Сабильянов
Нұртай
Салихұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
Нұр жаусын саған, Нұртай!
ЖАС ҚАЗАҚ № 1

ЖАС ҚАЗАҚ                              

                                         № 1

                                                                      қаңтар, 2005 жыл.

● Замандас келбеті

 

НҰР ЖАУСЫН САҒАН, НҰРТАЙ!

 

«Жауынмен жер көгерер, алғыспен ер көгерер» дейді қазақ. Нұртай Салихұлы Сабильянов бұл күнде елдің алғысын да, аманатын да арқалаған азамат. Жасы қылшылдаған қылыш қырықтың үстінде. Белгілі экономист, білікті заңгер. Қазақстан Республикасы Аудиторлар Палатасының мүшесі. Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты.

Нұртай Сабильянов туралы баспасөзде аз жазылған жоқ. Ортамызда жүрген әрі қарапайым, әрі қайсар, әрі іскер, әрі қаһарман замандасымыз туралы әр қырынан келіп жазуға қаламгерлердің құлшыныс танытуы ерен. Мұның сыры неде дейтін болсақ, намыскер жігіттің, күрескер азаматтың қара басын күйттеуді емес, халқына адал қызмет етуді әу бастан-ақ алдына үлкен мақсат, мұрат етіп қоюында сияқты. Бұл айтуға оңай көрінгенмен, іске асыруға екінің бірінің шамасы келмейтін шаруа. Жә-жарайды, әп дегеннен әуелетіп әкеткендей, жалаулата жөнелгендей болмайық. Алдымен азаматтың тегіне, ортасына, тәліміне, тәрбиесіне қарап баға берген жөн. Бұл ретте, Нұртай өскен Аякөз өлкесі – аңыз аялап, ән-жыр тербеген қасиетті мекен. Олай-бұлай өткен жолаушылардың назарын бұрып, атын аялдатып Қозы Көрпеш – Баян Сұлудың мәңгілік махаббат мұнарасы тұр. Ақтамберді жырау, Дулат ақын, Ақтайлақ би, Шынқожа батырлардың даңқы асқақтайды.

«Біз ауылда туып-өскен, ауылдағы тіршіліктің қазанында қайнаған, жалаңаяқ жар кезіп, қызыл асық су кешіп жүріп шыңдалған ұрпақтың өкіліміз. Ауыл десе – алаңдап, елеңдеп тұрамыз. Өз басым Аякөз өңіріндегі Шынқожа ауылына жылына әлденеше рет барып, хал-ахуалдарын сұрап, қолымнан келгенше жерлестеріме көмегімді беріп келемін» – дейді Нұртай Салихұлы ақтарыла сыр ақтарғанда. Онысы рас. Ауылына кіндігінен байланған азаматтар бар. Ауылына мүлде ат ізін салмайтындар да кездеседі. Ауылдан қол үзу – ата-бабаңның аманатынан қол үзу секілді. Ал Нұртай, өзі айтқандай, ауыл десе, жүрегі алаңдап, анау-мынау шаруалардың бәрін ысырып тастап, ауыл мұқтажын өтеуге аянбай қызмет көрсетіп жүргені адамға да, Аллаға да аян. Осы Шынқожа ауылындағы қазақ орта мектебінде оқыды. Осы ауылда шопанның таяғын да, құрылысшының қалағын да қолына ұстады. Ауыл адамдарының ауыр да жанкешті еңбектерінің куәсі ғана болып қоймай, өзі де маңдай терін төкті. Сондықтан да шығар, ол осыдан біраз уақыт бұрын «Егемен Қазақстанда» шыққан мақаласында (25.05.2002 ж.): «Ауыл туралы айтқанда, жер тағдырына соқпай кету мүмкін емес. «Жер тағдыры – ел тағдыры» деп бекер айтылмаған. Иә, жердің иесі бар. Ол – осы жерді ата-бабалары қасық қаны қалғанша күресе жүріп қорғаған қазақ халқы. Олардың жеріне ешкім де көз алартпауы керек. Олардың үлесін басқа елдің қалталы алпауыттары алып, пайдаланып кетпеуі керек. Сондықтан «Жер туралы» Заң Парламентте қайта қарала қалған жағдайда: «Шекаралық аудандардағы жер жекеменшікке берілмейді. Қазақстан азаматтығынан шыққан адам жерге иелік жасай алмайды. Жер шетелдіктерге сатылмайды» деп нақты жазылуы қажет. Қазақстандағы құнарлы, шұрайлы аймақтардағы жерлердің кейінгі иелері кімдер, оларға ондай иелік қандай жолмен келді, тұрғылықты халықтың үлесінен жырымдап алған жоқ па? Мұндай мәселелер де ескерусіз қалдырылмасын. Жерді Қазақстан азаматтарына ұзақ жылдарға жалға берудің де формалары сақталуы керек деп ойлаймын» дейтін өзекжарды ойларын шыр-пыр болып жеткізген еді. Бұлай деп қазақ ауылында өскен, ауылын Анасындай қадірлейтін азамат қана айтады.

Баяғының қарттары: «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деп отырады екен. Жалпы, жастық шағын қиындықтарды жеңе жүріп өткергендердің өмірі мағыналы да мазмұнды, қызықты болатын тәрізді. Нұртай көпбалалы отбасында (тоғыз баланың алтыншысы) өсті. Еркеліктен гөрі естілікке ертерек ұмтылғаны аңғарылады. Әкесі Салих (қазір жасы 85-те) соғыс және еңбек ардагері, кеңшарда ұзақ жылдар кассир болған кісі. Нұртайдың есеп-қисапқа жақын болуына, зердесін салыстыра талдаулар жасап шыңдауына мұның да сөзсіз әсері тиген. Шешесі Қасенхан отбасындағы тәрбиенің ошағын маздатқан жан. Нұртай мектеп бітіргеннен кейін бес жылдан соң ғана жоғары оқу орнына түсті. Ауылда қойшы яки құрылысшы болып, немесе әскери қызметте қалып қоюы да мүмкін еді. Бірақ, оның алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын табандылығы, қайсар мінезі осы тұста байқалған. Бұрынғы Алматы Халық шаруашылығы институтындағы бухгалтерлік есеп-экономика факультетінде үздік оқыған студент. Өз қатарының алды. Оқу мен еңбекті де ұштастыра білді. Осы институттың үшінші курсында жүргенде әйгілі Желтоқсан көтерілісіне қатысты. Бұл тек мыңдаған студент, жұмысшы қазақ жастарының өмірінде ғана емес, Қазақ елінің тағдырында бетбұрысты кезең болғанын тарих мойындайды. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жүргізген ұлт-азаттық күресінің бұл заңды жалғасы-тұғын. Тәуелсіздік Қазақ еліне төбеден түскен жоқ, талай ғасырлар бойы төгілген қан мен тердің өтеуіне қол жеткіздік. Желтоқсандағы дүрбелең тәуелсіздік жолындағы майданның ең ақырғы шешуші сәті іспетті. Осы күрестің белортасынан табылған жастардың бірі Нұртай еді. «Оқуы үздік, топ жетекшісі, жоғары стипендия алайын деп тұрған студенттің алды-артын ойламай мұз құрсанған Алаңға айқайшы болып шығып кеткені қалай?» дейтіндер бұрын да кездескен, қазір де табылады. Студенттердің қоғамда санасы оянған әрі сананы оятушы күш екендігіне кәрі тарих талай рет куә болған. Ендеше, Нұртай да, оның замандастары да Желтоқсанның ызғарында тоталитарлық режимге қарсылықтарын саналы түрде білдірген еді. Отарлық езгіде, империялық бұғауда бұлқынған Қазақ елінің жанайқайын жеткізуші жастардың бұл әрекетін бұрмалаушылар да, бүркемелеушілер де қатты қателеседі. Нұртайдың Желтоқсаншылардың ортасында дауыс күшейткіш аппарат (мегафон) ұстап сөйлеп тұрған сәті Қауіпсіздік комитетіндегілер түсіріп алған кинокадрге іліккен. Сол кадрді фотосуретке түсіріп, іздестіру салған «саққұлақтар» Нұртайды бір жарым айдан кейін Нархоздан табады. Бес айға созылған тергеу жұмыстары нәтижесіз аяқталған. Нұртай ешкімді көрсетпеген, ешкімді кінәламаған, аққа қара күйе жақпаған. Ал енді осыған күмән келтірушілер әлі күнге дейін кездесіп қалатыны өкінішті-ақ. Біріншіден, әйгілі кинокадр – тарихи құжат. Қолдан жасалмаған. Боямасыз көріністер. Екіншіден, Алаңға шыққан жастардың көзсіз ерлігіне салғырт қарайтындар – азаттық пен тәуелсіздік жолындағы күресте қан төккен ата-бабаларымыздың рухын қорлайтындар. Үшіншіден, өр намысты ұлдары бар Қазақ елінің болашағы да зор.

Нұртайдың намыскерлігі сын сағаттарда танылатынына талай рет көз жеткіздік. Соның бір мысалы – 1991 жылғы 28 наурыздағы КСРО Қорғаныс министрі Язовқа жолдаған хаты. Онда қаршадай Нұртай «айдаһардың» аузына барып түскендей күй кештірді. Онда ол Язовтан «Колбиннің қазақ халқына қарсы империялық саясатына (мәселен, ракеталарды Сарыөзекте жою…) сіздің қатысыңыз қаншалықты?» деп сауал қояды. «Орта Азиялық әскери округ таратылды, ал оның Алматыдағы штабы орналасқан үйді Семей мен Аралдан көшкендерге беру жөніндегі актіге қашан қол қоясыз?» деп талап қояды. «Алматыдағы жергілікті ұлт әскери училищесінің 1986 жылғы желтоқсаннан кейінгі тағдыры қалай болмақ?» деп шарт қояды. Осы сауалдарының бәріне Язовтан жауап та алды. Әрине, тайғақ жауап… Ал Нұртайдың осы хаты менің ойыма ылғи 1932 жылғы Голощекинге жолданған әйгілі «Бесеудің хатын» (Ғ.Мүсірепов бастаған), 1932 жылы Сталинге жолданған Т.Рысқұловтың хатын, т.б. еске түсіреді. Бұл – ұлт тағдыры үшін басты бәйгеге тігу ғой!

Нұртай Сабильяновтың көп жылдар бойы қазақ әдебиетінің, мәдениеті мен өнерінің, спортының жанашыры болып келе жатқанын, жекелеген зиялыларға, мектептерге, кітапханаларға, мешіт салуға көрсеткен көмегін, республикалық айтыс өнеріне демеушілік жасағанын, т.б. тізбелеп айтар болсақ, онда оны санамалап шығудың өзі оңай емес. Сөзі мен ісі үйлескен мұндай меценаттар да санаулы-ақ.

Нұртай өзінің туған ауылы Шыңқожадағы құлап қалған Мәдениет үйін қайтадан іске қосты. Кітапханасын жабдықтады. Қазір ауыл адамдарының бас қосатын Мәдениет ошағы кісі қызығарлықтай. Ауылдың көркеюіне сол ауылдың адамдарымен қоян қолтық араласып жүрген кейбір кәсіпкерлердің өзі назар аудармайтынын көріп-біліп жүрміз ғой. Ал алыста жүріп те ауылын ұмытпайтын,  ауыл адамдарына тек қана қуаныш сыйлағысы келіп құрақ ұшып жүретін Нұртайдың іс-әрекетіне жас та, кәрі де тек алғыстарын арнайды. Алыс түкпірдегі ауылдар компьютер дегеннің не екенін білмейтін кезде Шынқожадағы орта мектепті компьютер класымен жабдықтаған да осы Нұртай.Тек өз ауылымен ғана шектелмей, Семей өңіріндегі басқа да мектептерге, балалар үйлеріне, жастарға жәрдем қолын созды.

Нұртай Салихұлы Аякөз, Жарма, Үржар-Мақаншы өңірлерінен төрт рет Жоғарғы Кеңес пен Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат болып, сайлауға түсті. Тек соңғысында ғана (2004 жылы) жеңіске жетті. 1994-2004 жылдар аралығында – 10 жыл бойы – аталған өңірдің азаматтарымен тығыз қарым-қатынаста жүріп Нұртай Салихұлы шаруа адамдарының мұң-мұқтажын, қам-қарекетін, тыныс-тіршілігін бес саусағындай зерттеп білді. Осы жылдарда  Нұртай Салихұлының бойынан байқалан бір тамаша қасиет – қандай қиын кезде де, тіпті сайлаудағы сайыс-бәсекеде жеңіліс тапқан тұстарда да ол біреулерді кінәлі санап, сырттарынан күстаналап, ғайбат сөздер айтқан емес. Қайта, сайлаудың соңында депутат болған бәсекелсін құттықтап, тілектестігін білдіріп отырыпты. Бұл да екінің бірінің қолынан келе бермейтін жеке басының жоғары мәдениеті деп түсінеміз.

Мәжіліс депутаттарының алғашқы рет сайлаушыларының жағдайын білу үшін елге баруы кезінде (биылғы қаңтар айының басында) Нұртай Салихұлы Аякөз, Үржар, Мақаншы, Жарма, Шар өңірлерінде сайлаушыларымен 23 кездесу өткізіпті. Кейбір кездесулерге 600-ге жуық сайлаушылары қатысқан. Аманат арқалаған азамат олардың талап-тілектерін еліміздің Жоғарғы заң шығаратын билік бұтағында жүзеге асырмақшы. Ол сайлаушыларымен кездесуге жалғыз бармай, тағы да бір өнегелі ісімен көрінді. Афиныда өткен ХХҮІІІ Олимпиаданың  чемпионы, Баркер Кубогының жеңімпазы Бақтияр Артаевты бапкері Нұрлан Ақүрпековпен бірге өзінің туған жеріне құрметті қонақ  ретінде алып барып, жанкүйерлерімен жүздестіріп, «Нива» автокөлігін Аякөз, Жарма, Үржар аудандарының халық қалаулысы ретінде сыйға тартты.

Нұртай Сабильяновтың қазақ тілінің шын жанашыры болып жүргендігіне ауылдағы қазақ мектептеріне қамқорлығы бір дәлел болса, сондай-ақ қазақ баспасөзімен, бұқаралық  ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынаста жүретіні, қазақ театрларына, қазақ әншлерінің концерттеріне, айтысқа үзбей барып,рухани сусындайтыны екінші дәлел. Осы ретте ол өзінің мектеп жасындағы екі ұлын да қазақ мектебінде оқытып жатқанын айта кеткен артық болмас. Кейбір сөзі бір басқа, ісі екінші басқа әріптестері мұны біле жүргені жөн. Ол өткен жылғы желтоқсан айындағы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Желтоқсан көтерілісіне саяси баға беру, ол туралы Заң қабылдау керектігі жөнінде де үлкен ұсыныс айтқан болатын.

Иә, ол – ұлттық намысын ешуақытта қалғытпайтын нағыз ұлтжанды азамат.Ол Президент Жарлығымен мемлекетке сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі үшін «Шапағат» медалімен натрадталған.

Нұр жаусын саған, Нұртай! Халқыңа, ұлтыңа қалтқысыз қызмет көрсете бер! Бұл  –  бірдің емес, мыңның тілегі деп ұққан жөн.                                                   

 

                                                                          Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ.