Сабильянов
Нұртай
Салихұлы

Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің Төрағасы

Депутатқа хат
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Мәсімовке
06

 

 

06.10.2010 ж.                                                      Қазақстан Республикасының

жарияланды                                                  Премьер-Министрі К.Мәсімовке

 

Депутаттық сауал

 

Құрметті Кәрім Қажымқанұлы !

           

            Шығыс Қазақстан облысында сайлаушылармен кездесу өткізгенде облыстың елді-мекендерін, соның ішінде Өскемен және Семей қалаларын жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз ететін АЕS компаниясының және оның құрамына кіретін «Шығысэнерготрейд» ЖШС-нің қызметіне қатысты сұрақтар жиі көтеріледі.

            Сайлаушылар тарапынан электр жарығына тарифтің жылда көтерілуі, электр жарығының дұрыс берілмеуі, жиі өшірілуі, электр құрал-жабдықтарының, қондырғылардың тозғаны, күрделі жөндеу жүргізілмегені, ауылдық жерлерде электриктерді қысқартуы және т.б. мәселелер айтылуда. Шетелдіктердің қарауындағы бұл компаниялардың іс-әрекеті халықтың наразылығын тудырып отыр.   

Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда, АЕS компаниясының жекешелендіру міндеттемелерін орындамауы – 459 млн. АҚШ доллар болып отыр. Соның ішінде «AES Шүлбі су электр станциясы» ЖШС-і – 396,5 млн. АҚШ доллары, «АЕS Өскемен су электр станциясы» ЖШС-і – 37,97 млн. АҚШ доллары, «АЕS Өскемен жылу электр орталығы» АҚ-ы – 21 млн. АҚШ доллары және т.б. Аталған нысандардың мемлекет меншігінде болуы стратегиялық тұрғыдан, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды.

Осыған байланысты Сізден АЕS компаниясының құрамына кіретін «AES Шүлбі су электр станциясы» ЖШС-ін, «АЕS Өскемен су электр станциясы» ЖШС-ін, «АЕS Өскемен жылу электр орталығы» АҚ-ын және «Шығысэнерготрейд» ЖШС-ін мемлекет меншігіне қайтару мәселесін қарастыруды сұраймын.

Жауапты белгіленген тәртіпке сәйкес жазбаша түрде беруді сұраймын.

 

Депутат                                                                                   Н.Сабильянов

 

Қайырбек М.

74-62-84

 

 

 

 

 

 

                                                                             Қазақстан Республикасының

Парламенті Мәжілісінің

депутаты Н.С. Сабильяновқа

 

2010 жылғы 7 қазандағы № ДЗ-528

 

Құрметті Нұртай Салихұлы!

 

 

AES компаниясының құрамына кіретін бірқатар кәсіпорындарды мемлекеттік меншікке қайтаруға қатысты Сіздің депутаттық сауалыңызды қарап, мынаны хабарлаймыз.

Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өткен 2010 жылғы  22 қаңтардағы № 01-7.1 Кеңес хаттамасының 7.2.1 - тармағына сәйкес, уәкілетті мемлекеттік органдарға өндірістерді жаңғырту бойынша инвестициялық міндеттемелерді орындау мәніне табиғи монополия субъектілері мен энергия өндіруші кәсіпорындарға жүргізілген тексерудің қорытындылары жөнінде ұсыныстар әзірлеу және инвестициялар бойынша келісім-шарттардың талаптарын орындамаған кәсіпорындарды мемлекеттік меншікке қайтару жөнінде шаралар қабылдау тапсырылған болатын.

Осыған орай, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Мемлекет басшысының жоғарыда көрсетілген тапсырмасын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын (жол картасы) әзірледі. 

AES компаниясының құрамына кіретін кәсіпорындарға қатысты аталған Жоспармен мынадай іс-шараларды іске асыру көзделген: келіссөздер жүргізу, Шүлбі мен Өскемен СЭС-інің жұмыс істеуінің қаржылық моделін қарау және келісу, Алтай шарты мен сот талқылауларының перспективаларын кешенді талдауды жүргізу.

Атқарылған жұмыстың қорытындылары бойынша 2011 жылдың              30 сәуіріне дейінгі мерзімде AES компаниясымен келіспеушіліктер жөнінде, оның ішінде  қажет болған кезде, төрелік өткізу бойынша негіздемеленген шешім қабылданады. 

Осыған орай, AES компаниясының құрамына кіретін бірқатар кәсіпорындарды мемлекеттік меншікке қайтару мәселесін жоғарыда көрсетілген іс-шараларды өткізудің нәтижелері бойынша қайта қарауды орынды деп есептейміз.

 

 

Қазақстан Республикасының

          Премьер-Министрі                                                                             К. Мәсімов