Смағұл
Бақытбек

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
15.12.2013 ж. "Егемен Қазақстан" газетінде "Егемендік тілегі - елдің қайта түлеуі" деген мақала жарияланды.
Егемендік тілегі – елдің қайта түлеуі

Егемендік тілегі – елдің қайта түлеуі

Егемен Қазақстан газетінде жарияланды 15.12.2013 06:43

Қаралды: 49

«Бағыты жоқ ел – ескегі жоқ қайық іспеттес.

Ескегі жоқ қайық – ірі толқынның құрбаны».

                                                                         Шығыс нақылы.

Әлем тарихы халықаралық қатынастарда білім мен технологияны, даму мен жетістіктерді үлгі нысанына айналдырған мемлекеттердің тарапынан жасалатынын көрсетіп келеді. Қазақстан да бұл жолда өзінің несібелі орнын иеленуі – халқымыз үшін, ел басшылығындағы азаматтар үшін, ертеңгі күннің иелері, ел құндылықтарының мұрагерлері – жастардың жауапкершілігі үшін игі мақсат қана емес, қолжетімді стратегиялық міндет болып отыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әр жыл еліміздің дамуындағы маңыз­ды салалар бойынша мемле­кеттік саясаттың құрамдас бөлігі болатын, оған қоса заман талабына сай құндылықтар мен жастарға бағыт берерлік қағидалардың қалыптасуының бастауында тұруы ел басшылығындағы азаматтарға ерекше жауапкершілік, ұрпаққа қастерлі міндет жүктейді. Де­ген­мен, кішкентай баланың өсуі мен оның мінез-құлқының қалып­тасуы жолында қарама-қайшы­лықтардың да болатыны секілді, мемлекеттің де дамуы қарама-қайшылықсыз болмайтындығы мәлім. Заң шығарушы органның Әлеуметтік-мәдени даму коми­те­тіндегі жұмыстарға мән бере оты­рып, қабылданатын заңдардың пай­далы әрі жемісті болуы азамат­тардың құқықтары жағынан сауат­ты, бастаманың жоғарыдан төмен­ге емес, керісінше, төменнен жо­­ға­ры қарай көтерілуімен баға­ланады.

Бүгінгі күні тарихымызды бү­тін­деп, елдің мұраты болар ор­тақ мемлекеттік идеологияны қа­лыптастыру – білім алып жат­қан баладан еңкейген қарияға дейін атсалысатын ортақ мақсат бол­ғаны дұрыс. Еліміздің эконо­ми­калық, энергетикалық, әлеу­мет­тік, мәдени-рухани, білім және ғылым, денсаулық сақтау мен қоршаған ортаны қорғау ісі – өзінің құқықтық базасын қалып­тастырғанымен, оның орын­далуы қоғам тарапынан сын көтер­мейді. Оның басты себебі тек заң­дардың күшті не әлсіз болуын­да ғана емес, сол заңдардың қо­ғам­дағы азаматтар тарапынан тиісті деңгейде қолданылмауы болып отыр. Дамыған елдердің тәжі­рибесі халықтардың өз елінің тарихын таразылай отырып, бүгін­гі күнге лайықты еңбек етіп, ертеңгі күнге лайықты мұра қал­ды­ру мақ­сатында топтасатынын көр­сетеді.

Қазақстан да өзінің даму бастауын ХХ ғасырдың құндылықтары мен талаптарына сай құрды. Бірақ ХХІ ғасырдың алдыңғы он жылдығы әлемдегі өзгерістерден еліміздің тыс қала алмайтындығын айғақтап берді. Технология мен ғылым дамығанмен, соған тең дәрежеде ұлттық құндылықтар мен ұлттық мәдениетке, еліміздің ішкі саясатының тіректері: дініміз, тіліміз, руханиятымыз бен ғылыми мұрамызға деген сұраныстың да артатындығын көптеген елдерден көреміз. Оған анық мысал ретінде Израиль мен Жапонияны атап өтуге болады. Әлемдегі қуатты әскер мен ақпараттық технология­лар саласындағы үлкен ғылыми жаңалықтар Израильде жүзеге асырылып келеді. Онысымен қатар, ғылымның дамуы жас­тар­дың бойында өз күшіне деген сенімділігін қалыптастырып, эко­но­миканың дамуына серпіліс берді. Олар көне иврит тілін тек мем­лекеттік тіл дәрежесінде ғана емес, ұлттық құндылықтың қайнар көзі ретінде білдірте алды.

Қазақ халқы да еуразиялық кеңістікте қаншама ғасырлар бойында, ұлы империялардың тоғысында пісіп, өзінің бастауын ғұндардан алатын болса, үлкен жер мен бай мұраны тиімді әрі ұрпақтың игілігіне пайдалану, оны тиісінше келер ұрпаққа жеткізу қажеттігі бүгінгі күні бізге ерекше жауапкершілік жүктейтінін атап өткен жөн. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Жапония мен Германиядағы сана серпілісі, тарих алдындағы қара жағылған мемлекет имидждерін қайтадан қалпына келтіру неміс және жапон халықтарының ерік-жігерлерін жаншып, өз күштері мен интел­лек­туалды әлеуетін, білімі мен ғы­лымға деген икемділігін еңбекке салуға бағыттады. Осыған орай, біздің қоғам үшін де Елбасы Н.Назарбаевтың Жалпыға Ор­тақ Еңбек Қоғамын құру баста­ма­сының мәнін жете түсіну, оның берекелі тұстарын өскелең ұр­паққа сендіре білу біз үшін аса үлкен міндет болып табылады.

Белгілі себептерге байланысты, оның ішінде аймақтық қауіпсіздік, халықаралық мүд­делер тоғысы, халықаралық ірі ойын­шы­лардың мүдделер балансы ішінде өз орнын табу – біздің ел үшін өте үлкен сындарлы жол екен­дігін қазір барлығымыздың түсі­нетін кезіміз жетті. Же­ті ба­сымдық «Қазақстан-2050» Стра­те­гиясындағы мемлекеттің жа­ңа сая­си бағыты деп аталған жа­ңа Жол­­дау­­дың өзектілігінен кем емес.

Ең әуелгі басымдық ұлттық қауіп­сіздік мәселесі болып белгі­ленді. Мемлекетіміздің шекарасы бекіді, Отанымыз әлемдік деңгейде танылды. Сөйтіп, Біріккен Ұлт­тар Ұйымы, Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымы, Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банк секілді мемлекетаралық ұйымдардың мүшелігіне қабылданды. Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Ұжым­дық қауіпсіздік шарты ұйы­мы, Ташкентте орналасқан Анти­тер­рорлық құрылымның бас­тау­ында болып, өзіндік сыртқы саясатын қалыптастыра бастады. Бірақ, сонымен қатар, елімізге қауіптердің жоқ емес екені де айқын көрінді. Еліміздің батыс өңіріндегі діни экстремизмнің кесірінен орын алған кей оқи­ға­лар, мемлекеттік қауіпсіздік меке­мелері мен тура жолдан тайған жастардың қауіпті болуы – қоғамымызды толғандырмай қоймады. Осы тұрғыдан алғанда, жастардың иманды тәрбиеленуі қоғамымыздың, зиялы қоғамның, келер ұрпақтың қамы үшін бар­ша­мызға ортақ мақсат болуы тиіс. Осы ретте ағартушылық мақ­сатты көздеген аймақтардағы конфе­ренциялардың, семинарлардың өткізілуі тек тағылымдық сипат­та ғана емес, тәжірибелік тұрғыдан әр адамға танымды болуы шарт. Се­бебі, аумағы үлкен, бірақ халқы енді өсіп келе жатқан біздің ел үшін әр азамат бағалы игілік деп атасақ артық айтқандық емес. Ауғанның от-жалынын көр­ген мен үшін бейбіт күндегі әр же­тіс­тік өте үлкен жеңіс болып көрі­неді. Соғыста қарсыласушы топ­тың сағын сындыру біздің жеңіс­ке деген мүмкіндіктерімізді арт­тыр­са, бейбіт күндегі ортақ мақсат­тардың орындалуы елдер арасындағы бәсекелестікте Ота­ны­мыз орнының бекемделуіне қо­сар үлес болатынын түсінемін. Осы ой тұрғысынан қарасам, бү­гін­гі бейбіт күннің қадірін білу біз үшін парыз ғана емес, қолдағы алтын құсты ұшырып алмаумен тең.

Екінші басымдық ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамның топтасуы десек те, осы жайт бүгінгі күні еліміздің серпінді дамуының негізгі тірегі болды. Халқымыздың дарқандығы Қазақстанда көптеген ұлыстардың ортақ Отанына айналдырды. Елімізде барлық ұлттарға мүмкіндіктердің теңдей берілуі әр ұлттың өзінің мәдениетін, тілі мен дінін ұстануына жағдай туғызса, бұл өз кезегінде Қазақстанда бейбітшіліктің салтанат құруының көрінісі болып отыр. Қазақстан халқы Ассамблеясы да бүгінгі күні мемлекеттік бірегей институт ретінде танылып, бейбітшілік пен бірліктің қорғаушы орталық буыны ретінде нығайды. «Бір ел – бір тағдыр» ұстанымымен қалып­тасқан бейбітшілік пен бірлік моделі бүгін өзінің өзектілігімен ерек­шеленеді. Сонымен қа­тар, қазақ халқының мемлекет құ­рау­шы ұлт ретінде ғана емес, заман талабына сай тілдік, өркениеттік, ділдік, ғылыми және мәдени тұр­ғыдан дамыған ұлт ретінде де қайта серпіле бастауы қазақ ұлты­ның жанына топтасқан өзге ұлттар мен ұлыстардың да арқа­сы екендігін зиялы қауым, бас­қа­рушы топ көп айта бастады.

Дегенмен, батыстан шығысқа, оңтүстіктен солтүстікке дейін­гі аралықтардағы өзіндік да­му ерекшеліктері бар бай мұрала­ры­мызды, үлкен тарихи жәдігер­ле­рімізді ұрпаққа жеткізу қоғамдағы барлық топтың елімізге деген отансүйгіштік қасиеті мен пат­­риот­тық сезіміне тікелей бай­ла­ныс­ты болады. Сондай-ақ, кәсіп­кер­лік пен экономикаға сай озық технологияларды заманаға лайықты пайдалана білу қа­біле­тімен де бағаланатыны анық.

Үшінші басымдық ретін­де экономикалық өсу белгілен­ген­діктен, бүгінде ол өзінің тиім­ді нәтижелерін беріп жатыр. Экономиканың ашық болуы, елімізге халықаралық компания­лар мен инвесторлардың қызығу­шылық танытуы, табиғи байлық­тың пайдаланылуы – шикізат емес, адамның ми жемістерінен туындаған жаңа экономика ға­сырының жақындап келе жатқанын көрсетуде. Бүгіндері әлеуметтік жағдайдың жақсаруы, болашақта қарыз алушы емес, қарыз беруші ұрпақ тәрбиелеу – заман талабына, қоғамның сұранысына сай өнімдерді шығаратын озық ойлы, білімді адамдардың қолында қалыптасатындығын дамыған елдердің тәжірибесі анық көрсетіп отыр. Бірақ, осы орайда, қаражат пен қаржыны бақылаушы азаматтардың бойындағы кәсіптік жауапкершіліктен тыс, қоғам алдында ерекше сана-сезімінің болу қажеттілігін айрықша атап өткім келеді.

Төртінші басымдық – Қа­зақ­стандағы азаматтардың ден­сау­лығы, білімі мен әл-ауқаты­ның артуы. Бүгінгі күні адами ресурстардың сапалық көр­сет­кіштерінің жоғары, әр азаматтың дені сау, санасы еркін, әл-ауқатты болуы – мемлекет қалыптасуының сәтті жүзеге асырылғандығының көрінісі ғана емес, ертеңгі күнгі жарқын дамуға деген ұмтылыстың негізгі түпқазығы. Америкалық болашақты болжайтын футурист ғалымдардың бірі Элвин Тоффлердің: «Болашақтағы білімді адам – бір білімнің иесі ғана емес. Ол қайта оқу, қайта түрлену арқылы ғана жетекшілікке ие болады», деген пікірімен келіспеске болмайды. Аталмыш пікір Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қайта түрленіп отыру – заман талабы», деген ұстанымымен үйлеседі. Яғни, сананы жаңалықтарға ашық ұстау, жаңа мамандықтарды иеленуге деген ынтызарлық белгілі-бір дәрежеде көшбасшылықтың кепілі болмақ.

Осы жылы өзінің 20 жыл­ды­ғын атап өткен «Болашақ» ха­лық­аралық бағдарламасы түлек­терінің бұл тарапта атқарар рө­лі­нің зор екендігін ерекше атап өтемін. Батыс елдерінің, Оң­түс­тік-Шығыс Азия елдерінің, көр­ші Қытай мен Ресейдің уни­верситеттерінде медицина, жа­ратылыстану, технология мен ғарышты игеру секілді маман­дық­тарды меңгеру адами ре­сурстарға салынған қайтарымды ин­вестиция екендігі түсінікті. Осы тұста, заманауи білімді сан ғасырлық ру­хани құндылықтармен сабақ­тас­тыра білген жастарды одан әрі өсіру – еліміз үшін жасалған ірі қам­қорлық. Ден­сау­лық сақ­тау ісін­де ана мен баланың ден­сау­лы­ғы, ер азаматтар мен жастардың са­ламатты өмір салтын ұстануға деген ықыластары – саламатты Қа­зақстанның іске асырылуы.

Еліміздің болашағына қатысты ойлардың бүгінгі күні кішкентай баладан еңкейген қарияға дейін өзектілігі зор болмақ. Адам ал­дын­дағы, қоғам алдындағы жау­ап­кершілікті сезіну арқылы ғана біз елдің болашағының жарқын болуына өз үлесімізді қоса аламыз.

Бақытбек СМАҒҰЛ,

Ауған соғысы ардагерлері ұйымдары «Қазақстан ардагерлері»  қауымдастығының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты.