Сабильянов
Нұртай
Салихұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Ж.Қ.Түймебаевқа
09

 

09.06.2010 ж.                                                         Қазақстан Республикасы

жарияланды                                                       Білім және ғылым министрі

Ж.Қ.Түймебаевқа

 

Депутаттық сауал

 

Құрметті Жансейіт Қансейітұлы !

 

Маған Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласының тұрғыны Айдын Есенұлы Жұмағұловтан төмендегідей мазмұндағы хат келді. 

Хат иеcі: «Сізге өзімнің қос шынарымның, екі көзімнің бірі, егіздің сыңары Есен Айдана жайлы айтпақпын. Ұлттық Бірыңғай Тестілеу кезінде 3 пәннен «5», 1 пәннен «4» алып, өзінің таңдау пәнінен яғни биология пәнінен «2» алып қалып отыр. Ол берілген уақыт ішінде тек 4 пәнді ғана орындап, ал биология пәнін жауап кітапшасына белгілеп, жауап парағына белгілеп үлгермеген. Қызымның болашағы мені өте қатты толғандырады. Өйткені егіздің сыңарының біреуінің жағдайы екіншісіне де әсер ететіні медицинада да дәлелденген. Айданамның белгілеп үлгере алмай қалғаны отбасын қатты аландатып отыр. Аудандық аппеляция комиссиясы шеше алмай, орталық республикалық аппеляция комиссиясына жіберіп отыр. Әкелік парыздың бірі ретінде ғана емес, кез келген іске көз жұма алмайтын жан ретінде сізден көмек сұраймын.» - деп жазыпты.

Осыған байланысты Сізден А.Е.Жұмағұловтың хатында көрсетілген – қызы Есен Айдананың кітапшада белгіленген жауаптары бойынша биология пәнінен алған бағасын Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысына енгізу мәселесін қарастыруды сұраймын.

                Хатты қарастыру нәтижесі туралы маған және хат иесіне жазбаша түрде хабарлауды сұраймын.

                Қосымша 3 бет. 

 

Депутат                                                                                  Н.Сабильянов  

 

 

 

 

Қайырбек М.

74-62-84

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                                                                       Қазақстан Республикасы

                                                                                       Парламенті Мәжілісінің

                                                                                       депутаты

                                                                                       Н.С. Сабильяновқа

2010 жылғы 9 маусымдағы

№ ДЗ-339-хатқа

 

Құрметті Нұртай Салыхұлы!

 

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) Сіздің 2010 жылғы 9 маусымда Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласының тұрғыны Айдын Есенұлы Жұмағұловтың хатына байланысты жария еткен депутаттық сауалыңызды қарап, төмендегіні хабарлайды.

Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру және өткізу жөніндегі технологияға сәйкес тестілеу басталғанға дейін аудиториядағы кезекші жауап парағының қызмет секторларын толтыру жөнінде түсініктеме береді. Тестілеу аяқталғаннан кейін тестілеуге қатысушы жауап парағын дұрыс толтырғанын растап қолын қояды, өйткені тест нәтижесі тек жауап парағының негізінде шығарылады.

Жауап парағын толтыру кезінде тестілеуге қатысушының тарапынан жіберілген қателерге мемлекеттік және апелляциялық комиссиялар жауап бермейді.

Сонымен қатар, апелляциялық комиссия сұрақ кітапшасы мен жауап парағының көшірмесінің негізінде шешім қабылдамайды, тек мектеп бітірушінің жауап парағы ғана негізге алынады.

Жалпы орта білім беру ұйымдарындағы оқушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, оларды аралық және қорытынды аттестаттаудың үлгі ережесінің 21-тармағына  сәйкес қорытынды аттестаттаудың нәтижесі бойынша бір немесе екі пәннен қанағаттанарлықсыз баға алған 9 (10) және 11-сыныптарының білім алушылары білім беру ұйымдарында тиісті оқу пәндері бойынша емтихан нысанында қайта қорытынды аттестаттауға рұқсат етіледі.          

Осыған байланысты, мектеп бітіруші Есен Айданаға өзі білім алған мектебінде биология пәнінен дәстүрлі емтихан тапсыруға құқық беріледі.

Дегенменде, Министрлік Есен Айдананың оқудағы жетістіктері мен ҰБТ-ның төрт пәні бойынша алған бағаларын, сондай-ақ егіздің сыңары екенін ескере отырып, ағымдағы жылғы 17-23 шілде аралығында өткізілетін кешенді тестілеуге жіберу туралы шешім қабылдағанын хабарлаймыз.

Өтініш иесіне жауап жіберілді.    

 

 

        Министр                                                                           Ж. Түймебаев

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Рахымжанов Қ.А. 

742372