Смағұл
Бақытбек

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі

Депутатқа хат
09.01.2014 ж. "Егемен Қазақстан" газетінде " Халықаралық құжаттар қолдау тапты" мақала жарияланды.
Халықаралық құжаттар қолдау тапты

Халықаралық құжаттар қолдау тапты

9.01.2014 Билік 0 пікір

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен кеше палатаның жаңа жылдағы алғашқы жалпы отырысы болып өтті. Бұл жолы депутаттар назарына Швейцариямен арадағы қосарланған салықты болдырмау, Еуропа Қайта құру және даму банкінің еліміздегі қызметі және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне қатысты заң жобалары ұсынылды.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен кеше палатаның жаңа жылдағы алғашқы жалпы отырысы болып өтті. Бұл жолы депутаттар назарына Швейцариямен арадағы қосарланған салықты болдырмау, Еуропа Қайта құру және даму банкінің еліміздегі қызметі және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне қатысты заң жобалары ұсынылды.

Қазақстан Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау туралы конвенцияға және Хаттамаға өзгерістер мен толық­тыруларды көздейтін Хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы қаралып, мақұлданды. Хаттаманың мақсаты – салықтық жалтарулардың алдын алу, ақпарат алмасу арқылы екі мемлекеттің салықтық қызмет органдарының ынтымақтастығын кеңейту. Зей­нетақы қоры мен Ұлттық банк алатын дивидендтер кіріс пайда болған мемлекетте салық салуға жатпайтыны да атап көрсетілген.

Екі ел арасындағы эконо­ми­калық ынтымақтастыққа қатысты депутат Майра Айсинаның сұра­ғына жауап берген Қаржы вице-министрі Руслан Дәленовтің сөзіне қарағанда, Қазақстан мен Швейцария арасындағы тауар айналымы 5 миллиард 181 миллион АҚШ долларын, соның ішінде экспорт 4 миллиард 900 миллион долларды құраған. Қазақстан негізінен минералдық шикізат жөнелтіп тұрса, ол жақтан химия, машина мен жабдықтар келеді екен. 2013 жылы елімізде швейцариялық капиталдың қатысуымен 163 кәсіпорын мен 60 компанияның филиалы тіркеліпті.

Еліміз бен Еуропа Қай­та құру және даму банкі ара­сын­дағы ынтымақтастық пен аталған банктің Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы қызметіне қатысты келісімді ратификация­лау мәселесі де кеше депутаттар қолдауына ие болды. Қазіргі таңда аталған банктің тұрақты өкілдіктері Астана және Алматы қалаларында құрылған. Бұл ретте банк үшін құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, талап бойынша репатрациялау, әкелу кезінде баждар мен алымдар төлеуден босату және өзге де артықшылықтар қарастырылғандығын айта кеткен жөн. Осыған ұқсас өңірлік келісімдер банктің операциялары жүргізілетін 34 елдің 22-сінде жасалыпты.

Депутат Розақұл Хал­мұ­радовтың Еуропа Қайта құру және даму банкінің Қазақстан аумағында пайдаланатын артықшылықтары мен иммунитеттері шамадан тыс емес пе, деген сұрағына жау­ап қатқан Р.Дәленов бұл жеңіл­дік­тер­дің барлығы да заң аясында рет­телгендігін алға тартты. Әсі­ресе, артықшылықтар мен имму­ни­­тет­­тердің банктің мұрағаты мен бар­­лық құжаттарына, сондай-ақ, оның орналасқан жері мен қалы­бына қарамай, ол иесі болып табылатын құжаттарға да қа­тыс­ты екендігі көлденең тартыл­ды. Ал заң жобасы бойынша қо­сым­ша баяндама жасаған депутат Үсен­гелді Медеуов «зейнетақы қо­ры немесе зейнетақы жүйесі» жә­­не «зейнетақы» терминдері елі­міз­дің ұлттық заңнамасына сәйкес­тендірілгенін ерекше атап кетті.

Жалпы отырыста Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы мә­селелер бойынша кейбір заңна­малық актілерге өзгерістерді қа­рас­тыратын заң жобасы екінші оқылымда қаралып, мақұлданды. Заңдық құжатта балалардың құ­қықтарын қорғау мақсатында «Қа­зақстан Республикасындағы ба­ланың құқықтары туралы» Заңға көмек көрсету жөніндегі ұйымдарға қатыгездікпен қарау­дың салдарынан өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қабылдауға мүмкіндік беретін түзету енгізіліп отыр. Және де «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңға жәбірленушілерге тиісті көмекті тұратын жеріне қарамай алуға мүмкіндік беретін түзетулер ұсынылған.

Бұдан басқа, палата Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі (ТМЫК) Хатшылығының қаржылық қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөніндегі құжатты жұ­мысқа алды. Келісім ТМЫК Хат­шылығының қаржылық-шаруа­шылық қызметін жүргізу үшін негіз болады деп күтілуде. Әсі­ресе, саяси, экономикалық, гума­нитарлық, мәдени және басқа са­лалардағы Қазақстанның ТМЫК-ға мүше мемлекеттермен көп­жақты ынтымақтастығына жаңа сипат беруге бағытталған.

Мәжіліс, сонымен қатар, Ке­ден одағының кедендік шекарасы арқылы автомобиль өткізу пункт­терінде ветеринариялық-сани­тарлық бақылау және өсімдіктер карантині бойынша бақылау функцияларын кеден органдарына беру мәселесі бойынша заңнамалық түзетулерді жұмысқа алды.

Сондай-ақ, кешегі отырыста депутаттар бірқатар сауалдар жолдады. Соның бірін депутат Бақытбек Смағұл жария етті. Депутат былай деді: «Қоғамда ғасырлар бойы қалыптасқан дінімізді исламға жат дүниетанымдағы ағым ретінде көрсету белең алып барады. Бүгін уаххабтық ағымдағы миссионерлер қазақтың мұсылмандық түсінігін, оның тарих бойы жинақталған болмысына айналған түсінік-танымын жоққа шығарып бағуда». Депутаттың пайымынша, мұның зардабы кешегі коммунистік идеология жүргізген ұлтсыздандыру саясатынан да асып түсуі ықтимал. «Бұлар қазақты бүгін ғана мұсылмандықты қабылдаған ел секілді көрсетіп, өздерін таза ислам атынан, кей жерлерде Алланың атынан сөйлеп, халықты діни сенімі мен танымынан бездіруге жұмыс істеуде», деді Б.Смағұл. Депутат Үкімет басшысы мен Бас прокуратура алдына мәселені өткір қойды.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».