Мемлекеттік қызметкерлерді міндетті түрде есірткі тестінен өткізген дұрыс па?
13.01.2014 20:33 Сауалнаманы жүргізген – Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ, Айтжан МҰРЗАНОВ (фото)
Мемлекеттік қызметкерлерді міндетті түрде есірткі тестінен өткізген дұрыс па?
Бақытбек
СМАҒҰЛ, Мәжіліс депутаты:
– Есірткі – ежелден адамның қас жауы! Сондықтан Ішкі істер
министрінің «мемлекеттік қызметкерлерді міндетті түрде
есірткі тестінен өткізу қажет және мұны
заңдастыру қажет» деп Үкімет сағатында ұсыныс
жасағаны өте орынды. Себебі сонау бір жылдармен
салыстырғанда, қоғамда есірткіге үйір азаматтар,
қыз-келіншектер, тіпті жасөспірімдер де көбейіп кетті.
Бұл – біріншіден! Екіншіден, мемқызметкерлерді есірткі тестінен
өткізу жөніндегі ұсыныстың мәні де, маңызы
да орасан зор. Өйткені соңғы уақытта қайсыбір
мемлекеттік қызметкерлердің есірткі тұтынатыны
анықталып, кейбіреулері ел алдында масқара болғаны бар.
Сонда, қалай? Ісімен де, адамгершілігімен де, тіпті
мінез-құлқымен де өзгелерге үлгі-өнеге
болуы тиіс мемқызметкер есірткі қолданатын болса, онда
қоғам не болмақ?! Бұл – алдымен,
қоғамның, мемлекеттің қауіпсіздігіне үлкен
зардап келтіреді. Сондықтан ондай адамдарды дер кезінде анықтап,
оларды емдеу мен қоғамнан аластаудың айла-шараларын батыл
қарастырған мақұл. Егер бұл істі қазір
қолға алмасақ, күні ертең өте кеш болады.
Себебі ес біліп, етек жиған азаматтар мен азаматшаларды былай
қойғанда, зардабы өте ауыр мұндай кеселге мектеп
оқушылары да ұшырауда. Мұны өмірдің өзі
дәлелдеп отыр. Демек, тек мемқызметкерлерді ғана емес,
мемлекеттік лауазымды адамдарды тасымалдайтын жүргізушілерді де,
мектеп оқушыларын да, сондай-ақ мемлекеттік мекемедегі барлық
азаматтарды лауазымына қарамастан, есірткі тестінен өткізу
қажет. Бұл – қоғамның тазалығына, саламатты
өмір сүруге жеткізетін бірден-бір жол.
Салтанат ӘЗІРБЕК,
Алматы қалалық ІІД ресми өкілі:
– Өз басым мемлекеттік қызметкер ретінде бұл ұсынысты
қолдаймын. Себебі қазіргі күні есірткі шегушілермен барынша
күресіп, оларды адам қатарына қосуға біз
қаншалықты тырысқанымызбен, олардың саны азаймай отыр.
Өкініштісі сол, соңғы уақытта есірткі қолданушылар
контингенті жасарып барады. Анығын айтуымыз керек, мұндай
жағдай көп жағдайда әл-ауқатты,
оқыған-тоқыған азаматтар арасында, кейде ауқатты
отбасында тәрбие алған жастардың арасында жиі орын алуда.
Әрине, ел сақшылары олармен батыл күресіп қана
қоймай, есірткі тасымалданатын жолдарды анықтап, оларды жоюда.
Десек те, соңғы уақытта есірткіге деген
құштарлық «әлеуметтік ауруға» айналып барады.
Бұл өкінішті, әрине! Ал мемқызметкерлерге келсек,
оларды лауазымына, атқаратын міндетіне қарамастан, батыл
түрде есірткі тестінен өткізу қажет. Бұған
қоса, дәл осындай іс-шараларды тоқсан сайын әрбір
аймақтағы, жергілікті жерлердегі жоғары оқу орындары
мен орта білім ордаларында, мектептерде, кез келген мекемеде жоспарлы
түрде жүргізуді қолға алған жөн.
Мұндай батыл іс-шара Қазақ елінің ертеңгі
болашағы, тұрғындарымыздың амандық-саулығы
үшін ауадай қажет.
Мейрам МАЙЕМЕР, Қ.Сәтбаев
атындағы Қазақ ұлттық техникалық
университетінің оқытушысы:
– Соңғы уақытта телеарна жаңалықтарынан, болмаса
күнделікті газет-журнал беттерінен еліміздің әлдебір
аймағында бәлендей лауазымды мемқызметкердің есірткімен
ұсталғаны және одан бәленбей грамм есірткі
тәркіленгені туралы ақпаратты естіп-оқығанда,
жағамызды ұстап, таңданатынымыз бар. Неге десеңіз, егер
мемқызметкер есірткіге тәуелді болса, басқа азаматтарға
не жорық?! Осы жағынан алғанда,
мемқызметкерлердің арасында есірткі тестін жүргізген
жөн. Себебі ондай адамның қоғамға пайдадан
бұрын тигізетін зияны зор. Тағы бір мәселе, мен әрбір
ата-ана тәрізді немерелерім сабақтан үйге аман-есен келгенше
уайымдаймын. Өйткені аулада, дүкен маңдарында, т.б. жерлерде
есірткінің буына бөккен азаматтар жиі кездеседі. Сондықтан
мен мемқызметкерлерге ғана емес, барлық
тұрғындарға есірткі тестін енгізген дұрыс деп санаймын.