26.12.2007 ж.
№ З-1372
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А.Г.Дерновойға
Депутаттық сауал
Құрметті Анатолий Григорьевич !
Шығыс Қазақстан облысы Аякөз ауданының халқымен кездескенде көтерілген мәселелердің бірі – халыққа медициналық көмек көрсетудің көлемін ұлғайту.
«Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының сайлауалды тұғырнамасында азаматтардың денсаулығын жақсарту жолында іске асырылуы көзделген нақты іс-шаралар белгіленген. Халыққа медициналық қызмет көрсетуді жақсарту негізгі басымдықтардың бірі.
Осы орайда мен Шығыс Қазақстан облысының Аякөз ауданы бойынша жүрек ауруларына шалдыққан және соған байланысты шұғыл операция жасауды қажет етіп отырған азаматтар туралы өзіңізге хабарлауды қажет деп есептеймін.
Қазіргі уақытта Аякөз аудандық орталық аурухананың мәліметі бойынша 13 адам жүрекке шұғыл операция жасауды қажет етеді (тізімі қоса тіркеледі). Олардың ішінде тең жартысы кәмелеттік жасқа толмаған жас қыз-балалар, соның ішінде 1 жасқа толмаған нәресте де бар.
Жалпы, Семей өңірінде онкологиялық және жүрек ауруларына шалдыққан азаматтар көп. Бұл бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының салдары.
Мемлекет тарапынан науқас адамдарға операция жасауға квота берілетіні белгілі. Бірақ сол квотаны алған азаматтардың өзі айлап медициналық орталықтарда кезекте тұруға мәжбүр.
Осыған байланысты Сізден Шығыс Қазақстан облысының Аякөз ауданы бойынша жүрекке операция жасауды қажет ететін азаматтардың емделуіне көмек көрсету мәселесін қарастыруды сұраймын.
Депутаттық сауалды қарастыру нәтижесін жазбаша түрде хабарлауды сұраймын.
Қосымша 1 бет.
Депутат Н.Сабильянов