Сабильянов
Нұртай
Салихұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
"Өзін азаматпын деген адам ел-жұртпен кездесіп тұруы қажет"
ЗАКОН И ПРАВОСУДИЯ №7

ЗАКОН И ПРАВОСУДИЯ                                                    

             №7 

                                                                                 16 ақпан 2005 жыл.

 

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сәбиланов:

«ӨЗІН АЗАМАТПЫН ДЕГЕН АДАМ

ЕЛ-ЖҰРТПЕН КЕЗДЕСІП ТҰРУЫ ҚАЖЕТ»

 

- Нұртай Салихұлы, депутаттық қызметке кіріскендеріңізге 100 күннен асты. Жоғарғы Заң шығару органынан алғашқы алған әсеріңіз қандай?   

- Үшінші шақырылған Мәжіліс депутаттарының қарашаның 3-інен бастап жұмысқа кіріскенін білесіздер. Мен алдымен күздегі өткен сайлауға тоқтала кеткім келеді. Бұл Қазақстан тарихында әділ өткен сайлаулардың бірі деп есептеймін. Дегенмен қазір көптеген әңгімелер айтылып жүр ғой. Бұл жерде әр округке жеке-жеке тоқталу керек.Біздің округте төрт кандидат сайлауға қатысты. Мәселен, мен сайланған Шығыс Қазақстандағы №25 сайлау округі – Аягөз, Жарма, Үржар аудандары. Ұларда ешқандай заңға қайшы, жалған бюллетен қағаздарын салу оқиғалары болған емес. Ол жақта ондайға жол да бермейді. Өйткені біздің жақта бақылаушылар да көп, шетелден де келді. Халықтың да белсенділігі жоғары, саясатқа, елде жүргізіліп жатқан реформаларға деген көзқарастарын ашық білдірді. Кейбір өңірлерде арыз-шағымдар болып жатса, ал бізде ондай келеңсіздік орын алған емес. Менің үстімнен немесе өзге кандидаттардың  әрекеттеріне орай менің тарапымнан жазылған бірде-бір арыз болған жоқ. Толық демократиялық әділ сайлау өтті, халық өз таңдауын еркін түрде жасады. 19 қыркүйекте сайлауға қатысқан 92 мыңға жуық сайлаушылардың 56 мыңға жуығы дауыс берді.

Ал енді қазіргі Парламенттегі жұмысқа келетін болсақ, заң шығару ісінде халықтың әлеуметтік мәселелерін елеп-екшеп, күрделі проблемаларды заң жолымен шешуге қол жеткізуіміз керек деп ойлаймын. Депутаттардың алғашқы қарқыны жаман емес. Әуелі Палатаның төрағасы мен орынбасары және комитет төрағалары сайланды. Әр депутат өзінің өмірлік тәжірибесі мен мамандығына орай Мәжілістің жеті комитетіне сайланды. Мен қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің мүшесі болдым. Мәжілісте осы бір-екі айдың ішінде түскен заң жобалары бойынша жұмыс топтары құрылды. Бұрынғы шақырылымнан қалған заң жобалары да комитеттер мен жұмыс тобында талқылану үстінде. Заң жобалары әбден пісіп-жетілген кезде Палатаның жалпы отырысының күн тәртібіне енгізіледі.

- Өткен жолы еліміздің басты қаржы құжаты – келесі  жылға арналған республикалық бюджет жобасы қабылданғаны белгілі. Алайда, сіздердің комитеттеріңізде қаржыға қатысты басқа заң жобалары да көп шығар?

- Иә, бұл комитетте қаржыға қатысты жобалар жетерлік. Өткенде бюджет жобасы талқыланып жатқан кезде көптеген депутаттар өз ұсыныстарын берді. Мен де өз ойымды жеткізген едім. Бірақ әр түрлі себептерге байланысты ол ұсыныстардың бәрі бірдей қабылданған жоқ. Бұдан басқа жобалар туралы айтсақ, Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер мақұлданды. Сол секілді акционерлік қоғамдар мен бағалы қағаздар рыногы, лицензиялау, валюталық реттеу және валюталық бақылауға қатысты т.б. заң жобалары депутаттардың талқысынан өтуде. Жуырда Кеден кодексіне енгізілетін өзгерістер мен «Тауарлар импорты жағдайында ішкі рынокты қорғау шаралары туралы» қолданыстағы заңға түзету енгізуді көздейтін заң жобалары келіп түсті.

-  Сіз депутат болып сайланғанға дейін де Семей өңіріне барып жүрдіңіз. Өзіңізге сенім білдірген өңірдің жай-күйі жақсы таныс шығар? Жалпы, сайлаушыларды қандай мәселе қатты алаңдатып отыр?

- Туып-өскен жерім Аягөз ауданының Шыңқожа ауылы. Жалпы, мен Аягөз өңірімен тығыз байланыс орнатқаныма біраз жыл болды, ал Жарма, Үржар аудандарына барып, ел-жұртпен кездесіп жүргеніме бес жылдан асты. Сайланғанға дейін-ақ, халықтың жағдайымен танысып, қолымнан келгенінше көмектесіп жүрдім. Мектеп пен ауруханалардың күрделі проблемалары және спорт пен мәдениетке байланысты мәселелер маған жақсы таныс. Сайлау алды кездесулерде тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар өте көп болды. Біріншіден, елді алаңдатып отырғаны – ауыз су мәселесі.

- Бұл мәселені шешудің қандай жолдары бар деп ойлайсыз?

- Ауыз су мәселесін барлығы да қозғап келеді. Арнайы бағдарлама да бар. Атқарылып жатқан істер де бар шығар. Әуелі аудандар ауыз су бағдарламасын жүзеге асырудың қажетті құжаттарын дайындап, тиісті органдарға жібереді. Одан соң Үкіметте қаралып, алдағы жылдарға белгіленіп, республикалық бюджет жоспарына енгізіледі. Ал, біз өз тарапымыздан осындай жобаның қабылданып, жүзеге асуына атсалысамыз.

Қай жерге барсаң да, көп қойылатын сұрақ – Семей сынақ аймағына байланысты экологиялық жағдай, зейнетақының қайта есептелуі мен зейнеткерлікке шығу жасы. Неге ер адамдар 63 жаста, әйелдер 58 жаста шығуы тиіс? Бұрынғы жас мөлшері дұрыс. Семей өңірінің экологиялық жағдайын ескеріп, сынақ аймағынан зардап шеккендердің зейнеткерлік жасын азайтуға болмай ма деген сауалдар қойылады. Балаларға берілетін жәрдемақының да дұрыс жолға қойылмай келе жатқаны халықты қынжылтып отыр.

- Азаматтық борышыңыз есебінде сайлаушыларыңызбен кездесіп тұруды жоспарлы түрде жүргізесіз бе? Әлде алда бес жыл бар ғой деген пікірге сүйенесіз бе?

- Жалпы, тек қана депутат емес, өзін азаматпын деген адам ел –жұртпен кездесіп тұруы қажет. Халқымыз «Көре-көре көсем боласың, сөйлей-сөйлей шешен боласың» демей ме. Ел алдына шығудың өзі – өмірдің бір сынағы мен сабағы. Өзіңе мол тәжірибе жинақтайсың. Депутаттарға дәстүр бойынша тоқсан сайын он күнге сайлаушылармен жүздесіп қайтуға мүмкіндік беріледі. Бұйырса, сәуір мен шілде-тамыз айларында сайлаушыларыммен кездесемін деген үмітім бар.

-  Нұртай Салихұлы, іргесі қаланғанына 200-300  жыл толған мемлекеттердің де шаңырағы шайқалып кетіп жатады. Міне, еліміздің Тәуелсіздік алғанына 13 жыл толды деп отырмыз. Қазақ елінің келешегі кемел болуы үшін қандай маңызды мәселелерге баса мән беру қажет деп ойлайсыз?

-  Тәуелсіздік туын тік ұстап тұру қандай мемлекетке де үлкен сын болмақ. Шынын айту керек, біздің еліміздің іргесі жақсы қаланды. Енді оны нығайта беру жолында аянбай еңбек ету барша Қазақстан азаматының ең басты міндеті деп білемін.   

-  2005 жылға қандай үміт артып отырсыз?  

- Бұл жылға жоспарланған Ел бюджеті бір триллион теңгеден асты. Бұл Қазақстан тарихында бірінші рет. Әрине, әлемнің кейбір дамыған елдерінің қазынасы бірнеше есе жоғары екені белгілі. Алайда, экономикасы алға басқан еліміз үшін бұл – қуанышты жайт. Жалпы, қаржы бір-біріне қатысты болады емес пе? Бір салаға бөлінген қаржының оң әсері екінші салаға жетіп жатады. Сондай-ақ, бізде әлеуметтік салаға қажетті ғимараттарды салуды жоспарлап, қаржы бөлінуіне ықпал ету жағы бар да, сол қаржыны игеру жағы ескерілмей қалып жүр.

Сонымен қатар соңғы жылдары қандай құрылыс салынса да, тендер жариялау арқылы жүзеге асырылады. Бұл – заңды. Бірақ ол қалай жүзеге асып жүр? Міне, бұл мәселе бәрімізді де толғандырып отыр. Тендерге бір тракторы да жоқ компаниялар да қатысып, ұтып шығып жүр. Мысалы, Жарма ауданында он жылдың ішінде бірінші рет екі қабатты мектеп салынды. Тендер бойынша ұтып алғандар ескі құрылыс материалдарын пайдаланған. Мектептің заман талабына сай еместігі анықталып отыр. Осындайларға жол берілмеуі керек еді.

- Рахмет әңгімеңізге.

                                                                           Сұхбаттасқан

Айбатыр Сейтақ.