08.12.2010 ж. Қазақстан Республикасының
жарияланды Премьер-Министрі К.Мәсімовке
Депутаттық сауал
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы !
2010 жылғы 29 қараша – 3 желтоқсан күндері Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының тұрғындарымен кездесу өткізгенде төмендегідей мәселе көтерілді.
Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Үржар ауылындағы Н.Крупская орта мектебін - Абылай хан, М.Горький орта мектебін - Б.Момышұлы есімімен қайта атау жөніндегі аудандық өкілді және атқарушы органдардың ұсыныс құжаттары 2007 жылғы 2 мамырда Шығыс Қазақстан облыстық ономастика комиссиясының қарауына жолданған. Облыстық ономастика комиссиясы бұл ұсынысты қолдаған. Осы ұсыныстар Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының 2009 жылғы 3 маусымда өткен отырысында қаралған.
2010 жылғы 7 маусымда Үржар ауданының өкілді және атқарушы органдарының: Благодарное орта мектебін «Ахмет Байтұрсыновтың», Қарақол орта мектебін «Ішпекбай Жақсыбековтың», аудандық жасөспірімдердің олимпиадалық резерв спорт мектебіне «Қабанбай батырдың» есімін беру туралы және Благодарное ауылының атауын «Келдімұрат», Благодарное ауылдық округін «Келдімұрат ауылдық округі», Ново-Андреевка ауылын «Барқытбел», Ново-Андреевка ауылдық округін «Барқытбел ауылдық округі» деп қайта атау жөніндегі ұсыныстарын Шығыс Қазақстан облыстық ономастика комиссиясы қолдаған.
Осыған байланысты Сізден Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы жоғарыда көрсетілген бірнеше елді-мекендер мен орта мектептердің атауларын өзгерту туралы мәселені қолдап, оны қарастыруды сұраймын.
Осы депутаттық сауалға жауапты белгіленген тәртіпке сәйкес жазбаша түрде беруді сұраймын.
Депутат Н.Сабильянов
Қайырбек М.
74-62-84
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің
депутаты
Н. Сабильяновқа
2010 жылғы 8 желтоқсандағы
№ ДЗ-641 хатқа
Құрметті Нұртай Салихұлы!
Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының бірқатар білім мекемелеріне белгілі тұлғалардың есімдерін беру туралы мәселе Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының 2009 жылғы 3 маусымдағы отырысында қаралып, оң шешім қабылданған болатын.
Алайда, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысының 2008 жылғы 15 қаңтардағы № 32-28.41 тапсырмасына сәйкес бұл салада нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатқанына байланысты жақын арада бұл шешімді іске асыру мүмкін емес.
Сонымен қатар ономастика саласын заңнамалық тұрғыдан жетілдіру, нормативтік-құқықтық функциясын нығайту бағытындағы жұмыстар Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында жан-жақты ескерілген.
Бұл нәтижеге қол жеткізу үшін ономастика саласындағы нормативтік құқықтық базаны пысықтау, сондай-ақ географиялық объектілердің атауларын мемлекеттік тілде жазу, оны орыс және басқа да тілдерде транслитерациялаудың ережелерін әзірлеу мәселесі бағдарламада көзделіп отыр.
Осы орайда, мемлекеттік бағдарлама жобасы қабылданғаннан кейін көтеріліп отырған мәселе оң шешімін табады деген ойдамыз.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов