01.02.2012 ж.
жарияланды
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
К.Мәсімовке
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы !
11 қаңтар 2012 жылы «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық Партиясының тізімі бойынша Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар ретінде Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласындағы ««Үміт» Балалар үйі» мемлекеттік мекемесінде кездесу өткізгенде мемлекеттік сатып алуға байланысты көптеген сұрақтар қойылды. Сонымен қатар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары директорларының республикалық кеңесінің төрайымы Майра Бейсекановадан төмендегідей мазмұндағы хат та келді.
Хат иесі: «...«Мемлекеттік сатып алу туралы» заңы бойынша бірқатар өзекті мәселелер туындап отыр:
- Мемлекеттік сатып алу веб-порталына жылдық жоспарымызды жариялағанда біз жоғары сапалы тауар бағаларын көрсетеміз. Алайда, баға ұсыныстары тәсілімен мемлекеттік сатып алу өткізгенде өнім берушілер сатып алуды жеңіп алу үшін бағаларын төмен түсіреді. Шарт жасасқаннан кейін олардың әкелген тауарлары талаптарға сай келмейді. Ал істі сотта қарау көп уақытты алады, бұл бюджеттің игерілмеуіне әкеліп соғады.
- Басқа облыстан өнім берушілер мемлекеттік сатып алуды ұтып алса, онымен бес күннің ішінде шарт жасасу өте қиын, одан бас тарту көп уақыт алады, бұл тағы да бюджеттің игерілмеуіне әкеліп соғады.
- Кейбір кезде тапсырысты орындауды жеңіп алған өнім берушілерді іздеп табу мүмкін емес.
- Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды мемлекеттік қордан тұрғын үй алуға кезекке тұрғызу мүмкін емес, өйткені кезекке тұрғызу үшін соңғы бес жылда тұрған мекен жайынан анықтама керек. Ал ол балалар ата-аналарымен бірнеше жалдамалы пәтерлерде тұрған, олар ешбір жерде тіркеуде болмағандықтан бұл анықтаманы алу мүмкін емес. Осы сұрақтың оң шешімі табылса дейміз.
- Кәсіби оқу орындарын бітірген түлектерді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті болып тұр, сондықтан оларға пәтер алғанға дейін тұратын шағын жанұя үйлерін немесе жастар үйлерін салу қажет.» - деп жазыпты.
Осыған байланысты Сізден:
1. Балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан балаларға азық-түлік, киім-кешек сатып алуды мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды қолданбай жүзеге асыру мәселесін;
2. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үй кезегіне тұрғызу үшін талап етілген құжаттардың тізімінен баланың соңғы бес жылда тұрған мекен жайы туралы анықтаманы алып тастау мәселесін;
3. Кәсіби оқу орындарында оқыған балалар үйінің түлектеріне олар пәтер алғанға дейін тұратын жастар үйін салу мәселесін қарастыруды сұраймыз.
Осы депутаттық сауалға жауапты белгіленген тәртіпке сәйкес жазбаша түрде беруді сұраймыз.
Қосымша 2 бет.
Депутаттар Н.Сабильянов
Т.Ибраев
--------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------------
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің
депутаттары
Н.С. Сабильяновқа,
Т.Т.Ибраевқа
2012 жылғы 3 ақпандағы
№ ДЗ-2 хатқа
Құрметті депутаттар!
Қазақстан Республикасының Үкіметі сіздердің сауалыңызға қатысты төмендегіні хабарлайды.
Балалар үйлері үшін азық-түліктер мен киім-кешекті «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) нормаларын қолданбай сатып алу мүмкіндігін қарастыру мәселесі бойынша
Қолданыстағы заңнамада, атап айтқанда, Заңның 4-бабында өнiм берушiнi таңдауды және онымен мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жасасуды регламенттейтiн нормалар қолданылмай мемлекеттiк сатып алу жағдайлары айқындалған.
Бұл ретте Заңның аталған бабы Қазақстан Республикасы 2011 жылғы 8 шілдеде ратификациялаған Мемлекеттiк (муниципалдық) сатып алу туралы келiсiмге (бұдан әрі – Келісім) сәйкес келтірілген. Онда бiр көзден не жалғыз өнiм берушiден (орындаушыдан, мердiгерден) алу тәсілімен немесе тапсырыс берушінің актiсi негiзiнде нақты сатып алуды орналастыру ерекшелiктерiн қолдана отырып сатып алу, сондай-ақ конкурстық рәсiмдердi өткiзбей сатып алу жағдайларының толық тізбесі қарастырылған (Келісімнің 5-бабының 1-тармағы).
Сонымен бірге, Заңда мемлекеттік сатып алуды жүргізудің бес тәсілі қарастырылған, олардың бірі белгiленген тәртiпте бекiтiлген жобалау-сметалық құжаттаманы, техникалық ерекшелiктерді қоса алғанда, ал қажет болғанда нормативтiк-техникалық құжаттаманы көрсете отырып, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң сипаттамасы мен талап етiлетiн техникалық, сапалық және пайдалану сипаттамаларымен конкурстық құжаттаманы әзірлеуді көздейтін конкурс болып табылады.
Осыған байланысты, күрделі сипаттамасы мен ерекшеліктері бар тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді сатып алу қажет болған жағдайда мемлекеттік сатып алу конкурс тәсілімен жүргізілуі тиіс.
Талаптарға сай келмейтін тауарды сатып алуға қатысты тауардың сатып алынатын тауардың талап етілетін сипатына сәйкес келуі мәселесін мемлекеттік сатып алуды ең төменгі баға ұсынысын ұсынған әлеуетті өнім берушімен қарастыру қажет.
Қабылданатын құжаттар тізімінен соңғы бес жылдағы тұрғылықты жерінен анықтаманы алып тастау мәселесі бойынша (жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу үшін есепке қою кезінде)
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1999 жылғы 2 қыркүйектегі № 1292 қаулысымен бекітілген Жергiлiктi атқарушы органдардың қарамағындағы мемлекеттiк тұрғын үй қорынан үй-жай беру, жалдау және пайдаланудың тәртiбi туралы нұсқаулыққа сәйкес тұрғын үйге мұқтаж азаматтар Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнiң аумақтық органынан өтiнiш берушiнiң және онымен ұдайы тұратын отбасы мүшелерiнiң меншiк құқында өздерiне тиесiлi үй-жайдың жоқтығы туралы анықтаманы тапсырады.
Осылайша, қолданыстағы заңнамада аталған санаттағы балаларды есепке қою үшін соңғы бес жылдағы тұрғылықты жерінен анықтамаларды ұсыну көзделмеген.
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарынан техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері үшін Жастар үйлерін салу мәселесі бойынша
Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары бітірушілерінің одан әрі әлеуметтік бейімделуі үшін республикада 33 Жасөспірімдер үйі жұмыс істейді, онда балалар үйлерінің 23 жасқа дейінгі 1345 бітірушісі, оның ішінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беретін ұйымдардың білім алушылары тұрады.
Бұдан басқа, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Заңында жергілікті атқарушы органдарға жасөспірімдер үйлерін балалар үйлері мен отбасы үлгісіндегі балалар ауылдарының жанынан ғана емес, сондай-ақ дербес заңды тұлғалар ретінде де құру мүмкіндігі берілген.
Әлеуметтік
салада қабылданған мемлекеттік міндеттемелердің
көлемін, сондай-ақ мемлекеттік бюджет мүмкіндіктерінің
шектеулілігін ескере отырып,
жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз
қалған балалар қатарынан техникалық және
кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру
бағдарламаларын жүзеге асыратын білім беру мекемелерінің
бітірушілері үшін тұрғын үй алғанға дейін
жастар үйлерін салу мәселесін қарастыруды қазіргі уақытта
ертерек деп есептейміз.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі К. Мәсімов