Алғыс арқалаған азамат
«Алматы Ақшамы» газеті
07.06.2012 ж. №69 (4630)
Рая ЕСКЕНДІР
Бүгінде ел аманатын арқалап, көптің алғысын алып, алты Алаштың баласын алаламай, қолынан келген көмегін көрсетіп жүрген халық қалаулысы Нұртай Сабильяновтың қараша қазағына жасаған қайырымды шараларын санамаласаңыз, саусағыңыз жетпейді.
Бала күнінен қолында барын басқаларымен бөлісуге дайын тұратын қағілез баласының осы мінезіне қарап, әкесі мен марқұм анасы «осы ұлымыз көпшіл, түбі халқына жақын болып өсетін түрі бар» деп үміт күткен екен.
Сол бала Нұртай өмір баспалдақтарынан аттаған сайын, ұлық кісілердің ұлылығын, қарапайым жандардың кішілігін, алғыс алған жандардың тектілігін жанына балап өсті.
Кішкентайынан қиса-жырды жаттап, аңыз-әңгімелерді көп тыңдағаннан болар, айтыс десе елеңдеп, ұмыт бола бастаған өнердің қайта тірілуіне үлес қосқандардың бірі болды.
Туған жері Семей өңіріндегі Аягөз ауданы, Шыңғожа батыр ауылының кескін келбетін сақтап қалуда да осы Нұртайдың еңбегі зор.
Бір кездері ауылдағы жұрт қалаға ағылып, талай ауыл қаңырап бос қалып жатқанда да бұл топырақ қайта гүлденіп, көркейіп, сақталып қалған еді. Ауылдағы мешіт пен жастардың бас қосатын Мәдениет үйіне, ауыл кітапханасына бас сұққандар ел азаматына алғыс айтып, ризашылығын білдіріп жатады.
Осы өңірде дүрілдеп өткен Қозы мен Баянның 1500 жылдық тойына да Нұртай Салихұлы демеушілік етіп, сауапты іс тындырғаны мәлім.
Әлгінде айтқанымыздай, Нұртайдың «ақсың, қара, сарысың» деп бөлетін «әдеті» жоқ. Тараздың тумасы, қазақтың оғлан ұландарының бірі Бақтияр Артаев пен оның жаттықтырушысын туған ауылына арнайы қонақ етіп шақырып, шапан жауып, тақымына темір тұлпар мінгізіп құрмет көрсетуі – бұл азаматтың азаматының ғана қолынан келетін іс болса керек.
Қазақта «Бір жетімді қуантсаң, жұмақтың жеті есігі ашылады» деген жақсы сөз бар. Осы жылдар ішінде Нұртай Салихұлы қаншама көгенкөздің көзінің жасын сүртті десеңізші.
Сірә, баланы жанындай жақсы көретін жандардың өмірде де балаларға жақын жүретіні сәйкестік пе екен, әлде кездейсоқтық па екен?..
Өзінің туған күнін Нұртай Салихұлы балалар үйінде атап өтуді әдетке айналдырған. Халықаралық балаларды қорғау күніне тұспа-тұс келетін туған күн мерекесін Науалыдағы балалар үйінде тәрбиеленуші балалардың ортасында атап өтіп жүрген Нұртай бұл күні мұнда бос келмейді.
Балалар үйіне қажетті деген музыкалық аспаптар, теледидар, компьютер сыныптары, ноутбук, нетбук, видеокамера дейсіз бе – барлығы Нұртайдың «мойнында». «Балалар көлге барып, шомылып, күнге қыздырынсын» деп бір жолы Нұртай Салихұлы шағын автобусты да алып берген. Содан бері бұл күні балалар тағатсыздана күтетін болған.
Бірде-бір топ өнер шеберлерін балалар үйіне бастап барған Нұртайдың аулаға кіргені сол болса керек, жан-жағынан жапырлай ұмтылған балақайлар бірі қолынан ұстап, бірі мойнына асылып, қонақтарды елей қоймаса керек.
Айта берсеңіз, қарапайым азаматтың мұндай қайырымдылықтары толып жатыр. Сол Науалыдағы балалар үйінің тәрбиеленушілері Нұртай ағаларының арқасында ару Астананы көріп, қонақ болып, арқа төсіндегі ертегі қаланы өз көздерімен көріп қайтқан еді.
Ал келесі 2011 жылдың көктемінде өзіне білім берген ауылдағы бір топ ұстазын Астанаға шақырып қонақ етіп, шәкірттік парызын өтегені бар. Биылғы жылы көктемгі демалысты Алматыдағы М.Мақатаев атындағы №140 мектептің 20 озат оқушысы Нұртай ағаларының арнайы шақыртуымен Астанада өткізіп қайтты. Бұл жөнінде кезінде «Ақшам» жазды да. Сол жолғы барлық балалардың ыстық ықыласын Нұрила есімді бастауыш сынып оқушысының бірауыз сөзге сыйдырғанын да жазған едік.
Періште көңіл сол жолы «Сізге арнап жазға дейін өлең шығарып қоямын» дегені әсте тегін болмаса керек. Нұриланың өлеңді бір күнде, бір айда емес, жарты жылға жуық жазуы жай ғана рахмет арқылы жеткізудің мүмкін емес екендігінен болса керек. Балаларының алғашқы тұсауын Мәжіліс үйінің босағасында кескенін қазір ата-аналардың барлығы да жақсы ырымға балап, парасатты азаматқа, оның отбасына алғыстарын білдірумен болды.
Осынау сауапты істерін жарнамалағандай болмайын деп, елеусіз-ақ жасағанымен, сырт көз сыншы емес пе, күнделікті ақпарат көздері жариялап жіберіп жатады.
Елінің елеулі азаматының «Алтын жүрекке» ие болуы әбден орынды болса керек. «Атымтай жомарттың» шапағаты еліміздегі жоғары оқу орындарында оқитын студенттерге де тиіп жатыр. Мәселен, Семейдегі пединститутта Нұртай тағайындаған 2 стипендия, өзі білім алған «Нархоз» қазіргі Т.Рысқұлов атындағы университетте 4 стипендия иегерлері бар. Талантты жас спортшыларға да көмегін аяған кезі жоқ.
Осыдан біраз жыл бұрын қазақтың атақты жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың бір кездесу кешінде өзінің екі бірдей кітабының тағдыры Нұртайдың арқасында шешілгенін мақтанышпен айта келе «бір жас жігіт «аға, бала күнімде сіздің «Махаббат, қызық мол жылдарыңызды» басыма жастап, «Ақиқат пен аңызыңызды» құшақтап жүріп өскен едім. Сіздің кітаптарыңыз менің өмірлік кредома айналды. Көп нәрсе үйрендім. Бала күнгі қарызымды қайтару үшін шықпай жатқан кітаптарыңыз болса, шығарып берейін» дегенде, көзімнен жас шығып кетті» дегені бар еді.
Шығыс Қазақстан облысының Аягөз, Жарма, Үржар аудандарындағы сайлаушылардың аманатын ғана емес, бүкіл қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген азаматқа деніңіз сау болып, аттан түспеңіз дегіміз келеді.