Сабильянов
Нұртай
Салихұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
Нұртай өзі оқыған оқу орнында болды
«Алматы ақшамы»

«Алматы ақшамы»

№47 (4765), 18 сәуір 2013 ж.

 

Нұртай өзі оқыған оқу орнында болды

 

ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Нұртай Сабильянов өзi оқыған оқу орны —Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономика университетiнде болып, студенттер қауымымен кездестi. Жалындаған жастық шағы, өмiрiндегi ең елеулi кезеңдердің куәсi болған атақты «Нархозға» Нұртай Салихұлы аса бiр көтерiңкi көңiл-күйде, зор шабытпен келдi. Мұрты жаңа ғана тебiндеген бозбала кезiн еске алып, көңiл түкпiрiнде жатқан сонау сағыныш атты сыр перненi басып, ойы талай-талай белестi басты. Адам өмiрiндегi ең қызықты, ең бақытты сәтi – жастық шақ болса, студенттiк кез — сол қызықтың нағыз қайнаған ортасы. Оқу орнының ғимараты, жатақхана бәрi-бәрi Нұртай Салихұлының көзiне оттай басылып, жанына жылылық сыйлады. Оқу ордасының атауы ғана өзгергенiмен, оқу ордасы сол баяғы ыстық қалпында.

Жастық мекеннiң босағасын 17-18 жасында аттаған Нұртай Сабильянов сол кезде қандай күйдi бастан кешiрген болса, елудi еңсерiп, ел ағасы атанған шағында да сол күйдi кештi. Биiк мiнберден халқының қамын ойлап, елiнiң, жерiнiң қамы үшiн жалынды, қамқор сөзiн аямаған оғлан ұлдың сүйiктi оқу ордасына, онда бiлiм алып жатқан iнi-қарындастарына айтары да өте көп болды. Жүрек түкпiрiндегi сағынышқа жастардың өзiне қадалған жанары қосылып, кешегi «студент» бұл күнi де ағынан жарылды. Өз кезегiнде Нұртай Сабильянов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы жайында кеңiнен әңгiме қозғады. Студент-жастарға Мемлекет басшысының «Жас Отан» жастар қанатының II съезiнде сөйлеген сөзiне сәйкес бүгiнде жастар саясатына қатысты бiрнеше маңызды iс-шаралардың iске алынып жатқандығын, сонымен қатар, Мемлекеттiк жастар саясатының 2020 жылға дейiнгi тұжырымдамасының қабылданғаны туралы сөз бастағанда жастар жағы қызу қолдап, қошемет бiлдiрiп отырды. Мұнан соң, Нұртай Салихұлы Бiлiм және ғылым министрлiгiнде Жастар iсi жөнiндегi комитет, ал, өңiрлерде Жастар iсi жөнiндегi басқармалардың құрылғаны жөнiнде айтып, оның мақсатымен таныстырды. Студенттер Сабильяновқа көкейлерiнде жүрген сан алуан сұрақтарды жолдап, мардымды жауапқа ризашылықтарын бiлдiрумен болды. Кездесуден соң, Нұртай Салихұлы «Нұр Отан» ХДП-ның Алматы қаласы Әуезов ауданы филиалының ұйымдастыруымен Қазақ қатынас жолдары университетiнiң спорт залында өткен «Қазақстан барысы» қазақ күресi турнирiнiң ересектер арасында өткен іріктеу шарасына қатысты.

 

Рая ЕСКЕНДIР