Еске алу
Бақытбек Смағұл,
ҚР Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты,
Ауған соғысы ардагерлер ұйымдарының
«ҚАЗАҚСТАН АРДАГЕРЛЕРІ»
қауымдастығының төрағасы
Бақытжанның бас сабағы, Бауыржанның қас қабағы
Осыдан дәл бiр жыл бұрын қазақ халқының даңқты перзентi Бауыржан Момышұлының жар дегенде жалғыз ұлы, белгiлi жазушы Бақытжан Момышұлының көңiлiн сұрауға бардым. Кiре берiсте қарсы алған жазушының жұбайы Зейнеп Ахметова:
– Кеше ауылдан қарындастары келiп едi. Көңiлiн сұрау үшiн... Оларды танымады... Қиын боп тұр.., – деп көзiне жас алды.
Бiрақ, Бақытжан аға менi таныды. «Бақытбек...» деп, еттен арыған саусақтарымен қолымды қысыңқырап, «дүние астан-кестен болып кетті ғой, қалайсың көкем, жарығым көрінбей кеттің ғой, келіп тұрсаңдаршы»,- деген. Ол кісі маған ылғида осылай айтатын. Батырдың бел баласының қуарған жүзінен, қайғының ізін көрсем де, көңілі бұзылмады. Құдайына түзу адам ғой, шүңірейген көзінен қимастық сезілсе де, босамады, тез есін жиып алды. Туған туыстары есі кіргеніне аң-таң. Парламентте не болып жатыр, екі күн болды теледидар көре алмадым.
Бақытжан аға мұның алдында да талай рет сенім хат беріп ескерткен болатын, осы жолы да мына мәселенi есiме салып жатыр. Елiмiзде Бауыржан Момышұлына қатысты түрлi шаралардың өткiзiлетiнi белгiлi ғой. Мiне, осы шараларда Бауыржан Момышұлының аты мен затына қатысты рәмiздер мен белгi-бедерлердiң (медаль, белгi, таңба және т.б) қатесiз жазылуын, олардан қате кетпеуiн қадағалауды тапсырып, «Осы шаралардың бәрiне де өзiң бас-көз бол!» деген-дi. Осыны тағы да есiме салды.
Сол күнi Оралға жүрiп кеттiм. Оралға барғаннан кейiн «Бақытжан Момышұлы қайтыс болды» деген суық хабар да жеттi...
Бақытжан Момышұлының жазушылығы мен аудармашылық өнерi жайында аз жазылған жоқ. Бұлардың бәрi де Бақытжан Момышұлының шығармашылығын өте жоғары бағалайды. Оның шет жағасын өзiм де көрдiм. «Мен көрген соғыс» деген кiтабым жарық көргеннен кейiн осы кiтапты орысшаға («Война, которую видел я») Бақытжан аға аударды. Оқығандардың «Мен көрген соғыс» пен «Война, которую видел я» кiтаптарын салыстырғанда сенікімен Бақытжан ағаның сөзi озыңқырап тұратынын байқайтынын айтатын. «Аударғаннан кейiн осылай оздырып аудару керек қой!» дейтiн iштей риза болғандар.
Бақытжан Момышұлы жазушылығымен, аудармашылығымен қатар, жан-жақты, үлкен эстет, аса бiлiмдi тұлға едi. Менiң жеке басымды, әсiресе, тәнтi еткенi – Бақытжан Момышұлының өзiнен бұрын әкесiнiң абыройын ойлайтыны едi. Бiрде үй туралы әңгiме болып қалды. «Жоғары жаққа барып, неге үйдi кеңейтiп алмайсыз?» дедiм Бақытжан ағаға. «Мен сол сенiң жоғары жағыңа барсам, олар «Бақытжан Момышұлы келдi», «Бақытжан үй сұрап келдi» демейдi, «Бауыржан Момышұлының баласы үй сұрап жүр» дейдi. Сондықтан да бұл жерде қанағат етуге тура келедi. Әзiрше осы үй де жетедi...» дедi Бақытжан аға.
Әкенi сыйлау, әкенi қадiрлеу осындай-ақ болар, Бақытжан Момышұлы мына өмiрден әкесiнiң даңқы мен атақ-абыройына қылаудай дақ түсiрмей өттi. Даңқты, атақты, абыройлы адамның баласы қандай болуы керек? Бақытжан Момышұлы ағамыз осы сауалға өзiнiң өмiрiмен, өзiнiң өнеге-үлгiсiмен толық жауап берiп кеттi ғой деп ойлаймын.
Қазiргi күнi атақты адамдардың тойымсыз, қанағатсыз, сұрамсақ ұл-қыздарын көргенде, ойыма ылғи да Бақытжан аға оралады. Бақытжан ағаның қанағатшылдығы еске түседi...
Салмақты да, саңлақты Бақытжан ағама мен қарыздармын деп,- ойлаймын! Кезінде, 70-ке толған мерей тойында Н.Нигматулиннің құттықтау қағазын тапсырғанда мына өлеңді оқып беріп едім.
Әрбір ісі үлгісіндей рухтың,
Батыр Баукең ақтық сапар алдында,
Бақытжанды шақыртыпты алдына:
«Балам, мені білесің,
Тексіздікпен өтті бүкіл күресім.
Ең ақырғы аманаты еді деп,
Есіңе алып жүрерсің.
Қол жаюмен ешқашанда келмейді
Тағдырыңнан алатұғын үлесің.
Пайдаланба әке даңқын ешқашан,
Қош бол, балам, бәріңменен қоштасам.
Менің арым – ары еді ғой Алаштың
Арым үшін ажалменен таластым.
Өзімдей бол, бола алмасаң, құлыным,
Деп мақтанба Бауыржанның ұлымын.
Үмітімді алға қарай тарт күнім
Тым болмаса, тартсын маған мәрттігің.
Кірлемесін десең менің ар-үнім,
Еш адамнан ешбір нәрсе дәме етпе,
Бауыржанның ұлы едім деп, жарығым.
Жоқ болса да, жоқ деп айтпа, жылама,
Төбеңде тұр бір Алла.
Қажет десең Алладан да сұрама,
Кімнің қабыл, кімнің теріс тілегі
Кімнің қара, кімнің таза жүрегі,
Кімге беред, кімге бермейд,
Алла өзі біледі» -
Деп Бауыржан сәл жымиып, күледі.
Ресейге қосылғанын мәңгіге
Бодан елі тойлап жатқан күн еді.
Қосылғандар берсін деді қосыла,
Мен кеттім деп о дүниеге жөнеді
Баукең құсап артық туған асыл ұл,
Бір ғасырда өмірге бір келеді.
Баукең құсап тектілікті ту етіп,
Баукең құсап өледі.