Сабильянов
Нұртай
Салихұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
"Дидар" газеті: "Үлгілі, көпбалалы отбасыларды насихаттауымыз керек"
Нұртай САБИЛЬЯНОВ,

Нұртай САБИЛЬЯНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Үлгілі, көпбалалы отбасыларды насихаттауымыз керек

 

Желтоқсан оқиғасы

әлі күнге дейін

көз алдымда

 

– Нұртай Салихұлы, Сіздің жүріп өткен жолыңызға көз жіберсек, еңбектегі алғашқы қадамыңызды туған өлкеңіз
«Нарын» кеңшарындағы комсомол-жастар бригадасынан бастаған екенсіз. Өмір жолыңыздағы айтулы кезең – Желтоқсан оқиғасы. Әңгімемізді сол кездегі көңіл күйіңіз жайында бастасақ.

– 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі – жастарымыздың өздерінің ұлттық намысын қорғап, қазақтың рухты халық екенін көр-сеткен үлкен көтеріліс. Желтоқ-сан көтерілісі кезінде мен Алматы халық шаруашылығы институты-ның 3-курс студенті болатынмын. Біз Қазақстан Компартиясының бірінші хатшылығына Колбиннің тағайындалғанын естіп, 17-желтоқ-сан күні жастар бірігіп, қазіргі Республика алаңына бейбіт шеруге шықтық. Біздің басты мақсатымыз – Колбиннің орнына намысы бар, қазақты басқара алатын қазақ азаматын тағайындаса екен, ұлттың намысын таптамаса екен деген ой болатын. Бұл – тоталитарлық жүйеге қарсы жасалған демократияның алғашқы қадамы. Демократияның бастауы деп те айтуға болады. Себебі, ешкімнің ықпалынсыз жастар өз еріктерімен алаңға шыққан еді. Әлі есімде, 17-желтоқсан күні бәріміз алаңда «Менің Қазақстаным» әнін айтып, рухтанып, орталық комитеттің ғимаратына ұмтылып, соған кірмек болдық. Сол кезде алаңнан жастарды тарату үшін өрт сөндіру машиналарын қолданды. Қалай су шашып, қалай қудалағаны бүгінгі күнге дейін көз алдымда. Бірақ, бұдан жастар қорыққан жоқ, қайта жігерлене
түсті. Жасақшыларды, әскерилерді бізге жібермесін деп қазіргі Желтоқсан көшесінің бойынан біз түрлі кедергілер ұйымдастыруға дейін бардық. Бірақ үкіметтің күші бізден басым болып, жастардың шегінуіне тура келді. Дегенмен кеудемізде қайнап жатқан ұлттық намыс бізді кері қайтармады. «Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. Қарындасынан айырылған жаман екен, Екі көзге нақақтан жас келеді» деп «Елім-ай» әнін айтып, Абай көшесіне шығып, Фурманов көшесімен көтеріліп, алаңға қайта жиналдық. Сол жерде түрлі қақтығыс болды, қуғындауларға қарамастан қазақтың қамы үшін жастар бар күш-жігерін аямады. Сондықтан да сол кездегі жас-тардың ерлігін бүгінгі ұрпаққа патриоттық тәрбие ретінде үнемі айтып отыруымыз керек. Олар елдің болашағы, Тәуелсіздігі үшін күресті. Сондықтан ерлік көрсеткен-дерге Желтоқсан мерекесі кезінде ғана емес, үнемі құрмет көрсетіп, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып отыруымыз керек. Бұл бағытта Желтоқсан көтерілі-сіне қатысқан азаматтарды бірік-тіретін ұйымдар қазір жұмыс істеп жатыр. Бізге де хаттар келеді, біз де өз тарапымыздан тиісті мемлекеттік органдарға хат жолдап, әрқашан олармен қарым-қатынаста болуға тырысамыз. Себебі, сол жылдары бәріміздің мақсатымыз бір болған еді. Ол мақсат – еліміздің Тәуелсіздігі еді. Сол жылдары халқы үшін жанын берген азаматтардың бүгінде біреуі қызметте, бірі жұмыста, енді бірі үйде болуы мүмкін. Бірақ, біздің мақсатымыз қай кезде де бір деп ойлаймын. Ол – мемлекеті-мізді көркейту, елімізді дамыту. Осы бағытта бәріміз жұмыла жұ-
мыс істеуіміз керек. Көрсетілетін құрмет, берілетін мемлекеттік марапат ең алдымен Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтарға берілуі керек деп ойлаймын.

– Сол сұрапыл жылы алаңға шығудағы басты армандарыңыз – елдің Тәуелсіздігі еді ғой. Тәуелсіздік дейтін ең биік түсініктен Желтоқсан жаңғы-рығын бөлектей алмаймыз. Енді ел арасында Желтоқсандық-тардың мәртебесін көтеру жөнінде заң қабылданса деген ойлар бар. Өзіңіз депутат ретінде осы бағытта нендей жұмыстар атқарып жатырсыз?

– Мен депутат ретінде Желтоқсан көтерілісіне байланысты тиісті мемлекеттік органдарға бірнеше рет түйінді мәселелерді жеткіздім. Тиісінше жауап та алып жатырмыз. Менің ойымша, ең алдымен Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтардың мәртебесін анықтап алуымыз қажет. Осыған байланысты қолданыстағы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілу керек. Қазір Желтоқсан көтерілісіне қатыспағандар «мен Желтоқсан оқиғасына қатыстым» деп ұрандатып жүр. Сол көтеріліске қатысып, есімдері ұмыт бола бастаған қаншама жандар бар. Көтеріліске қатысқандағы фотосу-реті бар шығар, мүмкін жұмыстан шығарылған болар, әлде, соттың үкімімен сотталды ма? Осындай құжаттар негізінде, заң жүзінде бәрі реттелуі керек. Сөйтіп, Жел-тоқсан көтерілісіне қатысқан азамат ретінде мәртебе алуға қол жеткізу-ге көмектесуіміз керек. Сонда ғана қоғамдағы көзқарас өзгереді. Олар өздерінің Желтоқсан көтерілісіне қатысқанын дәлелдеп, мәртебесін алып жатса, олармен мектеп оқушылары, студенттер кездесіп, пікірлесіп, еліміздің өркендеуіне үлес қосып жатса, бұл – үлкен жетістік болар еді.

 

17 жасымнан бері тынбай еңбек

етіп келемін

 

– Бүгінде осы тарапта қандай жұмыстар атқарылуда? Нақты айта аласыз ба?

– Желтоқсан көтерілісіне қатысқан көптеген азаматтарды ақтау қазіргі кезде де жүзеге асырылып жатыр. Бұл іс Елбасының 1991 жыл-ғы 12-желтоқсандағы «Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтарды ақтау» туралы жарлығына сәйкес жүзеге асырылуда. Осының орындалуы үнемі қадағалауда болуы қажет. Өйткені, көптеген азаматтар «мен жұмыстан шығарылдым, мен неге ақталмаймын?» деп жатады. Ол – дұрыс емес. Әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тар-тылғандар да ақталады. Ақталу бір бөлек, Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтардың мәртебесін алу – бір бөлек әңгіме. Ақталған азаматтар өзіне тиісті моральдық, басқа да шығындарын өтей ала-
ды. Желтоқсан мәртебесін алған азаматтар Тәуелсіздіктің қалай келгенін, ұлт жайын дәріптеу арқылы қоғамның дамуына өз үлестерін қосса екен деген тілегім бар.

– Ал еліміздің ертеңі деп үміт артып отырған жастарға билік тарапынан қандай жағдайлар қарастырылған?

– Елбасымыздың Жолдауында көрсетілген бағыттарға сәйкес қаржы бөлініп жатыр. Соның ішін-де қолжетімді баспанаға 36 миллиард теңге бөлінгенін айта кеткім келеді. Оның бір ерекшелігі, бұл бағдарлама жас отбасыларға үлкен қолдау болып отыр. Осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Сонымен қатар «Жұмыспен қамту –
2020» бағдарламасын да ерекше айта кету керек. Осы бағдарла-маға республикалық бюджеттен 11,8 миллиард теңге қаржы бө-лініп отыр. Оның 9,1 миллиарды ауылдық елді мекендерді дамытуға арналса, 1,8 миллиарды ауылдық кәсіпкерлікті дамытуға арналған. Яғни, ауыл тұрғындарының бірқа-тар мәселелері шешімін табады деп ойлаймын. Сонымен қатар бас-пана салынатын болса, құрылыс шығаратын кәсіпорындар өздерінің жұмыстарын жандандырады, жас-тарымыз қолжетімді баспанаға ие болады. Елбасы Жолдауында көрсетілген осындай бағыттар халықтың әлеуметтік жағдайының көтерілуіне оң серпін береді деп ойлаймын.

Шешімін таппай жатқан қандай мәселелер бар? Сондай жағдайға халық қалаулысы ретінде қосар үлесіңіз қандай?

– Мен қаржы және бюджет комитетінің мүшесі болғандық-тан экономика-қаржы саласына айрықша көңіл бөлемін. Депутаттардың көбі осы салаға байланыс-ты өз ұсыныстарын білдіріп жатады. Қазір қаржы және бюджет комитетінің қарауында шағын несие ұйымдары туралы заң жобасы талқылануда. Оның басты мақсаты – елдегі шағын несие беруді реттеу және оларды реттейтін уәкілетті органдардың құзырын белгілеу. Сонымен бірге шағын несиені қолжетімді ету. Шағын несие ұйымдары қалалық жерлерде орналасқандықтан ауыл адамдары несиені оңай ала алмайды. Болашақта осы жағдайды реттеу үшін шағын несие ұйымдары жа-
йында заң қабылданып, бүкіл шағын несие ұйымдары қайта тіркеу-ден өтіп, олардың уәкілетті органы болып ұлттық банк белгіленбек. Осы заң жобасы арқылы еліміздегі шағын несие беруді де толық реттейміз деп ойлаймын. Қазір Қазақстанда 1756 шағын несие ұйымы бар екен, олардың белсенді жұмыс істеп тұрғаны – 663, яғни, 38 пайызы ғана. Көбі 1-2 рет несие беріп, жұмысын тоқтатып қойған. Кейбірі басқа жұмыстармен айна-
лысып жатыр. Осындай келеңсіздік-тер болмас үшін осы саланы реттейтін жаңа заң қабылданып, шағын несие ұйымдарының жұмыстары қадағалануы керек деп ойлаймын.

– Сіз қазақтың атымтай жомарты, ұлтымыздың аймаңдай тұлғасысыз. Қазақ руханиятының жанашыры ретінде де есіміңіз көпшілікке жақсы таныс. Жұмысы қайнап жататын депутаттықтың үлкен жолы Сізді халықтан алыстатып жіберген жоқ па?

– Мен еңбек жолымды 1979 жылы бастадым. Содан бері 33 жыл уақыт өтті. Осы жылдар ішінде әскер қатарында болдым, институтта оқыдым, қоғамдық жұмыстарға араластым, 16 жыл экономика және қаржы саласында қызмет еттім. Сегіз жылдай Парламент мәжілісінің депутаты болып, халықтың мұң-мұқтажына ортақтасып, мәселеле-рінің шешілуіне атсалысып келе жатырмын. Мен ешқашан қоғамнан ажыраған емеспін. 17 жасымда қалай еңбек жолын бастасам, сол қалпымда ешқандай өзгеріссіз, халықпен бірге келе жатырмын. Халықтың ортасында бір бағытты ұстап келе жатқан жайымыз бар.

– Ұлт азаматы ретінде бо-лашақта қандай жоспарларыңыз бар?

– Өмірден бірталай тәжірибе жинақтадым. Ең бастысы, халықпен бірлесіп жұмыс істеп, елдің ортасында жүріп, әрқашан қарапайым жұртқа қолдау көрсету. Бұл – қазіргі кезде менің қағидама айналып отыр. Мен ғана жақсы болмауым керек. Менің ғана жақсы болуымнан пайда жоқ. Менің көршім, менің елім, менің жұртым жақсы тұруы керек. Осындай қағиданы әрбір қазақ азаматы ұстанса, Қазақстан әлемдік деңгейде ең алдыңғы қатардағы елге айналады. Бір-бірімізді қолдауымыз, көмектесуіміз керек, үлкенге деген құрметімізді, халыққа деген ниетімізді әрқашан білдіріп, халықтың ортасында өмір сүруімізді жалғастыра беруіміз керек. Ал алдағы мақсатқа келер болсақ, Парламент Мәжілісі депутаты ретінде, Қазақ мемлекетінің азаматы ретінде халыққа адал қызмет ету. Мен ауылда туып, білім алдым, тәрбиелендім, жұмысымды елде бастадым. Енді алған білімді, көрген тәрбиені еліме, туған жеріме деген адал қызметпен көрсетуім керек қой. Міне, осы бағытты алдымызға қойып, жұмысымызды осыған арнауымыз керек. Осы бағытты жүзеге асыруымыз керек. Егер халықтың жағдайы жақсы болса, ол менің де жақсы тұрып жатқаным; егер халқымның әлеуметтік жағдайы төмен болса, онда менің де төмендігімді көрсетеді. Демек, менің қызметімнің дұрыс еместігін көрсетеді. Ендеше, қызметте отырып, қолдан келсе, неге ел-жұрттың жағдайын жақсартуға атсалыспасқа? Неге ұлтымның тұрмыс-тіршілігін жақ-сартуға еңбек етпеске? Жұмыс
адал, дұрыс істелсе, нәтиже болады. Ал қызметті пайдаланып «Мен пайда табамын. Мен осы арқылы басқа жұмысқа көтерілемін. Қызмет арқылы халықтың ортасында үлкен дәрежеге жетемін» деп ойласаң, онда қателескенің. Ең басты дүние, адамның ұстанымы. Ол өмірде қарапайым болып, халықпен араласып, халықтың ортасында жүрсе, одан артық еш нәрсе жоқ. Сонымен бірге, ең бастысы, Қазақстанда халықтың татулығы, бір-біріне сый-құрметі жоғары бағалануы керек. Әсіресе, қазақ тіліне деген құрмет біздің нәтижеміздің дәрежесін көр-сетеді. Сол арқылы басқа елдің бізге деген көзқарасы аңғарылады.

 

Халықтың санын көбейтеміз десек, жастарға жағдай

жасау қажет

 

– Аға буын тарапынан жастарға үнемі сын айтылып жатады. Сіздің соңыңыздан келе жатқан кейінгі буынға көңіліңіз тола ма?

– Үкімет басында отырғандар, біздер оларды қолдап отыруымыз керек. Қазір жастардың білімге деген ұмтылысы ерекше. Алдымен ақы төлеп оқитын жастарға көмектесуіміз керек. Кейбір жастар оқуларының төлемақысын төлей алмай жатады. Осыны реттеп, жолға қойсақ және жыл сайынғы мемлекеттік грантты көбейтсек, көп көмек болар еді. Себебі, талантты, алғыр, жұмысқа белсенді жастарымыз жетерлік. Сонымен қатар жастардың диплом алғаннан кейін олардың еңбек етуіне, жұмысқа орналасуына қолдау көрсетуіміз керек. Қазіргі кезде жұмыспен қам-тамасыз ету бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Осы бағдарлама көлемінде болашақта институт, кәсіпорындармен келісіп, жолдама беру арқылы да жастарды жұмыс орындарымен қамтамасыз етсе, жастардың жағдайы біршама жақсарар еді. Мысалы, Елбасымыздың биылғы Жолдауында жас отбасыларға арнап жалға беретін үйлер қарастырылды, бағдарлама қабылданды. Қазіргі кезде жас-тардың ең өзекті мәселесі – бас-пана. Келіп жатқан хаттардың көбінде дерлік тұрғын үй мәселесі туралы айтылады. Осы бағытта біз жұмысымызды жалғастыруымыз керек. Жалпы, жас ұрпақтың бойынан рухани, патриоттық сезім-дер орын алуына көңіл бөлу қажет. Және жүктілікке байланысты төлем-ақыны да көбейтуге жәрдемдесу керек. Жастарға әлеуметтік қолдау көрсететін болсақ, болашақта де-мографиялық жағдай жақсарады. Жер көлеміміз үлкен, бірақ халық саны аз. Сол себепті халықтың көбеюіне бәріміз атсалысуымыз керек. Жүкті болған әйел демалысқа шығады, сол кезде демалысын дұрыс беріп, қаражатын дұрыс төлегеніміз жөн. Бала дүниеге келгенде төленетін жәрдемақы бар. Міне, осы жайларды дұрыс жолға қоя білсек, жастардың өмірге, еңбекке деген көзқарасы өзгереді, алға ұмтылады деп ойлаймын. Осыдан кейін әрбір жас отбасы балаларын елдің белді азаматы етіп тәрбиелеуге тырысады. Сондықтан біз үлгілі, көпбалалы отбасын насихаттауымыз керек. Кезінде әке-шешеміз көп баланы тәрбиеледі ғой. Осындай тәрбиелік мәні бар игі істердің шешімін табу үшін бар күшімізді жастарға арнауымыз керек. Өмірде бәрі ақша табумен шектеліп қалмайды. Ең бас-тысы, рухани байлық, патриоттық сезім керек. Сонда ғана ол жас мемлекеттің дамуына үлес қосып, адал қызмет атқарады. Жастарға артар сенімім мол! Қазіргі қазақ жастары осы үдеден шығады деп ойлаймын!

 

Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газеті, 26 шілде, 2012 жыл