Негізгі бет > Таразы > Саясат > Енді жастар жиыны мемлекеттік тілде өткізіледі
Енді жастар жиыны мемлекеттік тілде өткізіледі
02.07.2013 22:20 Айхан ШӘРІП
Бұдан былай жастар көп қатыстырылатын
ірі іс-шаралардың, сән-салтанаттардың «мемлекеттік тілде
өткізілуіне» мемлекеттің өзі мән беретін болады!
Кеше Мәжілісте өткен «Біз өз Отанымыздың болашағы
үшін жауаптымыз» атты дөңгелек үстелде Білім және
ғылым министрлігінің басшылығы осындай шешім
қабылданғандығын мәлімдеді. Осы жиында «Халық
қаһарманы» Бақытжан Ертаев тәуелсіз
Қазақстанның әскери мектептерінде әлі күнге
сабақтардың орыс тілінде өткізілетіндігін сынға алды.
Ал «ауғандық» жауынгерлер Қорғаныс министрлігінің
Бас штабында қаржыгерлер қаптап кеткендігін айтып, дабыл
қақты. «Халық қаһарманы», Мәжіліс депутаты
Бақытжан Ертаев Білім және ғылым министрлігін әскери
білім ордаларындағы патриоттық тәрбие жұмыстарын
бетімен жібергендігі үшін сынады.
– Министрлік шет қалып қалды, – деді қалаулы, –
тәрбие жұмыстарына мықты мән беру керек еді.
Біздің әскери жоғары оқу орындарында әлі
күнге орыс тілінде сабақ берілуде! Бұл – бір. Екіншіден,
Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектепті басқарған
адам біздің Ауған соғысының ардагері еді,
сондықтан біз қолдап жүрдік. Бірақ ол Ресейдің
генералының формасын киіп алып жүрді. Кімнің оған
ресейлік генерал атағын бергенін мен білмеймін. Бірақ ол
жастарға қандай тәрбие бермек? Біздің болашақ
ұрпақ қалай қарайды? Бауыржан бабамыздың
аруағы қолдайтын іс пе бұл? – деп, ашына сөйлеген
Б.Ертаев осыған өзінің «қапалы
болғандығын» айтты.
Рас, білуімізше, осыдан екі айдай бұрын БҒМ-ның
конкурстық комиссиясының шешімімен, полковник-десантшы,
Ауған соғысының ардагері С.Қазақпаев
қызметiнен алынып, оның орнына Бауыржан Момышұлы атындағы
Алматы республикалық әскери мектеп-интернаттың бастығы
қызметіне Б.Жүсіпов тағайындалыпты. «Бұл жігітке
менің қарсылығым жоқ. Бірақ армияда бір күн
қызмет етпепті, сарбаз болған адам емес! Ол қалай
тәрбие береді балаларға? Осының барлығы арқаға
қамшымен ұрғандай болып жатыр» деп қынжылды
Бақытжан Ертаев.
– Бақытжан ағамыз көтеріп отырған мәселе
тек Қазақпаевта ғана емес, – деді жиынға
төрағалық еткен Мәжіліс депутаты Бақытбек
Смағұл. – Бауыржандай батырдың ұрпақтарын
қалыптастыратын мектептің бүгінгі таңда әскерге
бармаған азаматтың қолына берілуі – мәселе. Егер Білім
және ғылым министрлігі бұл мектептің шаруасын игере
алмайтын болса, онда оны Қорғаныс саласына қайта беру керек!
Олай мазақ қылуға болмайды.
Б.Смағұл Білім және ғылым министрінен осы
мәселеге «ерекше назар аударуды» сұрады: «Өйткені Шымкент
қаласында да сол мектеп әскерде болмаған азаматтардың
жетекшілігінде жүр. Мен сіздің министрліктің атына хат
жазғанмын. Біз енді Ауған соғысы ардагерлерімен бірігіп,
Бас прокуратураға хат дайындап отырмыз. Онда Алматыдағы мектепте
жіберілген он шақты кемшіліктер негіздеп көрсетілген. Тексеруді
талап етеді! Себебі көптеген тәрбиеленушілер паркке барып,
төбелесіп, қазір қылмыстық іс қозғалуда»
деген Мәжіліс депутаты ол балаларға лайықты басшы жетекшілік
етіп, лайықты тәрбие беруі керектігін нықтады.
– Біз барлығын тексерткіземіз, – деп уәде берді Білім
және ғылым министрінің орынбасары Мұрат Әбенов. –
Балалар төбелеседі деп, заңбұзушылықтар туралы айтылды.
Біз құқық қорғау органдарымен бірге арнайы
тексеруге дайынбыз! Ол жақта кемшіліктер болса, орнына келтіреміз.
Ал Қарағанды облысының «Ауғанстан-дағы
соғыс ардагерлері мен мүгедектерінің одағы» кеңесінің
төрағасы Амангелді Жантасов әскери тәрбие
тақырыбын дамытты: «Патриоттық тәрбие дейміз, мен сіздерге
айтайын: Қорғаныс министрлігінде, Бас штабта
идеологиялық-тәрбие жұмыстары департаменті бар, соның
бастығы кім деп ойлайсыздар?» деген Амангелді Теміржанұлы жауабын
өзі берді: «Ол – әскери құрылысшы! Бұл салада
әскери академия бітірген 10-15 жігіт бар, олардың барлығы
қазір әскерден кетуде. Оның орнына жаңағыдай,
құрылысшылар, ауыл шаруашылығы қызметкерлері
әскерде идеология жұмыстарын жүргізуде. Мына жиынға
Қорғаныс министрлігінен өкілдер қатысып отыр. Осы
жағынан Парламент министрлік алдында сұрақ қоюы керек:
неге ондайға жол берілуде? Ол біреуге жақсы болар, туыс болар.
Бірақ ана жұмысты жүргізе алмайды» деп шарт түйді
қоғамдық ұйым басшысы.
Амангелді Жантасов отансүйгіштікке тәрбиелеу жұмыстарын
«шабуылды және үздіксіз түрде» жүргізуді ұсынды:
«Мысалы, оқу саласында өткізіліп жатқан патриоттық
тәрбиеге арналған шараларға талдау жасасақ, олар
негізінен мемлекеттік мерекелерге, атаулы даталарға арналған.
Және өте көлемді түрде өткізуге бейімделген!
Оның нәтижесінде пәленбай жүз немесе мың адам
қатысты деп баяндайды. Бірақ жылына үш-төрт рет
жүздеген жасөспірімді бір жерге жиып, «Қазақстан –
керемет ел! Отаныңды сүйіңдер!» деп 40-50 минут жарапазан
айтқанымызбен, жастар патриот болып шыға келмейді».
Бұл пікірмен БҒМ келісті: «Дұрыс айтылып кетті, – деді
вице-министр Мұрат Әбенов, – жастарды тәрбиелеудің
жүйесін, тілін табуымыз керек. Әйтпесе, жиналып алып,
құр айтып қана қою, жастарды ара-тұра
өтетін шараға шақырумен шектелу, олардың көтерген
әңгімесін тыңдап, «жақсы-жақсы» деп,
қолдарына бір шоқ гүл ұстатып, жібере салу тиімділікке
жатпайды! Мен бұған толық қосыламын!» М.Әбенов
Мәжіліс депутаттығынан министрлікке ауыса сала, осы салаға
үңілгенін айтты. «Шынында, шаралар көбейіп кетті.
Адамдардың барлығын бір жерге жинаймыз, кіші-үлкен туларды
жалаулатамыз, ұран айтамыз да, тарап кетеміз. Сосын көп жерде
сценарий бірдей. Айтылатын сөз де бір, жиналатын адамдар да бір. Біз
келе сала, Елбасының Жолдауына қатысты ондай барлық шараларды
тоқтаттық» деген М.Әбенов ондай іс-шараларға
патриотизм, мемлекеттік тіл және ұлттық
құндылықтар өзек болуға тиістігін нықтады.
– Патриоттық іс-шаралардың барлығын біз конкурс
арқылы өткізуге міндеттіміз, – деді Мұрат Абдуламитұлы.
– Қазір әртүрлі ұйымдар көп. Біз талдау
жүргізіп көрдік. Шынында, тек қана сондай тендерде мол
қаржы ұтып алу үшін жүрген ұйымдар бар. Сол
үшін құрылған. Ол ұйым туралы ешкім білмейді.
Бірақ ол ұйымдар құжатын қалай ұйымдастыру,
қалай қатысу, қалай өтінімді толтыруды біледі,
қағазын жақсы құрады, ұтады. Алайда шын
мәнінде ондай шараны өткізбейді. Біз қазір Елбасы тапсырмасы
бойынша өткізілетін іс-шаралар қатарын екі есеге азайттық
және ұйымдарға талап қойдық.
Сосын, вице-министр «көп ұйым басшыларының мемлекеттік тілді
білмейтіндігін» алға тартты: «Олар ұйымдастыратын шаралардың
көбісі мемлекеттік тілде өтпейді. Бұған да біздің
көңіліміз толмайды. Қазір басқаратын азаматтарға
айтып отырмыз: «енді біздің шаралардың басым көпшілігі
міндетті түрде мемлекеттік тілде өтуі керек!» Бұған
мектептерде өтетін шаралардың барлығы да кіреді!» деп
мәлім етті М.Әбенов.
Айтқандай, Қазақстанда «Қазақстандық
патриотизм» Тұжырымдамасы әзірленетін-дігі кеше белгілі болды.
Оған «Қазақстан–2050» стратегиясы негіз болатын
көрінеді. Бұл ретте күзде арнайы конференция
өткізілмек. Оның күн тәртібіне құжат жобасы
талқылауға шығарылады деп күтілуде.
Жиында Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама
Шариф 5 қыркүйекте Петропавлда «Дін және патриотизм» атты
жиын өтетіндігін еске салды.
– Елбасының «Қазақстан–2050» стратегиясы:
қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты
Жолдауына сәйкес, экстремизмге қарсы, оның алдын алу бойынша
іс-шаралар туралы мемлекеттік бағдарлама жасалуда. Бұл 2017
жылға дейінгі үлкен бағдарлама болмақ. Оған
барлық әкімдіктер, барлық құзырлы
құрылымдар атсалысады, – деген Дін істері агенттігінің
басшысы қоғамдық ұйымдарды бірлескен
жұмысқа шақырды: «Қатысыңыздар! 200 миллиард
теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Оның барлығын
конкурстар арқылы жеңіп алыңыздар!». Экстремизмге қарсы
бағдарлама аясындағы бірлескен іс-қимылдың бір саласы
ретінде Қайрат Лама Шариф «барлық түрмелерде жұмыс
жасауды» ұсынды: «Өйткені түрмелердегілер, әсіресе,
Жезқазғанда 300-«терроризм» бабымен сотталып отырған жастар
алдында бір жағынан жұма күндері имамдар сөйлейді,
екінші жағынан, сіздер сияқты қан кешкен соғыс
ардагерлері, аға ұрпақ өкілдері әңгімелесіп,
үлгілеріңізді таратсаңыздар. Біздің қоғамымызға
сіздердің осы күштеріңіз қажет болып отыр» деген
Агенттік төрағасы қыркүйекте, Петропавлдағы
жиынға осы бағыттағы нақты жобаларды алып келуді
ұсынды. «Талқылап, іске асырайық!» деді ол.