Сабильянов
Нұртай
Салихұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
Қазақстанның қаржы және банк секторы туралы

 

29.01.2014 ж.                                                  Қазақстан Республикасының

жарияланды                                                                      Премьер-Министрі

С.Н. Ахметовке

 

Қазақстан Республикасы

Ұлттық Банк төрағасы

Қ.Н. Келімбетовке

 

Депутаттық сауал

 

Құрметті Серік Нығметұлы!

 

Құрметті Қайрат Нематұлы!

 

Мемлекет Басшысы 2014 жылғы 17 қаңтарда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке Ұлттық Банкпен бірлесіп, 2014 жылғы 1 маусымға дейін Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Қаржы секторы ел экономикасының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

Бүгінгі таңда Қазақстанның қаржы секторында, соның ішінде банк жүйесінде қордаланған көптеген мәселелер бар. 

Біріншіден, 2013 жылғы 1 желтоқсанда Қазақстан банк секторында қайтарымсыз, қайтару мерзімі өтіп кеткен банктердің несиелері 4,1 трлн. теңге (27 млрд. АҚШ доллары) болған, яғни бұл барлық берілген несиелердің 31,4 пайызы. Былтыр 11 айдың ішінде қайтарымсыз несиелердің мөлшері 700 млрд. теңгеге жуық өскен. Бұл қаржы Қазақстан экономикасына жұмыс істемей жатыр деген сөз.

Үкімет пен Ұлттық Банк қаржы секторындағы аталған мәселелерді шешу үшін Стрестік активтер қорын, Проблемалық активтер қорын құрған. Дегенмен бұл мәселе толық шешімін тапқан жоқ.

Екіншіден, екінші деңгейдегі банктерде экономиканың нақты секторын, соның ішінде шағын және орта бизнесті қаржыландыруға қажет қаражат тапшы. Шағын бизнеске несие беру 2013 жылы тіпті 10 пайызға азайып кеткен. Кәсіпкерлер несиеге қатысты жоғары пайыздық ставканың болуынан алған несиесін уақытында қайтара алмайды, кәсіпкерлік қызметін дамыта алмай отыр.

Үшіншіден, банктер өзіндік капиталын жақсартуға, жарғылық капиталын көбейтуге ынта көрсетпей отыр. Бүгінгі таңда банктер негізінен азаматтар мен заңды тұлғалардан тартылған депозиттер, қарыздар есебінен несие береді. Атап айтқанда, 2013 жылғы 1 қазанда екінші деңгейдегі банктер тарапынан берілген 12,7 трлн. теңге несиенің 9,8 трлн. теңгеге жуығы депозиттердің есебінен берілген. Яғни, банктер 6-8 пайызбен депозиттер тарта отырып, соның есебінен 14-20 пайыздық, тіпті одан да көп пайызбен несие береді. 

Жалпы, Қазақстанның бүкіл банк секторының жиынтық активі 2013 жылғы 1 қазанда 15,1 трлн. теңге болса, салыстырмалы түрде қарасақ, бір ғана Ресей Сбербанкі активтерінің көлемі Қазақстанның бүкіл банк секторының активтерінен төрт жарым есе артық екен (15,4 трлн. рубль). 

Міне, сондықтан да экономиканың нақты секторын қаржыландыру қаржы жүйесін одан ары дамытуға байланысты болып отыр. Әйтпесе, біздің банктер басқа елдердің банктерімен бәсекеге түсе алмайды. 

Осыған байланысты Сіздерден:

біріншіден, екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржы және микрокредиттік ұйымдар мен кредиттік серіктестіктер беретін банк қарыздары, микрокредиттер, кредиттер бойынша сыйақының шекті жылдық тиімді мөлшерлемесін 56 (елу алты) пайыз мөлшерінен 20-25 (жиырма- жиырма бес) пайыз мөлшеріне дейін төмендету;

екіншіден, Ұлттық Банк тарапынан екінші деңгейдегі банктердің өзіндік капиталына деген талаптарды күшейту және соған орай Базель келісімдерінің  талаптарын орындауға толық көшуді қамтамасыз ету;

үшіншіден, проблемалық несиелердің көлемін азайту мақсатында кешенді іс-шараларды жүзеге асыру, бұған жауапкершілікті күшейту;

төртіншіден, шағын және орта бизнеске несие берудің қолайлы жүйесін енгізу мәселелерін қарастыруды сұраймыз.

Осы депутаттық сауалға жауапты белгіленген тәртіпке сәйкес жазбаша түрде беруді сұраймыз.

 

Құрметпен,

Н.С. Сабильянов

 

О.Н. Өксікбаев

 

 

 

 

 

Қайырбек М.

74-62-84

 

 

№ исх: 20-11/512   от: 28.02.2014

 

 

 

Қазақстан Республикасының

Парламенті Мәжілісінің

депутаттарына

                                                     

2014 жылғы 30 қаңтардағы

№ ДС-28

Құрметті депутаттар!

 

Сіздердің банк секторының қызметін реттеу мәселесі бойынша                     2014 жылғы 30 қаңтарда айтылған депутаттық сауалдарыңызды қарап, төмендегіні хабарлаймыз.

Қарыздар бойынша сыйақының шекті жылдық тиімді мөлшерлемесін төмендету мәселесі бойынша

Қарыз бойынша сыйақының қолданыстағы шекті жылдық тиімді мөлшерлемесі (56%) банк қарызы шарты бойынша негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдерден басқа клиенттің қарызға қызмет көрсету бойынша қосымша төлемдерінің (клиенттің қарыз алуға жазылған өтінішін және құжаттарын қарауға төленетін ақы, қарызды алу үшін комиссия, клиенттің сақтандыру ұйымының, бағалау компаниясының пайдасына төлемдері және қарыз алу бойынша басқа да төлемдері) қосылуына байланысты.

Ұлттық Банктің статистикалық деректеріне сәйкес 2013 жылғы желтоқсанда заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 10,0%-ды, жеке тұлғалар бойынша 20,3%-ды құрады. Бұл ретте 2012 жылдың осындай кезеңінде сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі тиісінше 10,3% және 21,2% болды. Осылайша, 2013 жылдың соңына қарай жеке және заңды тұлғаларға берілген қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемесінің орташа алғанда 0,6 п.т. төмендеуі байқалды.

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейін көтеру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаржылық қызметтер сапасын көтеру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жобасының Тұжырымдамасы әзірленуде, оның шеңберінде банк және микроқаржы қарызын берумен және қызмет көрсетумен байланысты комиссияларды алуға тыйым салуды, сондай-ақ қарыздар бойынша сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің сараланған мөлшерін белгілеу болжанады, бұл қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемесін одан әрі төмендетуге мүмкіндік береді.

Банктердің меншікті капиталының жеткіліктілігіне талаптарды арттыру және Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің ұсынымдарына өтуін жүзеге асыру мәселесі бойынша

Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылық және қаржы нарығын дамыту кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) екінші деңгейдегі банктермен талқылау нәтижелері бойынша 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап және соңғы 5 жылдың ішінде Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитеті белгілеген, екінші деңгейдегі банктердің капиталдық базасын жай акциялардан және бөлінбейтін таза кірістен тұратын негізгі капиталдың үлесін арттыру және квазикапиталдық құралдарды алып тастау, сондай-ақ капитал жеткіліктілігіне талаптарды арттыру және капитал буферлерін (консервациялық, жүйелік және контрциклдық) енгізу есебінен күшейтуді көздейтін стандарттарға кезеңмен өтуді жүзеге асыруға шешім қабылдады.

Кеңес мақұлдаған капитал жеткіліктілігінің нормативтері III Базель ұсынған мәннен асады, отандық банк жүйесіне тән тәуекелдер деңгейіне сәйкес келеді. Бұдан басқа, уақыты бойынша біртіндеп белгіленген және мерзімі ұзартылған капиталдандыру бойынша талаптарды қатаңдату екінші деңгейдегі банктерге (бұдан әрі – банктер) жүктемені салыстырмалы түрде теңдей бөлуді қамтамасыз етеді.

Жұмыс істемейтін кредиттердің көлемін төмендету мәселесі бойынша

Ұлттық Банктің ақпараты бойынша жұмыс істемейтін кредиттер[1] үлесі         2014 жылғы 1 қаңтарда банктердің («БТА Банк» АҚ-ны қоспағанда – 19,4%) несие портфелінің 31,8% құрайды.

Екінші деңгейдегі банктердің портфельдеріндегі жұмыс істемейтін қарыздардың көлемін төмендету күшейту мақсатында Ұлттық Банк проблемалық активтерді басқарудың қолданыстағы тетіктерінің тиімділігін арттыруға бағытталған мынадай заңнамалық түзетулер кешенін ұсынып отыр:

- банктердің САБҰ-мен және ПКҚ-мен операцияларына салық салуды оңтайландыру;

- банктердің үмітсіз қарыздарын кешіру бойынша қосымша рәсімдерді 2016 жылға дейін ұзарту және жеңілдету;

- банкроттық рәсімдері/борышкерлерді оңалту кезінде кепілді кредиторлардың мүддесін қорғау жөніндегі заңнамалық актілерді күшейту;

- борышкерлердің мүлкі туралы мәліметтерді қамтуға және  қолжетімділігіне байланысты ақпараттық инфрақұрылымды жетілдіру.

Кеңес 2016 жылға қарай несие портфелінің 10%-ын аспауы тиіс жұмыс істемейтін қарыздардың ең жоғары мөлшерінің таргеттелетін деңгейін белгіледі, менеджменттің ауысу, банктік лицензияны кері қайтарып алуда оның орындамаудың салдарлары болып табылады.

Көрсетілген шараларды іске асыру шеңберінде Ұлттық Банк 2014 жылдың 1 жартыжылдығында жұмыс істемейтін қарыздарының жоғары үлесі бар әрбір банкпен орта мерзімді болашақта осы шектеулерге қол жеткізу бойынша кезең-кезеңдік шаралар кешенін көздейтін келісімдерді - жоспарларды әзірлейтін болады.

ШОБ-қа қарыздар беруді оңтайландыру мәселесі бойынша

Банктердің қарыздары құрылымында сауда кәсіпорындарына берілген қарыздар, яғни айналым үлесі жоғары кредиттер басым болып қалуда (несиелік портфельдің 27%). Құрылыс және жылжымайтын мүлікпен операциялардың үлесіне (көбінесе дағдарысқа дейінгі кезеңде берілген қарыздар) тиісінше 25% және 7% тиесілі. Өңдеу өнеркәсібіне қарыздардың 11% берілді. Соңғы екі жылда тұтынушылық қарыздардың үлесі несиелік портфельдің 10%-нан 16%-на дейін айтарлықтай өсті. Шағын бизнеске берілген кредиттердің үлесі банктердің несиелік портфелінің 17%-нан аспайды.

Кредиттеуді жандандыру және оңтайландыру:

– динамикалық резервті одан әрі қалыптастыруды тоқтата тұру нәтижесінде банктердің капиталына қосымша ауыртпалықты азайтуға (капитал құрылымында оның 2013 жылдың қорытындысы бойынша жинақталған көлемін сақтай отырып);

– тиісті пруденциялық нормативті ендіру және қарыз алушы жеке тұлғаның жиынтық борыштық жүктемесінің, асып кеткен жағдайда банк қарыз беруден бас тартатын шекті мөлшерін (қарыздар бойынша ай сайынғы төлемі ай сайынғы табысының 50% аспауы тиіс) енгізу арқылы банктің қамтамасыз етілмеген тұтынушылық қарыздарының өсу қарқынын 30%-дан аспайтындай мөлшерде шектеу жолымен кредиттеу көздерін қайта бөлуге ықпал етеді.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының шегінде кәсіпкерліктің түрлі субъектілеріне арналған кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бойынша іc-шаралар көзделген, мұнда банктердің 14%-дан аспайтын номиналдық сыйақы мөлшерлемесі бар кредиттері бойынша ғана сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау жүзеге асырылуы мүмкін, Кәсіпкер олардың 7%-н төлейді, ал айырмасын мемлекет өтейді.

Сонымен қатар Үкімет пен Ұлттық Банк Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында ағымдағы жылғы 14 ақпанда берген тапсырмаларын ескере отырып, экономиканы қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешінін әзірлеуде.

Осылайша, қабылданатын шаралар банк секторының бизнес субъектілерін қаржыландыруын ынталандыруға ықпал ететін болады.

 

Қазақстан Республикасының

          Премьер-Министрі                                               С. Ахметов

 

 



[1] Жұмыс істемейтін қарыздар деп негізгі борыш және сыйақы бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен төлемдері бар қарыздар түсініледі