ДАЛА МЕН ҚАЛА
№ 48 (125)
2 желтоқсан 2005 жыл.
ЕЛТАЙДАҒЫ МӘДЕНИЕТ ҮЙІН
Парламент депутаты, «Отан» партиясының
мүшесі Н.Сабильянов салдырып берді
… Біздің көріп, естіп, білуімізше, неше түрлі қитұрқы әдіс-тәсілдерді қолданып, халық қалаулысы болып сайланғаннан кейін берген уәделерінен тайқып шыға келетіндер аз емес сияқты. Ал, Шығыс Қазақстан облысының Аягөз сайлау округінен халық қалаулысы болып сайланған еліміздің белгілі меценаты, өнер, мәдениет пен әдебиетті ұзақ жылдардан бері қолтығының астына алып, қорғап келе жатқан «Отан» партиясының мүшесі Нұртай Сабильянов сөзі мен ісіне берік, адал азамат екенін тағы бір дәлелдеп берді. Ол жасаған мыңдаған қайырымдылықты былай қойғанда, осыдан үш жыл бұрын өзі туып-өскен Аягөз ауданының Шынқожа ауылында 18 миллион теңгеге Мәдениет үйін салып берген еді. Сол жолы аманшылық болса, келесі Мәдениет үйінің құрылысын Үржар ауданындағы Елтай ауылында бастайтынын тілге тиек еткен.
Жақында Елтай ауылында үлкен той болып өтті. Оған «Отан» партиясының белсенділері мен мүшелері қатысты. Нұртай ініміз уәдесінде тұрып 8 миллион теңгеге іші-сырты айнадай жарқыраған, сәнді Мәдениет үйін салып берді. Тағы жиырма шақты адамға жұмыс орны ашылды. Мәдениет үйінің салтанатты ашылуына халық көп жиналды. Үржар ауданының әкімі Дүйсембай Сәлиханов тұрғындар атынан Нұртайға алғысын айтып, ата салтымен иығына шапан жауып, тұлпар мінгізді. Нұртай алдағы уақытта да ауыл жылы аясында қолдан келген көмегін жасай беретінін айтты. Кеш соңы әсем ән мен күйге ұласты. Бұл сапарында халық қалаулысы Н.Сабильянов, Аягөз, Үржар, Жарма аудандарының бірнеше орта мектептерінде болып, оқушыларға музыка орталықтарын, басқа да бағалы сыйлықтарын жасады…
Өкен ЕСІМБЕК,
өз тілшіміз.