Сабильянов
Нұртай
Салихұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
Ел мүддесі мен ер мұраты тоғысқанда - "Алматы Ақшамы" газеті
Ел мүддесі мен Ер мұраты тоғысқанда

 

Мемлекетшіл

 

Ел мүддесі мен ер мұраты тоғысқанда

 

«Алматы Ақшамы» газеті

07.06.2012 ж. №69 (4630)

 

Еліміз Тәуелсіздік жылдарынан бермен қарай халқымыздың берекелі бірлігі мен тату тірлігі арқылы дәулеті мен сәулеті сай әлем таныған, абыройлы мемлекетке айналды.

Қоғамымыздың тұрақтылығы мен ұлыстың ынтымағы, тыныштық пен түсіністік мерейі – отандастарымыздың ортақ жеңісі. Бұл орайда демократиялық дамудың даңғыл жолындағы халық қалаулылары – Парламент депутаттарының алар орны да айрықша. Сол депутаттардың қатарында ел мүддесі мен мемлекет мұратын тоғыстыра тұтастыққа бағыттап, қоғамымызды біріктіре түсуге бүкіл саналы ғұмырын арнап келе жатқан Нұртай Сабильянов бүгінгі күндері 50 жасқа толып отыр. Мұндай елтұтқалар қандай құрметке де лайық!

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Қазақстанды бұдан да мықты, берік, тұрақты мемлекетке айналдыру – сіздердің қолдарыңызда», – деген сөзінің ауқымды мазмұнында халқымызбен тынысы бір депутаттарға да көрсетілген сенім жатқандай.

Елбасының аманатына еліміздің әрбір азаматы сияқты Нұртай Сабильяновтың да өзін жауапкершіліктімін деп білетінін оның мына бір сұхбатынан да аңғарамыз: «... Парламенттің мүддесі – Қазақстан халқының болашағы мен Тәуелсіздігін нығайту», – дейді Нұртай.

Нұртайдың бұл асқақ үні сонау Тәуелсіздік жолындағы 1986 жылдың Желтоқсан дауылындағы жас қыран Нұртайдың бүкіл елі танып білген азатшыл ұранының жалғасындай. Сондағы ұлты үшін намыс биігінен ақ алмастай жарқылдап көрінген Нұртай бүгіндері де сол биіктен жоғарыламаса, төмендеген жоқ, сол жолдан жалтарып, айныған жоқ деп ойлаймын.

Иә, бұл – ел білетін Нұртай!

Нұртай Сабильянов туралы шексіз сыр шертуге болады. Менің айтайын дегенім – оның ел болашағын ойлаған кемел перзент ретінде жас ұрпақ тәрбиесіне көзқарасы мен жеке үлгісі.

Өзім еңбек ететін Алматы қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы №159 гимназияда шәкірттеріміздің ішінде Н.Сабильяновтың да ұрпақтары оқып жатқандығынан ол азаматты осы қырынан көбірек танып білдік. Бүгінгі мектептің дамуын ата-аналарсыз елестету мүмкін емес. Қазіргі күндері баланың тұлғалық өсіп қалыптасуында өздерін мектеппен бірдей жауапты оқу-тәрбие субъектісі ретінде сезінетін, еңбек сіңіретін, күресетін жаңа ата-аналар легі қалыптасуда. Н.Сабильянов – сол көштің басында жүрген ата-ана.

Осы орайда Нұртай Сабильяновтың елу жасқа толу мерейтойы қарсаңында, «Төрі түгел шаңырақтың төбесі биік» дегендей, есімін ел ардақтайтын бұл ата-анамыздың салтанатты белесінде өз лебізімізді білдіруді парыз санап, бір-екі ауыз сөз айтуды жөн көрдік.

Біздің мектепте үлгілі шәкірттер санатынан көрініп, Нұртайдың Әкежан (11-сынып), Нұрлан (8-сынып), Сара (1-сынып) атты ұл-қыздары сапалы білім алуда. Кешегі 25-мамырда өткен бүкілқазақстандық «Соңғы қоңырау» мерекесінде гимназиямыздың қасиетті қоңырауын соғу құрметіне оқу озаттары – Балжан Мұқашева, Азамат Қазақбаев, Еңлік Мұратқызы, Мейірлан Аманбек, Ақбота Алиқұл, Айдар Какимов, Мадияр Қалдыбайлармен бірге, Әкежан және 1-сыныпты үздік бітірген Салих Сара да (Сабильянова) ие болды.

Республикалық Парламент мінбесінен әкелері Нұртайдың: «Халыққа қызмет етіп, .... уәдемізді және бағдарламаларымызды орындауға тырысамыз», – деген сөзіне оның ұрпақтарының қолынан соғылған қоңырау да өз үнін қосқандай сезіндік. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының нышаны еді. Бұл көрініс Қазақстанның даму үдерісінің мәңгі ағысының символындай әсер қалдырды.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының интеллектуалды ұлт қалыптастыру міндетін алға қойып отырғаны республикамыздың білім беру жүйесіне серпін беруде. Соның ішінде мектептеріміздің педагогикалық ұжымдары өзін-өзі қайта құрып, интеллектуалдық ілгерілеу, жаңару үрдісінде алға ұмтылуда. Интеллектуалды ұрпақ дайындау үшін интеллектуалды ұстаздармен бірге, ата-аналардың да интеллектуалды болуы шарт. Нұртайды сондай ата-аналардың бірі деп білеміз. Мектебіміздің педагогикалық ұжымы мен ата-аналар ынтымақтастығы – табыс кілті, ілгерілеу тетігі. Гимназияның оқу-тәрбие жұмысын инновациялық тұрғыда құрудағы мұғалімдердің жаңашыл ізденістері, шәкірттердің ынта-жігері, Нұртай сынды ата-аналар тарапынан берік әрі тиянақты қолдау тауып, өз жемістерін беріп, мектебіміз екі дүркін – 2000 жылы және 2011 жылы республикамыздағы ең таңдаулы мектеп атағын жеңіп алды. Шәкірттеріміз жыл сайын қалалық, республикалық, халықаралық түрлі білім, өнер, спорт, т.б. сайыстарда алдыңғы орындардан көрінуде. Мектептегі сыныптан тыс оқу-тәрбие шараларының жүйесінде ата-аналарымыздың да қолтаңбасы үлкен. Олар оқушылардың алдыңғы ұрпақ саңлақтарымен кездесулеріне белсенді қатысып, ұлттық тәрбие ісінің ықпалдылығын арттыруда өлшеусіз үлгі танытуда. Сондай естен шықпас кездесулер ортасынан Н.Сабильяновты да шәкірттеріміз жиі көреді, оның халқымыздың асыл құндылықтарын жалғастыру туралы әсерлі сөздерімен қанығады, Отанын сүюге ынталана түседі, ұлтының қастерлі өкілі болуға ұмтылады.

«Алаш жұрты бар болсаң, халқыңа тиер пайдаң болсын, батыр болсаң, халқыңды қорғар найзаң болсын» дейді емес пе! Бұл Нұртай сияқты ел десе ішкен асын жерге қоятын ерлер туралы айтылған сөз болса керек. Ол – үнемі, өзі айтқандай, қарапайым халықпен сөйлесіп, кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдау, сөйтіп елдің әл-ауқатын көтеру үшін қолдан келгенді жасау үстінде танылып жүрген азамат.

Отаншылық рухты жас ұрпақ бойында дарыту мақсатында елордамыз Астана қаласына оқушылардың саяхатын ұйымдастыру тәрбие ісінде барған сайын орныға түсуде. Сондай ізгі шаралардың бірін Нұртай тікелей өз қаржысының есебінен ұйымдастырғанын айту керек. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тілек бар халқымызда. Осы өтіп жатқан 2001-2012 оқу жылында Н.Сабильянов Алматы қаласындағы №140 мектеп оқушыларының үлкен бір тобын елордамызға шақырып, шәкірттерді Қазақстанның 20 жылдағы табыстарының аса бір биік шоқтығымен көзбе-көз табыстырды. Ол жас жүректерге жасампаздық рухы дәнінің гүлдеуіне баға жетпес септік етті. Нұртайдың қамқоршыл ісін біздің мектеп те өз көзімен көруде. Н.Сабильянов ата-ана ретінде де меценаттық дәстүрін жалғастырудағы істерінің бірін ғана айтсам: ол – біздің мектептің талай бәйгелі додаларында дүркіретіп күй тартқан күйшілерінің, мың құбылтып билеген бишілерінің үлкен құрамын ұлттық киіммен киіндіріп, қанаттандырған адам.

Ұлтым деген әрбір қазақ ана тілінің сақталып, кең қолданыс табуына шама-шарқынша үн қосуда. Алайда, өкінішке қарай, «молданың айтқанын істе, істегенін істеме» дегендей, солардың ішінде туған тілім деп ат үстінде ғана айғайлап, отбасында өз тілінде сөйлемейтіндер қаншама?! Ондай отбасының балалары өз тілін, өз ұлтын құрметтейді деп айту қиын. Нұртай ондай Нұртай емес. Ол сөзі мен ісі бөлінбейтін жан. Оның біздің №159 гимназияда оқитын балаларының ана тілінде көсіле, емін-еркін сөйлейтіні, ұлттық өнерімізден жан-жақты қабілеттілігі кімге де болса үлгі.

Біз өмір мен саясат тұтасып, бір денеге айналған қоғамда өмір сүрудеміз. Әрбір қазақстандық өз өміріне үлкен жауапкершілікпен қарап, оны ел игілігімен бірлікте жүзеге асыра білсе, мемлекетіміздің әлеуметтік саясатын да жүзеге асырушы болып шығады. Ел білетін Нұртай – осындай Нұртай. Оны қашан да таразы басын тең ұстай білетін, өнерімен халқының, мемлекетінің құрметіне бөленген қайраткер деп ойлаймын. Мұндай азаматтарымыз Тәуелсіздігіміздің нағыз тірегі ретінде танылуда. Барын бағалай білетін, құтын қадірлей алатын ері болса, ол елдің болашағы зор. Нұртай – сондай ердің Ері.

Нұртайға ер жасы елуге толуына байланысты білдіріп отырған ризашылығымызды елімізге, қоғамымызға, мемлекетімізге, әрбір отандасымызға, соның ішінде ата-аналармызға деген алғысымыздай қабылдайды деп ойлаймын. Мерейлі мәртебеңнің қызығын, бақытын еліңмен, отбасыңмен, ұрпақтарыңмен бірге көре бер дейміз Нұртайға!

 

                                     Аягүл МИРАЗОВА,

Алматы қаласындағы

№159 гимназия директоры,

Қазақстан Республикасының Еңбек Ері,

Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер.