15.02.2012 ж. Қазақстан Республикасы
жарияланды Ауыл шаруашылығы министрі
А.С. Мамытбековке
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Құрметті Асылжан Сарыбайұлы!
Шығыс Қазақстан облысында халықпен кездесулер өткізгенде көп көтерілетін мәселелердің бірі – несие серіктестерінің қаржыландыру мәселесі. Осы мәселеге байланысты маған Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Үржар ауылында тұратын «Тарбағатай» Несие серіктестігінің басқарма төрағасы Ы.Биболовтан төмендегідей мазмұндағы хат келді.
Хат иесі: «...2001 жылы Үржар ауданында «Тарбағатай» несие серіктестігі ашылып қалыпты жұмысын бастап еді. Өткен он жыл көлемінде қатысушылар саны 74 шаруашылыққа жетіп, жарғылық қорымыз 50 миллион теңгеге жетіп, несие қоржынымыз 320 миллион теңгені құраған. Өткен 10 жылдың 8 жылы ішінде ауданымызға қайтарымымен есептегенде 1 250 миллион теңге инвестиция тартылды.
2010 жылы ақпан айынан бастап еш себепсіз қаржы бөлу тоқтап қалды, соның кеселінен 2011 жылы өткен тоғыз жылда болмаған, просрочка шыға бастады да енді «Аграрлық несие корпорациясы» Басшылары просрочка жабылмай несиелеуді бастамаймыз деп отыр. Оның үстіне пеняны қаптатып жатыр. Біз қарызды қайтарамыз, оны серіктестік мойнына іліп қойып, несиелеуді бастай берейік десек келіспейді.
Несиелеу серіктестіктің жазбаша сұранысына байланысты несие серіктестігінің есебіне түсіріліп одан кейін серіктестік пен алушы арасында құжаттар жасалса, сонда несие алу 4-5 айға созылмай тез атқарылар еді. Кәзіргі кезде мемлекетіміздің айтып отырған ауыл шаруашылық тауар өндірушілерін жеңілдетілген және жеделдетілген несиемен қамтамасыз етеміз деген ойы тоқтап тұр, не несие серіктестіктері не МКО-лар ақша ала алмай отыр.
Несиелеу мәселесіндегі тағы бір шешілмей келе жатқан мәселе: несие беру 2009 жылға дейін екі жақты келісім шартпен беріліп келді, бір жағынан несие серіктестігі – екінші жағынан несие алушы. Қандай жақсы еді – несие шартын несие алушы өзі Халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) өткізіп заңдастыратын, несие төлеп болғанда кепілдік дүниені серіктестік ХҚКО-нан шығаратын, мәселе осы ауданда әмбе тез шешілетін. Ал кәзір несие шарты үш жақты – несие серіктестігі – несие алушы – несие корпорациясының өкілі не Астанада не Өскеменде – қол қойып бекітеді. Ол қағаздар екі жақ қол қойғаннан кейін Астанаға үшінші жақ қол қою үшін почтамен кетеді. Ол қағаз қол қойылып қайта келгенше 1-1,5 ай уақыт өтеді де ХҚКО-ға өткізу үшін Өскеменнен өкіл келуі керек.
Осы мәселені заң жүзінде шешпесе болмайтын сияқты...», - деп жазған.
Осыған байланысты Сізден Ы.Биболовтың хатында көрсетілген мәселелерді қарастыруды, сонымен қатар, Республика бойынша 161 несие серіктестігінің қарыздары туралы, олардың қаржылық жағдайы туралы, Шығыс Қазақстан облысындағы 17 несие серіктестігінің қарыздары туралы, оларды қаржыландыруға бөлінетін қаражат туралы мәлімет беру мәселесін қарастыруды сұраймын.
Осы депутаттық сауалға жауапты белгіленген тәртіпке сәйкес жазбаша түрде беруді сұраймын.
Қосымша 2 бет.
Депутат Н.Сабильянов
|
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.Сабильяновқа |
2012 жылғы 16 ақпандағы
№ ДЗ-48 сауалға
Құрметті Нұртай Салихұлы!
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Сіздің Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы «Тарбағатай» несие серіктестігінің басқарма төрағасы Ы.Биболовтың арызына қатысты сауалға қосымшаға сәйкес жауап жолдайды.
Қосымша: 2 бет
Министр |
А. Мамытбеков |
2012 жылғы « ___» ____________
№ ___________ ҚР АШМ хатына
Қосымша
«Тарбағатай» Несие серіктестігі ЖШС басқарма төрағасы Ы.Биболовтың арызына қатысты.
«Тарбағатай» ауылдық кредиттік серіктестігі» ЖШС (бұдан әрі – «Кредиттік серіктестік») «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ (бұдан әрі мәтін бойынша – «Корпорация») қаражаты есебінен қаржыландырылатын Шығыс Қазақстан облысы кредиттік серістестіктерінің бірі болып табылады.
Корпорация мен Кредиттік серіктестік арасында жасалған 2003 жылғы 25 желтоқсандағы № 128 кредиттік келісімінің (бұдан әрі – «Кредиттік келісім») талаптарына сәйкес соңғысына сомасы 320 000 000 теңгеге кредит желісі ашылды, оның аясында ол ашылған кезден 2009 жылғы 9 қарашаға дейін Корпорация соңғы қарыз алушыларды (Кредиттік серіктестіктің қатысушыларын) қаржыландыру мақсатымен кредиттік ресурстарды ұсынды.
2010 жылдың 5 сәуірінде Корпорация филиалына клиенттен 2009 жылғы желтоқсан айының орта шенінде жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын мөлшерінің мол болуына, одан кейінгі төмен температураға орай шаруашылықтың жайылым алаңдарын қалың мұз басып, оның салдары малдың жаппай өлім-жітіміне әкеліп соққандығы жөнінде хат келіп түсті. Кредиттік серіктестік жалпы сомасы 67 788 000 теңгеге 35 шаруашылыққа 2011 жылғы 25 қарашаға дейін кредиттеу мерзімін ұзартуды ұсыну және кепілсіз кредиттерді беру туралы қолдаухат жіберген. Бұл ретте, кредиттік серіктестік қарыздардың мерзімін ұзарту бойынша рәсімді жүргізу үшін қажетті құжаттарды ұсынбаған. Кредиттеудің регламенттері мен Рәсімдері қаржы жағдайына және кепілмен қамтамасыз етуге мониторинг жүргізусіз клиенттердің қолдаухаты бойынша мерзімін ұзартуға мүмкіндік бермейді.
Кредиттік серіктестік 2010 жылдың ішінде екі рет мерзімін өткізіп алған (2010 жылғы 21 маусымдағы 320 000 теңге мерзімі өткен сома –2010 жылғы 2 шілдеде төленді, 2010 жылғы 6 тамыздағы 1 200 000 теңге мерзімі өткен сома – 2010 жылғы 25 тамызда төленді).
2011 жылғы 25 ақпаннан бастап пайда болған «Тарбағатай» ауылдық кредиттік серіктестігі» ЖШС мерзімі өткен берешегінің салдарынан Кредиттік серіктестікті бұдан кейінгі қаржыландырудан бас тартылды (кредит шартының 3.7. тармағы 2. тармақшасына сәйкес транштарды беру тоқтатылуы мүмкін, атап айтқанда, бұған дейінгі транш бойынша (негізгі борыш және/немесе сыйақы) мерзімі өткен берешегі болған жағдайда).
2011 жылғы 19 қазанда Кредиттік серіктестік төрағасы Ы.С. Биболовтың қатысуымен, Корпорация Уәкілетті органымен Кредиттік серіктестіктің Корпорация алдындағы мерзімі өткен берешегін өтеу тәртібі белгіленді. Кредиттік серіктестік төрағасы 2011 жылғы 1 желтоқсанға дейінгі мерзімде сомасы 10 347 000 теңге және 2011 жылғы 25 желтоқсанға дейінгі мерзімде сомасы 10 249 300 теңге мерзімі өткен берешекті өтейтінін ауызша мәлімдеді. Кредиттік серіктестік өзіне қабылдаған міндеттемелерді айтылған уақытта орындамаған. 2012 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша сыйақы мен айыппұл санкцияларын есепке алусыз Кредиттік серіктестіктің қарыз міндеттемесі бойынша мерзімі өткен негізгі борыш сомасы 18 986 300 теңгені құрады.
Кредит өтінімдерін қарастыру мерзімдері мәселесі бойынша: қазіргі таңда Корпорация орталықсыздандыру Стратегиясын бекітіп, оны жүзеге асыруда, оған сәйкес көптеген өкілеттіктер Корпорацияның филиалдарына және Кредиттік серіктестіктерге (филиалдар өкілеттіктерінің лимиті белгіленді, кейбір Кредиттік серіктестіктер өкілеттіктерінің лимиті белгіленді, жаңа қатысушыларды енгізу Кредиттік серіктестіктер өкілеттіктеріне берілді) беріледі. Аталмыш стратегияның нәтижесі қолданыстағы рәсімдердің жеңілдетілуі мен өтінімдерді қарастыру мерзімін қысқартылуы болып табылады.
Шарттарға қатысты: Агрорөнекәсіптік кешенді дамытуға, сондай-ақ олардың қайтарымдылығын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік ақша қаражатын өнімдірек пайдалану мақсатында, Корпорация КС және соңғы қарыз алушылар арасында жасалған кепіл шарттары бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ екінші кепіл ұстаушы ретінде енгізу және жасау қажеттілігі туралы шешім қабылдады (2009 жылғы 13 қарашадағы 144/1 кредиттік комитет отырысының хаттамасы).
Филиал директорларының Корпорация атынан соңғы қарыз алушылармен барлық шарттарға қол қоюға өкілеттігі бар және оларды Астанаға жіберудің қажеттілігі жоқ. ХҚКО-да шарттарды тіркеу үшін сұрау бойынша Кредиттік серіктестіктердің қызметкерлеріне тиісті өкілеттіктерімен Сенімхаттар берілуі мүмкін.
Жалпы алғанда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ қызметтік жылдары барысында 161 Кредиттік серіктестік құрылды, 2012 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша қатысушылардың жалпы саны – 6932.
2011 жылы кредиттік серіктестіктерге 8 297 842 679 теңгеге кредиттер берілді. 2011 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша кредиттік серіктестіктердің жалпы санынан тек 65 Кредиттік серіктестік қаржыландырылды, 96 Кредиттік серіктестік бойынша олардың «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ алдындағы өз міндеттемелерін тиісінше орындамауы салдарынан қаржыландыру тоқтатылды. Сауықтыру бойынша өткізілген шаралар нәтижесінде қазіргі таңда 111 Кредиттік серіктестікке желі ашылған және қаржыландырылуда, қалған 50 Кредиттік серіктестік бойынша (олардың қатарында «Тарбағатай» ауылдық кредиттік серіктестігі» ЖШС бар) Корпорация сауықтыру бойынша жұмыстар жүргізуде. Осы клиент бойынша есептелген өсімді жою туралы қолдаухаты бар қарыз құрылымын қайта қарау бойынша материал қазіргі уақытта Корпорацияның филиалында және 15 наурызға дейін Уәкілетті органның қарауына ұсынылатын болады.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Кредиттік серіктестіктері арқылы кредиттеу жүйесі бойынша 17 кредиттік серіктестік жұмыс жасауда, 2012 жылғы 1-ақпандағы жалпы несие берешегі 10 95 562 497 теңгені құрайды.
Қазіргі кезде 6 кредиттік серіктестікте («Тарбағатай» АКС» ЖШС қоса) мерзімі өткен міндеттемелердің себебінен желілер жабылды (мерзімі өткен негізгі борыштың жалпы сомасы 124 770 760 теңге).