Ашынғаннан айтылар ащы шындық
Жақында қызмет бабымен аймақтарға барған сапарымда халықтың мұң-мұқтаждарымен танысып қайттым. Сонда айрандай ұйыған ауылдардың бірлігін бұзып отырған діни ағымдар туралы көп естідім. Уақыт өткен сайын бұл мәселенің ушығып бара жатқанын енді ашық айтқан орынды деп білемін. Себебі, «ауруын жасырған өледі» дейді атам қазақ. Мұндай үлкен проблемаға тұсау салмасақ, ертең еліміздің қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіретіні күмәнсіз.
Жақында қызмет бабымен аймақтарға барған сапарымда халықтың мұң-мұқтаждарымен танысып қайттым. Сонда айрандай ұйыған ауылдардың бірлігін бұзып отырған діни ағымдар туралы көп естідім. Уақыт өткен сайын бұл мәселенің ушығып бара жатқанын енді ашық айтқан орынды деп білемін. Себебі, «ауруын жасырған өледі» дейді атам қазақ. Мұндай үлкен проблемаға тұсау салмасақ, ертең еліміздің қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіретіні күмәнсіз.
Қазіргі таңда қоғамымызда ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі дінімізді исламға жат дүниетанымдағы ағым ретінде көрсету белең алып барады. Бүгін уаххабтік жолдағы миссионерлер қазақтың санғасырлық мұсылмандық түсінігіне балта шабуға тырысып бағуда. Бұл дегеніңіз, зардабы кешегі коммунистік идеология жүргізген ұлтсыздандыру саясатынан да асып түсетін қасірет. Бұлар қазақты бүгін ғана мұсылмандықты қабылдаған ел сияқты көрсетіп, өздерін таза ислам атынан, кей жерлерде Алланың атынан сөйлеп, халықты қалыпты діни сенімі мен танымынан бездіруге жұмыс жүргізуде. Демек, олар қазақтың санғасырлық тарихы мен діни тәжірибесін жоққа шығаруды мақсат етуде. Бұл – нағыз революциялық үрдіс. Ал исламның рухында революция емес, эволюция ғана бар екендігін неосалафилер сезінбейтін секілді. Тек өздерінің танымын ғана тықпалай береді. Яғни, еркін үнқатысуға емес, психологиялық қысымға негізделген рухани экспанциясын жүргізіп отыр. Бұл – еліміздің зайырлылық ұстанымына қайшы әрекет. Сондықтан зайырлылық түсінігіне анықтама беріп, нормативтік құқықтық актілердегі зайырлылық функцияларын қайта қарастырмасақ, жат ағымдарды сырттан тықпалаушылар тәуелсіздігімізге қауіп әкелмек.
Салафилер музыка, театр, өнер, туған күн тойлауды харам, күнә деп есептейді. Бұлар – уаххаби ағымындағылар үшін Аллаға серік қосу (ширк) және дінге жаңалық қосу (бидғат). Одан қалды, беташар сияқты салт-дәстүрлерімізді жоққа шығарып, тыйым салуда. Шариғатқа емес, конституцияға бағынған адамды бір Құдайға сену формуласын бұзғаны үшін «көп Құдайға табынушы» (арабша – мүшрік, кәпірдің бір түрі) ретінде көрсетеді. Уаххабилер пенделер ойлап тапқан конституцияға бағыну арқылы адам конституцияны Құдай заңына теңгеріп, оны жазған адамдарды Құдаймен қатар қояды деп айыптайды. Қысқасы, жат ағымдағылар ғасырлар бойы қалыптасқан өмір салтымызды ревизиялап, шырқымызды бұзуда, ұлттық қауіпсіздігімізге орасан зор қауіп төндіруде.
Жоғарыда атап өткендерді ескере отырып, тиісті жауапты органдарға бірнеше мәселелерді ұсынамын:
Біріншіден, мемлекет және дін арасындағы қатынас нақты емес. Яғни, мемлекет тарапынан дін конституциялық шеңбердегі құбылыс ретінде қабылданбаған. Конституцияда әр адамның дін таңдауынан өзге нақты категория қалыптаспаған. Егер нақты түсінік қалыптасса, ЖОО-лар мен мектептерде қазақ мәдениетінің ислам өркениетіндегі орны, дәстүрлі ислам діні туралы оқытылуы тиіс еді. Оған да кадр, база, материал, ғылыми-зерттеу институты қалыптасушы еді. Дегенмен, Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасында көрсетілген еңбектер білім беру үдерістерінде жоқ, енбеген. Ол діни білім беру болсын, тарихи, мәдени болсын, көрінбейді.
Екіншіден, жауапты орган ретінде Дін істері агенттігі, құқық қорғау органдары дін істеріне қатысты жауапкершілік жүктеу туралы заң жобасын жасауы қажет.
Аталған ұсыныстар мемлекеттілігіміздің тікелей қауіпсіздік, идеология, мәдениет және білім салаларын қамтитындықтан, әрі ұсыныстардың өзекті екені ескеріле отырып, қазірден бастап қам жасалмаса, ертең кеш қалып, бармақ тістеуіміз әбден мүмкін…
Бақытбек СМАҒҰЛ,
Парламент Мәжілісінің депутаты.