Сабильянов
Нұртай
Салихұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Ж.А.Досқалиевке
09

 

 

 

 

 

09.12.2009 ж.                                                          Қазақстан Республикасы

жарияланды                                                      Денсаулық сақтау министрі

Ж.А.Досқалиевке

 

 

Депутаттық сауал

 

Құрметті Жақсылық Ақмырзаұлы !

 

2009 жылғы 23-26 қарашада Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының барлық 9 ауылдық округінде, соның ішінде Құндызды, Көкбай, Кеңгірбай би, Тоқтамыс, Саржал, Медеу, Қасқабұлақ, Архат, Қарауыл ауылдарында сайлаушылармен кездесу өткізген кезде, аудан тұрғындары тарапынан көтерілген өзекті мәселелердің бірі - Семей ядролық сынақ полигонындағы ұзақ уақыт ядролық сынақтар жүргізудің салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғауды жетілдіру, денсаулық сақтау мәселесі.

Атап айтқанда, Абай ауданы Саржал ауылының тұрғындары: «...ауыл тұрғындарының полигон зардаптарын жою жөніндегі өтініш-тілектері қоғам көңіл аударатындай жағдайға жетті деп ойлаймыз. ...полигон тұрғындарының денсаулық сақтау жұмыстары жақсартылса, олар жатып емделетін емхана салынса. Қазіргі істеп тұрған дәрігерлік амбулаторияның жұмысы өте ауыр, ауыратын адамдар көп, дәрігерлер аз...

 Ауыл дәрігерлерінің жұмысының ауырлығын мына цифрлармен түсіндіруге болады. 2040 тұрғыны бар ауылда: диспансерлік аурулар – 485, жүрек ауруымен – 14, онкологиялық аурумен – 9, гипертониялық аурумен – 38, анемия ауруымен – 22, психикалық ауытқу ауруымен – 38, неврологиялық аурумен – 18, инсульт алған аурулар – 7, су самыр ауруымен – 18. Тұрғындар есепте тұрады және осы аталған аурулардың көбі ауыр түрлеріне жатады. Ауылда дәрі іздеген уақытта алатын аптека жоқ...  Арнайы жабдықталған жедел жәрдем автокөлігі жоқ. Осы ауыл маңында елу-алпыс шақырымға дейінгі шаруа қожалықтарының адамдары осы дәрігерлік амбулаторияның қарауында.

Полигон жабылғаннан кейінгі халықтың өмір сүруін тексергенімізде 1990-2009 жыл аралығында ауылымызда 307 адам қайтыс болған, орташа өмір сүру деңгейі 58 жас, 63 пенсия жасына дейін 152 кісі қайтыс болған, осы кісілердің 50%, 0-18 жастағы балалар саны – 27. ...Өзіне-өзі қол жұмсау әлі де тыйылмай отыр.

Мектеп оқушыларының денсаулығы туралы айтсақ. Мектепте 358 оқушы бар. Оның 24- мүгедек, дәрігерде есепте тұратын бала – 163, жалпы ауыратын баланың саны – 187, оқушылардың 52% немесе 2 оқушының біреуі ауырады деген тұжырымға келеміз.», - деп жазған.

Осыған байланысты және  Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы тұрғындарының айтқан өтініштерін ескере отырып, Сізден:

-                                       «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы Заңының 17-бабының толық орындалуын қамтамасыз ету;

-                                       Саржал, Тоқтамыс, Көкбай ауылдарында адамдардың стационарлы жағдайда жатып емделуіне жағдай жасау;

-                                       Медеу, Саржал ауылдарындағы дәрігерлік амбулаторияларға жедел-жәрдем автокөлігін беру;

-                                       Абай ауданы тұрғындарын кешенді медициналық тексеруден өткізу, ауылдарда дәріхана ашу, дәрі сатуды  реттеу;

-                                       Бірыңғай мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізу мәселелерін қарастыруды сұраймын.

Осы депутаттық сауалға жауапты белгіленген тәртіпке сәйкес жазбаша түрде беруді сұраймын.

Қосымша 11 бет.

 

 

Депутат                                                                                  Н.Сабильянов

 

 

 

 

 

 

 

 

Қайырбек М.

74-62-84

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақстан Республикасының

    Парламенті Мәжілісінің

 депутаты

Н.С.Сабильяновқа

 

2009 жылғы 9 желтоқсандағы

№ДЗ-509  хатқа

 

Құрметті Нұртай Салихұлы!

 

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Сіздің хатыңызда көрсетілген проблемаларды қарап мынаны хабарлайды.

Абай ауданының халқына медициналық  көмекті құрамына емхана,          7 дәрігерлік амбулатория, 3 медициналық пункт, ғимаратсыз 2 медицина қызметкері, 1 санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау мекемесі, 2 дәріхана кіретін  орталық аудандық аурухана көрсетеді.

«Семей ядролық сынақ полигонындағы ұзақ уақыт ядролық  сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсандағы № 1788-Х11 заңына және «1949-1990 жылдардағы Семей ядролық сынақ полигонындағы ұзақ уақыт ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен халықты медициналық сауықтыру бағдарламасына» сәйкес Семей қаласының  радиациялық медицина және экология ғылыми-зерттеу институты (бұдан әрі-РМЭҒЗИ) және Семей қаласының диагностикалық орталығының ұтқыр диагностикалық кешенінде скринингтік тексерулерді өткізу үшін жазғы уақытта ауылдық аудандарға шығу жүзеге асырылады. Қысқы уақытта Семей қаласының диагностикалық орталығының және РМЭҒЗИ емханасының базасында тексеру жүзеге асырылады. Тексеруден өткен пациенттерді оңалту  диагностикалық орталықтың күндізгі стационарында, РМЭҒЗИ  стационарында және Семей қаласының бейінді медициналық мекемелерінде өткізіледі.

«Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 9 сәуірдегі № 494  қаулысының 5.1- тармағына сәйкес ауылдық аурухана географиялық климаттық жағдайын қоса алғанда, жергілікті ерекшеліктерін есепке ала отырып, тұрғын халқының саны кемінде 5000 адам болатын шалғай елді мекендерде  аудандық орталық аурухананың құрылымдық бөлімшесі ретінде құрылады. Саржал, Көкбай, Тоқтамыс ауылдарының халқының саны 2040  адамнан аспайды.

Қазіргі уақытта Саржал ауылының дәрігерлік амбулаториясында  2007 жылы алынған «Лада -24074»  автокөлік  бар.

Көкбай ауылының дәрігерлік амбулаториясының ғимараты 1994 жылға дейін 25 төсектік учаскелік аурухана ретінде жұмыс істеді, онда Құндызды және Көкбай ауылдарының тұрғындары емделді. Реформалау бағдарламасы бойынша 1994 жылы учаскелік аурухана дәрігерлік амбулатория болып қайта ұйымдастырылды.

Абай ауданында 2 дәріхана бар, екеуі де Қарауыл аудан орталығында орналасқан.

 

 

 

Министр                                                                                   Ж. Досқалиев

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Орын. Сағындыкова А.

74-31-85