24.10.2007 ж.
№ З-1107
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
К.Қ.Мәсімовке
Депутаттық сауал
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы !
Сайлаушылармен, халықпен кездесулер өткізгенде жиі көтерілетін өзекті мәселелердің бірі - 18 жасқа дейiнгi балаларға тағайындалатын және төленетiн ай сайынғы мемлекеттiк жәрдемақы мәселесі.
Соңғы 2 жылдай уақыт ішінде осы жәрдемақыны тағайындау тәжірибесі көрсетіп отырғандай, халықтың тарапынан оны төлеудің тәртібі мен отбасының жиынтық табысын есептеу методикасына наразылық көп. Өйткені жергілікті жерлерде әкімдердің қатысуымен құрылған учаскелік комиссиялар жәрдемақы алуға өтініш білдірушілердің жиынтық табыс мөлшерін есептеу кезінде Үкіметтің 2005 жылғы 2 қарашадағы №1092 қаулысымен бекітілген «Балаларға арналған жәрдемақы алуға үміткер отбасының жиынтық табысын есептеу ережесін» (бұдан әрі Ереже) негізге ала отырып, отбасының малын, қорадағы құс-тауығын, бау-бақшасындағы өсімдіктерді есептеумен қатар ең төменгі жалақы мөлшерін де кіргізеді екен. Егер отбасында ешкім жұмыс істемесе де ең төменгі жалақы мөлшерін қосып есептеп, айналып келгенде табысы көп және жәрдемақыға мұқтаж емес отбасы ретінде шешім шығарып, балаларға жәрдемақы беруден бас тартуда.
Жоғарыда аталған Ережеге сәйкес Шығыс Қазақстан облысының Абай, Аякөз, Жарма аудандары шөлейтті аймаққа жатқызылып, ондағы үй жаныдағы шаруашылықтағы сиырлар жылына орта есеппен 1100 литр сүт береді, ал көршілес Үржар мен Зайсан аудандары тау етегі шөлді-далалық аймағына жатқызылып, ондағы сиырлар 2500 литр сүт береді деп белгіленген. Оны табыс көзіне шаққан кезде 1 бас сиыр 70 тен 120 мың теңге көлемінде пайда әкеледі деп есептейді екен. Ал, бұл аудандарда бір құс-тауық жылына орта есеппен 200 жұмыртқа тауып, тағыда отбасына қосымша табыс әкеледі екен. Яғни, Үкіметтің ойынша ауылдағы ағайын үй жанындағы мал және өсімдік өнімдерінен елеулі пайда табатын секілді. Үкіметтің мұндай есебі орынсыз, әрі ауылдықтардың наразылығын туғызуда. Бұл онсыз да тұрмыстары ауыр көп балалы аналар мен аз қамтылған отбасылар үшін балаларға арналған жәрдемақыны алуға кедергі болуда.
Сондықтан да балаларға арналған жәрдемақыны алуға үміткер отбасының жиынтық табысын есептеу барысында жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табысты есепке алмау қажет деп есептеймін. Өйткені, «Жеке қосалқы шаруашылық» ұғымы әлі заңнамалық тұрғыдан анықталмаған. Ал, «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» Заң жобасы Парламент Мәжілісінде талқылануда.
Осыған байланысты Сізден 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалатын және төленетiн ай сайынғы мемлекеттiк жәрдемақыны төлеудің тәртібі мен отбасының жиынтық табысын есептеу методикасын қайта қарастыруды, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 2 қарашадағы №1092 қаулысымен бекітілген «Балаларға арналған жәрдемақы алуға үміткер отбасының жиынтық табысын есептеу ережесінің» 11 тармағының «жеке қосалқы шаруашылықтан – мал мен құс ұстауды, бағбандықты, бақша өсіруді қамтитын үй жанындағы шаруашылықтан түсетін табыс» - деген 4) тармақшасын алып тастауды, оны отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде табыс түрі ретінде есепке алмау мәселесін қарастыруды сұраймын.
Депутаттық сауалдың жауабын белгіленген тәртіпке сәйкес жазбаша түрде беруді сұраймын.
Құрметпен,
Н.Сабильянов