіз болады.

- Өңірлерді дамыту туралы ойларыңызбен де бөліссеңіз?

- Елбасының Жолдаудағы тағы бір ерекше тоқталған маңызды мәселе -  өңірлерді дамыту. Аймақтарға барып, аудандарды аралап, халықпен жүздескен кезде бұл мәселені сайлаушылар жиі көтереді. Президенттің өңірлерді дамытуға баса көңіл бөлуі еліміздің облыстары мен аудандарының, ауылдарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға тікелей ықпал етеді.

- Бұл салаға қанша қаржы бөлінгенін жеке-жеке талдап көрсетсеңіз?

- Өткен жылдың соңында бюджеттен бұл салаға бар болғаны бір-ақ млрд теңге бөлінген еді. Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру үшін өңірлерді дамытуға биылғы нақтыланған республикалық бюджетте 66,9 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл өте қомақты қаражат. Соның ішінде аумақтарды, қалалық агломерациялар мен моноқалаларды дамытуға 20 млрд теңге шығыстар көзделген. 20 млрд қаражаттың ішінде 6 млрд теңгесі бір салалы шағын қалалардың жағдайын жақсартуға арналған.

- Бұған еліміздің екі бас қаласы мен облыс орталықтары кірмейді ғой?

- Иә, осы 6 млрд. теңге тек қана шағын қалалардың инфрақұрылымын, экономикалық және мәдени-әлеуметтік жағдайын дамытуға, өркендетуге жұмсалады. Алдағы кезеңде де осы саланы қаржыландыру жалғасын табатын болады. Елбасының тапсырмасына сәйкес енді биылғы 1 шілдеге дейін Үкі­мет Жергілікті өзін-өзі бас­қа­руды дамыту тұжырымдамасы жобасын жасап бі­тіруі тиіс.

Менің тарапымнан жақында шағын қалалардың мәселелері бойынша Үкімет басшысына депутаттық сауал жолданған. Бірнеше ұсыныстарымды жеткіздім. Ауылдық кәсіпкерлерді қолдауға берілетін несиені шағын қалалардағы кәсіпкерлерге де беру, инфрақұрылымдарды жаңғырту, шағын қалаларда жастар үйін салу, ауылдық жерлерде көрсетілетін әлеуметтік көмектерді, жеңілдіктерді шағын қалалардағы азаматтарға да тиесілі ету мәселелерін көтердім. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында шағын қалаларда ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін және өнеркәсіп өнімдерін шығаратын кәсіпорындарды ашу мәселесін алға тарттым. Тұрғын үй алу үшін кезекте тұрған адамдардың санына байланысты шағын қалаларға қолжетімді тұрғын үйлерді салу қажет екенін айттым.

- Халық пен биліктің арасын жақындата түсудің жолдары қандай?

- Ол үшін біз Қазақстанда халыққа қызмет көрсетудің өркениетті, мәдениетті жүйесін қалыптасыруымыз және халықтың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасауымыз керек. Биылғы жылғы Жолдауында ел Президенті тұрғындарға мем­ле­кеттік қызмет көрсетудің сапа­сын арттыру міндетін айқындап берді. Халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылды. Бұл бағытта айтарлықтар жұмыстар жасалды. Орталықтар жаңа заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Дегенмен де бұл саланы әлі де жетілдіре түсу қажет. Өйткені қазір бірқатар азаматтар халыққа қызмет көрсету мекемелерінің жұмысына орай ой-пікірлерін, ұсыныстарын айтып жүр. Электронды Үкіметті жаңа технологиялармен қамтамасыз етіп, бүгінгі заман талаптарына сай дамыту - әрқашанда кезек күттірмейтін мәселе. Осы бағытты жетілдіру үшін де нақтыланған бюджетте қосымша қаржы қарастырылды.

- Адам - біздің қоғамның басты байлығы. Осы байлығымыздың бағасын біле түсу үшін қандай іс-шаралар атқарылуы тиіс?

- Елбасы Жолдауында адам капиталының сапасын арттыруға кең көлемде тоқталды. Бұл алдымен, білім беру, денсаулық сақтау салаларына баса көңіл бөлінеді деген сөз. 2012 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджетте білім беруге 13,1 млрд теңге, ал денсаулық сақтау саласына қосымша 18,6 млрд теңге бөлініп отыр. Білімнің сапасын арттыру арқылы, адамдардың денсаулығын жақсартудың нәтижесінде елдің де келешегіне үлкен бір оң қадам жасалады.

Мемлекет басшысы Жолдауында адам капиталының сапасын жақсартудың жолдарына тоқталғанда, мемлекет-жеке меншік әріптестігі, ауылдық жерлерден және аз қамтамасыз етілген отбасылар­дан шыққан жастар­дың жол жүруі мен өмір сүруін субсидиялау, жатақханалар желісін дамыту тетіктері арқылы білім берудің қолжетімділігін кеңейту қажеттігін айтты. Өйткені қазіргі кезде көптеген студенттеріміз жатақханасыз жүр. Пәтер жалдап тұрады. Әсіресе, Астана мен Алматы қалаларында, облыс орталықтарында пәтер жалдау ақысы өте қымбат. Көптеген жастар пәтерден-пәтерге көшіп жүріп, сабағына жеткілікті көңіл бөле алмай қалады. Дайындалатын орындары болмайды. Содан келіп білімнің сапасы кете бастайды. Сондықтан да студенттерді жатақханамен қамту - маңызды мәселенің бірі.

- Соны шешудің жолдары қарастырылып жатыр ма?

- Иә. Осы орайда Елбасының тапсырмасы негізінде бірқатар оқу орындары жанынан жаңа жатақханалар салынатын болды. Атап айтқанда, Білім және ғылым нысандарын салу және күрделі жөндеу жөніндегі бағдарламасы бойынша жеті жатақхана құрылысына қаржы бөлінеді. Соның ішінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті, Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агро-техникалық университеті, Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті жаңа жатақханалармен қамтамасыз етілетін болды. Сонымен қатар Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесіне 170 орындық және Қазақ қыздар педагогикалық университетіне 250 орындық екі жатақхананың жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге, сондай-ақ Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне салынып жатқан екі жатақхананың құрылысын аяқтау үшін бюджеттен қаражат қарастырылып отыр. Яғни, студенттерді жатақханамен қамту мақсатында жаңа нысандардың құрылысына нақтыланған бюжетте 2,3 млрд теңге көзделген.

- Халықтың талап-тілегіне баса көңіл аударатын депутат ретінде Сізді тағы қандай мәселелер толғандырады?

- Елбасы Жолдауда зейнетақы жүйесін жетілдірудің жолдарын нұсқады. Жолдауда мемлекет басшысы: «Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп бірінші жартыжылдықтың со­ңы­на дейін зейнетақы жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар қалыптастыруы керек»,- деді. Яғни, бұл қазіргі кезде халықты көп толғандыратын өзекті мәселені алдағы уақытта шешудің жолдары қарастырылады деген сөз. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу кезінде өңірлерге барғанымызда кездесулерге келген азаматтар, әсіресе, ең төменгі зейнетақыға байланысты көп сұрақтар қояды. Сондықтан бұл мәселе мені де көптен бері толғандырып жүр. Қазір елімізде ең төменгі зейнетақы алатындардың саны 500 мыңға жуық екен, олардың көпшілігі - мұға­лімдер, дәрігерлер, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік сала қызметкерлері және қарапайым жұмысшылар. Бүгінгі таңда еліміздегі ең төменгі зейнетақы мөлшері 17 491 теңге. Базалық зейнетақыны қосқанда 26 211 теңге болады. Бұған қазір күн көру мүмкін болмай тұр.

Сонда олар: «Неге біз 30-40 жылдай еңбек етіп, бар болғаны  26 мың 200 теңге зейнетақы алуымыз керек? Зейнетақы төлемдерін қайта есептесе екен» деген ұсыныс-тілектерін айтты. Жақында Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдадым. Ең төменгі зейнетақы алып жүрген азаматтар да еліміздің өркендеуіне, өңірлердің дамуына өздерінің үлкен үлестерін қосты, аянбай адал еңбек етті. Сондықтан да, азаматтардың алатын зейнетақы мөлшері де олардың өмір сүру деңгейіне сай болуы керек. Әсіресе, өтпелі кезеңде ауырлықты көтере білген, бала тәрбиелеген әйел адамдардың еңбегі ақталуы керек. Осыған байланысты ең төменгі зейнетақы алып жүрген азаматтардың зейнетақы мөлшерін қайта қарау, көтеру мәселесін көтердім. Зейнеткерлердің зейнетақы 3 жылғы орташа еңбекақысы мөлшерімен есептеледі. Осы үлкен мәселе болып отыр.

Өйткені 1995-2000 жылдар аралығында көптеген мекемелер мен кәсіпорындар жабылып, адамдардың алатын жалақысы өте төмен болды. Кейбіреулер жұмыссыз қалды. Кейбіреулер зейнеткерлік жасқа жақындағанда жұмысынан айырылды. Жүргізілген ақша реформалары да зейнетақы мөлшеріне өз септігін тигізді.

Сонымен қатар зейнетақы қорларының мәселесін де түбегейлі шешу керек. Халықтың ақшасы осы қорларға жинақталған. Қазір қорлардың халықтың қолдағы ақшаларына қосатын үстеме табысы жылдық инфляция мөлшерінен төмен болып отыр. Өткен жылдарда зейнетақы қорларындағы қаражат өсімнің орнына, өз деңгейінен түсіп, құнсызданғанын да білеміз. 2008-2009 жылдары кейбір зейнетақы қорларының шығынға ұшырауына байланысты азаматтардың инвестициялық табысы азайып кетті. Осы мәселелерді біржола шешіп, халыққа ыңғайлы, тиімді болуы үшін зейнетақы қорларының бірыңғай жүйесін қалыптасыру қажет. Ең бастысы, әр зейнеткер қай қоғамда болса да, осы біздің еліміз үшін жасаған еңбегіне орай зейнетақысын алуы тиіс. Елбасының алға қойған міндеті де - осы.

- Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жолға қойған елдің бірі - Қазақстан. Енді осы жобаны одан әрі қаржыландыру ісі қалай болмақ?

- Бұл бағдарламаға келетін болсақ, бекітілген бюджетте 14,5 млрд теңге қарастырылған еді. Енді Елбасының тапсырмасына орай нақтыланған бюджет жоспарында 15,1 млрд теңге бағытталып отыр. Соның ішінде «Бизнестік жол картасы - 2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 11,5 млрд теңге көзделген болса, соған қосымша 7,8 млрд теңге бөлінді. Бұл бағдарлама барлық өңірді де дамытуға жол ашып отыр.

Сондай-ақ Елбасы Жолдауында атап өткен, «Жез­қазған - Бейнеу» және «Арқалық - Шұбаркөл» екі темір жол желілерінің құрылысына және «Қарталы-Тобыл-Көкшетау-Астана» газ құбырын салу үшін жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін жеткілікті қаражат қарастырылған. Темір жол салу, газ құбырын тарту өңірлердің қарқынды дамуына үлкен қолдау болары сөзсіз. Және де халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, экономиканың дамуына зор ықпал етеді.

- Енді ауылдардың жағдайын жақсарту, ауыл шаруашылығы өнімдерін сапалы шығару мәселесі туралы айтып өтсеңіз?

- Елбасы осы жылғы Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытудың бағыттарын көрсетті. Қазақстанның аграрлық саласына үлкен қолдау жасалса, жеткілікті деңгейде қаржы бөлініп, мал және егін шаруашылығын дамытсақ, өз өнімдерімізді экспортқа көлемді түрде шығаруға қол жеткіземіз. Азық-түлік тауарларымыз шетелдік өнімдермен бәсекеге төтеп бере алатындай сапалы болу керек. Біздің елдің астығына сұраныс өте жоғары және шетелге жақсы экспортталып келеді. Ендігі жерде басқа өнім түрлерін шетелге шығаруды жолға қойсақ, ұтарымыз көп. Елбасы ет өндіруді арттыру және экспортқа шығару міндетін алға қойды. Ірі қара және қой етіне әлемде сұраныс көп. Алайда, біз қой мен сиыр етін шетелге шығарудың жүйесін қалыптастыра алмай келеміз.

Елбасы биылғы жолдауда Үкіметке мал шаруашылығының басқа салаларын, оның ішінде қой шаруашылығын, сондай-ақ жемазық өндірісі мен шалғайдағы жайылымдық мал шаруашылығын дамыту жөніндегі бағдарламаны жасауды тапсырды. Яғни, осы саланы өркендету арқылы өзімізді етпен, азық-түлік өнімдерімен толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ сапалы тауарды шетелге шығаруға қол жеткізуіміз қажет. Жаңа заман талабына сай шағын қалалар мен аудандарда, ауылдарда ет, жүн, тері өңдейтін цехтар комбинаттар ашылса деген халықтың тілегі бар. Кездесулерде сайлаушылар осындай өтініштерін айтқан болатын. «Біз мал өсіріп отырмыз, бірақ оның жүнін, терісін өңдейтін кәсіпорындар жоқ»,- дейді ауыл тұрғындары. Шынымен де, Түркия сияқты дамыған елдер тері бұйымдарынан жасалған тауарлармен әлем рыногын өзіне қаратып отыр десек, артық айтқандық емес. Міне, осындай өндіріс орындарын ашуымыз керек.

- Осы салаға қосымша қаржы бөлінді ме?

- Ауыл шаруашылығын дамытуға нақтыланған республикалық бюджетте қосымша 4,9 млрд. теңге қаражат бөлініп отыр. Соның ішінде «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жүзеге асыруға 1,2 млрд. теңге қарастырылған. Айта кету керек, бір ерекшелігі енді мал дәрігерлері де осындай жеңілдіктерді пайдаланып, ауылдық жерге барып жұмыс істегені үшін мемлекеттің қолдауында болады. Бұрын мал дәрігерлері бұл санатқа жатқызылмаған еді. Енді Елбасы Жолдауына сәйкес қосымша қаражат бөлініп отыр. Бұл өте дұрыс. Яғни, ауылға барған жас мал дәрігеріне тұрғын үй алуға пайыссыз несие беріледі, сонымен бірге барғаны үшін көтермелеу қаражаты беріледі.

- Қомақты қаражат бөлініп отыр. Осы ел бюджетінің қаржысы талан-таражға түсіп, мақсатсыз жұмсалып кетпеуі үшін қандай шаралар қабылдау қажет?

- Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыру үшін бюджеттен көлемді қаржы жұмсалғалы тұр. Осыны қатаң бақылауға алып, нақты көзделген мақсаттарға жұмсалуын қамтамасыз етуіміз керек. Ол үшін бақылау, тексеру жүргізетін Қаржы министрлігі, Есеп комитеті және Қаржы полициясы, тексеру комиссиялары жобаларды жүзеге асырған кезде қаражаттың шашау шықпауына баса назар аударуы қажет. Өйткені бұл халықтың қаражаты, ел бюджетінің қаржысы. Қаражатты неғұрлым тиімді пайдалансақ, соғұрлым, мемлекетке, халыққа пайдалы болатыны сөзсіз. Бұл бағытта жауапкершілікті арттыру үшін қолданыстағы заңдарымызға толықтырулар енгізілді.

- Халықтың әлеуметтік жағдайын әлі де жақсарта түсу үшін тағы қандай заңдарға толықтырулар енгізілуі қажет деп ойлайсыз?

- Айтып өткенімдей, бірінші кезекте Елбасының Жолдауын жүзеге асыру үшін «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң қабылданды. 16 наурыз күні бұл Заңға Мемлекет басшысы қол қойды. Екіншіден, қолданыстағы бірқатар заңдарға да толықтырулар енгізілетін болады. Соның ішінде зейнетақымен қамсыздандыру туралы, тұрғын үй қатынастары туралы, Еңбек кодексіне, шағын несие ұйымдары туралы, ауылдық елді мекендерді дамыту жөніндегі және басқа да көптеген заңдар жаңа түзетулермен толығады деп ойлаймын.

- «Нұр Отан» партиясының алдында тұрған негізгі міндеттеріне тоқталсаңыз?

- Парламент Мәжілісінің сайлауы қарсаңында «Нұр Отан» партиясының тұғырнамасы қабылданған болатын. Қазақстанның 2017 жылға дейінгі ұлттық іс-қимыл жоспары жасалып, елдің дамуы жан-жақты қамтылған. Қай салада қандай жетістіктерге қол жеткізуге тиіспіз? Соған партияның ықпал етуі, белсенді түрде атсалысуы көрініс тапқан. Бүгінгі таңда сала-сала бойынша іргелі жұмыстар атқарылып жатыр. Әсіресе халықтың әл-ауқатын жақсартуға, әлеуметтік жағдайы, экономиканы одан әрі дамытуға ерекше назар аударылады. Елбасының Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыратын болсақ, «Нұр Отан» партиясының бағдарламасын да орындауды қамтамасыз етеміз.

«Нұр Отан» партиясының тұғырнамасын іске асыру үшін қаражат қажет. Республикалық бюджетке толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау кезінде партия фракциясының отырысында депутаттар өз ұсыныстарын айтып, пікірлерін жеткізді. Сонымен бірге біздің атымызға халықтан  хаттар көп келуде. Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде халықтың айтқан ой-пікірін, ұсыныстарын, талап-тілектерін, хаттардағы мәселелерді үкіметке, тиісті мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар арқылы да жеткізіп, көкейкесті мәселелердің оң шешім табуына ықпал етудеміз. Осыған байланысты Заң жобаларына депутаттар тарапынан да ұсыныстар енгізілуде. «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында халықты қабылдау жүзеге асырылуда. Біз сайлаушылармен әркез тығыз байланыстамыз. Олардың талап-тілектері заң жобаларын талқылау кезінде де назарда болады.

- Партияның жиналыстарында қандай мәселелерді көтеріп жүрсіз?

- Фракция отырысында баяндама жасап, бірқатар ұсыныстарымды айттым. Мәселен, болашақта жалға баспана алған жас отбасына бала санына қарай сол алған үйлерін тегін жекешелендіру тетігін қарастыру керек деген ұсыныс. Менің ойым «Қолжетімді баспана» бағдарламасында бұл ұсыныс көрініс тапса деген ниет. Өйткені бізге қазір демографиялық жағдайды жақсарту үшін жас отбасыларға қолдау көрсетуіміз керек, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету керек.

Сонымен қатар жас отбасыларының балаларын балабақшамен қамтамасыз ету мәселесі толық шешімін тапқаны жөн болар еді. Соны шешу мақсатында «Балапан» бағдарламасы жасалды. Сондай-ақ жас отбасыларына жақсы жалақы алатын, өз мамандықтарына сай жұмысқа орналастыруды қолға алуымыз керек. Сол арқылы біз еліміздегі демографиялық және әлеуметтік жағдайды жақсартуға қол жеткіземіз.

Тағы бір ұсынысым, бір салалы шағын қалалардың жағдайын жақсарту жөнінде болды. Шағын қалаларда жұмыс орындарын ашуға, жылу, су мәселелерін шешуге, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға арнайы қаражат қарастырылуы керек екенін айта кеттім. Жаңа жиырма бірінші ғасырда елді мекендерді көрікті ұстау, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау да біз үшін өте маңызды.

- Әңгімеңізге рақмет. Депутаттық қызметіңізде абыройға бөлене беріңіз.

 

 

Автор: Айдын Бәймен