13.04.2011 ж.
жарияланды
Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау
министрі Г.Н.Әбдіхалықоваға
Депутаттық сауал
Құрметті Гүлшара Наушақызы !
Маған Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының Таскескен, Шолпан ауылдарында тұратын «Алтын алқа», «Күміс алқа» алған көп балалы аналардан жәрдемақыларын уақытында алмағаны туралы хаттары келген. Осы мәселеге байланысты Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына менің тарапымнан хат жолданылған еді. Тексеру барысында прокуратураның анықтағаны: Үржар ауданы Зейнетақы төлеу орталығының (бұдан әрі – ЗТО) қызметкерлері бірнеше тұлғалардың арыз берген күндерінен бастап зейнетақы немесе жәрдемақыларын тағайындау құжаттарының электрондық макеттерін уақтылы қалыптастырмағандықтан, олар заңмен белгіленген тәртіпте ШҚО бойынша ЗТО Департаментіне жолданбаған, яғни уақтылы шешім шығарылмаған. Құжаттардың электронды макеттерінің жасалмаған себебі – ЗТО-ның маманына сканер берілмеген.
Үржар ауданының ЗТО-ғы арыздарды қабылдау барысында олардың қабылданғанын дәлелдейтін түбіртек мүлде берілмеген, және арыздары «арыздар тіркеу кітабына» тіркелмеген.
Мемлекеттік жәрдемақы алу үшін Үржар ауданы ЗТО-на құжаттарын өткізген «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алған 56 көп балалы анаға 2010 жылы жалпы төленбей қалған жәрдемақының сомасы - 1 164 234 теңгені құраған.
Осыған байланысты Сізден Үржар ауданы Таскескен, Шолпан және Қарақол ауылдарының «Алтын алқа», «Күміс алқа» алған аналарға төленбей қалған әлеуметтік жәрдемақыларын толығымен төлеп беру мәселесін және зейнетақы төлеу орталықтарын сканер, тағы да басқа қажетті техникалық құралдармен жабдықтау мәселесін қарастыруды сұраймын.
Осы депутаттық сауалға жауапты белгіленген тәртіпке сәйкес жазбаша түрде беруді сұраймын.
Қосымша 7 бет.
Депутат Н.Сабильянов
Қазақстан Республикасы
Парламент Мәжілісінің
депутаты
Н. Сабильяновқа
2011 жылғы 13 сәуірдегі
№ ДЗ-146 хаттарыңызға
Құрметті Нұртай Салихұлы !
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Таскелен, Шолпан және Қаракөл ауылдарының бір топ көп балалы аналардың өтініштерін қарап, төмендегіні хабарлайды.
Өтініште аталған барлық көп балалы аналардың Таскелен (23 көп балалы ана), Шолпан (24 көп балалы ана) және Қаракөл (9 көп балалы ана) ауылдарының тұрғындарының іс-құжаттары толық мұқият қаралып, әлеуметтік төлемдерінің мөлшері тексерілді.
Жоғарыда аталған «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған көп балалы аналардың мемлекеттік арнаулы жәрдемақы төлемдері 2011 жылдың 17 мамыр айында (2010 жылдың қазанынан 2011 жылдың 4 қаңтарына дейінгі уақыт аралығы) төленетіндігін хабарлаймыз.
техникалық құралдармен жабдықтау мәселесіне қатысты
Шығыс Қазақстан облысының зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының Үржар аудандық бөлімшесін жақын арада техникалық ұйымдастыру құралдарымен (сканер және тағы басқа техникалық құралдар) қамтамасыз ету жоспарлануда.
Министр Г. Әбдіқалықова