20.04.2011 ж.
жарияланды
Қазақстан Республикасы
Әділет министрі
Р.Т.Түсіпбековке
Қазақстан Республикасыңың
Бас прокуроры А.Қ.Дауылбаевқа
Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау
министрі Г.Н.Әбдіхалықоваға
Депутаттық сауал
Құрметті Рашид Төлеутайұлы !
Құрметті Асхат Қайзоллаұлы !
Құрметті Гүлшара Наушақызы !
Маған Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылында тұратын Б.Умировадан төмендегідей мазмұндағы хаты келді.
Хат иесі: «...Ақсуат ауылында «Ақсуат ет» ЖШС-інде жұмыс істеп, осы күнге дейін, яғни 2009 ж., 2010 ж., 2011 жылдардың еңбек ақымызды ала алмай отырмыз. Бармаған жер, қақпаған есігіміз қалмады. Қолымызда:
1. Еңбек қорғау департаментінің шешімі;
2. Облыстық прокуратурасының шешімі;
3. Аудан аралық экономикалық сотының шешімі бар.
Ал Тарбағатай аумақтық аға соты Т.С.Әділжанов мырзаға барғанымда, мен сендерге адвокат емеспін, қолыңнан келсе адвокат жалда деп шығарып салды. Әрине, мен қайдан адвокат жалдаймын, айлыққа қарап отырған адамдармыз, оны да ала алмағанымызға 3 жыл болды. Сұмдық қой?...
Тарбағатай аудандық аға сот орындаушысы С.Жәлелбеков мырза шешім жоқ, міндеттеу ғана қолымызда деп шаруамызды шешпей отыр...», – деп жазыпты.
Осыған байланысты Сізден Б.Умированың хатында көрсетілген – сот шешімінің орындалу мәселесін қарастыруды сұраймын.
Осы депутаттық сауалға жауапты белгіленген тәртіпке сәйкес жазбаша түрде беруді сұраймын.
Қосымша 29 бет.
Депутат Н.Сабильянов
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаты
Н.С.Сабильяновқа
Сіздің 2011 жылдың 21 сәуіріндегі
№ДЗ -179 хатыңызға
Құрметті Нұртай Салихұлы!
Сіздің, жоғарыда көрсетілген хатыңызға сәйкес Шығыс – Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылында тұратын Б.Умированың, борышкер «Ақсуат ет» ЖШС – нан 2009, 2010, 2011 жылдарға тиесілі еңбек ақыларын өндіріп ала алмай жүргендігі туралы шағымын қарап, келесіні хабарлаймыз.
Тексеріс барысында, борышкер «Ақсуат - Ет» ЖШС – ның директорын 2010 жылдың 12 қыркүйегіндегі №56 нұсқамасын орындауға міндеттеу туралы атқару парағы 2010 жылдың 29 қарашасында Шығыс Қазақстан облысы Сот актілерін орындау департаментіне келіп түскені және сол күні аға сот орындаушысы С.Ж. Жалелбековтың қаулысымен атқарушылық өндірісі қозғалғандығы анықталды.
2010 жылдың 30 қарашасында сот орындаушысымен борышкер С.Қажығалиевқа сот актісін 2010 жылдың 06 желтоқсанына дейін орындау қажет екендігі туралы хабарлама жолданып, борышкерден түсініктеме алынған болатын.
2010 жылдың 21 желтоқсанында сот орындаушысымен борышкерге жоғарыда аталған сот актісін 2010 жылдың 26 желтоқсанына дейін орындау қажет екендігі туралы хабарлама қайталанып жіберіліп, борышкер «Ақсуат - Ет» ЖШС – ның директоры С.Қажығалиевтан түсініктеме алынды.
Түсініктемесінде С.Қажығалиев, сот актісін уақытында орындай алмау себебін, аталған ЖШС – ның жұмыс істемеуі және борышкердің мүлкі «Мал өнімдері» АҚ – ның кепілдігінде болуымен түсіндіреді. Алайда, борышкермен кепілдікте тұрмаған тоңазытқыш және ГАЗ – 53, Волга маркілі автомобильдерді және электрқазанды қарыз өтеу есебінде өндіріп алушыға ұсынылған. Бірақ та, Б.Умирова қарызды ақшалай өтеуді талап етіп, борышкердің жоғарыда көрсетілген мүлкінен бас тартқан.
Осыған орай, сот орындаушы 2011 жылдың 15 ақпанында Қазақстан Республикасы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 126 бабының 1 тармағының 5 тармақшасына сәйкес, сот актісінің орындау тәсілі мен тәртібін өзгерту бойынша сотқа ұсыныс жасаған. Дегенмен, сот ұсыныс бойынша шешім қабылдамаған.
2011 жылдың 27 сәуірінде, сот орындаушымен борышкерді әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында Тарбағатай аудандық сотына материал жолданған, алайда аудандық соттан жауап бүгінгі күнге дейін келмеген.
Сол күні, сот орындаушы Қазақстан Республикасы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 104 бабына сәйкес, борышкер сот шешімін уақытында орындамағандықтан «Ақсуат ет» ЖШС – нан әр күн өткізілген мерзімі үшін 10 айлық есептік көрсеткішін өндіру туралы сотқа ұсыныс жасаған, алайда аудандық соттан жауап бүгінгі күнге дейін келмеген.
Шығыс – Қазақстан облысы Сот актілерін орындау департаментінің Тарбағатай сот орындаушылары аумақтық бөлімінің аға сот орындаушысы С.Ж. Жалелбеков Қазақстан Республикасы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының талаптарын бұзғаны анықталды.
Бүгінгі күні С.Ж. Жалелбековтың жауапкершілік мәселесі Шығыс – Қазақстан облысы Сот актілерін орындау департаментінің тәртіптік комиссиясында қаралуда.
Аталған атқару өндірісі Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің бақылауында.
Арыз иесіне жауап берілді.
Қосымша: 1 бетте
Қазақстан Республикасы
Әділет Министрі Р. Түсіпбеков
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаты
Н.С.Сабильяновқа
Құрметті Нұртай Салихұлы!
Бас прокуратура Сіздің Б.Өмірованың еңбек құқықтарын қорғау туралы арызына қатысты жолдаған депутаттық сауалыңызды қарап, төмендегіні хабарлайды.
2010 жылғы 13 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы «Ақсуат-ет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (әрі қарай - Серіктестік) 20 жұмыскерге 1 788 187 теңге (2009 жылдың наурыз-шілде айларында жұмыс істегендері үшін - 1 020 344 теңге, 2010 жылдың қаңтар-тамыз айлары үшін 767 843 теңге) мөлшерінде еңбекақы төлеу қажеттігі туралы ұйғарым берген.
Алайда, ұйғарымның орындалмауына байланысты, еңбек инспекторы оны мәжбүрлеп орындату мақсатында, Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына (әрі қарай - МАЭС) талап-арызбен шағымданған.
МАЭС-тың 2010 жылғы 22 қазандағы шешімімен Серіктестікке өз жұмыскерлеріне 1 788 187 теңге қарыз еңбекақыны төлеу жүктелген.
2010 жылғы 29 қарашада Тарбағатай аумақтық сот орындаушылар бөлімі атқарушылық іс жүргізу қозғап, орындау іс-әрекеттерін жүргізу барысында борышкерден 446 868 теңге өндірілген.
Сот шешімі негізінде шығарылған атқарушылық құжаттың мүліктік емес сипатта болуына байланысты, борышкердің мүлкіне тыйым салып, сауда-саттыққа қою арқылы қарыз соманы өндіру мақсатында сот орындаушы 2011 жылғы 27 сәуірде МАЭС-қа сот шешімін орындау тәсілі мен тәртібін өзгерту туралы ұсыныс жолдаған (қаралуда).
Сонымен қатар, Тарбағатай ауданы прокурорының бастамасымен Серіктестік директоры С.Қажығалиев, сот орындаушы С.Жәлелбеков, жұмыскер Б.Өмірованың қатысуларымен 2011 жылғы 11 ақпанда осы мәселе бойынша жедел жиналыс өткізілген.
Жүргізілген келіссөздер нәтижесінде Серіктестік құрылтайшылары (Б.Мазимбаев (75%), С.Қажығалиев (10%), Н.Бекбаева (7,5%), Б.Кобаев (3,75%), Г.Кобаев (3,75%) 2011 жылғы 17 ақпанда кезектен тыс жиналыс өткізіп, оның қорытындысы бойынша бірқатар мүлік нысандарын саудаға шығару туралы шешім қабылдаған.
Сонымен қатар, Тарбағатай аудандық прокуратурасы Серіктестік басшыларын Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 148 (Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзу), 215 (банкроттық жағдайындағы заңсыз iс-әрекеттер), 216 (әдейi банкроттық) баптарымен жауапкершілікке тарту мәселесін шешу мақсатында 2011 жылғы 1 сәуірде құжаттарды аудандық ішкі істер бөліміне жолдаған.
Қылмыстық қудалау органымен Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексінің 37-бабы 1-бөлігінің 2-тармағы негізінде қылмыстық іс қозғаудан бас тарту жөнінде іс-жүргізу шешімі қабылданған. Алайда аудандық прокуратура 2011 жылғы 3 мамырда аталған шешімді бұзып, құжатар қосымша тексеруге жолданған.
Сондай-ақ, Тарбағатай аудандық прокуратурасы үстіміздегі жылдың 28 сәуірінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша сот актілерін орындау Департаментіне сот орындаушы С.Жәлелбековті осы атқарушылық іс жүргізу бойынша жол берген заң бұзушылықтар үшін тәртіптік жауапкершілікке тарту және сот шешімін орындауға бағытталған нақты шаралар қолдану туралы ұсыныс енгізген (қаралуда).
Көрсетілген сот шешімінің орындалу барысы прокуратура органдарының бақылауына алынды.
А. Дауылбаев
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің
депутаты
Н. Сабильяновқа
2011 жылғы 21 сәуірдегі № Д3-179 хатқа
Құрметті Нұртай Салихұлы !
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Сіз жолдаған Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақсуат ауылының тұрғыны Б. Умированың «Ақсуат ет» ЖШС-гінен (бұдан әрі -ЖШС) еңбек ақысын ала алмай жүргендігі туралы жазған арызын қарап, мынаны хабарлайды.
Б. Умированың еңбек ақысын ала алмай жүргендігі туралы жазған арызын Шығыс Қазақстан облысы бойынша Бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің мемлекеттік еңбек инспекцисы (бұдан әрі -инспекция) ЖШС-де жоспардан тыс тексеріс жүргізген. Тексеріс барысында ЖШС-тің қызметкерлеріне 1 788 187 теңге еңбек ақы берешегі бар екендігі анықталған және осы заң бұзушылықты жою жөнінде жұмыс берушіге нұсқама берілген.
Бірақ жұмыс беруші берілген нұсқаманы уақытында орындамағандықтан, нұсқаманы мәжбүрлеп орындатуға осы мәселе туралы құжаттарды Шығыс Қазақстан облысының арнайы ауданаралық экономикалық сотынының қарауына берілген болатын. Сот бұл талап арызды 2010 жылдың 22 қазанында қарап, қанағаттандырған және «Ақсуат ет» ЖШС-нің директорын нұсқаманы орындауға міндеттеген.
Осыған орай, сот төрелiгiн iске асыру жөнiнде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 77 бабына сәйкес, соттың қызметiне қандай да болсын араласуға жол берiлмейдi, және ол заң бойынша жауапкершiлiкке әкеп соғады.
Сондықтан сот шешімін жүзеге асыру кезiнде басқа мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдары, жеке және заңды тұлғалардың араласуына болмайды.
Бұл мәселе бұдан әрі тек сот арқылы шешілуі тиіс.
Өтінішті қарау нәтижесі бойынша өтініш иесіне хабарланды.
Министр Г. Әбдіқалықова