АЛТЫН ОРДА
№ 39(297)
30 қыркүйек – 6 қазан 2005 жыл.
«ЕЛДІҢ ҚАДІРІН БІЛСЕҢ, ЕЛ ДЕ СЕНІ ҚАДІРЛЕЙДІ... »
Мәжіліс депутаты Нұртай САБИЛЬЯНОВ саяси сахнаға қадам баспаған кезінде-ақ халыққа етене жақындығымен белгілі адамдардың қатарынан көрініп жүрді. Қазір де халық қалаулысы ретінде қоғамдағы хал-ахуалға өз көзқарасын айқын айтып жүрген азамат.
Сексен алтының ызғарлы желтоқсанында жанын жалау еткен ержүрек, қаржысын қазақтың мүддесіне жұмсайтын меценат, бүгінгі депутат Сабильянов пен «Алтын Орданың» тілшісі арасындағы сұхбат былай өрбиді:
Депутаттың нөкері – сайлаушылары
-- Нұртай Салихұлы, жазғы демалысыңызда Алакөлде боламын деп едіңіз...
-- Алакөлде болған төрт күнім жақсы демалыс қана емес, халықпен емен-жарқын кездесулердің сәтті күндері болды. Халықпен арадағы байланыс көпірін мықтай түсті десем артық айтқаным болмас. Елдегілер Астанадан келгендердің, соның ішінде жоғары лауазым иелерінің нөкерімен жүретініне үйренген емес пе. Содан Мәжіліс депутаты Алакөлге нөкерсіз, өз бетімен демалуға келеді деп ойламаса керек, көлдің жағасында «жалаңаш» дем алып отырған Сабильянов емес, оған ұқсас біреу, емес пе екен өзі дегендер де табылды. Осы ретте мына бір жайды айта кетсем деймін. Менің көзіме бір-бірімен келісе алмай, маған қарап тұрған екі әйел түсті. Бірі депутат Сабиляновтың бұлайша «жабайы» дем алуы мүмкін емес десе, екіншісі бұл өзіміздің депутат Сабильянов дейтін болса керек. Содан әлгі екеу маған келіп, жөн сұрасты. Осылай сайлаушыларым мені, мен сайлаушыларымды жақын біліп, танысып, әңгімелесіп, дәмдес болдық. Әкімдердің түсіндірмесінсіз-ақ халықтың жағдайын біліп, мұң-мұқтаждарын тыңдадық. Парламент биліктің бір тармағы дегенмен, Парламенттің атқарушы билікке қарағанда жөні бөлек. Ал, Мәжіліс депутаттары өзін халық сайлаған соң, қашанда халыққа жақын болып, шенеуніктерден нөкер ертпей, жүріп-тұрса, одан беделі төмендей қоймас. Халқымызда «Қасында қара көп болса, нөкер емей немене? Шөлдегенде ішкен су шекер емей немене? Ат жалынан тапқан мал бекер емей немене?» - деген дана сөз бар. Бұған не айтасыз?
-- Демек, Сіздің нөкеріңіз – сайлаушыларыңыз болды ғой.
-- Иә, депутат жалғыз жүрмейді, оның жанындағы нөкері --- сайлаушылары десек, дұрысы сол болар. Ал, әкімдердің Астанадан, Өскеменнен келген қонақтарды күтіп алып, шығарып салудан басқа да жұмыстары жетеді емес пе.
Байламы жоқ элита
-- Сіздің сөзіңізге қарағанда, депутат болудағы мақсатыңыз халықтың қамын ойлап, жоғын жоқтау тәрізді. Мұндай сөз бүгін ешкімді иландыра қоймаса керек. Адам – пенде. Олай болса, оған көптің мүддесінен қара басының мүддесі жақын. Мәселенки, біреулер депутаттыққа мансап үшін, екінші біреулер, Сіз сияқты бизнесмендер өзінің бизнесіне «крыша» болу үшін, үшінші біреулерді биліктің өзі депутаттыққа әкеледі, әйтеуір артында тұрған біреулердің сойылын соғу үшін келеді дегендей, себептердің бар екенін жоққа шығаруға болмас. Сіз бұған не айтасыз?
-- Менде бизнесімді қорғайын, немесе белгілі бір топтардың мүддесін қорғайын деген ой болған емес. Және болмайды да. Өйткені бизнесте жұмысымызды заң шеңберінде жүзеге асырдық. Сол сияқты қандай да бір топтарға кірмеймін. Сонда менің Мәжіліс депутаты болудағы мақсатым не? 1994 жылы менің замандастарым мансапты мемлекеттік қызметтен табуды ойлап жатқан кезде, өз бағымды халыққа қызмет етуден сынап көргім келді. Сол оймен 32 жасымда Семей жаққа барып, депутатттыққа кандидат болып түсіп, қыстың қақаған суығында жалғыз “Москвичпен” ел аралап, кездесулер өткіздім. Бірақ әртүрлі себептермен жолым болмады.
-- Сонда Сізді халық қолдамады ма, әлде билікке жақпадыңыз ба?
-- Жасыратын не бар, мен сайлауға түскен өңірде атқарушы билік тарапынан да басқа да кедергілер болды. Менен де көптеген кемшіліктер кетті. Енді оған ешқандай өкінішім жоқ. Уақыт бәріне сыншы. Семей жақтан шыққан соң, ертең депутат болып алып, оппозициялық пиғылдағылармен “қол ұстасып” кетуі мүмкін, тіпті, осы топтағылардың бірі емес пе екен? – дегендей күмәнмен қарау сияқты себептер болды-ау деп ойлаймын. Егерде, жығылған жұдырыққа тоймайдының керін келтіріп, 4 рет сайлауға түсіп, соның соңғысында ғана, яғни 10 жылдан кейін депутаттыққа жетсем, менің көздеген мүддем, қайталап айтамын, екі сынақ полигонының ортасында орналасқан Семей өңіріне жоғарыдығылардың, биліктегілердің назарын аудару, халықтың жоғын түгендеп бермесем де, қолымнан келгенше көмектесу. Семей өңірі халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын білсеңіз, менде басқадай мүдде жоқтығын түсінер едіңіз. Тіпті бұған қазір мына Парламенттегі іс-қимылым да дәлел бола алады. Ал, менің сол өңірдің тумасы бола отырып, халықтың мүддесін аттап кетуім мүмкін емес. “Ер жігіт бір күнде – бір кісілік, бір күнде мың кісілік” деген сөз бар. Төртінші рет бақ сынап барып, депутат болсам, халқыма ғана емес, басқаға да танылып, тәжірибе жинағаным болар. Қалай болғанда да, жеңілгенде, жасымасам, енді жеңгенде, тасымасам деймін.
-- Басқа дегенде, жергілікті элитаны айтасыз ба?
-- Өзімді халық қолдайды деп ойлаймын. Ал, элита дейміз-ау... Олар кім? Әкімнің жанында жүргендер, бұрын атқарушы билікте қызмет еткендер ме? Мысалы, кезінде қызмет істеген Семей қаласында тұратын кейбір ақсақалдарымыз сайлау кезінде Аягөзге келіп, “ақыл” айтсам дейді. Аягөздің де өзінің ел сыйлаған ақсақалдары бар екенін естен шығармауымыз керек. Иә, элитамыз дейтіндерді көріп жүрміз қой. Байламы жоқ, екі емес, тіпті, үш бағытта жұмыс істеп жатады. Тіпті бір ауылда бір ағамыз сол ауылға келген 2 кандидатқа да бата беріпті. Мен барған кезде маған да бата берем деп шығып келе жатыр. Содан мен ол кісіні әзер тоқтаттым. Ұят-қой, әсіресе жастардан. Ондайларға арқа сүйеп, қолдау табамын деуге болмайды. Сондықтан мен негізгі күшті халықтың ортасынан шыққан, абыройлы, тәртібі дұрыс азаматтар мен халықтың өзіне салып, соларға сенім арттым.
-- Халықтың арасынан шығып, оның қолдауымен де билікке келуге болады дейсіз бе?
-- Сіздің сұрағыңыз айналып келгенде менің тегім болып отырған жоқ па? Осылай болса, бұл сұраққа өзі болған жігіттің тегін сұрап не етесіз, - деп-ақ жауап беруге болар еді. Дегенмен, мен біздің елде ауылдан шыққан азаматтардың да өзінің қарымтасына қарай биліктің бір жерінен шығуына болады деймін, өйткені бізде демократия алға дамып келеді.
-- Тосқауылсыз...
-- Неге, кедергілер, әрине, болады. Елдің бәріне жағу мүмкін емес. Біріне өзіңіздің, екіншісіне сөзіңіздің ұнамауы ықтимал. Дегенмен елдің қадірін білсең, ел де сенің қадіріңді білетіні анық. Сонымен қатар айта кетейін, 4 рет сайлауға түскенде біреуді жамандап, бір ретте кандидаттардың үстінен арыз жазған емеспін. Бәрін заңға сәйкес жүргіздік.
Байлар да “жылайды”...
-- Бар болған соң, халыққа шарапатыңыз әр жерде тиіп жүргенін естіп қаламыз. Жазғы демалысыңызда да біраз жақсы шаруаның бетін қайырғанға ұқсайсыз. Медпункт ашып дегендей. Мұныңыз өз сайлаушыларыңызға берген уәдеңізді орындау ма?
-- “Бар болсаң, бергеніңді айтпа, ер болсаң, жеңгеніңді айтпа”, деген екен бабаларымыз. Ал Сіз менің бір рет жеңгенімді айтқызсаңыз, енді бергенімді айтқызғалы отырсыз-ау. Конституция бойынша Парламент депутаты қандай да болсын аманатты мандатпен байланыстырмайтынын білесіз. Егерде, халыққа бір жерде жәрдемім тиіп жатса, мұным – адамгершілік тұрғыдан жасап жүрген істерім. Өзіңіз айтып отырғандай, бір кіші ауыл медпунктпен қамтамасыз етілсе, Үржар ауданы Елтай ауылындағы қаусап, құлап тұрған мәдениет үйін толық күрделі жөндеуден өткізіп, барлық қажетті жиһазбен және басқа да жабдықтармен жабдықтап, Республика күніне пайдалануға берем. Және өз округімдегі үш ауданнан 30 мұғалім мен қарапайым отбасынан 30 баланы күзгі каникулда Астанаға саяхат жасап, Елорданы көруіне қолдау көрсетпекпін. Бұрынғылардан қалған “ердің малы -- елдің малы” деген сөз бар. Әйтсе де мен халықтың жоғының бәрін түгендеп, жыртығының бәрін бүтіндеп беремін демеймін. Бірақ мүмкіндігіне қарай жәрдемдесу қашанда азаматтық борышым болмақ, көпке қарайлассам, одан дәулетім ортайып қалмас. Адамның бағы тек байлық болмас.
-- Сөзіңіздің төркіні байлар да “жылайдыға” келіп отыр ма, қалай? -- әрине. Байлар байыған сайын, оның проблемасы да көбейеді. Экономист болған соң, еліміз тәуелсіз мемлекет болғаннан бергі кімнің қалай бизнесті бастағанын, байығанына талдау жасап біліп жүрмін ғой. Байып алып, жақынын танымай кететіндердің де бар екенін білеміз. Және дүние мен байлықты жинағанмен, оларды дұрыс жұмсамай өкініште, жалғыздық күйін кешіп жүргендер де бар. Оған қарағанда тәуба деген дұрыс.
Ақшаға құныққан адам емеспін
-- Әйтсе де адамның көзі бір уыс топыраққа қана тояды деген сөз бекер айтылмаған болар. Тойымсыздық, қанағатсыздық кімге де жат емес, өкімет істемеген жұмысты жасап, қыруар қаржыны лақтырып тастай салу...
-- Менен “Осы Сіз ақшаны қайдан аласыз, қайдан келіп жатыр?” – деп сұрайтындар көп. Сіз де осы сұрақты қойғалы отырсыз-ау деймін. Мен оңай жолмен дәулет жиған адам емеспін. Мемлекеттік қызметте істеп, жекешеліндіруге қатысқан жоқпын. Сыбайлас жемқорлыққа да, көлеңкелі экономикаға да қатысым жоқ. Бизнесте заңды аттап өтпегенімді тағы айтамын. Азды-көпті бар адам болсам, оның бәрі еңбекпен, біліммен, өмірге деген дұрыс көзқараспен келген. Қазақта да бар болу керек қой.
-- Адалдық бизнестің серігі дегенге талайымыз сенбейміз. Мысалы, алдау, арбау, жалтару бизнесте болмайды деп айта аласыз ба?
-- Бизнеске әркім әртүрлі жолмен келеді. Біреулер қап арқалап, тең көтеріп жүріп, жиған-тергенін айналымға салады, енді біреулер несие алу арқылы кәсіпкерлікпен айналысады. Кезіндегі реформаларды, мысалы, жекешелендіруді пайдалану арқылы ірі бизнесмен болып кеткендердің де бар екені рас. Сондықтан Сіз айтқандай, алдау, арбаумен де айналысқан адамдар бар. Бірақ олар ұзаққа бармайды. Ал, менің ұстанымым -- алтын әзәзіл аздырар, адал еңбек бойыңды жаздырар. Салығыңды төлеп, заң шеңберінде бизнес жасап та, көштен қалмай, жақсы жағдай жасауға болады.
-- Бұл қанағатшылдық па?
-- Солай деуге болады. Көзсіз тойымсыздықтың соңы жақсылыққа апармайды. Шынын айтқанда, мен қанағатшыл адаммын десем, мақтанғаным емес. Мына бір жайды айта кетсем, мені түсінерсіз. Менің әкем Салих – соғыс және еңбек ардагері, Ленинград қоршауын бастан өткізген. Жасы қазір 86-да. Аякөзде тұрады. Сол кісі кеңшардың кассирі болғанда, мен бір жаста ғана екенмін. Яғни тәй-тәй басып жүре бастаған кезімнен ақшаны көріп өскен адаммын. Сол кішкентай күнімде әкем өзіне тиесі ақшадан қолыма бірен-саран тиын ұстатса, оны ұқыппен жинап қояды екенмін. Тағы бір мысал: бәріміз студент болдық қой. Сол кезде жаз айларында құрылыста, проводник (жолсерік) болып жұмыс істеп ақша таптық. Ақшаның қалай келетінін бала кезімнен біліп, орнымен жұмсауды және түсініп өссем, сол көзқарас бүгінге дейін өзгерген жоқ. Осы уақытқа дейін ақшаға құныққан емеспін. Ендігі жерде құнықпайтыным анық.
Қызмет пен мансап үшін жағаласпаймын
-- Халыққа әр жерде жақсылық шарапатын жасап жүргенмен, өзіңіз айтқандай, жоғының бәрін түгендеуіңіз мүмкін емес. Сонда өз округіңіздің проблемаларын қалай шешуге болады?
-- Иә, ауыл жылдары болғанмен, ауылдың проблемасы шаш-етектен. Ауыл мәселесі күн тәртібінен түспеуі тиіс. Өткен сессияның соңында “Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аймақты дамыту туралы” Заң жобасы талқыланып, қабылданды. Өз басым Парламент арқылы ауыл мәселерін көтеріп, ұсыныстар жасауды өз міндетім санаймын. Менің округім Қазақстан бойынша жер көлемі жағынан ең үлкен округтердің бірі. №25 округ Шығыс Қазақстан облысының жер көлемінің үштен бірін құрайды. Салыстырмалы түрде айтатын болсам менің округімнің жер көлемі Солтүстік Қазақстан облысының жер көлеміндей екен. Облыстағы 840-қа жуық елді мекеннің 211-і менің округіме қарайды. Мен өзім сайлаушылармен кездесулер кезінде 5 жылда олармен қоян-қолтық араласып жұмыс істейтінімді айтып жүрмін. Сол кездесулерде халықтың мұң-мұқтаждарын біліп қана қоймай, оны шешу үшін тиісті жоғары орындарға шығып, қолымнан келгенше, көмектесемін. 5 жыл ішінде округімдегі елді мекендерді ең кемі үш рет аралап шығамын деп алдыма мақсат қойдым. Ол кездесулер биылғы қаңтардан басталды. Яғни сайланып алып, сені қайда көрдім дегендіктен мен аулақпын.
-- Мұныңыз, бір жағынан, алдағы күннің қамы емес пе?
-- Бәрін ойлау керек. Бес жылға сайланып алып, сайлаушыларын танымай кететіндердің келесі сайлауда тағы сол халықтың алдына айналып келгенмен, айтар сөзі болмайтынын да көріп жүрміз. Ал, өзіме келсек, депутаттық мандатымның мерзімі біткен соң, сайлаушыларымның алдынан өтемін. Қолдаса, тағы бақ сынаймын, қолдамаса, бизнесіме қайта ораламын. Қызмет пен мансап үшін орынсыз жерге пышақ ұрып, жағаласпаймын.
Үкіметтің халыққа қарызы – 13 млрд. теңге
- Биыл өткен сессияның соңында “Бұрынғы Семей ядролық полигоны әсер ететін аймақта тұратын халықтың денсаулығын сақтау және оларды әлеуметтік қорғау туралы” тақырыбында парламенттік тыңдау өтті. Осы тыңдаудың екі полигон ортасында ғұмыр сүріп жатқан семейліктердің проблемасын шешуге қаншалықты қауқары бар. Ең болмаса, олардың он жылдан аса уақыт ала алмай отырған өтемақыларын алуына көмегі тие ме?
-- Тыңдаудан күтіліп отырған үміт үлкен. Сіз айтқандай, семейліктердің заңды өтемақыларын ала алмай отырғанына 12 жыл болды. Үкімет халыққа 13 миллиард теңге шамасында қарыз. Үкімет үшін бұл көп те қаржы емес. Және бүгін экономиканың жағдайы жақсы. Ал, халықтың күнкөрісі үшін керек-ақ. Содан да олардың бізге қоятын жүз сұрағының 90-ы осы өтемақы туралы. Міне, 2006 жылға арналған республикалық бюджеттің жобасы туралы Заң жобасы Парламентке келіп түсті. Біздер 13 миллиард теңге өтемақыны осы 2006 жылдың бюджетінен бөлінуі үшін жұмыс істейміз. Үкімет заңның орындалуын қамтамасыз етіп, халыққа қарызын төлеуі керек, сондықтан дұрыс шешілгенше, бұл мәселені күн тәртібінен түсірмейміз.
Австралиясыз да күн көргенбіз
-- Халықтың азын-аулақ алашағын беруге келгенде, сараң үкімет бәзбір жағдайда жомартттық жасап жібереді емес пе? Мәселенки, қойды жер түбі Австралиядан әкелуге қыруар қаржыны төге салды. Сонда не үшін, кім үшін? Бұл Сіздің назарыңызды аударған жоқ па?
-- Назарымды аударды. 200-ден астам қойдың әр басы 5 мың АҚШ долларынан асып жығылады дегенді бұқаралық ақпарат құралдарынан білдім. Жалпы, инновациялық-индустриялық бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында мұндай қымбат бағамен қой әкелу қиын да болмас. Бірақ сол жұмсалған қаржынының қайтарымы одан да маңызды. Өйткені қой елге жәдігер ретінде емес, өсіру, қой шаруашылығын көтеру үшін әкелінді ғой. Әрі қойдың өзін емес, оның ұрығын әкеліп, жұмыс істелсе, ол басқа әңгіме. Яғни арзанға түсер еді.
-- Австралияның қойы болмаса, біздің елдегі қойдың тұқымы тым төмен түсіп, нашарлап кетіп пе еді? Кезінде шопан болғаныңыз бар, қой шаруашылығының бүгінгі жағдайы алаңдатарлық па?
-- Біздер Австралиясыз да күн көргенбіз. Қойдың тұқымы қазір төмендеп кетті дегенді мен айта алмаймын. Мал шаруашылығына көңіл бөлініп, несие беру мәселесі реттелетін болса, саланы жақсартуға әбден болады. Қазірдің өзінде мал басы көбейіп келеді. Мысалы, өзім білетін Аягөз ауданы бойынша айтатын болсам, жағдай жаман емес.
-- Шетелден қой әкелу біреулердің мүддесі, бас пайдасы үшін жасалса ше?
-- Әкелінген қойдың шаруашылық үшін қаншалықты пайдалы екенін, нәтижесін 2-3 жылда көруге болады. Егерде, айтылғандай нәтижесін бермесе, жұмсалған қаржының қайтарымы болмай, желге ұшатын болса, осыған жауапты адамдардан сұрау керек. Бізде сұраудың жоқтығынан басталған іс аяқсыз қалып жатады. Ал, анау-мынау емес, миллионнан аса доллардың сұрауы болуы тиіс.
Халықтың сөзі айтылуы тиіс
-- Екінші сессияның жұмысына кірістіңіздер. Биліктің бір тармағы ретінде Парламенттің рөліне көңіліңіз тола ма?
-- Парламенттің рөлін көтеру жөнінде айтылып жүрген пікірлерге мен де қосыламын. Менің Парламентке кездейсоқтықтан келмегенімді білесіз. Бұған дейін өмірдің үлкен мектебінен өтіп, еңбек көрігінде шыңдалдым. Әлемді дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасы да өмірімдегі үлкен белес болды. Және үш рет “жығылып”, әбден өзімді өзім дайындағаным тағы бар. Көптеген соттарды да, сөздерді де бастан өткіздік.
-- Мұныңыз қызбалылықпен лепірме қызыл сөздер айтып жататын депутат емеспін дегеніңіз бе?
-- Меніңше, Парламентте айқай да, қызыл сөз де, байсалдылық та, парасаттылық та, намысшылдық та -- бәрі болуы керек. Ең бастысы – бұл жерде бөтен біреудің емес, халықтың сөзі, елдің болашағы айтылуы қажет. Бүгін Парламентті кәсіби Парламент дейтін болсақ, сол пікір дұрыс. Сондықтан кәсіби Парламентке лайық депутат болғанды қалаймын.
-- Сіз Мәжілістегі 53 “отандықтың” бірісіз. Бұл партияны биліктің, Президенттің партиясы дейді. “Отан” партиясына билікке жақын жүру үшін өттіңіз бе?
-- Менің бұрын, Кеңестер дәуірінде де ешқандай партияға мүше болмағаным рас. Өткен жылы қаңтар айында “Отан” партиясына мүше болғанда, ойлағаным Елбасының бүгін жүргізіп отырған саясатын қолдау болатын. Соны жүргізіп келемін. Бізде билікте болғанында халыққа көмегі тимей, енді ақылшы болғысы келетін азаматтар да бар. Мен олармен келісе алмаймын.
-- Сіз оппозициядағылар туралы айтасыз ба?
-- Иә, кезінде қайда қалған, бүгін бәрі ақылшы, халықшыл деймін. Бізге, қазаққа ақылшы қажет емес. Өзінің ақылы өзіне жететін, көкірегі ояу, намысшыл халықпыз. Жері азған елде тоқшылық болмайды, ері ынтымақты елде жоқшылық болмайды. Бұрынғылардан қалған осы дана сөзге жығылсақ, дамыған елдер көшінен қалмаймыз. Сондықтан кешегісі бар, бүгінгісі бар билік басындағылар жеке мүдде, өкпелерін жинап қойып, елдің қамын, мемлекеттің мықтылығын ойласа қайтеді.
-- Сіз бұқаралық ақпарт құралдарына оншалықты сенбейтін сияқтысыз ба?
-- Бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыста жұмыс істегеніме он екі жылдан асты. Әрине шындықты айтатындар бар, кейде орынсыз аяқтан шалып, жаптым жала, жақтым күйе дейтіндерін де көрдім. Сайлауда үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатқанда маған қатысты келеңсіз жағдай бір телеарна тарапынан болса, “Ақжол Қазақстан” апталығы өткен жылы желтоқсан айындағы санында желтоқсан оқиғаларына қатысты мені аяқтан шалды. Мен апталықтың сол кездегі бас редакторы Нұртөре Жүсіпке мақалада айтылғандарды теріске шығаруды айтып, хат жазып, хабарласқанмен, оған мән берілмеді. Содан өзімнің ар-намысымды сот арқылы қорғауға тура келіп, сотқа бердім. Бүгін газетпен бітімгершілікке келіп, олар өздерінің осы қыркүйек айындағы санында ол мақаланы теріске шығарып, шындыққа сай келмейтін, негізсіз екенін жариялады. Осындайдан көңілге кірбің келетіні де рас. Сенсация іздеп, шындықтан алшақ кету, өтірік жазу бұқаралық ақпарат құралдарының беделін көтермейді.
-- Әңгімеңізге көп рахмет.
Сұхбаттасқан: Рәзиға ӘШЕЕВА.